ЕЛБАСЫ ОҢТҮСТIКТЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ АЙҚЫНДАДЫ

ЕЛБАСЫ ОҢТҮСТIКТЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ АЙҚЫНДАДЫ

ЕЛБАСЫ ОҢТҮСТIКТЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ АЙҚЫНДАДЫ
ашық дереккөзі
392

“Оңтүстiкте атқарылып жатқан жұмыстар менi қанағаттандырады. Жергiлiктi атқарушы билiктiң, облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың, оның әрiптестерiнiң жұмысына оң баға беремiн. Оңтүстiкте шағын және орта кәсiпкерлiк жақсы дамып келедi”, – дедi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сейсенбi күнi Оңтүстiк Қазақстан облысына жасаған iс-сапарында.

Мемлекет басшысы бұл жолғы сапары барысында Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан ауқымды өндiрiстiк жобалар мен шағын және орта кәсiпкерлiктiң жұмысымен танысты. Алдымен қала орталығындағы Неке сарайының тұсаукесерiне қатысты. Неке сарайының кәсiпкерлiкке не қатысы бар дейтiн шығарсыз. Аталған ғимаратты шымкенттiктерге "Береке-А Корпорациясы" ЖШС Елбасының бастамасымен дүниеге келген бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi бағдарламасы аясында жеке қаржысымен салып берiп отыр. 241 млн. 700 мың теңгеге бағаланған құрылыс жұмыстары осыдан бiр жыл бұрын басталған болатын. Ерекше сәулетiмен алыстан менмұндалаған ғимарат жуырда ғана ашылған "Шәмшi әлемi" аллеясының қасында орналасқан. Шымкентте бұған дейiн Неке сарайы болған емес.

Елбасы шымкенттiктерге осындай тамаша Неке сарайын тегiн тарту еткен "Береке-А корпорациясы" ЖШС-iнiң бас директоры Рәшкүл Оспанәлиеваға елдiң атынан алғысын бiлдiрдi. Жаңа ғимаратта некелерiн қидыруға келген жетi жас жұбайдың жаңа өмiрге аттаған қадамдарына сәттiлiк тiлеп, олардың әрқайсысына естелiк ретiнде теледидар сыйлады.

Бұдан кейiн мемлекет басшысы бұрынғы Фосфор зауытының орнынан құрылған өндiрiстiк аймаққа ат басын тiредi. Аталған орында бүгiнде 30-дан астам өндiрiстiк жоба жүзеге асырылып жатыр. Көлемi 337 гектарды алып жатқан аймақта алдағы уақытта құрылыс материалдарын, қағаз, картон, минералды тыңайтқыштар шығаратын, мұнай өнiмдерiн өңдейтiн кәсiпорындар жұмыс iстейтiн болады. Iске қосылғандары да бар. Солардың бiрi жағар май өндiрiсiмен айналысатын "Hill Corporation" ЖШС. Аталған кәсiпорын жылына 24 мың тонна мотор және трансмиссия майларын шығарады. 130-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Шығарылған өнiмдер iшкi рынокпен бiрге жақын шет елдерге де экспортталуда.

2005 жылы Елбасының Жарлығымен құрылған "Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағында қазiр қызу тiршiлiк. Өткен бес жыл iшiнде мұнда болашақ мақта-тоқыма саласындағы жетекшi кәсiпорынға айналатын зауыт-фабрикалардың қазығы қағылды. Кәсiпорындарға қажеттi инфрақұрылымдарды жобалау жұмыстары атқарылды. Су, газ, электр энергиясы тартылды, жол салынды. Бүгiнгi күнi мұнда "Oxy Textile" ЖШС және "Хлопкопром-Целлюлоза" ЖШС кәсiпорындары iске қосылды. Арнайы экономикалық аймаққа барған Елбасы осы екi кәсiпорынның тыныс-тiршiлiгiмен танысты.

"Хлопкопром-Целлюлоза" ЖШС өнiмдi шиттi мақтадан бастап дайын өнiмге дейiн өңдейтiн кәсiпорын. Кәсiпорын басшысы Қайнар Абасовтың айтуынша, шикiзат жергiлiктi шаруалардан алынады. Ал, шығарылған дайын тауар Қазақстан нарығын қамтамасыз етумен бiрге Шығыс Еуропа елдерiне, Ресейге, Иранға, Қытайға, Ресейге экспортталмақ. Ал, иiрiлген мақта-мата жiбiн шығаратын "Oxy Textile" ЖШС-iнiң өнiмдерi халықаралық стандарттармен сәйкес келедi. Өндiрiсте швейцариялық, жапондық, германиялық құрал-жабдықтар қолданылады. Шығарылған өнiм толығымен экспортталады. Бүгiнгi күнi кәсiпорын өнiмiнiң негiзгi тұтынушылары – немiс фирмалары.

– Қазақстан халқының 15 пайызы осы Оңтүстiк Қазақстан облысында тұрады. Туу, көбею көрсеткiшi де мұнда жоғары. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту тәртiбiнде тұрған басты мәселе.

Еркiн экономикалық аймақта зауыт-фабрикалар iске қосылуда. Бұрынғы Фосфор зауытының орнынан өндiрiстiк аймақ құрылып жатыр. Мұның бәрi де шағын және орта кәсiпкерлiкке үлкен қолдау. Ал, шағын, орта кәсiпкерлiктi өркендету қазiр ең басты мiндетке айналды. Бiзде 20-50 адам жұмыс iстейтiн, нарыққа бейiмделген өндiрiстер көп болуы керек, – дедi Елбасы "Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағындағы кәсiпорындардың жұмысымен танысу барысында. – Жергiлiктi атқарушы билiк бұған қажеттi жағдайлардың барлығын жасауы керек. Осы саланы дамытуға бағытталған бағдарламаларды кәсiпкерлерге түсiндiруi тиiс. Қазiр бұл салада көп жағдай жасалып жатыр. Мәселен, банк кәсiпкерлерге 14 пайыздық ставкамен несие берсе, оның 7 пайызын мемлекет өз мойнына алып отыр. Бiз, сондай-ақ, экспортқа шығарылатын тауарларға да кепiлдiк берiп отырмыз.

Елбасы мұндай жағдайдың еш жерде жасалынбағанын тiлге тиек етiп, әсiресе, жастарды осы шағын және орта кәсiпкерлiк саласына ынталы болуға шақырды.

– Мемлекеттiк өнiдiрiстiк-инновациялық бағдарлама тiкелей Қазақстанның болашағы. Оны iстемесек, бiз тағы да артта қаламыз. Сондықтан оны ұлттық идеямен бiрдей деп санауларыңыз керек. Өйткенi бiз жер қойнауының байлығына қарап қалмауға тиiспiз. Бұл бағдарлама бiздiң болашағымыздың түп-тамыры болып табылады, – дедi өзiнiң жұмыс сапарын қорытындылған Елбасы.

Гүлзина БЕКТАСОВА, Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары