НАДЕЖДА БЕНДЗЬДIҢ БОПСАЛАУЫ

НАДЕЖДА БЕНДЗЬДIҢ БОПСАЛАУЫ

НАДЕЖДА БЕНДЗЬДIҢ БОПСАЛАУЫ
ашық дереккөзі
216

Қазақ тiлi қоғамның барлық саласында үстемдiгiн жүргiзе алмай отыр. Тiлдiң жырын жиырма жылға жуық жырлап келсек те, ащы шындық осы. Әлi күнге қаржы жүйесiнiң iс-қағаздары ана тiлiне түбегейлi көше қойған жоқ. Ол ол ма, қазiргi кезде Қазақстан Республикасының «Ата Заңындағы» "Қазақ тiлi — мемлекеттiк тiл" деп нақты белгiленiп, көрсетiлген бапқа мұрын шүйiрiп қарайтындар көбейген.

Масқарасы сол, қазақ елiнiң ауасын жұтып, суын iшiп жүрген кейбiреулер соңғы уақытта өз құдығына түкiре бастады. Сiрә, өзiнiң қай мемлекетте өмiр сүрiп жатқандығын ұмытып, сол елдiң ана тiлiн құрметтеудi қаперiне алмай ма, әйтеуiр қазақ тiлiн табалдырықтан шығарып тастауға пейiлдiлер бар арамызда. Соның бiрi — "ЭФЕС Қарағанды сыра шығару зауыты" АҚ-ның Алматы филиалы сыра өндiру бөлiмiнiң бастығы Надежда Бендзь. Ол қарамағындағы қызметкерлерге қазақ тiлiнде сөйлеуге тыйым салған. Ол тiптi, қазақ тiлiн — тұрмыстық тiлге теңеп, адамның ар-намысына тиетiн балағат сөздер айтуға дейiн барған. "Қазақ тiлiнде сөйлей берiңдер, бiрақ естерiңде болсын, сендердi бұлай отырғызып қоймауға уәде беремiн. Мына жердi жинайсың, тазалайсың, бәрiн iстейсiң. Мен супервайзермiн, ал сендер операторсыңдар. Сендер мұнда ақша табу үшiн келдiңдер екен, табыңдар. Бiрақ бұдан былай қазақ тiлiнде тек еден жуатын шүберекпен ғана сөйлесетiндерiңе уәде беремiн…" деп қоқан-лоққы көрсеткен көрiнедi. Надежда ханымның қазақ тiлiн дәл осылай қорлауына не себеп? Әрбiрден соң, бiздiң елiмiзде әрбiр ұлт өкiлiнiң туған тiлiнде бiлiм алуына, сөйлеуiне, жұмыс iстеуiне ешқандай шектеу қойылған емес. Егер Надежда ханым Өзбекстан, Түркия, Эстония сынды мемлекетте тұратын болса, сол елдердiң Заңына, талап-тәртiбiне бағынар едi. Өйткенi, олардың ана тiлiн құрметтемесең, нан тауып жеуiң де оңайға соқпайды. Және әлгiндей былапыт сөз айтып, мемлекеттiң негiзiн құраушы ұлттың туған тiлiне қарсы өрескел пiкiр айту қылмыстық iспен пара-пар. Надежда Бендзьдiң соны бiле тұра, өз ұжымындағы жұмысшылардың қазақ тiлiнде сөйлеуiне соншалықты шүйлiккенiн қалай түсiнуге болады?

"…Мен сендерге жұмыс уақытында қазақ тiлiнде сөйлеуге тыйым салған жоқпын ба! Менiң алдымда қазақ тiлiнде сөйлегендерiң ұнамайды және жүйкеме әсер етедi" деген намыс отын қоздыратын сөздердi естiген қызметкерлер М.А. Жамашев, А.Д.Баймұсанов, Д.А. Бейсембеков, А.Ж. Жұбанышев, А.О. Нұрлыбаев, Д.А.Ахметов, т.б. Алматы облысы Қарасай аудандық сотына шағым түсiруге мәжбүр болған. Өйткенi, олар қазақ тiлiн бәзбiреулердiң аяғына таптатып отыра беруге дәтi бармады. Соттың көмегiне сүйенген қызметкерлер зауыт басшыларының қорқытып-үркiткенiне де қараған жоқ. Мәселен, кадр бөлiмiнiң бастығы: "Егер бiздi сотқа беретiн болсаңдар, сендермен әңгiме басқаша болады" десе, зауыт менеджерi: "Сотқа шағым түсiрсеңдер, бұл жерде жұмыс iстемеймiн деп есептей берiңдер…" деген сес көрсеткен. Алайда, бұл қорлыққа төзе алмаған жетi бiрдей жұмысшы өздерiнiң намысқойлығын танытты. Сөйтiп, "ЭФЕС Қарағанды сыра шығару зауыты" АҚ-ның Алматы филиалы сыра өндiру бөлiмiнiң бастығы Надежда Бендзьдiң қазақ тiлiне қатысты жиiркене айтқан сөздерiн үнтаспаға жазып алған азаматтар өз құқықтарының тапталуына жол бергiсi келмейтiндiктерiн ашына айтады. "Ата Заңның" 2-бабында "Әрбiр азамат өзiнiң құқы мен еркiндiгiн сот тарапынан қорғауына құқы бар" делiнген. Оның үстiне Надежда ханым бiздiң моральдiк құқымызды өрескел бұзып отыр" дейдi шағымданушылар.

Алматы облысы, Iле ауданының тұрғыны, аталмыш зауыт қызметкерi Ахметов Данияр өзiнiң шағымында Надежда Бендзь ханымның жиналыс кезiнде Жұбанышев Алмасқа қарата "Қазақ тiлiнде шүберекпен, щеткамен қанша сөйлессең де, сөйлесе бер" деп айтқан сөзiн өз құлағымен естiгенiн растайды. "Жанға бататыны, бұл ауыр сөздер қазақ тiлiн құрметтейтiн азаматтарға қатты соққы боп тидi" деген жетi жұмысшының әрқайсысы 1 миллион теңгеден айыппұл талап етiп отыр. Жақында осы iске қатысты үшiншi сот отырысы болып өттi. Шағымданушылардың өкiлi әрi қорғаушысы Әдiлбек Тұрғынбаевтың айтуынша, Надежда Бендзь ханым сот процесi басталғанға дейiн "мүмкiн қателiктер жiберген шығармын. Бiрақ сол үшiн талап етiп отырған ақшаны беруге мiндеттi емеспiн, кешiрiм сұрасам болды емес пе?!" деп аузынан шыққан ауыр сөзiне iштей өкiнетiндiгiн бiлдiрiптi. "Әзiрге екi жақтың пiкiрлерi тыңдалып жатыр. Бұл жақын арада бiтетiн шаруа емес. Бiздегi бар дәлелдемелер ертеңгi күнi қабылданбай қалуы да мүмкiн. Екiншi жағынан алсақ, дәлелдеменi заңды жолмен табу мүмкiн емес нәрсе. Бәлкiм, сот осының бәрiн ескерiп, қабылдайтын шығар деген ойымыз бар" дейдi шағымданушылардың өкiлi. Әдiлбек Тұрғынбаевтың сөзiне сенсек, сот отырысында "ЭФЕС Қарағанды сыра шығару зауытының" директоры "Сендер осындай жолмен өздерiңнiң ұлтшыл екендерiңдi көрсетiп жатырсыңдар" деген уәж айтыпты. "Егер адамның құқығы заңмен қорғалғаны рас болса, "Ата Заңда" мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiн әрбiр азамат құрметтеуi керек делiнсе, неге бiз тiлiмiздi қорлатып қоямыз? Бұл сот процесi қоғамда қазақ тiлiн аяқасты етiп жатқан әрекеттерге үлкен сабақ болар едi" деген шағымданушылар өкiлi сот процесiнен үлкен үмiт күтетiндiгiн жасырмайды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлiн аяқасты етiп, кеудемсоқ пiкiр айтуға мүмкiндiк алған жұмыс берушiнiң өктем сөздерi ненi бiлдiредi? Бәлкiм, бұған күнi бүгiнге дейiн ұлт арасына iрiткi салып, қазақ тiлiн қорлап, кемсiтушiлердiң заңдық тұрғыдан қатаң жазаға тартылмай келетiндiгi себеп шығар. Мүмкiн, Надежда Бендзь елiмiзде Заң мен адам құқығын таптағандар үшiн арнайы қатаң талап пен тәртiп барын бiлсе, бұлай тайраңдап жүрмейтiн бе едi…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары