Қостанайда пластикалық ота жасатқан жас келіншек реанимацияға түсті

/
Қостанайда пластикалық ота жасатқан жас келіншек реанимацияға түсті
istockphoto.com

33 жастағы Қостанай тұрғыны ауыр жағдайда қалалық ауруханаға жеткізілді. Липосакциядан үш күн өткен соң оның жағдайы нашарлаған. Операциялық үстелге ол перитонитпен ауыр халде түскен, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.

«7 шілдеден бері ол реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайының ауырлығын және мұндай патологияның процедурадан кейін сирек кездесетінін ескере отырып, Алматыдағы Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығымен телемедицина арқылы кеңес жүргізілді. Ұсыныстар берілді, біз оларды орындадық. Перитониттің себебі – ішектің тесілуі, сондықтан науқасқа стома жасалды, яғни ішек сыртқа шығарылды», – деді Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы Қуат Әлмағамбетов.

Қалалық ауруханада бұған дейін осындай операциялардан кейін асқынулар тіркелмегенін нақтылады. Ресми мәлімет бойынша, қазір әйелдің жағдайы тұрақты, бірақ ауыр. Ол жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылған, өздігінен тамақтанады, бірақ орнатылған трахеостомиялық түтікке байланысты сөйлей алмайды.

Белгілі болғандай, әйел операция жасаған жеке клиника өкілдері көмек ұсынған, арнайы тағам сатып алған. Клиникада бұл операцияға қатысы бар-жоғын растау немесе жоққа шығару мүмкін болмады. Медициналық мекемеде басшылықтың орнында жоқ екенін хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары