Алматы облысы Нұра ауылында балалар дүкенде оқуға мәжбүр. Ауылдағы жалғыз мектеп қайта жөндеу жүргізу үшін жабылған. Жергілікті тұрғындар бастапқыда мектепті жазғы каникул кезінде жөндеу жоспарланғанын, алайды одан бері 2 жыл өткенін айтып, ренішін жеткізді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ата-аналардың сөзінше, осы екі жылда оқушылар әкімдіктің, Мәдениет үйінде, тіпті жергілікті дүкен ғимаратында сабақ оқыған. Мұндай жағдайда балалар қандай білім алады, дейді алаңдаған ата-аналар.
"Біздің мектепті жөндеу жұмыстарын жасау үшін жапқан. Жұмыстар тоқтап тұр. Құрылысшылар мүлдем жоқ. Үш жыл болды уәдемен өмір сүріп келеміз. Тағы да басқа жерге жібере ме деп қорқамыз. Біздің балалар тиісті түрде білім алып жатқан жоқ", - дейді ата-аналардың бірі Арай Мұратова.
Мектеп 2023 жылдың мамыр айында, оқу жылы аяқталмай жатып жабылған еді. Екі жыл өтті, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Сол кезде ата-аналарға үш айда жөндеу жұмыстарын аяқтап үлгеру керек деп түсіндірген еді.
"Былтыр дүкен ішінен ғимарат бөлді. Оның қожайынына рақмет. Ал биыл қайда оқитынымызды білмейміз. Біздің мектептен басқа жерге ауыстырғанын қаламаймыз. Мектебімізді аяқтап, осында балалар дұрыс білім алғанын қалаймыз", - дейді тағы бір ата-ана Анаргуль Айтрахимова.
Ең қиыны, ұстаздар үзіліс кезінде бір ғимарат пен екінші ғимаратқа барып үлгеруі керек. Ал сабақтарды 30 минутқа дейін қысқартқан.
Ал мердігер болса, компания қиын жағдайда отырғанын айтып, ақталып әлек болған. Білім басқармасы жағдай бақылауда екеніне сендірді.
"Бастапқыда нысанды жыл соңына дейін аяқтауға болатын еді. Бірақ мердігерлер оқу қорпусын 1 қыркүйекке дейін аяқтау туралы міндеттемені өз мойнына алды. Түзетуден кейін смета құны 414 миллион теңгеден 623 миллион теңгеге дейін өсті. Ақша бар. Қаржыландыруға қатысты мәселе жоқ. Жұмыс сапалы жасалып, бізге уақытылы формаларды берсе, ақшаны іс жүзінде тамыз айында аударамыз", - деп пікір білдірді Талғар ауданы білім басқармасының мемлекеттік сатыпалулар жөніндегі бухгалтері Майра Босқымбаева.
Ал ата-аналар болса, 1 қыркүйекте балалар тағы да дүкенде оқуға мәжбүр бола ма деп қорқып отыр.