АЯГӨЗГЕ ДОСТОЕВСКИЙДЕН КЕЛГЕН ХАТ

АЯГӨЗГЕ ДОСТОЕВСКИЙДЕН КЕЛГЕН ХАТ

АЯГӨЗГЕ ДОСТОЕВСКИЙДЕН КЕЛГЕН ХАТ
ашық дереккөзі
340

Хат бағзы заманнан өмiрге қатынас құралы ретiнде енген. Екi кiсiнiң өзара сырынан мемлекетаралық мәселелерге дейiн араласатын, сан алуан мiндет атқаратын хат – бұқаралық жанр. Өйткенi, хатты кiм жазбасын онда сол кезеңнiң қарапайым көрiнiсi мен мезгiл мiнезi белгi берiп қалады. Уақыт өткен сайын, ол қарапайым хат деректерi адами, тiптi, тарихи танымдарды одан әрi түсiнуге түрткi болуы әбден мүмкiн.

Еуропада хатқа ерекше назар аударған халықтар – ағылшындар мен француздар. Атап айтқанда, француздардың хатқа ұқыптылығы қазақ жұртына құт әкелген сәттерi бар. ХIХ ғасырдың ортасында қазақ даласында айдауда болған поляк революционерi, публицист Адольф Янушкевич хаттарының ұқыпты және жинақы француздардың қолына тап болуы, сөйтiп, оларды 1861 жылы Парижде "Қазақ даласындағы сапардың күнделiктерi мен хаттары" атты тақырыппен кiтап болып басылуы Франция елiндегi жақсы дәстүрдiң келiстi бiр көрiнiсi болса керек.

Иә, халқымыздың "ауылыңда ақсақал болса, жазып қойған хатпен тең" деп құйма құлақ қарияларды жазулы хатқа балайтыны да есiмiзде. Хат демекшi, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген iнiсi Халиоллаға (Құнанбайдың Айғыз деген әйелiнен туған баласы) 1866 жылы 8 наурызда және Шәкәрiм Құдайбердiұлының 1931 жылы 3 қаңтарда жазушы Сәбит Мұқановқа жазған хаттары ойға ерiксiз оралады. Ерiксiз ойға оралатыны, екi хат та кезiнде Аягөзде жазылып, екеуi де тиiстi жерлерге Аягөзден жөнелтiлген. Халқымыздың толағай тұлғалы қос перзенттерiнiң қолдарымен жазылған бұл хаттардың мазмұны мен жазылу себептерiн дәл қазiр баяндаудан аулақпыз. Себебi, ол хаттардың толық мәтiндерi соңғы қырық жылдың ар жақ бер жағында Абай мен Шәкәрiм өлеңдерi жинақтарында әрқайсысы бiр реттен болса да жарияланып үлгердi. Ал хаттардың түпнұсқаларына келсек, Абай хаты бүгiнде Петербургтегi Күншығыс халықтарын зерттеу институтының кiтапханасында мәңгiлiк сақтауда жатса, Шәкерiм хатының түпнұсқасы Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттiк мұрағатындағы Сәбит Мұқановтың жеке қорында сақтаулы тұр.

Ендi негiзгi әңгiмемiз – Достоевскийден Аягөзге келген бiр хаты жайына көшейiк. 1859 жылы 23 қазанда орыстың әйгiлi жазушысы Ф.М. Достоевский қолымен жазылған хат Артем Иванович Гейбович дегенге жолданыпты. Осыған орай мынадай заңды сауалдар туындары хақ. Достоевскийдiң Аягөзге хат жазу себебi неде? Гейбович деген кiм?

Баршаға мәлiм, болашақ жазушы Ф.М. Достоевский (1821-1881) "Петрашевскийлердiн iсi" деп аталған Ресейдегi самодержавиелiк құрылысты өзгертуге тырысқан жастардың жасырын ұйымына қатысқаны үшiн өлiм жазасына кесiлiп (1849ж.), артынан бұл жаза ұзақ мерзiмдi каторгалық жұмыспен ауыстырылған, тiптi, ол қатардағы солдат та болған.

Айдау мен сүргiннiң соңғы бес жылын (1854-1859) Достоевскийдiң Семейде әскери қызметте өткiзгенi тағы рас.

Қаншама қыруар қиыншылықтар көрсе де, Семей қаласында өткiзiлген жылдар Достоевский өмiрiндегi елеулi кезең болып табылады. Өйткенi, қатаң каторгалық жұмыс пен түрмелiк тас қамау Семейге ауыстырылған соң бәсеңси бередi. Семейдегi шаруасын қатардағы солдаттан бастаған ол екi жылдан кейiн тиянақтылығы мен елгезектiгiнiң арқасы ма, әйтеуiр, басшылықтың назарына iлiнiп, алдымен ең кiшi әскери атақ – унтер-офицер, одан кейiн iле-шала бiр жылға жетпей прапорщик шенiне ие болды. Қысқа мерзiм iшiнде өз қызмет саласына орай бедел мен абырой жинай бiледi. Талай зиялы таныстар мен қимас достар табады. Тiптi, мұнда ол тұңғыш рет үйленiп, жанұялы болады.

Мiне, Достоевскийдiң жеке басындағы осындай өрелi өзгерiстер мен жағымды жақсылықтарының бастауларында сол заманның озық ойлы азаматы Артем Иванович Гейбович деген азамат тұрады. Бастаулары деумiздiң салмақты себебi, Семейде орналасқан сiбiрлiк жетiншi батальонның бiрiншi ротасына Достоевский қатардағы солдат болып қабылданған сәттен рота командирi, капитан Гейбович арасында қатаң әскери тәртiппен iзгi ниеттi сыйластық нышандары қатар қалыптаса бастады. Жыл өткен сайын бұл арналы адал достыққа ұласты.

Осы орнықты офицер отыз жасқа дейiн-ақ "Бейшаралар" атты роман мен "Үйбике", "Ақ күндер", "Егiздiң сыңары" сынды повестер жазып үлгерген Достоевскийдiң жазу өнерiндегi табиғи талантын жете түсiнiп, оның осы бағыттағы ұмтылыстарына бөгет жасамады. Қайта Достоевскийдi ол солдат казармасынан шығарып, бөлек пәтерде тұруына жағдай тудырды. Өзiнiң үй кiтапханасындағы әдебиеттердi оқуына да мүмкiндiк жасады. Аз да болса әскери шенiнiң жоғарылауына ықпал еттi. Ақырында Достоевский денсаулығының әлжуаздығын алға тартып, оның әскери қызметтен босануына жол ашты. Сөйтiп, Достоевский 1859 жылы 2 шiлдеде өз отбасымен Ресейдiң бiр пұшпағы Тверь қаласында ғана тұру үшiн Семейден бiржола аттанып кеттi.

Осыдан тура үш ай өткенде, яғни, 1859 жылы қыркүйек айының басында капитан Артем Иванович Гейбовичтiң де Семей қаласымен қош айтысуына тура келдi. Себебi, ол сол кездегi Батыс-Сiбiр генерал-губернаторлығына карасты Семей облысындағы Аягөз округiнiң әскери гарнизон бастығы болып тағайындалған едi. Тұрақтары бiрiнен-бiрi айтарлықтай қашықтықта болса да болашақ ұлы жазушы мен орыс армиясының осы бiр офицерi арасындағы қалыптасқан шынайы достық одан әрi де жалғасын тапқан. Әрине, бұл хат арқылы жүзеге асқан. Гейбович өзiне жолдаған Достоевскийдiң хатын жаңа орынға барғаннан кейiнгi екiншi айда-ақ алып үлгерген. Бұдан аңғарғанымыздай, Достоевский қиын күндерде өзiне қамқорлық iлтипатын толассыз көрсеткен Гейбовичтi ұмытпаған, қайта барынша қадiр тұтқан.

Ендеше Достоевский хатының кейбiр тұстарын түпнұсқа тiлiнде сөйлетiп көрелiк:

"Добрейший и незабвенный друг наш, благороднейший Артем Иванович, не стану перед Вами оправдываться в долгом молчании. Но если перед Вами виноват, то, каюсь без вины!.. Никогда не забуду нашего последнего дня расставания, когда (говоря мимоходом) я порядочно почокался со всеми", – десе одан әрi тағы да: "…мне так все понятно Семипалатинское, и то как Вы нас принимали, как радушно мы сошлись в последнее время", – деп ағынан жарылады.

Одан әрi Достоевский хатында өздерiнiң жаңа қонысқа қандай қиыншылықтармен жеткендерiн, Тверь қаласының сүреңсiздiгiн, қымбатшылықтың шырқап тұрғанын, қала театрының түкке тұрғысыздығын ашына баяндайды. Достоевскийдiң бұл хатында халқымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы толыққанды танымдық бiр дерек те бар. Ол былай деп жазады: "Валиханов объявил мне, что его требуют в Петербург и что через месяц он туда едет".

Хат иесiнiң осылай деп жазуын төмендегiше түсiндiруге болады. Достоевский Тверьге көшiп бара жатып, өз жанұясының жеке құжаттарын реттеумен үш тәулiк Омбыда (хатта бұл да айтылады) аялдаған. Мiне, осы күндерде ол сонда қызмет iстеп жүрген қимас досы Шоқан Уәлихановпен талай жүрекжарды әңгiмелер құрған болар. Ендеше жоғарыдағы дерек Қашқария сапары туралы өзiнiң Петербургте есеп беру шаруасы күтiп тұрғанын сол кездесудiң бiрiнде Шоқан аузынан шыққаны басы артық түсiндiрменi қажет етпесi анық. Бұдан тағы бiр аңғарарымыз, Гейбович Уәлихановты бұған дейiн де бiлетiнге саяды. Себебi, Гейбовичке бiлмейтiн адамы туралы Достоевскийдiң жазуы ешбiр қисынға келмейдi. Шоқанмен Гейбовичтiң танысуына Достоевскийдiң өзi дәнекер болған десек, асыра айтқандық емес. Өзi өскен аймақтағы арнайы әскери оқу орнын ойдағыдай бiтiрiп, Батыс Сiбiр генерал-губернатор кеңсесiнде жауапты iстер атқарып жүрген, әлi жиырма беске толмаған жас офицер Шоқанды ара-кiдiк iс сапармен Семей қаласына келгенде өз бастығы Гейбовичке таныстыруы әбден мүмкiн, көңiлге қонар шаруа.

Хатын Достоевский былайша аяқтайды: "Вот Вам дружеская инструкция: в первом же письме вашем уведомьте нас во-первых об Аягозе, о ваших знакомых и, вообще, о житье подробнее, какие люди, какие лица… Во-вторых, как у Вас по службе вообще. В-третьих, подробнее обо всем вашем семействе, и в особенности, о Зинаиде Артемовне и Елизавете Никитишне".

Гейбович Достоевскийге жауап хатын бiршама кешiктiрiп, алты айдан кейiн, яғни, 1860 жылы 25 наурызда жазады. Хаттың мазмұны, нақтылығына қарағанда, шынында оны жазған адамның зиялылығына еш күмән туғызбайды. Оқисың да иланасың. Тiптi, онымен бiрге болғандай сезiнесiң. Гейбович алдымен жауаптарын жүйелеп, тармақтап баяндайды. Бес тармақтан тұратын жауаптарында ол жаңа орындағы тұрмыс-тiршiлiгiн, қатты суықтан бiр қыста екi рет пәтер ауыстырғанын, үлкен қызы Машаны (Марияны) тұрмысқа ұзатқанын, Достоевскийге таныс, бейтаныстардың қайда және не iстеп жатқандарын байыппен баяндайды. Аягөз өңiрiнде күзде желдiң, қыста боранның жиi болатынын да хабарлайды. Аягөз округ орталығы Аягөз қаласының ендiгi жерде Сергиополь деген атпен аталарын да хатында түсiндiрiп кетедi.

Сөйтсе де хатта Гейбовичтiң Достоевскийге деген сүйiспеншiлiгi барынша жоталана көрiнiс беретiндiктен оқырман назары соған аударылатыны да түсiнiктi. Олай болса, Гейбович хаты да сол сырды ақтарып көрсiн…

"Благороднейший и добрейший Федор Михайлович, приношу Вам искреннее чувство моей благодарности за Ваши благодеяния, которая благородная душа Ваша так преисполнена, что в отдаленности помните и не перестаете осыпать Вашими милостями.

Милой, доброй и неоценной Марье Дмитриевне с глубочайшим почтением целую в щедрую руку и доношу, что все вещи, подаренные мне как ими, так и Вами сохраняются у меня в целостности и бережливости".

Хаттың осы бiр үзiндiлерiндегi "все вещи, подаренные мне" деген сөзтiркестерi түсiнiктеменi қажет ететiн сияқты. Иә, бұл сөздердi Гейбович тектен тек жазып отырмаған. Себебi, Достоевский Тверьге көшерде үй мүлiктерiнiң тең жартысын және кiтапханасындағы көптеген әдебиеттердi, тiптi, өзiнiң киiп жүрген әскери киiмдерiн де сыйлық ретiнде Гейбовичтерге берiп кеткен. Хат иесi солар жайында сөз қозғап отыр.

" Покуда возможность есть ни с одного из вещей Ваших нерастанусь. Разве при крайности моей застигнет худша, то и то, тогда потеря одной из Ваших вещей для меня будет столь же чувствительна, как и вещи, полученные в память от моего отца и матери".

Мiне, осындай хат жолдарынан Гейбовичтiң орыстың ұлы жазушысына деген таза жүрек лүпiлiн, жан әлемiн оңай түсiнемiз. Хаттың соңғы сөздерi шынайы ыстық ықыласпен аяқталады. Хатқа тағы көз жүгiртелiк. "Итак, пожелав Вам всего хорошего, веселья, благополучия, здоровья и многих лет. Остаюсь с истинным уважением и преданностью. Ваш покорный слуга Артем Иванович. 25 марта 1860 года. Город Сергиополь".

Осы бiр екi адам арасындағы кешкен жайды хатқа түсiру, оны сары алтындай әспеттеп сақтай бiлу дәстүрiн алға тартады. Ал мұны Гейбович қыздарының бiрi – Зинаида Артемовна Сытина (күйеуiнiң фамилиясы бойынша) одан әрi жалғастырса керек. Ол әкесi мен Достоевский арасындағы қалтқысыз достығын қалың жұртшылыққа баяндау мақсатымен 1885 жылы "Исторический вестник " журналының бiрiншi санында ұлы жазушы туралы өзiнiң естелiгiн және әкесiне жазған Достоевский хатының толық мәтiнiн жариялатқан. Ал әкесiнiң Достоевскийге жазған хатын кезiнде жариялаудың ретi келмедi ме, әйтеуiр, оны қажет еткендер тауып оқыр деген оймен Москвадағы Орталық кiтапханалардың бiрiне мәңгiлiк тапсыруға берiптi. Демек, өнегелi жәдiгерлердi қасқалдақтың қанындай қастерлеу дегеннiң қарапайым көрiнiсi осы болса керек.

Сөйтiп, екi хат та осылай көпшiлiк назарына iлiнiп, әйгiлене бердi. Мұны тарата баяндасақ, Достоевскийдiң Гейбовичке жазған хаты 1928 жылыжазушы хаттарының тұңғыш басылымдық жинақтарынан орын алса (Достоевский, Письма, том I , 1928, стр. 269), сондай-ақ, бұл хаттың Шоқан Уәлихановқа қатысты тұстары осы ғалымның 1985 жылы басылып шыққан орыс тiлiндегi бес томдық шығармаларының бесiншi томына (216-бет) кiргiзiлiптi.

Ал Гейбович хатының көшiрмесi болса, ол бұл күндерде ДОСТОЕВСКИЙДIҢ Петербургтегi, Москвадағы, Тверьдегi және Семейдегi мұражайларының қабырғаларынан лайықты орын алып жұр. Сөйтiп, жазушы өмiрiнен бiр үзiк сыр шертiп тұр. Бұл сайып келгенде, бейқамдыққа, құнтсыздыққа бой алдырмауды, кез келген кiшiгiрiм нәрсенiң игiлiктi орны бар екенiн меңзейтiн қажеттi құбылыстар.

Ғабит ЗҰЛХАРОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары