ҚАЗАҚСТАНДА АТОМ СТАНЦИЯСЫ САЛЫНА МА?

ҚАЗАҚСТАНДА АТОМ СТАНЦИЯСЫ САЛЫНА МА?

ҚАЗАҚСТАНДА АТОМ СТАНЦИЯСЫ САЛЫНА МА?
ашық дереккөзі
385

7-қыркүйекте Өскемен қаласында өткен Ресей мен Қазақстанның аймақаралық ынтымақтастығының VII Форумы аясындағы кездесуiнде екi ел президенттерi өзара қарым-қатынастың өзектi мәселелерiн талқылады.

Президенттер әңгiмесiне арқау болған тақырыптар сан алуан. Соның ең бастылары – аймақаралық ынтымақтастық пен сауда-экономикалық қарым-қатынас. Медведев пен Назарбаев биыл осымен сегiзiншi рет ресми түрде кездесiп отыр. Ресей Федерациясы президентiнiң көмекшiсi

С. Приходько бұл жөнiнде: "Бұл саясатта, сауда-экономикалық, бiлiм беру және мәдениет саласында өзара тиiмдi қарым-қатынас орнатуды тереңдетудi көздейтiн Ресей мен Қазақстанның бұған ерекше маңыз берiп отырғандығының айғағы. Соңғы кезде екi ел қарым-қатынасын жақсарту үшiн аз iс iстелген жоқ. Қазiр ол өрлеу үстiнде" дедi. Ал, шекаралық бұндай форумдар дәстүрге айналғалы қашан. Былтыр ол Орынбор қаласында ұйымдастырылды. Ресей Федерациясының 27 субъектiсi ТМД мемлекеттерiмен шектеседi, соның 12-сi Қазақстанның 7 облысымен шекараласады. Аймақаралық қарым-қатынаста Ресей-Қазақстан сауда айналымының 70 пайызы осы шекаралық аймақтарға тиесiлi. Осы аймақта 300-ден астам Ресей мен Қазақстанның бiрiккен кәсiпорны бар. Ресей Федерациясының 76 субъектiсi қазақстандық әрiптестермен сауда-экономикалық байланыс орнатқан.

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Трансшекаралық өзендердiң проблемасы бүгiнде аса өзектi мәселеге айналған. "Сiбiр өзендерiн Ресей мен Қазақстанның оңтүстiк өңiрлерiне тартқан жобаларды неге еске түсiрмеске? Болашақта бұл өте ауқымды проблемаға, бүкiл Орталық Азия өңiрiн ауыз сумен қамту проблемасына айналуы мүмкiн. Өкiнiшке қарай, бүгiн сумен қамтамасыз ету мәселесi назардан тыс қалды. Биылғы құрғақшылық Орал өзенiнiң суының тартылуына алып келдi. Бұл бүкiл Орал-Каспий бассейнi тұрғындарының мүддесi. ҚХР-дағы әрiптестермен бiрлесе отырып қазiр бiз жағасында отырған Ертiс өзенiнiң тағдыры үшiн де бiрге жұмыс iстеуiмiз керек. Суқорғау iсi қолға алынғанымен, айтарлықтай нәтиже бермей келедi. Су ресурстарын сақтау, үнемдi пайдалану iсi жайында бiртұтас кешендi бағдарламалар жоқ. Осыған орай, бұл мәселелердi шешудiң жолын бiрге iздестiруге үкiметке тапсырма беру керек" дедi Елбасы.

Сарапшылардың пiкiрiнше, Орал мен Ертiс өзенiнiң арнасы жыл сайын азайып барады. Бұл Қазақстанның Батыс, Солтүстiк және Шығыс өңiрлерiнiң экономикасына керi әсерiн тигiзуi мүмкiн. Сондай-ақ, бұл жағдай Каспий өзенiнiң солтүстiк бөлiгiн қамтуы мүмкiн. Экологтар Орал өзенiнiң Орынбор аумағындағы арнасы мүлдем тартылуы мүмкiн деген болжам айтады. Алайда, бұл ұсынысқа Ресей президентi ашық қолдау бiлдiре қойған жоқ. Тек кез келген идея қолдау табатындығын айтып, жылы жауып қойды.

АТОМ ЭНЕРГИЯСЫН БIРГЕ ПАЙДАЛАНУ

Ресейлiк басылымдардың алдын ала таратқан мәлiметтерiне қарағанда, Мәскеу Қазақстанмен атом энергиясын бiрлесе пайдалану мәселесiн талқылауды осы жылдың соңына дейiн аяқтауды жоспарлап отырғандығы айтылған.

Егер, бұл келiсiмге қол жеткiзiлсе, Қазақстанда орта қуатты ВБЭР-300 реакторлы қондырғымен атом энергия станциясы салынатын болады. Бұл әңгiме бiр кездерi кәдiмгiдей қоғамдық пiкiр тудырғаны белгiлi. Қазақстан қоғамы елде атом энергостанциясын салуға қарсы. Дегенмен, Ресей өз дегенiнен қайтар емес. Ресей Федерациясы президентiнiң көмекшiсi Сергей Приходько бұл кездесуде екi елдiң энергетикалық саладағы ынтымақтастығы талқыланатындығын айтқан. Iстiң барысына қарағанда, Ресей Федерациясы мен Қазақстан ВБЭР-300 жобасын қызу дайындап жатқан сыңайлы. Бұл екi елдiң бiрлескен жобасы болмақ. Болашақта бұл жобаны үшiншi мемлекетке ұсыну жоспарланған. Сергей Приходько бұл жоба төңiрегiндегi келiсiм-шарттардың жыл соңына дейiн жүзеге асырылатынын айтады. Дегенмен, бұл кездесуде қандай да бiр құжатқа қол қою көзделiп отырған жоқ дейдi: "Бұл салаға қатысты қандай да бiр келiсiм-шарттарға қол қою көзделмеген. Бiрақ, Қазақстанмен бiрге уранды байыту, өңдеу, үшiншi мемлекеттiң рыногына шығару әңгiме өзегiне айналатын болады".

Ол Ресей Федерациясының Ангарск қаласындағы уран байыту халықаралық орталығы аясында бiрiге жұмыс iстеу мәселесiнiң де талқыланатындығын ескерткен.

Алайда, екi ел президенттерiнiң кездесуiнен соң, БАҚ-тарда бұл жайында ештеңе айтыла қойған жоқ.

Сонымен ҮII форум аясында "Тұрақты даму мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық" тақырыбында өткен бұл кездесудiң қорытындысында шикiзат секторынан нақты өнеркәсiп пен өндiрiстi дамытуды қолға алу көзделдi. Шығыстың шырайы Өскемен қаласында екi еларалық 27 келiсiмге қол жеткiзiлдi. Мемлекетаралық және аймақаралық келiсiмдер Қазақстан мен Ресей экономикасының барлық саласын қамтыды. Нұрсұлтан Назарбаев екi ел экономикасын да шикiзатқа тәуелдi деп атап көрсеттi. Дмитрий Медведев Қазақстан арқылы өтетiн "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлiк жолының жұмысын тездетудi ұсынды. Биыл Ақтау – Атырау жолы аяқталуы тиiс, ал келесi жылы Атырау – Астрахань жолының құрылысы басталады. Ресей мен Қазақстан шекара аймақта орналасқан "Имашев" газ кенiнiң бiрлескен геологиялық барлауының басталу мерзiмiн белгiледi. Әрi Нұрсұлтан Назарбаевтың энергияны үнемдеу, оған балама болатын басқа қуат көздерiн iздеу секiлдi идеялары басты назарға алынды.

Өскемен қаласы екi ел президенттерiнiң басқосуына ұзақ дайындалды. Шығыстағы әсем қаланың өндiрiс түтiнiне тұншығып, ауасы ластанып кеткенi мәлiм. Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаев зауыт түтiндерiнiң екi ел президенттерiнiң кездесуiне кедергiсiн келтiрмеу жолдарын қарастырды. Тiптi, қаланың бас әуежайындағы "Әуежай" сөзi "Аэропорт" сөзiмен алмастырылып, әуежай алдында әсемдiгiне көз тоятын субұрқақ салынды. Қаланың сыртқы келбетi, экологиясы барлығы президенттердiң кездесуiне жағдай жасады. Бұл жылы қабаққа разы болған Медведев Нұрсұлтан Назарбаевқа қоңыржай климатқа тапсырыс бергенi үшiн де алғыс айтты. Кездесу қалада жаңадан ашылған "Алтай" кешенiнде өттi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары