САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ: ӘР КӨРЕРМЕННIҢ ӨЗ МҰСТАФАСЫ БАР

САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ: ӘР КӨРЕРМЕННIҢ ӨЗ МҰСТАФАСЫ БАР

САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ: ӘР КӨРЕРМЕННIҢ ӨЗ МҰСТАФАСЫ БАР
ашық дереккөзі
385

Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтiң көзқарасын түсiну, дәлiрегi қабылдау қиын. Бiр көргенде қыңыр, қисық, бiрбеткей адам. Ендi бiр көргенде ешкiмдi жатсынбайтын, ашық-жарқын, әзiлқой адам.

Ең бастысы, оның өзi айтқандай, әдебиетте де, өнерде де өз шаңырақ, өз отауы бар. "Түркiстанның" тапсырмасымен ол кiсiге барып әңгiмелескенде мен алдымен осындай ой түйдiм.

– Соңғы киноңыз "Мұстафа Шоқайды" түсiрiп бiткен соң, "Бұл – менiң Мұстафам" дедiңiз. Сонда қазақ Сатыбалды Нарымбетовтiң емес, халықтың Мұстафасын қашан көредi?

– Құйтырқы, қызық сұрақ… Мәселенки, он режиссер қатар тұрып түсiрсе, алдыңыздан он түрлi Мұстафа шығарына мен кепiл. Сол он Мұстафаның бiрде-бiрi сенiң көңiлiңнен шығуы да екiталай. Сонсоң тағы бiр сыпайылыққа, сындарлыққа, ең соңы – этикаға сыймайтын, менiң көптен берi күптi боп, айтсам деп жүрген бiр "құбылыс", – соңғы кезде кейбiр интеллигенция өкiлдерi арасында халық атынан, ел атынан сөйлеп, үкiм-сөз айту iндетi пайда болды. Құдды бiр бүкiл елдi приватизациядан өткiзiп алғандай екпiндеп сөйлейтiн әрiптестер, замандастар шықты бiр төбе. Оларға сондай статус берiлiп қойған ба деп қаласың. Сөз, пiкiр айтсаң – өз атыңнан айт! Әйтпесе, "өтiрiкшiнiң куәсi көп" деген нақылдың алдыңнан шығуы күндердiң күнi ғажап емес… Ол аз болса, есiңiзге түсiрiп көрейiн, ықылым ғасырда бiр шайыр: "Сенiң бетiңдегi бiр меңiң үшiн бүкiл Хиуа, Самарқан, Бұқараны садақа етер ем!.." деп жырламай ма?.. Қылышынан қан тамған ханның құлағына жетпей ме?.. Осындай да осындай, бiр миғұла шайыр осылай жырлап жүр деген сыбыс ұлғая келе ханды қаһарына мiнгiзбей ме?.. Жандайшап жендеттерi арқанмен сүйреп, әлгi байғұсты дедектетiп, хан алдына әкелiптi дейдi. Хан өзi тергептi: – " Ендi әлгi сөзiңдi қайталашы осы жерде!", – "Сенiң бетiңдегi бiр меңiң үшiн бүкiл Хиуа, Самарқан, Бұқараны садақаға берер едiм!" – "Көрсетшi сол хас сұлуыңды!" – "Мiне, жанымда тұр".

Хан олай қарап, бұлай қарап, әлгi шайырды "есiнен айырған" әлгi қыздың бет-әлпетiнен аса бiр сұлулықтың титiмдей де нышанын таба алмай аңырып, қайта ашу шақырғанда, бейшара шайыр: "Дат тақсыр! Сен бұл қызға менiң көзiммен қара!" деген екен. Сол аңыз амалсыздан есiме оралып отырғаны. Ұзақ мысалым үшiн кешiрiм өтiнем… Ендеше, әркiмнiң жүрегiнiң түкпiрiнде өз Абайы, өз Жiбегi, өз Төлегенi болады. Келесi кездескенде ғашық жiгiтiңмен таныстыршы. Бiз де көрейiк. (жымияды). Ал, Мұстафа Шоқай жөнiнде… Бұл менiң – "Мұстафам". Осылай көрдiм. Осылай сезiндiм. Құдай қаласа, күндердiң күнiнде басқа бiр режиссер өз "Мұстафасын" түсiрерi хақ.

– Қанша көрермен болса, сонша пiкiр. Әркiм киноны өз көзқарасымен бағалайды ғой…

– Ол рас. Кезiнде Сұлтан Қожықов "Қыз Жiбектi" түсiргенде Төлеген мен Жiбектi "көрген" адамдар болған. Олар "Төлегеннiң шашы мұндай емес едi, бұл актер Төлегенге ұқсамайды, актрисаның кескiн-келбетi Жiбекке ұқсамайды" деген пiкiрлер айтылған. Өздерi құдды солармен дастарқандас болып, жақын араласқан адамдар секiлдi. Олар еш болмаса, Төлеген мен Жiбектiң суретiн көрсе ғой. Сонда Сұлтан Қожықов инфаркт алып, төсек тартып, жатып қалған.

– "Қыз Жiбектi" таза кино емес" дейтiн әрiптестерiңiз бар…

– "Қыз Жiбек" театрландырылған фильм. Өте жақсы дүние. Бiрақ таза кино емес. Таза кино ендi-ендi түсiрiлiп жатыр. Киноның тарихы опера және драма театрының тарихы секiлдi тереңде емес. Кино қаншама жыл опера мен драманың арасында қолбаланың рөлiн атқарып келдi.

– Сiз туралы бiр әрiптесiңiз "Нарымбетовтiң түсiрген үш-ақ фильмi бар. Сол үш фильмiмен әлемдi шарлап шықты" деп едi. Осы күнге дейiн қанша фильм түсiрдiңiз?

– Жетi фильм түсiрдiм.

– Кэмеронның "Аватары" алты аптаның iшiнде прокаттан 2,6 миллиард түсiрiптi. "Титаниктiң" режиссерiнiң бұл фильмi де атағын аспандатып, миллиардтар алып келдi. Әрине, Батыста прокаттық жүйе әлдеқашан жолға қойылған. Десек те, сiздiң "Мұстафа Шоқайыңыз" фильмдi түсiруге кеткен қаржыны өтей алды ма?

– Егер қазiр Кеңес заманындағыдай прокат жұмыс жасаса, жұмсалған қаржыны ең кемi үш рет өтер едi. Ол кездегi прокат сона-а-ау Мурманскiден басталып, бүкiл Одақты аралап, Владивостокпен бiтетiн. Көрермендер рейтингiнде "Мұстафа Шоқай" әзiрге бiрiншi орында. Интернеттегi шолу солай көрсетiптi.

– Сiздi театрлардан көре бермеймiз. Соңғы рет қандай спектакль көрдiңiз?

– Неге? Театрға барып тұрам. Соңғы рет академтеатрдан көргенiм – Ес-аға Обаевтың "Абайы". Ол кiсi театр сахнасында өз "Абайын" көрсеттi. Сол себептi де, ол спектакль бiреуге ұнауы мүмкiн, ал ендi бiреуге ұнамауы мүмкiн. Сiз бен бiздiң бiр айырмашылығымыз – сол театрға бағанда, өз Абайымды iздеп барғаным жоқ, Обаевтың "Абайын" көруге құштар болып бардым. Бұрын Әзекеңнiң, Әзiрбайжан Мәмбетовтiң "Абайын", Жанат Хаджиевтiң "Абайын" көргем. Үш нұсқада қызықты. Үш түрлi образ кестелеу. Үш түрлi қолтаңба. Үш тұлғаның үш түрлi көзқарасы. Таза шығармашылық, таза iзденiстер. Сонысымен мен үшiн тосын, мен үшiн қымбат. Әрқайсысы туралы ойым бар. Тұспал ой, жорамалым бар. Ең бастысы, ешқайсысы да менi немқұрай қалдырған жоқ. Өнер деген табиғат сыйынан мен iздейтiн қасиет те – сол. Әзекеңнiң ракурсы. Хаджиевтiң ракурсы. Обаевтың ракурсы.

– Қазақ киносы ұлттық шеңберден ауытқып бара жатыр, соңғы жылдары ұлттық менталитетiмiзге жат фильмдер түсiрiлуде, ұлттық болмыс, характер шетке ысырылып қойылды деген сөздер бар. Осы мәселе сiздi ойландыра ма?

– Кино – өнер десек, өнердi де – тiрi организм десек, өсу үстiнде, өсу процессiнде, әлгi өзiң айтқан "ауытқулар" болуы да заңды құбылыс. Iздеген – адасады. Iздеген – табады. Ол – аксиома. Ол – табиғи құбылыс. Бiзде, арамызда әлi күнге "шыбық тимес шыңқ етер" дабырашыл, "дауылпаз" көрермендер кездеседi. Қараспанды төндiрiп, топан суды қаптатуға дайын айғайшыл, әсiреқызыл сыншы-көрермендердi айтам. Ештеңе қирап қалған жоқ. Құр байбаламмен емдеген емшiнi көргем жоқ. Сын – құр айғай, сұрқай сын болмасын. Әдiл-қазы, сарапшыл, анализ жасайтын сыншыларымыз Асқар аға Сүлейменов, Зейнолла Серiкқалиев сынды ағалар, Сағат Әшiмбаев ендi жоқ. Жалғыз Әлия Бөпежанова қай жағына жетедi? Өзгелерi сыннан абырой таппасын бiлiп, ғылыммен айналысып кеттi. Көрерменнiң, тек тұтынушы оқырманның пiкiрiне кiрiптар болып қалсақ, күнiмiз қараң болуы хақ. Ал, киномызға оралсақ, төл цехымызда, "Қазақфильмдi" айтам, өзара талас-пiкiрлер Ермек Аманшаев ұйытқы болып ашқан өз дөңгелек үстелiмiз – "Кино алаңында" әсiресе соңғы күндерi жиi болады. Ең бастысы, қазақ киносында соны процесс басталды. Шындықты айтпасаң, шындықтың атасы өледi. Киномызға бiр лек қосылды. Талантты жастар келдi. Бiз жасай алмағанды солар жасайды. Күнi кеше Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында диплом қорғау күнi өзiмiз куә болдық. Алма ағашын отырғыза салып, ертеңiне алма теруге асығып, қапшық ала жүгiретiн әдет бiзде әлi бар ғой.

– Шенеунiктердiң арасында ойлы да, дәлелдi пiкiр айтқан көрерменiңiз бар ма?

– Кезiнде "Қыз жылаған" фильмiн Мәскеу кинотеатрында көрсеттiк. Сол кездегi Ресейдегi Қазақстанның елшiсi, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев келiп, фильмдi көрдi. Ол ертеңiне менi қабылдауына шақырды. Кабинетiнде шай iшiп отырып, әңгiмелестiк. "Қыз жылағанды" түсiргенiме тоғыз жыл өттi ғой. Ендi айта беруiме болатын шығар? Киномды түсiре салысымен кiмдердiң кином туралы жылы пiкiр бiлдiргенiн айтсам, мақтанған секiлдi болатын едiм. Алтынбек Сәрсенбаев фильмiмдi құдды бiр кинотанушы секiлдi талдап, пiкiрiн айтқанда таңқалдым. Ол әлдекiмдер секiлдi қызылсөздi сапырып, мақтаған жоқ. "Сiздiң мына бiр көрiнiсте айтпақ ойыңыз…" деп фильмнiң әрбiр көрiнiсiне тоқтап, анализ жасады. Оның пiкiрлерi менi, кинорежиссер менi, ойландырып тастады.

– "Келiн" фильмi туралы көрермен ретiнде пiкiрiңiздi бiлуге бола ма?

– Кинорежиссер ретiнде әрiптесiме айтар ой-пiкiрлерiм бар. Назым бар. Ал, жай көрермен ретiнде айтарым: жақсы фильм.

– Франция мен Кореяда голливудтық фильмдер экспанциясынан қорғанудың нақты шаралары қарастырылып, жолға қойылған. Бұл елдерде шетел фильмдерiн көрсеткенi үшiн кинотеатрлар мен телеарналар қыруар салық төлейдi. Ал, бiзде бәрi басқаша. Отандық жаңа фильмдердi кинотеатрлардан көре алмаймыз. Прокат жүйесiн қалай қалыптастыруға болады?

– Кино туралы заң жобасының Астанада жатқанына он шақты жыл болды. Киногерлердiң келiсе отырып жасаған жобасында прототип ретiнде, рецепт ретiнде өзiң айтып отырған Франция, Корея, Индия, Қытай қолданып отырған практиканың бәрi қамтылған. Көзiмiз бозарып, сол жақтан бiр шешiм күтiп отырмыз.

– Көркем шығарманы, спектакльдi, киноны, жалпы өнер туындысын әрбiр көрермен өз көзқарасы тұрғысынан бағалайды. Кино түсiрiп жатқанда сiздi "халықты жалықтырып алмаймын ба?" деген ой мазаламай ма?

– Көрерменнiң бәрiне жағу мүмкiн емес. Оған ұмтылудың қажетi шамалы. Сарт та, сұрт "шапалақ" (экшн, боевиктердi айтам) фильмдердiң өзi де дiттеген жерiнен шыға алмай кинобизнесмендердi жер тоқпақтатып жатады. Бiреулер әдебиеттi де, театрды да, киноны да шоу-бизнеске айналдырып алды. Оларды жазғырмайық. Ал, шын әдебиет, шын театр, шын кино – қашанда жүрекжарды ой айтпақ. Шын өнерден сусындатуға құштарлық, өкiнiшке орай, күрт кемiдi. "Тұрмыс ақылды азартар" деген осы шығар мүмкiн. Оның үстiне, талғам да сыр берiп қойды-ау осы? Ең бастысы, көрермендi немқұрайды қалдырмау, ұйықтатып алмау деп ойлаймын.

– Голливудта кино түсiргiңiз келмей ме?

– Сұраққа – сұрақ: сен әңгiмелерiңдi, жалпы прозаңды басқа жұрт, басқа ұлт оқырмандарына таныстырғың келмей ме?

– Әрине, бүкiл әлем халқы сүйсiнiп оқитын шығарма жазуды кiм армандамайды? Сiз киногер ғана емес, жазушысыз. Қазiр не жазып жатырсыз?

– Өкiнiшке қарай, жазғанымнан жазғалы жүрген, кiлтiн таба алмай жүрген дүниелерiм жеткiлiктi. Оған мендегi ең үлкен кемшiлiк: жалқаулықты, кержалқаулықты қосып қойыңыз.

– Сiздiң фильмдерiңiздiң сценарийiн көбiне өзге жазушылар жазады. Қолынан жазу келетiн режиссерлер киносының сценарийiн өзi жазады. Рас, кейбiр фильмдерiңiздiң сценарийiн өзiңiз жаздыңыз. Фильмнiң сценарийiн жазған Сатыбалды Нарымбетовке қоюшы-режиссер Сатыбалды Нарымбетовтiң "тiсi бата" ма?

– Соңғы "Мұстафа Шоқай" мен iлгерiдегi "Созақтан шыққан Гамлет" (өз шығармам бойынша осы аттас) фильмдерiмнiң сценарийлерiн басқалардың жазғанын қаладым. Ол жүрек қалауым және принцип. Материал талабы да солай болды. "Сырт көз – сын көз" керек едi. Өзгелерi өзiме етене. Шыны керек, жазушы Нарымбетов пен режиссер Нарымбетов ылғи да бiр-бiрiмен арпалысып келедi. Өзiне өзi оппозиция ылғи да. Ылғи да итжығыс. Ылғи да қызылшеке төбелес.

– Театр режиссерлерi "қазақ драматургтерiнiң пьесалары алпысыншы жылдардың деңгейiнен аспай жатыр. Ескi сарынмен жазады" дегендей пiкiр айтады. Сiздердiң кинодраматургтерге айтар өкпе-наздарыңыз жоқ па?

– Кейбiр белгiлi драматургтердiң жазған киносценарийiн прозаға не киносценарийға ұқсата алмайсың. Қойыртпақ. Әзiрше кино саласында Ермек Тұрсынов бiрiншi кинодраматург. Ол ненi жазуды және қалай жазуды бiледi.

– Кейде адамның суретiне қарап отырып, оның өзiн-өзi қалай бағалайтынын бiлуге болатын сияқты. Мысалы, сiздiң таяуда шыққан альбом кiтабыңыздағы суреттерден өзiңiздi жақсы көретiнiңiздi, құрметтейтiнiңiздi байқадым. Адамның өзiн-өзi жақсы көрудiң басты артықшылығы неде?

– Менi, сiрә, Нарциске теңегiң келiп тұр-ау, ә? Анау көне грек аңызын айтам да. "Өзiңдi өзiң жаттай сыйла…" Бiрақ өз бағаңды өзiң бiлетiн сыни қасиетке не жетсiн! Әркiмнiң өз биiгi, өз межесi бар ғой. "Самоирония" деген керемет қасиет тағы бар. "Юмор" деген. Басты артықшылық, менiңше, осы.

– Байқауымша, сiз қарапайым, ыңғайлы киiнесiз. Батыстықтар қарапайым, ыңғайлы киiнгендi ұнатады екен. Бұлайша киiнуiңiзге Батыста көп болуыңыз әсер етпедi ме?

– Өзiме осы ыңғайлы, осы оңтайлы.

– Сiздiң кейбiр әрiптестерiңiз "режиссер режиссер болып туады" дейдi…

– Сен оқушы кезiңде өлең жаздың ба?

– Иә, жаздым.

– Мен де жас кезiмде өлең жаздым. Мұқағалидың, Жұматайдың өлеңiн оқыған соң ойландым… "Ақын ақын болып туады екен". Ақын, сазгер, суретшiлер анадан ақын, суретшi, сазгер болып туады. Олар Құдаймен "тiкелей байланыста". Әйтпесе, Моцарт бес жасында симфония жазар ма едi? Тума талантты ақын құлағына "бiреудiң" сыбырлағанын жазады. Суретшi мен сазгер де сондай. Бiлiмдi ақындар бар. Өлеңдерi жақсы, бiрақ сүйсiне алмайсың. Ал, прозаиктер мен режиссерлер уақыт өте келе қалыптасады. Прозаик ең жақсы дүниесiн отыздан асқан соң жазады. Режиссер де ең жақсы киносын отыздан асқан соң түсiредi. Прозаик, режиссер болу үшiн ең басты өмiрбаян, өмiрлiк тәжiрибе, бiлiм керек. Өнер академиясының режиссерлiк мамандығына он сегiз, он тоғыздағы өрiмдей жастар түсiп жатады. Олар өмiр мектебiнен өтпеген. Сонда олар не түсiре алады? Батыс режиссерлерiнiң атыс-шабыс фильмдерiне елiктеп, кино түсiредi. Ретiн тауып жатса, көшiрiп алады. Бұл өнерге ғана емес, өздерiне өздерiнiң дұшпандығы ғой.

– Егер тек қана сөз өнерiмен айналысқаныңызда, әдебиеттегi алар орныңыз қандай болар едi?..

– Әдебиетте де, өнерде де өз шаңырақ, өз отауым бар. Iздесең – табасың. Тұр ғой, әне… жоқ, жоқ, ол емес… әне, анау… оң жақта… Көрмесең, мiне, менiң көзiлдiрiгiмдi киiп қара. Әне, көрдiң бе?

Әңгiмелескен Аягүл МАНТАЕВА

Серіктес жаңалықтары