СЕРБИЯ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ ЕЛIМIЗГЕ АЛҒАШҚЫ РЕСМИ САПАРЫ
СЕРБИЯ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ ЕЛIМIЗГЕ АЛҒАШҚЫ РЕСМИ САПАРЫ
Жуырда Сербия президентi Борис Тадич елiмiзге алғашқы рет ресми сапармен келiп қайтты. Екi ел арасындағы ынтымақтастықтың берiктiгiн дамыта түсу мақсатында бiрнеше келiссөздерге қол қойылып, келешекте қос мемлекет игiлiгi үшiн бiрлесе атқарылатын жұмыстар қатары белгiлендi. Сондай-ақ, бұл сапар барысында Сербия президентi Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенiн құптайтындығын, желтоқсан айында өтетiн Саммитке қатысатындығын бiлдiрдi.
Екi ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың соңғы жылдары бiршама бәсеңдеп қалғаны белгiлi. Бұрындары Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда байланысы 18,3 миллион АҚШ долларын құраса, өткен жылы тек 5,9 миллион долларды төңiректеп қалған. Бұл көрсеткiшке қарап, екi елдiң қарым-қатынасының айтарлықтай азайғанын көруге болады. Десе де сауда-экономикалық қарым-қатынастың жеткiлiктi дәрежеде дамымай отырғанына түрлi себептер бар. Мәселен, бұрынғы Югославия республикасындағы саяси тұрақсыздық пен географиялық жағдай өз кесiрiн тигiзбей қоймады. Осы орайда Балқан түбегi мемлекетi елiмiздiң Косовоның шулы мәселесi төңiрегiндегi тұрақты көзқарасына тәнтi болып отыр.
Серб мемлекетiнiң басшысы Тадич мырзаның айтуынша, екi ел бағзыдан минералды өнiмдер, электротехникалық бұйымдар және механизмдермен алмасқан. Өз кезегiнде Сербия да химия өнеркәсiбi бұйымдары мен ағаш, тоқыма өнiмдерiн импорттап келген. Сонымен қатар сербтiк компаниялар елiмiзде жоқ деп айтуға да болмайды. Себебi, Алматы метросының Алмалы және Абай бекеттерiнiң құрылысы сербтiк "Энергопроект" компаниясының мойнында. Бұл құрылыс компаниясы елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi, атап айтар болсақ, Орал, Ақтау және Атырау қалаларындағы сауда және бизнес орталықтарының салынуына өз үлесiн тигiзген.
– Бiз Сербияны Қазақстанның Балқан түбегiндегi маңызды әрiптес деп санаймыз. Сербия Республикасының Астанада елшiлiгiн ашу туралы ниетiн жақтаймыз және оны қолдау шараларын жасайтын боламыз. Бұл келiссөздер екi елдiң арасындағы құқықтық базасын нығайта түсiп, бiздiң азаматтарымыздың өзара қарым-қатынасын тереңдететiн болады, – дедi Қазақстан Президентi. Келiссөздер барысында бес құжатқа қол қойылды. Екi елдiң үкiметтерi арасындағы екi тарап азаматтарының жүрiп тұру сапарларына қатысты келiсiмге және сыртқы саясат ведомстволары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Олай болса, келiсiмге сәйкес екi ел азаматтары визалық талаптан босатылады.
Бұл маңызды кездесудiң оң нәтижелерi бiрден анықталды. Байқап отырсақ, елiмiз фармацевтикалық тауарлардың басым көпшiлiгiн шетелден импорттайды екен. Елбасының есебi бойынша, бүгiнгi таңда 700-800 миллион АҚШ долларына жуық сома шетелден тасымалданатын дәрi-дәрмекке жұмсалады. Осылайша ұлттық экономикамызға келген шығынның орны ойылып тұр. Сондықтан Елбасымыздың көтерген фармацевтикалық зауытты елiмiзде тұрғызу идеясы өте орынды. Бұл бастаманың дәлелi ретiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
– Егер сербиялық компаниялар Қазақстанда фармацевтика зауытын салам десе, бiз оны бiрден қолдар едiк, – дедi. Қазақстанда фармафабрика көптеп салынса, үнемдеуге қол жеткiзген болар едiк.
Сербия президентi бөлiскен қуанышты жайттардың бiрi – Астана қаласындағы Сербия мемлекетiнiң елшiлiгiнiң ашылуы. Сондай-ақ, iскерлiк қатынастарды тығыз дамыту мақсатында экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi бiрлескен үкiметаралық комиссия құру туралы келiсiм жасалды. Қол қойылған сауда-саттық құжаттары өңдеу, көлiк, транзит және құрылыс төңiрегiнде болды. Айтқандай, осы салалар және фармацевтика бойынша сербтердiң тәжiрибесi мол екендiгiн ескерген жөн. Мұндай басымдықты ескере отырып, Елбасы Сербияны 2020 жылға дейiн жоспарланған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуға шақырды. Сонымен бiрге транзиттiк әлеуеттi арттыру мақсатында Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемiн ұлғайту шеңберiнде де пiкiрлер айтылды.
– Инфрақұрылымдық бағыттарды айтқанда бiз Дунай өзенiнiң әлеуетiн көлiк қатынасында бiрлесе пайдалану мәселесiн де талқыладық, – деп Тадич мырза елiмiздiң ұсыныстарына қарсы еместiгiн бiлдiрдi.
Журналистер сұрақтарына жауап берген қос президент ек ел ұстанымдарының ұқсастығын назардан тыс қалдырған жоқ.
Ақниет ОСПАНБАЙ