АСПАНТАУДАҒЫ "АЛТЫНШЫ" КӨЛДIҢ ӘБIГЕРI

АСПАНТАУДАҒЫ "АЛТЫНШЫ" КӨЛДIҢ ӘБIГЕРI

АСПАНТАУДАҒЫ "АЛТЫНШЫ" КӨЛДIҢ ӘБIГЕРI
ашық дереккөзі
239

Алматының iргесiнде 36 тау көлi бар

Бұл – ақпарат көздерiн талай шулатып, Төтенше жағдай қызметкерлерiнiң түнгi ұйқысын төрт бөлген ежелгi әңгiме. "Алтыншы" көл туралы сөз Қызылағаш оқиғасынан соң iле-шала-ақ Парламент деңгейiнде көтерiлiп, iзiнше қайта басылған. Кейбiр ақпарат көздерi "алтыншы" көл мәселесiн көтергендердi "жаңбыр жаумай су болғандар" санатына да жатқызған. Алайда бұл қаншалықты ақиқат? Қарсы уәждерде қаншалықты қисын бар?

Өткен айдың соңында өткен Үкiмет отырысында бұл мәселе тағы да бiр мәрте сөз болды. Iле-шала "алтыншы" көл мәселесi Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрғали Әшiмов өткiзген дөңгелек үстелдiң өзектi тақырыбына айналып шыға келген.

Ақиқатына келсек, Iле Алатауындағы сел тақырыбы мамандарды әлi күнге дейiн алаңдатып отыр. Соңғы кезде аталмыш мәселенi көтергендер арасында "Қазселезащита" География институты, экология мен климатты зерттеу институты, Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгi, "Табиғат" экологиялық одағы сынды беделдi ұйымдар бар. Бәрiнiң айтары "Алматы қаласындағы ықтимал сел қатерiн ешқашан жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан сақтық керек" дегенге саяды.

Тамыздың ортасында "алтыншы" көлге байланысты қосымша қауiпсiздiк шаралары жүргiзiлдi. Әрi мұндай шаралар жыл сайын жүзеге асып, ондағы судың деңгейi ең қатерсiз мөлшер 150000 текше метрге дейiн азайтылады. Өткен айда дәл осындай шаруа тындырылды. Шараның алдындағы "алтыншы" көлдегi су деңгейi 240000 текше метр болатын. Биылғы жаздың аптап ыстығын ескерсек, аталмыш жұмыстардың маңыздылығын айтпай-ақ түсiнуге болады.

Алайда "Қазселезащитаның" бұл орайдағы жұмысына прокуратура органдары әсте разы емес. Аталмыш басқарманың кейбiр қызметкерлерiнiң ақпараттарды бұрмалап бергенi үшiн жауапқа тартылғаны да белгiлi. Мәселен, мамандардың "алтыншы" көлдегi жиналған биылғы су мөлшерiн 220 мың текше метрдiң орнына 175 мың текше метр деп көрсеткен өтiрiгi анықталған.

Биылғы Қызылағаш трагедиясынан кейiн "алтыншы" көл мәселесiнiң Парламент пен Үкiмет деңгейiне дейiн көтерiлуiне еш таңғалуға болмайды. Ал сөйткен қатерлi көл туралы не бiлемiз? Ақпарат құралдары ол туралы не айтуда?

* * *

Ресми түрде №6 көл деп аталатын бұл табиғи су көзi Мәншүк Мәметова мұздақтарының ерiген суынан толып отыратыны белгiлi. Әрi 1,5 миллион адам тұратын мегаполиске қауiптi нышан есебiнде ол ұдайы бақылауда.

Көлге байланысты нақты ақпараттық деректер мынадай: 2008 жылғы жүргiзiлген топографиялық бейнесуреттерге қарағанда аталмыш көлдiң ұзындығы 201 метр, енi 145 метр. Орташа тереңдiгi 9,8, ал ең терең тұсы 23 метр. Осыдан екi жыл бұрын ондағы су көлемi 183 мың текше метр деп көрсетiлдi.

Сөз ретiне қарай айта кету керек, жоғарыда айтқан "Қазселезащита" секiлдi мекемелер "алтыншы" көлдегi жиналған судың мөлшерi туралы бiр-бiрiне сәйкеспейтiн мәлiметтер берiп жатады.

* * *

Жалпы алғанда, Алматы төңiрегiнде 36 тау үстiндегi көл бар екен. Қазiр солардың бәрi де қатаң бақылауға алынған. Бiр қуанарлығы, 36 көлдiң 15-i қазiр сусыз терең шұңқырға айналдырылған. Олардың кейбiреуiне келетiн су табиғи тұрғыда тежелiптi. Яғни, тау мұздықтарынан бөлiнетiн суға да тежеу түстi деген сөз.

Сондай-ақ, кейбiр көлдердiң суы жасанды түрде ортайтылады. Бұл орайда ең елеулi шаруа 1985 жылы жүзеге асыпты. Онда "Қазселезащита" Шелек төңiрегiндегi Богатырь мұздағынан пайда болған көлдiң суын тегiс ағызған. 9,8 миллион тонна мұздақ суы тарамдана ағып, әуелде әбiгершiлiк тудырады. Алайда мамандар 14 тонна жарылғыш пайдалана отырып, қатерлi Богатырь көлiнiң суын 10 метрге дейiн төмендетiптi.

Қазiр аталмыш аймақта 12 арнаулы пост пен мобильдi топ жұмыс iстейдi. Богатырь көлi аймағындағы қауiпсiздiк толықтай бақылауға алынған.

"Қазселезащита" мамандары берген деректерге қарағанда, "алтыншы" көлдi қатерлi көлдер санатына жатқызуға болмайтын сияқты. Аталмыш көл Мәншүк Мәметова атындағы мұздақтың суы еру процесi басталған елуiншi жылдары пайда болған. 1997 жылы аталмыш көлдi ортайту керек екенi алғаш рет сөз болады.

"Алтыншы" көл тым биiкте орналасқандықтан оған арнаулы техника мен транспорт жеткiзу қиын. Сондықтан 90-шы жылдары ондағы су деңгейiнiң төмендетiлуiнiң бiраз уақытқа шегерiлгенi де бар.

Арнаулы посттардағы мамандар қол помпаларын пайдаланып, ондағы су деңгейiн төмендетуге мәжбүр болған. Сол кезден берi жыл сайын қар ерiр тұста аталмыш көлге 15-20 адамнан тұратын арнаулы топ түсiрiледi. Әзiрге ондағы қауiпсiздiктi сақтап тұрған да осы арнаулы топтың адамдары.

* * *

Қызылағаш оқиғасынан кейiн бiраз сөз болып, тамызда өткен Үкiмет отырысында қайта қозғалған "алтыншы" көлдi арнаулы мамандар мен басшылар оны тiкұшақтан бақылайды.

Қызылағаш оқиғасынан кейiн "алтыншы" көлдi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовтiң өзi бiр топ журналистермен бiрге тiкұшақпен бақылап қайтты.

Ол да болса Аспантауда "iлiнiп" тұрған көлдiң басшылықты алаңдатып отырғанының бiр белгiсi.

Iле Алатауындағы тау мұздақтары негiзiнен маусым айында еридi. Алайда өткен жылғы қатал қыстың әсерiнен әдеттегiден 10 күннен кейiн жүзеге асты. Мамандар түн ұйқысын төрт бөлiп бақылап отырған "алтыншы" көл әзiрге тыныш. Алайда бұрынғысынша алаңдатуын қояр емес. Себебi, Алматы төбесiнде қаһарлы "алтыншы" көл "iлiнiп" тұр. Басқаша айтқанда, тау мұздақтарынан пайда болған жасанды көлдiң түбi сiз бен бiзден анағұрлым биiкте тұр…

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары