РЕСПУБЛИКА ШАЛҒАЙЫНДА ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР ТАМАШАЛАНАДЫ
РЕСПУБЛИКА ШАЛҒАЙЫНДА ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР ТАМАШАЛАНАДЫ
Бiле бiлсек, бұған дейiн ұлан байтақ атыраптың көптеген шалғай елдiмекендерi отандық телеарналарға қол жеткiзе алмай келген. Әсiресе, шекараға жақын аймақтарда шетелдiк арналар көрсетiледi де, ұлттық арналардың шамасы ол жаққа жетпеген көрiнедi. Бiрақ ұлттығымызға топырақ шашқан бұл келеңсiздiктiң де бетi берi қарады. Солтүстiк көршiмiз Ресей арналарын талғажау қып отырған Павлодар облысының шекарадағы тұрғындары бұдан былай спутниктiк сандық желi арқылы алғашқы болып қазақ телеарналарын тамашалай алады.
Бiрiншi қаңтардан бастап iске қосылатын жаңа технологияның тұңғыш көрермендерi Павлодар облысында. Облыс әкiмi Бақытжан Сағынтаев пен Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиев елiмiздiң әрбiр облыс басшылары орынбасарлары қатысқан селекторлық кеңесте екiжақты серiктестiк туралы меморандумға қол қойды. Әзiрге бұл жоба тәжiрибе жүзiнде қолданысқа енгiзiледi. Осылайша облыс тұрғындары "Қазақстан", "Хабар", "Еларна" және "Евразия" телеарналарын көру мүмкiндiгiне ие болды.
Бүгiнге дейiн Павлодар облысының 14 мыңға жуық тұрғыны ресейлiк арналарға тәуелдi болып келген. Онсыз да тiлi мен дiлiне нұқсан келiп отырған халыққа орыс телеарналарының берер тәрбиесi, көрсетер тәлiмi жоқ екенiн мойындау керек. Тiптi, 70-ке жуық ауылда қуаты әлсiз, сапасыз құрылғылар пайдаланылған. Бүгiнде екi мыңға жуық облыс тұрғыны жаңа желiге қосылды, соның iшiнде 600 аз қамтамасыз етiлген отбасыларға арнайы құрылғылар облыстық бюджет есебiнен орнатылды. Облыстағы алғашқы сандық жоба "37+1" деп аталды.
Көрген көзге көлеңке түсiретiн келеңсiздiктер республиканың өзге өңiрлерiнде әлi де бар. Әсiресе, шекаралы аудандарда қиын мәселеге айналып отыр. Бұрынғы жылдары Павлодар облысының шалғайдағы жергiлiктi тұрғындары "Павлодар-Қазақстан" телеарнасын тәулiгiне бiр сағат қана көре алатын болса, ендi 14 сағаттай көре алады. Ендi бұл жоба басқа аймақтардан да жарық көре бастайды.
Ақниет ОСПАНБАЙ