ЕСТI ЖЫРМЕН ЕМ ТАУЫП...
ЕСТI ЖЫРМЕН ЕМ ТАУЫП...
Ақын Мейiрхан Ақдәулетұлы поэзиясына арналған желiлес мақаламыздың бiрi – оның "Дәруiшнама" жинағына кiрген "Қосүрейлер үйi" поэмасына арналып отыр. Өйткенi бұл поэма ақын шығармашылығынан салмақты орын алып қана қоймай, соған қоса оны айтарлықтай биiкке көтерген кесек туынды.
Мәселе туындының көлемiнде емес, әрине. Гәп сол елеулi еңбектiң автор көптен берi қаузап жүрген адам нәпсiсi дейтiн қиын да жұмбақ тақырыпты ары қарай тереңдетiп, оның тағы бiр күрделi құбылысын өзiне арқау етiп, нысанаға алған нысанын әжептәуiр жетiк меңгерiп, жан-жақты толғап, поэзия тiлiмен сәттi бейнелеп бере алған жетiстiгiнде деп бiлемiз. Ендi бiр есептен бұның солай болар жөнi де бар секiлдi. Неге десеңiз, алдыңғы мақалаларымызда бiз шамамыз жеткенше қарап, талдап баққан, жан танығыш жырлар деп ат қойып, айдар таққан озат өлеңдердiң өзегiне айналған тақырыптар ессiз ғашықтық, сезiм айнымалылығы, сенiм тұрақсыздығы, мiнез байлаусыздығы, жұқарған жүйке, түскен қысым секiлдi кiсi болмысының құпия құбылыстары болса, ендi солардың өрлеп барып жететiн ең бiр шырқау биiгi қарапайым тiлде "көтерiлген", "қызған", "шалық тиген", "қағып кеткен" деп аталатын психологиялық ауытқу емес пе. Онда соңғы буын неге ұмыт қалуға тиiс. Бұл қалай қаперден қағыс қалуы керек?
Қағыс қалмапты. Мiне, ендi, қолымызда жындылар жайлы жазылған алғашқы қазақ дастаны. Ақыл-есi ауысқандар жайлы жазу, алдын ала айтамыз, өте қиын. Өйткенi, олардың санасы қалыпты емес, шатасқан сана ғой. Сондықтан да, ол жайында қалам тарту тұрмақ, тәуекел етудiң өзi – батылдыққа бағаланар адам ғой. Ал, барған екенсiз, бақытсыздыққа ұшыраған жарымес жандардың жан-әлемiне барлау жасау үшiн, өткен мақаламызда айтқандай, қолыңызда ертегiлерде ұшырасатын көрiнбестi көрсететiн, табылмасты тауып бере алатындай "асылзатыңыз" болмағы шарт. Қолында ондай асылы бар адам ненi болса да көрiп, байқалмасты байқай алады. Тосын тақырыпқа тәуекел еткен ақынның да сондай бiр "құдiреттi" дүниесiне сенгенiнде күмән жоқ.
Жындыхана сырт қарағанда былайға байқала бермейтiн қиын тағдырлардың қиуадан тоғысқан қапасындай көрiнедi. Тағдыр болғанда, көзге шалынбайтын, рухани тағдырлардың қиылысы. Автор өзiмiз бiр мүшесi болып отырған күрделi қоғамның ең талмау тұсынан қол салған. Бетi кiлкiп ағып жатқан жайбарақат жылымның астында қандай зұлмат ағыстың жүрiп жатқанын анық көрсететiн жанды жерiнен қапысыз қармаған. Қан-сөлiн сорғалатып, соқтасын жұлып алыпты. Көрер көрiнiс көз тырнағандай ашты болғанымен, қашып құтыла алмас өмiр шындығы. Шындық болғанда, мәселе жындының болғанында емес, жынды қай заманда болмады дейсiң, мәселе – жындыхананың болғанында. Демек, қоғамның дауасы кем осы бiр дерттiң мықтап етек алғанына iшкi дайындығы бар және оның қайнар көзi – өзi екенiн толық мойындаған. Мiне, бүгiнгi қазақ қоғамының хал-жайы.
Ақын бұл тақырыпқа қалам тарту арқылы көптiң назарын осы бiр шетiн жайтқа аударғысы келген деген ойдан аулақпыз. Ол бастан-аяқ тек өнердi ғана көрсету бағытынан ешбiр тайқымаған. Күрделi мәселе, яғни, проблема көтеру ниетi мүлде байқалмайды. Дегенмен, дастанды оқып шыққан адам сонша көп "көтерiлген" жандар қайдан шықты екен дегендi ойламай да қала алмайды. Дәл сонда барып қазiргi құбыжықтанып бара жатқан қоғам жайы есiңiзге оралады. Тағы қанша бақытсыз пақыр осы арадан дәм татар екен дегендi қаперiңiзге амалсыз аласыз.
Ақ жаңбырдан шошитын
ақ саусақ қыз – өлеңдi,
Аһ ұрғызып,
аяусыз жылатпай-ақ мен ендi,
– Жындыхана, сенi де, бiр көрейiн! – деп кестiм,
"Жұқпалы дерт емес қой –
жынды болып кетпеспiн?!… " (175-бет) – деп жындыханаға кiрген "Мен" жазбасында он екi ғана ауытқыған жанның аусар жайына тәптештеп тоқталады.
Барлығы туғаннан жынды емес, жүре келе есiнен адасқан адамдар. Көбi сыртқы әсерлерден санасына сырқат дарытып алған тәлейсiздер. Дәрiгер солай дейдi.
"Мен де аяймын оларды, аяғанмен жоқ амал –
Көре-көре көңiлiм – күн тоздырған орамал,
Қорқынышты демесең сықпыты мен сияғы,
Жаны науқас бұл топтың шыбынға жоқ зияны,
Иә, күнiге сан рет көрем, жаным шыдайды –
Мен қорықсам –
Қорқамын дүниеден былайғы" (183-бет)
* * *
"Адам жаны – құпия…
Себебi ме? Кiм бiлген…
Әлi күнге осыны түгел ұқпай жүрмiн мен" (185-бет) – дейдi қараушы шипагер.
Ал, кейiнгi бiрнеше науқас кеселдi "ауыр ойдан, азаптан тауыпты". Бұлардың жалпы саны – бесеу. Бiр ескерте кетер жай, бiз баласы соғыстан қайтпай қалған қарт ананы да алдыңғы топқа қостық. Себебi, кейуананың қаралы хабардан "көтерiлiп" кеткенi анық. Демек, сыртқы әсердiң салқыны тиген.
Бiз ендi соңғы топтағылардың жайына аз-кем тоқталып өтейiк.
Бұлар – ақыл-есiне сырттан болған соққы тигендер емес, айдың-күннiң аманында санасы шатасып, психологиялық ауытқуға ұшырағандар. Осы тұста ерекше қадап айта кететiн бiр нәрсе, автор шалықты кiсiлердiң жанын ашуда монолог тәсiлiн қолданған. Мұнысы өте ұтымды шыққан. Өйткенi, миға әсер еткен сыртқы соққы сау адамның есiн аударғанымен, өзi ұмытылмай, жасырын санада сақталып, есалаң кiсiнiң түсiнiксiз сандырақтарының арасында анда-санда шаң берiп қалатыны жүйке анализi ғылымында дәлелденген нәрсе. Ал, бұл ұрымтал әдiс кейiнгi науқастарда тiптi де жанып кеткен. Себебi, бұлар дүниеден бiржола жазып қалған жандар емес қой. Сәл-пәл қалыпсыз демесеңiз, сыртқы әлеммен қатынасын әлi үзбеген, саудың тамағын жеп, көзi қараның қылығын қылып жүрген дiмкәстар. Жандарын жеп жүрген көмескi шындықтарын шып-шырғасын шығармай жайып салуға тиiс. Жайып салған да. Қараңыз:
"Күлем, күлем,
күлмеңдеп, сосын…
Жалғыз жылаймын…
жалғыз-жалғыз жабығу –
жазасы ма Құдайдың?!… " (186-бет) – дейдi, ана бiр жаны қиналған жазған. Кiрiптар болғаны заманымыздың өте кең тараған дертi – жалғыздық.
Адамдардың "бiзi" азайып "менi" көбейген тойымсыз дәуiрiнiң үлкен "жетiстiгi". Асығып-аптығып кеңпейiл қазаққа да жетiптi, мiне. Солай болар жөнi де бар сияқты… бiз де оны алыстан үйiрiп, қашықтан қол бұлғап шақырып алар шарт-жағдайларды жан салып жасап жатқан жоқпыз ба? Бiзде де өзiмшiлдiк шексiз әспеттелген қоғам құрылып жатыр ғой… Орын бар екен, неге келмеске. Осындай кезде автор ешбiр меңземесе де, ерiксiзден ерiксiз қазiргi өзiмiздi қоршаған қоғам туралы ойларға берiлесiң.
Бүгiнгi өзгерген өмiр ағысы, шұғыл бұрылған айнымалы уақыт бағдары, iргесi шайқалған сенiм, тiптi, аңыратып далаға тастап кеткен "ұлы арман" – адамдар жанына үлкен салмақ түсiрiп, дүниетанымын дағдарысқа ұрындырып жатқаны кiмге өтiрiк. Iлгерi адамдардың рухани дүниесiн арман, үмiт, мұрат, болашаққа деген нық сенiм иелеп тұрса, әзiр олардың көбi адыра қалған. Қазiр айналадағылардың барлығының ындынын ақша, қанағатсыздық, нәпсi, қызғаныш, үмiтсiздiк, торығу секiлдi қараң нәрселер жаулап алған.
Сонымен қоса, бұрынғы жабық есiк, бекiтулi терезе айқара ашылған соң iшке қарай лап қойған дiни, идеялық, рухани ағымдар қоғам мүшелерiнiң оң-солын танып алуына мұрса бермей, шайтан жылтырымен алдап-арбап, жетектеп апарып тамұқтың тұманына адастыруда. Жүйкелерiне жөпшендiде көтере алмас жүк артуда. Қаншама бауырымыз басқа дiнге өтiп кеттi. Бiле-бiлсек, бұл оп-оңай орын болар жұмыс емес… Ол деген басқа-басқа көзқарас, бөлек-бөлек ұстанымдардың, шендеспес дүниетанымдардың қақтығыс-соқтығысы. Қақтығыс болған екен, одан жарақат қалуға тиiс. Мiне, солардың салдарынан қазiр айналада қаншама көрнеу-көмескi психологиялық дерттер өршiп барады. Дүниеден қарадай уаз кешкен торығу, ештеңеге елең етпейтiн салғырттық, ешкiмге жаны ашымас тасбауырлық, тiршiлiктi мағынасыз бiлiп, өз-өзiне қол салу және өзiнен басқа жан баласына сенбейтiн күмәнқорлық, ең аяғы адамдардан өзiнен-өзi безiнген тұйықтық, көптен ауашаланған бұйығылық, жалғызсырау дегендей… мiне, солардың бiрi мына поэма кейiпкерi болып алдымыздан шығыпты.
Қарсымызда тұрған екiншi бiр сормаңдай да сол мәңзелдес жан екен. Өзiн адам емес, тарақан сезiнедi. Кафканы көп оқыған бiреу болса керек, бар мақтанышы – ядролық жарылыстарда өлмей, аман қалатыны. Атом бомбасынан өлердей қорқып, тiрi қалудың соңғы айласын тапқанда, қуаныштан есiнен айырылып қалған бiреу болуы ғажап емес.
Ал, соңғы екi кейiпкер – жүйкесi жұқарған оқымыстылар. Бiрақ, мидағы көрiнiстерi екi басқа. Алдынғысы жарық әлемге қарата мынандай пәлсапа соғады.
"Менiң сорлы миымда сұры бөлек суық тұр!
Iс айналды қиынға…
Көргенiмдi ұмыт-ты-ыр!
Қай-қайдағы қара түс
кезек-кезек елестеп,
табалайды у-шу боп –
"Өмiр жұмақ емес!" деп…
…
Соның бә-әрi
Сәт сайын көз алдымнан өтедi –
Естi адамның түбiне,
ҰМЫТА АЛМАУ жетедi.
…
Түсiнбейдi…
тiрi жан бере алмайды қол ұшын –
Жазылмайтын жалғыз дерт –
ӨЗ САНАММЕН СОҒЫСЫМ…
…
Қалмай қойды iзiмнен…
Қорқыныштар әлемi.
Осынша дерт –
ӘЛЕМДI ҰМЫТПАУДЫҢ… әлегi..". (190-бет).
Айтып тұрғаны – өзiнiң тағдыры. Ұмыта алмайтын дертке душар болып, содан құтыла алмай жүрген заржақ.
Ендi екiншiсiн тыңдап көрелiк.
"Күдiкшiл де көзге iлместей, тым жүдеу,
Күллi әлемдi үнсiз кезiп жүр Бiреу …
Ешкiм оны
қосып мақтан-өсекке,
еш мекеме ала алмайды есепке.
Үнсiздiгi…
жүдеулiгi түк емес, –
Көзге мүлде көрiнбейдi ол. Құр елес."
(191-бет) – дейдi, көзiне қос көрiнген, оқу соққан ойшыл.
Көргенiн "Ұлы рух!" деп, онысына бүкiл әлемдi сендiргiсi келедi. Бетiн ары қылсын. Дей тұрғанмен, аса бiлiмдарлықтың кейде жүйкеге жүк артатын кездерi бола ма екен дегендi ойлап қаласың. Талай ұлы адамдардың соңғы тағдыры соны дәлелдеген жоқ па…
Мiне, осындай "көз тiксiнер" көрiнiстерден "зiлдей мұң" арқалаған "Мен"
Қызыл сөзден кестелеп,
Қызға оқитын өлеңiм
қылғынғандай қиналды-ау …
Бұл тiрлiгiм не менiң?
"Бақытты кө-өп,
… Ойлысы – аз… жындысы бар тiршiлiк…"
Әзер шықтым ауладан,
жан-иманым түршiгiп! (194-бет) – деп жындыханадан шығады.
Бiрақ, бiрақ…
жындылар…
сорлыларға обал, ә?
Жындыхана жайлы ендi,
жыр жазуға бола ма?! – деп екi ойлы күйде қақпадан алыстағанмен, кейiн қайта қайратына мiнiп, осы поэманы жазыпты. Жазбай да тұра алмас едi.
Көрiп тұрып,
көзiңдi тұмшалауға болмайды –
Не шымшыса кеудемдi – менiң Сөзiм сол жайлы! – дейтiн ақын қайтiп үнсiз қала алсын. Әрi бұған дайындығы да бар ғой, еш қатысы жоқ жеке-жеке шығармалар есептелгенiмен, өткен мақалаларда бiз тiлге тиек еткен өлеңдер, белгiлi бiр деңгейде, осы поэмаға алып келер алғашқы қадамдар, жасалған жаттығулар, бiрте-бiрте көтерiлген баспалдақтар екенi анық. Сол тынымсыз iзденiстердiң өрлей келе, соңғы бағындырған биiгi осы болыпты. Қол соғып, қуануға тұратын толағай табыс.
Былайғы жұрт иланар-иланбас, еркi өзiнде, өз басымыз бұл дастанды қазақ поэма өнерiндегi алынған жаңа қамал деп бағаладық. Тақырыбының сонылығымен ғана емес, бейнелеу тәсiлiнiң тыңдығымен де мойны озық дүние. Ал, бұл артықшылықтар мақаламызда өз деңгейiнде көрiнбей қалса, оны басқа емес, мына бiз пақырдың жазуға көп төселмеген қарымсыздығынан деп бiлiңiздер. Тереңдеп талдап, түкпiрлей ашып бере алмадық. Тек жақсы екенiн сезiп, бiлiп тұрған соң ғана үнсiз қалуға дәт жетпей, қарап отыра алмай, қалам тартық.
Серiк НҰҒЫМАН