Алматы қалалық кардиологиялық орталығында жүрек ырғағын қалпына келтірудің инновациялық әдісі – кардионейроабляция алғаш рет сәтті жүзеге асырылды. Бұл әдіс науқасқа кардиостимуляторсыз-ақ қалыпты жүрек соғысын қайта орнатуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Алғашқы операцияны орталықтың аритмология бөлімінің меңгерушісі Артур Абдымомунов жасады. 22 жастағы ер адам бас айналу мен естен тану белгілерімен ауруханаға жеткізілген. Кешенді тексеру нәтижесінде оның жүрек ырғағындағы ауытқудың құрылымдық емес, яғни функционалдық сипатта екені анықталды.
Бұған дейін мұндай жағдайларда жас пациенттерге кардиостимулятор қойылатын. Бұл олардың өмір салтына айтарлықтай шектеу қоятын. Ал қазіргі медицинаның дамуы арқасында біз жүрек ырғағының бұзылуын арнайы құрылғысыз-ақ, вегетативті жүйке жүйесінің белгілі тармақтарына нүктелі әсер ету арқылы түзете аламыз, – дейді дәрігер Абдымомунов.
Кардионейроабляция – жүректің жиырылуын тежейтін артық парасимпатикалық белсенділікті әлсірететін заманауи әдіс. Ол әсіресе кезбе жүйке (nervus vagus) белсенділігі жоғары болған жағдайларда қолданылады. Әдіс жүрек құрылымына зақым келтірмей-ақ, табиғи ырғақты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Отадан кейін науқастың жағдайы тұрақты. Қазір ол дәрігерлер бақылауында, ал жақын күндері амбулаториялық бақылауға жіберіледі.
Мамандардың айтуынша, функционалдық синусты брадикардия көбінесе жастарда, спортшылар мен парасимпатикалық жүйесі белсенді адамдарда кездеседі. Мұндай кезде жүрек құрылымдық тұрғыда сау болғанымен, оның жиырылу жиілігі реттеуші жүйенің шамадан тыс әсерінен төмендейді.
Кардионейроабляция – инвазивтілігі төмен, қауіпсіз әрі тиімді әдіс ретінде танылып отыр. Ең бастысы, бұл тәсіл пациентті өмір бойы құрылғыға тәуелді болудан құтқарады.
Алматы қалалық кардиологиялық орталығы бұл клиникалық жетістікті отандық кардиологиядағы жаңа кезеңнің бастамасы деп бағалап отыр. Әсіресе жастар арасындағы функционалдық жүрек ырғағы бұзылыстарын заманауи әдіспен емдеудің нақты мүмкіндігі пайда болды.