Мұхамед ЭЛМЕНШАУИ: АМЕРИКАДА ЕРКIН ОЙЛЫ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМЫ ҚАЛЫПТАСТЫ

Мұхамед ЭЛМЕНШАУИ: АМЕРИКАДА ЕРКIН ОЙЛЫ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМЫ ҚАЛЫПТАСТЫ

Мұхамед ЭЛМЕНШАУИ:  АМЕРИКАДА ЕРКIН ОЙЛЫ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМЫ ҚАЛЫПТАСТЫ
ашық дереккөзі
298

Мұхамед Элменшауи (Mohamed Elmenshawy) Вашингтондағы Дүниежүзiлiк қауiпсiздiк институты шығаратын "Arab Insight" (www.arabinsight.org) журналының бас редакторы қызметiн атқарады. Бұл журнал Таяу Шығыстағы араб қауымдастығының көзқарасын ағылшынтiлдi батыс қоғамына жеткiзушi рөлiн атқарады. Сондай-ақ, Элменшауи мырза арабтiлдi "Taqrir Washington" (www.taqrir.org) қоғамдық-саяси интернет журналына да редакторлық етедi. Бұл журнал арабтарды Америка қоғамының тыныс-тiршiлiгiмен жақынырақ таныстыруды мақсат тұтады.

Элменшауи мырза 2009 жылғы тамызда БҰҰ-ның "Өркениеттер альянсы: БАҚ-қа жедел жауап беру" ұйымының мүшесi болып сайланды. БҰҰ Бас хатшысының бастамасымен 2005 жылы құрылған бұл ұйымның мақсаты – өркениеттер мен дiндер арасындағы түсiнiстiкке септiгiн тигiзу. Брукингс институты ұйымдастыратын АҚШ пен Ислам әлемi арасындағы дәстүрлi халықаралық форумға 2007 және 2008 жылдары сарапшы ретiнде қатысқан.

Сонымен қатар Мұхамед Элменшауи мырза Эспен институтының АҚШ пен араб әлемiнiң ақпараттық альянсына да мүше. 2009 жылы Бостон университетi ұйымдастырған "Дiн және АҚШ-тың сыртқы саясаты" атты семинарға, сондай-ақ Принстон университетi ұйымдастырған "Араб ақпарат құралдары: әлеуетi мен ықпалы" атты конференцияның ауқымы өте кең болғанын айтады.

Элменшауи мырзаның мақалалары Christian Science Monitor, International Herald Tribune, New York Times, Huffington Post, American Interests басылымдарында жарық көрiп тұрады, сондай-ақ ол кiсi "Си-Эн-Эн", "Эн-Би-Си", "әл-Жазира", "әл-Хурра" телеарналарына жиi сұхбат бередi.

Жақында Алматыдағы АҚШ елшiлiгiнiң Бас консулдығының ұйымдастыруымен Мұхамед Элменшауи мырза қазақ журналистерiмен теле-сұхбат өткiздi. Американдық мұсылман қауым өкiлi мұсылман әлемi және Ислам жайындағы ойларын қазақ әрiптестерiмен бөлiскен едi.

– Мен АҚШ азаматымын және журналиспiн. Вашингтонда тұрамын. Онда менiң екi жобам бар. Бiрi – "Араб инсайд" журналы, бұл журнал жылына төрт рет шығады. Бұндай журнал Америкада тұңғыш рет шығып отыр, бiздiң әрiптестерiмiз тек қана араб тiлiнде жазады. Олар өз ойларын бүкпесiз жазып үйренген, бiз олардың жазғанын ағылшын тiлiне аударып, Сенатқа, үкiметке және кiтапханаларға жiберемiз. Екiншiсi – "Тахрир Вашингтон" деп аталады. Ол Американың сыртқы саясатын талқылайды және оны арабтiлдi аудиторияға жеткiзудi көздейдi. Бiз бұл ақпарат құралдарын тегiн таратамыз, себебi, арабтiлдi журналистердiң 95 пайызында Америкаға келiп репортаж жасауға мүмкiндiктерi жоқ. Бiз сол журналистердiң үнiн Америка қауымына жеткiзудi мақсат етемiз. Қазiргi кезде Ислам мен Америка қарым-қатынасының маңызды кезеңi туды.

Өкiнiшке қарай, баспасөз ақпарат құралдарында экстремистердiң дауысы басымырақ естiледi. Бiз осыған қарсы күрес жүргiзудi мақсат етемiз.

– 2001 жылғы 11 қыркүйектегi оқиғадан кейiн 9 жыл өтiптi. Сол жылдан берi Америкадағы халықтың мұсылмандыққа деген көзқарасы қаншалықты өзгердi? Бұған қандай да бiр зерттеу жүргiзiп көрдiңiздер ме?

– Мен ол кезде студент едiм. Менiмен бiрге оқып жүрген сабақтастарым маған қолдау көрсеттi. Сол кездердегi журналдар мен ақпарат құралдарында, АҚШ-тағы жекелеген адамдар мұсылмандарға қатысты ұнатпаушылығын жасыра алмады. Дегенмен, мұсылмандарға қарсы арандатулар тым көп бола қойған жоқ. Америкада алты миллиондай мұсылман бар. Олар өзге де Америка азаматтарымен бiрдей дәрежеде құқықтарға ие және өз мiндеттерi бар. Еуропадағы мұсылмандарға қарағанда, бiздегi мұсылмандарда бiраз еркiндiк бар. Олар бастарына хиджаб кие алады, мұсылмандық әдет- ғұрыптарды тұта алады. Менiң шыққан тегiм – Мысыр, ал Америкада мұсылман отбасын тәрбиелеу Мысырдан гөрi жеңiл. Неге десеңiз, АҚШ-та адамдық құндылықтар өте жоғары бағаланады.

– Америкада мектепте хиджаб киюге рұқсат бар ма?

– Иә, бар.

– Манхеттендегi Grand Zero ғимаратының алдында мешiттi салу iсi тоқтатылды. Сiздiң бұған деген көзқарасыңыз қандай?

– Америкадағы мұсылман қауымы өзге де дiн өкiлдерi секiлдi мешiттi және мәдениет орталығын кез -келген жерге салуға құқылы. Алайда, Grand Zero ғимаратының маңайынан өзге жерде салынуын мен де құптаймын. Америка президентi Обама да, Вашингтон мэрi Блумберг те мұсылман қауымының мешiттi қайдан салуға да құқылы екендiгiн айтып отыр. Дегенмен, Манхеттендегi халықтың 70 пайызы бұған қарсы болды. Сол себептен де мұсылмандардың мәдени орталығын бұл аумақта салынбайтын болғандығы жөн болды. Имам Абдрахофф деген сол жердегi шағын мешiттiң бастығы және сол аумақтың иесi. АҚШ-та жүздеген мешiт бар.

– Флорида штатында Манхеттендегi мұсылман мәдени орталығының салынуына қарсылық ретiнде Құранды өртегенiн естiп бiлдiк. Дәл осындай жағдай евангелистер тарапынан да орын алған екен. Бұған ресми билiк тарапынан қандай шара қолданылды?

– Америка Конституциясы бойынша, кез келген адам өз қарсылығын кез-келген жолмен бiлдiре алады. Тек қана бұл әрекетi арқылы екiншi адамның өмiрiне және мүлкiне қиянат жасамауы керек. Олардың орнына мен де Библияны өртейтiн болсам, ешкiм менi сотқа тарта алмайды.

– Сөз басында Ирактағы операцияның биыл аяқталатындығын айттыңыз. Кезiнде Ирактағы операцияға бүкiл мұсылман қауымы қарсы болған едi. Сiз ше?

– Мен де өзге АҚШ азаматтары секiлдi бұл операцияға қарсы болған едiм. Ол халықаралық қауымдастықтың заңдылықтарына қайшы. Басқа елдегi жүйенi ауыстыруға ешкiмнiң құқы жоқ. АҚШ-тың бұрынғы Үкiметi және Соғыс министрлiгi Иракқа басып кiруi арқылы халықаралық заңдылықтарға қайшы әрекеттер жасады. Ал, қазiргi АҚШ әкiмшiлiгi өте абзал әрекеттер жасап жатыр.

– Ауғанстандағы бiтiмгершiлiк әрекетiне не айтасыз?

– Ауғанстандағы дағдарыс өте күрделi. Оны бейбiт түрде бiтiмге келтiру – ешқандай халықаралық қауымдастықтың қолынан келер емес. 11 қыркүйектегi оқиғаны "Аль-Каиданың" өз мойнына алғаны белгiлi. Сол себептi де Американың "Аль-Каидаға" қарсы соғыс ашуға құқы бар. Алайда, басқа елдiң шекарасын бұзып кiруге құқылы емес.

– Америкадан көптеген миссионерлер жан-жаққа ағылып жатыр. Ал, сiз туып өскен Мысыр елiнде миссионерлердi қалай қабылдайды?

– Мысырда миссионерлерге қатаң тыйым салынған. Оларды кiргiзбейдi. Дегенмен, Мысырда дiн саясаттан ажыратылған. Онда зайырлы қоғам үстемдiк етедi. Ал, Америкадағы шiркеулердiң көбiсi өз миссиясын дiндi өзге де мемлекеттерге тарату деп түсiнедi. Әрi бұл шiркеулер өте бай. Сол себептi де, олар өз өкiлдерiн жат мемлекеттерге дiн таратуға жұмсайды. Ал, Америка заңдылықтары бойынша оларға тыйым салынбайды, әрi олай етуге ешкiмнiң құқы жоқ. Орталық Азия мемлекеттерiнiң президенттерi миссионерлерге қарсы бiр заң қабылдап, олардың елге енуiне тосқауыл қойса деп ойлаймын. Бәлкiм оларға елге енетiн визаны бермеу қажет шығар.

– АҚШ-та халық санағы кезiнде дiни нанымы жайында сауал қойыла ма? Кейбiр деректер ондағы мұсылмандардың санын 8 миллионға жеткiзедi. 6 миллион деген деректi қайдан алдыңыздар?

– Санақ кезiнде дiни нанымын сұрауға ешкiмнiң құқы жоқ. Бұл – заңға қайшы. Сол себептi де мұсылмандардың санына орай нақты дерек жоқ. Кей деректерде 5 миллион, кей деректе 8 миллион деп аталады. Мен орта есеппен 6 миллион деп отырмын. Төлқұжатта да дiни наным сенiмi көрсетiлмейдi.

– АҚШ-та мұсылман дiнiне ауысушылық тенденциясы байқала ма?

– Жаңағы алты миллион мұсылманның 25 пайызы басқа дiннен ауысқан адамдар.

– Көптеген мұсылман мемлекеттерiнде дiн мен саясат ажырамас егiз ұғымға айналған. Араб мемлекеттерiнде мемлекеттiк дiн мемлекеттi басқару iсiне араласады. Заңдар шариғат бойынша жазылады. Христиан дiнiндегi мемлекеттерде керiсiнше, зайырлы қоғам үстемдiк құрады. Сiз дiннiң саясатқа араласуына қалай қарайсыз?

– Мен дiннiң саясаттан тыс болғанын қалар едiм. Ислам да, православие де, католик те саясатқа араласпағаны дұрыс. Дiни қызметкерлер өздерiн мiнсiзбiз деп санайтын болса, ол дұрыс емес.

– Американдық мұсылман жастары американдық өмiрге елiктеп кеткен жоқ па? Олар мұсылмандық парыздарды қалай ұстанады?

– Американы былай қойғанда, өзiн мұсылман мемлекетi санайтын Мысырдың өзiнде жастар 100 пайыз ораза ұстайды деп айта алмаймын. Күнiне бес реткi намазды оқу үшiн де уақыт керек. Бiздiң отбасымызда бес бала болдық. Соның барлығы бiрдей бес парызды бұлжытпай орындайды деу қиын.

– Көп әйел алушылықты заңдастыруға қалай қарайсыз?

– Қазiргi заманда мен мұндай әрекетке қарсымын. Көп әйел алушылық мәселесi Құранда жазылғанымен, оны iске асыру қиын. Әрi ол тек қана Исламға тән мәселе емес. Көптеген қауымдастықтарда, өзге де дiни наным-сенiмдерде кездесетiн құбылыс. Ал дәл қазiр бiздiң жағдайымызға бұл сай келе бермейдi. Екiншiден, көп әйел алушылықтан туындайтын проблема да көп болады.

– АҚШ қоғамында саясатта, ақпарат саласында мұсылмандардың үлес салмағы қандай?

– Саясат саласына келер болсақ, жоғары лауазымды мұсылмандарды көрмейсiз. Ал, ғылым саласында аты әйгiлi, бүкiл Америкаға мәшһүр болған адамдарды жиi кездестiресiз. Конгрестегi 435 депутаттың iшiнде екi мұсылман бар. Мемлекеттiк департаменттерде, Қорғаныс министрлiгiнде көп жас мұсылман азаматтары жұмыс iстейдi. Мұсылман қауымдастығы Америкада жаңадан пайда бола бастады. Мұсылмандардың екiншi буынының саясат саласына араласуына, билiк баспалдағында өсуiне мүмкiндiктерi мол. Бiрiншi буынының басым көпшiлiгi эмигранттар, ал екiншi буыны Америкада туып-өскендiктен олардың бұл қоғамға сiңуi де жылдам.

– Террорлық актiлердi мұсылман қауымымен байланыстыратындығы жайында айтып өттiк. Сiздер Американың iрi-iрi басылымдарында мұсылмандарды ақтап алатындай мақалалар бастыруды қолға аласыздар ма?

– Бұл сұрағыңызға "иә" деуге де, "жоқ" деп жауап қатуға да болады. Неге десеңiз, Америкадағы газеттер тәуелсiз және кез келген мәселелердi басу өз ерiктерiнде. Сол себептi де ол газеттерде мұсылмандарды қаралайтын мақалалар басым болады. Алайда, Флорида штатындағы Құран өртеу оқиғасын көптеген га-зеттер сынап жазды.

– Қандай iрi арабтiлдi ақпарат құралын атап өтуге болады?

– Мен "Аль-Жазира" телеарнасын айта алар едiм. Күн сайын осы телеарнаның жаңалықтарын кабельдi теледидар арқылы көрiп отырамын. Сонымен қатар, "247"деген телеарнаны да өте жоғары бағалаймын. Дүниежүзiндегi ең iрi бес ақпараттық корпорация ретiнде CNN, BBC-мен қатар "Аль-Жазира" аталады. Арабтiлдi ақпарат құралдары дүниежүзiлiк ақпараттық бәсекелестiкке төтеп беруi үшiн ағылшын тiлдi ақпараттарды көбiрек тарату керек. Ағылшын тiлi – жаһандық тiл. Арабтiлдi ақпарат құралдарының iшiнде "Аль-Жазира" ғана ағылшын тiлiнде ақпарат таратады.

– Рахмет!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары