«Қазақ тілі» қоғамы оқулықтарға ғылыми-әдістемелік сараптама жасайтын құрал ұсынбақ

/
«Қазақ тілі» қоғамы оқулықтарға ғылыми-әдістемелік сараптама жасайтын құрал ұсынбақ
istockphoto.com

Ақпараттық ортада қазақ тілін үйрететін, тілді өз бетінше оқуға арналған түрлі құралдардың жарнамасы көбейіп келеді. Ондай құралдардың көбейгені құптарлық жайт. Бірақ, соның арасында тілдің заңдылығы мен қалыптасқан ғылыми негізін ескермейтін, тілдің қадірін қашырып, тілшілер қауымын ұялтатын әдістемелік құралдардың кездесуі – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын алаңдатып отыр.

Авторының кәсіби білігі күмән туғызатын осындай оқу құралы туралы ақпарат бүгін Tengrinews сайты арқылы тарады.

Тіл мәртебесіне нұқсан келтіріп, оны үйренгісі келген ортаның ықыласын бұзатын мұндай оқулықтардың таралуын шектеу – тіл жанашырларының ортақ міндеті. Қазақ тілін үйрету – тіл арқылы қазақ мәдениеті мен руханиятына құрмет қалыптастыратын аса жауапты міндет. Сондықтан тіл үйретуші құрал да сол биік жауапкершілікке сай болуы қажет.

Мектеп пен оқу орындарына ұсынылған оқулықтар арнайы тексерістен өтетіні белгілі. Алайда, жеке тұтынушылдарға арналған оқу құралдарына ондай талап жоқ. Бұл еркін нарық пен цензураға тыйым ережелерінен шығады.

Дегенмен де, тіліміздің мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге жауапты ең ірі қоғамдық ұйым ретінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өз тарапынан оқу құралдарына ғылыми-әдістемелік сараптама жасап, қолданысқа ұсынылатын  оқу құраларының тізбесін ұсынады. Жақын уақытта Til.kz сайтында осындай оқу құралдары жинақталған бөлек парақша шығады.

Сонымен қатар, қазақ тілін үйренуші ортаға мынаны ескерткіміз келеді:

Біріншіден, тіл үйренуге арналған құралдың авторына назар аударыңыз. Ол кім? Ғылыми дәрежесі бар ма? Осы салада нақты тәжірибесі мен зерттеулері жарық көрген бе? Бұл сұрақтарды қою арқылы сіз тіл үйретуші құралға немесе адамға деген нақты талаптарыңызды анықтай аласыз.

Екіншіден, бұл құрал қай баспадан шыққан? Қандай мамандар қарап, сараптап, мақұлдаған? Лингвистикалық немесе әдістемелік кеңестердің сүзгісінен өткен бе? Бұл сұрақтар сіздің таңдауыңызды жеңілдетіп, таңдаған құралыңыздың сапасын айқындайды. Егер оқу құралы сенімді баспадан, білікті редакторлар мен сала мамандарының сараптауынан өтпесе, оның жақсы оқулық болуы екіталай.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары