МӘСКЕУДЕ МЕШIТ ЖЕТIСПЕЙДI
МӘСКЕУДЕ МЕШIТ ЖЕТIСПЕЙДI
Ресейде мұсылман қауымы мiнәжат ететiн орынның жетiспейтiндiгi бұған дейiн де айтылып жүрген. Тiптi, Мәскеудегi 2 миллионға жуық мұсылман дiнiн ұстанатындар Рамазан айы кезiнде қаладағы төрт мешiтке сыймай қалып, азан шақыру мен таңғы намазды дауыс зорайтқыштан тыңдауға ерiксiз мәжбүр болған. Ал, Санкт-Петербордағы мұсылмандар үшiн ораза кезiнде дiни-уағыздарды мешiтке барып естудiң өзi арманға айналыпты.
Ораза мейрамын тойлауға жиналған исi мұсылман жамағаты үйiнен тiзе басар көрпешесiн алып шығып, көшеде қаз-қатар отырып, Аллаға мiнәжат жасаған. Сол кезде мешiттiң тапшылығын ашып көрсеткiсi келген кейбiр бұқаралық ақпарат құралдары фотобаян арқылы-ақ дәлелдеген едi. Мұндай мәселенiң талайдан берi туындап жүргенiн ескерген Мұсылман қауымдастығы көптiң көкейiнде жүрген жайтқа немкеттi қарамай, Текстильчик ауданынан 3 мың адам сиятын мешiт салуды жоспарлаған болатын. Алайда, бұл жаңалықты естiген аудан тұрғындары мешiттiң салынуына бiрауыздан қарсы екендiктерiн айтып бағуда.
"Московский комсомолец" газетi жариялаған "Мечеть не сразу строилась" атты мақалада Мәскеуде салынатын бесiншi мешiттiң тағдыры жөнiнде сөз қозғалады. Онда Мәскеу мэрi Юрий Лужковтың қызметтен кетуi мешiт құрылысының басталуына еш кедергi келтiрмейтiндiгi туралы пiкiр айтылады. Кейбiр жергiлiктi тұрғындар жаңа билiк мешiт салу идеясын қолдамайтын шығар деп үмiт артса да, Мәскеу қаласын уақытша басқарып отырған Владимир Ресин жақында дiни-мәдени нысандардың құрылысы жөнiндегi бағдарлама жалғасын таба бередi дегендi мәлiм еттi. Ол өз сөзiнде "Көп конфессионалды қалаға тек православ шiркеулерi ғана емес, сондай-ақ, басқа дiн өкiлдерiнiң орталығы мен мешiттер де керек" деп қадап айтқан едi.
Мәскеу қаласының билiк өкiлдерi мен Мүфтилер кеңесi арасында қаланың оңтүстiк-шығысынан мешiт салу жөнiндегi әңгiме осыдан бiраз жыл бұрын басталған-ды. Қаланың бұл аумағында Мәскеу ислам университетi мен татар этно-мәдени мектебi қоныс тепсе де, әлi күнге мешiт жоқ. Мәскеу қаласының бас архитекторы Александр Кузьминнiң айтуынша, Мәскеудiң көршi жатқан Шығыс және Оңтүстiк округтерiнде де мешiт болған емес. "Шындығын айтқанда, Мәскеуде мұсылман қауымы бiр-ақ жерде топтасып өмiр сүрмейдi. Сондықтан да таңдау жағрафиялық жағынан жүзеге асуы мүмкiн", – дейдi бас архитектор.
Мешiт салу жөнiндегi келiссөздер өз нәтижесiн берiп те жатыр. Былтырғы жылы Мәскеудiң Оңтүстiк-шығыс округiнiң әкiмi Владимир Зотов мешiт құрылысының жанынан жаңа шағын аудан салуға жер телiмiн берiп, оның құрылысын өзi жiтi қадағалауда ұстайтындығын айтып, уәде берген-дi. Себебi, осы аумақта тұратын 155 мың мұсылман әлi күнге намаз оқитын өркениеттi орынға ие бола алмай келедi. "Бiзде қазiр православ шiркеулерi көп. Қазiргi кезде тағы да қосымша шiркеу салатын 25 жер телiмiн таңдап отырмыз. Ал, осының iшiнде бiр мешiт болса, онда тұрған не бар? Бұл жерде жергiлiктi тұрғындардың құқығы бұзылып отырған ештеңе жоқ" дегендi айтады шенеунiк. Әрине, ол мешiттi халық талқысына ұсынбай жатып салуға болмайтынын бiледi. Бiрақ, жеме-жемге келгенде тұрғындардың қарсылық танытатындығын сезiп отырғанға ұқсайды.
Дәл осындай пiкiрдi Мәскеу қаласы уақытша мэрiнiң орынбасары мiндетiн атқарушы әрi дiн мәселесiне жауап беретiн маман Сергей Байдаков та құптап отыр. Ол Мәскеуден жаңа мешiт салудың еш сөкеттiгi жоқ екендiгiн жергiлiктi тұрғындарға салиқалы түрде түсiндiргiсi келедi. Бiрақ, мешiт құрылысына наразы топ "Бұл мешiт осы аудандағы жалғыз жасыл алаңға, яғни, саябақ үшiн сақталып отырған жерге салынайын деп тұр" деуден танатын емес. Мәскеу Мұсылман қауымдастығы жергiлiктi тұрғындардың бұл уәжiн елемеуге тырысқанымен, мешiт құрылысын бастау жұмысы кешеуiлдейтiн түрi бар. Ресей мүфтилер кеңесi төрағасының орынбасары Марат-Хазiрет Мұртазин: "Мәскеулiк шенеунiктер бiрнеше жердi ұсынған. Мүфтилер кеңесi соның iшiнен қалалық шеңбер жолдың сыртында орналасқан, Мәскеудiң оңтүстiк-батыс өнеркәсiп ауданы Текстильщиктегi осы жердi таңдап алған. Бұл мешiт осы аудандағы екi жүз мың мұсылманның рухани қажеттiлiгiн өтемек" дегендi айтады.
Ал, Дамиан, Шубин және Косма шiркеуiнiң шырақшысы, протоиерей Александр Борисов: "Мешiт салуға байланысты әңгiме шықса, мiндеттi түрде жергiлiктi тұрғындар тарапынан қарсылық болады. Олар мұсылмандар көшеге жиналып, терезесiнiң алдында мал бауыздап, қанын шығаратындығынан қорқады. Алайда, бұның бәрi бос сөз ғана. Менiңше, мешiт салу құрылысын қолдау керек. Әйтпесе, Орта Азия елдерiнен келiп оқитын жастар адамгершiлiк тұрғысынан қысымға ұшырайды" десе, Ресейдегi Ислам мәдени орталығының президентi Абдул-Вахед Ниязов: "Мешiттiң жетiспейтiндiгi – ащы шындық. Биыл Рамазан айы кезiнде мешiт маңайына 60 мың мiнәжат етушi жиналды. Олар ашық аспан астында дұғасын оқып, тарқасып жатты. Осы тұрғыдан келгенде, жергiлiктi тұрғындар бiр аспанның астында өмiр сүрiп жатқан мұсылмандардың да жағдайына бiр сәт үңiлуi керек" дегендi екпiн түсiре айтады.
Көптiң талқысына түскен мешiт дауы әзiрге шешiмiн тапқан жоқ. Қоғамда екi жақтың пiкiрi де тыңдалып жатыр. Соған қарамастан, Ресей Мұфтилер кеңесi бесiншi мешiттiң салынуы үшiн өз ойларын ашық бiлдiрiп, барша мұсылман қауымын жұмылдырып отыр.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ