Зайсан қаласының тұрғындары «Таза бейсенбі» акциясына атсалысты

/
Зайсан қаласының тұрғындары «Таза бейсенбі» акциясына атсалысты

ШҚО Зайсан қаласында өткен тазалық жұмыстары барысында Абай атындағы саябақ күл-қоқыстан тазартылып, демалушылар үшін қолайлы жағдай жасалды, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.

Акцияға партия мүшелерімен қатар, жергілікті еріктілер мен жастар қатысты. Зайсан аудандық филиалының төрағасы Болатбек Балғабаев бұл шараның тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтіп, қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті екенін жеткізді.

«Тазалық — мәдениеттің айнасы. «AMANAT» партиясы осындай экологиялық іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Басты мақсатымыз — туған жеріміздің тазалығын сақтау ғана емес, халықтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Зайсан тұрғындары бұл жолы да белсенділік танытып, ортақ іске үлес қосты. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш», — деді ол.

Түркістан облысының Жетісай ауданында «Жетісай – Мырзакент» облыстық тас жолының бойында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға партия мүшелері мен белсенді жастар қатысып, жол бойындағы қоқыстарды жинады.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында ұйымдастырылған экологиялық тазалық жұмыстары аясында аудан орталығы абаттандырылып, түрлі гүлдер отырғызылды. «Тазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі» деген ұстаныммен өткен іс-шарада тұрғындар туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты іспен көрсетті.

Жетісу облысы Ескелді ауданында «Таза бейсенбі» акциясы тұрақты дәстүрге айналып келеді. Әр бейсенбіде ауыл тұрғындары, жастар және ардагерлер бірлесе отырып, елді мекендерді қоқыстан тазартып, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Қайта өңделетін қалдықтар сұрыпталып, экологиялық тәрбиеге баса назар аударылуда.

Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылында да осы бастама жалғасын тапты. «Елек» өзені маңындағы қоқыстар жиналып, тұрғындарға қоршаған ортаны таза ұстау қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Партияның Алға аудандық филиалының хатшысы Динара Кубесова табиғатқа жанашырлықпен қарау – әр азаматтың борышы екенін атап өтті.

«Елек - облыс орталығын жанай өтетін, аймақтағы ең белгілі өзен болып саналады. Ол Каспий теңізіне құятын Жайықтың бір саласы. Балалық шағымда осы жерде отбасымызбен келіп демалатынбыз. Бүгін санамда сурет болып қалған сол әдемі өзеннің маңын жинап, қоқыстан тазарттық. Табиғатымыздың тартуын қамқорлықта ұстағанымыз дұрыс», - деді партияның Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Динара Кубесова.

Курчатов қаласында өткен тазалық акциясы ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, қаладағы Абай скверін тазалауға бағытталды. Жарты тоннаға жуық қоқыс жиналып, аумақ абаттандырылды. Қатысушылар қатарында партия мүшелерімен бірге мәслихат депутаттары мен студенттер де болды. Қалалық филиалдың атқарушы хатшысы Елена Гулькова табиғатты аялау – келешек ұрпақ алдындағы борыш екенін жеткізді.

Жалпы, «Таза бейсенбі» акциясы ел азаматтарының туған өлкеге деген сүйіспеншілігін нақты әрекетпен көрсетуіне мүмкіндік беріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Партия өкілдері бұл бастаманың маңыздылығын ескере отырып, оны тұрақты түрде жалғастыруға ниетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары