ҚОЙДЫҢ ҚҰЛАҒЫНАН ҚОРҚАТЫН ҰРПАҚ
ҚОЙДЫҢ ҚҰЛАҒЫНАН ҚОРҚАТЫН ҰРПАҚ
Бата сөзi – аталы сөз екенi рас. Сондықтан, батаның тәрбиелiк маңызы өте зор. Ертеде жанжал, дау-дамайлар қашанда баталасумен, бiтiмге келумен бiтетiн. Осы ретте елiмiздiң елдiгiн сақтап қалуында, бiрлiгiнiң бұзылмауында батаның да зор үлесi бар деп бiлемiн.
Бала кезiмде атама iлесе жүрiп, той-томалақтарда әрдайым ауыл ақсақалдарының ортасында отыратын едiм. Сонда байқағаным, кейбiр қариялардың берген батасы жүрекке жылу құйып, қуат беретiн. Дастарқанға, дәм-тұзға деген құрмет сезiмiн оятушы едi. Алайда, әлi күнге дейiн кей жерлерде бата бермек тұрмақ, батаның не екенiн де бiлмейтiн жас отбасылар аз емес. Менiңше, тамақ iшкен соң тұра жөнелетiн "асығыстарды" етегiнен тартып отырғызып, бата берудi, ас қайыруды дәстүрге қайта енгiзген жөн. Өйткенi, дастарқан – ұлық, оны сыйлау – парыз!
Сондай-ақ, дастарқан басында қойдың басы ең құрметтi қонаққа, жасы үлкен ақсақал адамға ұсынылатыны белгiлi. Бас сыйға тартылған ақсақалдың бастың құлағын кесiп, балаға ұсынуы салт-дәстүрiмiзде қалыптасқан жағдай. Алайда, дастарқан басындағы осы салт-дәстүр де кейiнгi жылдары бұзыла бастағаны анық аңғарылып келедi. Олай дейтiнiмiз, ақсақал құлақ ұсынған баланың әкесi мен шешесi: "Ойбай, ата, ол құлақтан қорқады, оны жемейдi", – деп шыр-пыры шығатын болыпты. Сонда, құрметтi қонаққа ұсынылған, ақсақал ұсынып отырған қасиеттi бастың құлағынан бас тартып, одан құбыжықтай қорқуымыздың себебi, сыры неде? Мейлi, бұл жайды жас бала жете түсiнбедi дегенiмiзбен, оның ата-анасының халқымыздың ежелгi салт-дәстүрiн сыйламай, тәрк етуiне не айтуға болады?! Осындай бүгiндерi құлақтан қорқып безе қашып жүрген ұрпақтарымыздың, болашақта басқа да үрке қарап жүрмесiне кiм кепiл? Ендеше, салт-дәстүрiмiздi қадiрлеп, қастерлеуге немқұрайды қарамасақ екен. Осы ретте, өзiңдi өзiң сыйламасаң, жат жанынан қалай түңiлсiн, ағайын!
Осыған кереғар бiр өзектi өртер өкiнiштi жайт – бүгiнде жиын тойларда, отбасылық қуаныштарда: "Ата, бiрiншi тост сiздiкi, ақ тiлегiңiздi айтып, ақ қып алдырып қойыңыз", – деп арақ ұсынатын сорақы әдетке душар болдық. Ақ сақалды қарттарымыздың да бұл келеңсiздiкке тойтарыс берудiң орнына, керiсiнше, қау-қаулаған жастарға икемделе түсетiнiн де байқап, көрiп жүрмiз.
Ағайындар-ау, мiне осы секiлдi дендеген дертiмiзден ертерек арылмасақ, арақ пен қазақ егiз ұғымға айналып кетуi де ғажап емес-ау деген ой келедi. Қасиеттi ас – баспен құлақтан қорқатын ұрпақтарымыз, "қасиетсiз ас" араққа неге соншалықты құмар? "Батпандап кiрген ауру мысқыладап шығады" деп бекер айтылмаған. Ал әкесi, баласы, немересi жарыса iшетiн күйге түскен халыққа бұл дерттен жедел айыға қою да оңайға соға қоймас.
Болат ШАЙМАНҰЛЫ,