КӨШПЕНДIЛЕРДIҢ ДЕЛЕБЕСIН ҚОЗДЫРҒАН БӘЙГЕ
КӨШПЕНДIЛЕРДIҢ ДЕЛЕБЕСIН ҚОЗДЫРҒАН БӘЙГЕ
Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы "Көкбастау" ипподромында дүбiрлi дода болып өттi. Ата Заңның 15 жылдығы мен Елбасының кубогына арналған кезектi ат бәйгесi сәйгүлiктiң құлағында ойнайтын шабандоздардың басын қосты.
Бәйге төрт шарт бойынша жүзеге асты. Жорға бәйге – 9 шақырым, құнан бәйге – 11 шақырым, тай бәйге – 16 шақырым, аламан бәйге – 25 шақырым қашықтықта жүрiп өттi.
Алматы облысының әкiмшiлiгi мен жеке кәсiпкерлер ұлттық спорттың дамуына өз үлесiн қосып келетiнi жасырын емес. "Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрiк" келген сәйгүлiктiң бәйге жүлдесiне жетi автокөлiктiң кiлтi тағайындалыпты. Айналымды өз бабында шауып өткен қас тұлпарлардың сұлу сымбатына сүйсiнбеген жан қалмады. Дүбiрлеген аттың тұяғына қиқу салып, арқасы қозып отырған көшпендiлердiң ұрпақтары аламан бәйгедегi баб пен бақтың таласқан сәтiне куә болды. Бiр қызығы, №9 нөмiрдегi астаналық "Сборник" атты дүлдүл сәйгүлiк мәреге 10 метр қалғанда өзiнен-өзi табандап тұрып қалды. Жұрттың көзi тидi ме, әлде басқа бiр жағдай болды ма, оны бiр Құдай бiлер. Сол мезеттегi кiдiрiс артында шаң қауып келе жатқан екi шабарманның бағын жандырды. Сөйтiп, елдiң делебесiн қоздырғын сұлу сәйгүлiк үшiншi орынды мiсе тұтты. Қазақтың "Бақ шаба ма, бап шаба ма?" дегенi осы шығар.
Жиналған көпшiлiк бәйге жарыстарымен қатар қыз қуу, көкпар, аударыспақ, теңге алу сияқты қазақтың ұлттық ойындарын тамашалап, тарқасты.
Еркiн ҚУАТАЙҰЛЫ