ТАУАР ӨТКIЗУ БЕКЕТТЕРIН ҚАЙТА АШУДЫҢ КIЛТИПАНЫ

ТАУАР ӨТКIЗУ БЕКЕТТЕРIН ҚАЙТА АШУДЫҢ КIЛТИПАНЫ

ТАУАР ӨТКIЗУ БЕКЕТТЕРIН ҚАЙТА АШУДЫҢ КIЛТИПАНЫ
ашық дереккөзі
183

Қазақстан, қай жағынан қарасақ та, қырғыз ағайындардың жағдайын жасап бағуға тырысып жатыр. Жақында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Үкiмет үйiнде қырғыз елiне көрсетiлiп жатқан гуманитарлық көмек жөнiнде арнайы кеңес өткiзсе, Премьердiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев екi ел арасындағы шекарадан қосымша тауар өткiзу бекеттерiн ашу мәселесiн әңгiмеге арқау еттi.

Қазақ үкiметi айыр қалпақты ағайынның басына күн туған заматта-ақ қолдағы бар көмегiн аяған жоқ. Әлеуметтiк жағдайы мен экономикалық ахуалы қыл үстiнде тұрған қырғыз елiне бұған дейiн де гуманитарлық көмек, мыңдаған тонна дизель отыны мен көмiр жеткiзiлдi. Алайда, мұнымен қырғыз экономикасы оңала қойған жоқ. Олар Қазақ үкiметiнен тағы да көмек сұрауға мәжбүр.

Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев қазiргi кездегi шекаралық бекеттер мәселесiн пысықтап өттi. Бүгiнде Кеден одағына кiрген Қазақстанға қырғыз тауарын жеткiзу жайы бiршама кедергiлерге тап болып отыр. Өйткенi, қырғыз шеберлерi тiккен киiм-кешектiң негiзгi тұтынушысы – Қазақстан болып отыр. Егер, олар өз тауарын Қазақстан шекарасынан қиындықпен алып өтетiн болса, соңғы нанын осы кәсiптен тауып отырғандар тығырыққа тiрелуi мүмкiн. Бiрақ бұл тұрғыдан басты бiр кiлтипан бар. Қырғыз үкiметi әуелгi кезекте өз өнiмдерiн лицензиялау мен сертификаттауды шешуi керек. Сонда ғана оны Кеден одағы елдерiне баж салығынсыз өткiзу мәселесiн күн тәртiбiнен алып тастауға болады екен. Бұл тұрғыда Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев: "Кеден одағының құрылуына байланысты, қырғыз шекарасымен арада 12 өткiзу бекеттерi болған едi. Қазiр соның 3-еуi ғана жұмыс iстеуде. Бүгiнде қазақ-қырғыз кеденшiлерi мен шекарашылары бұл мәселенi қарастырып жатыр. Қалған бекеттердi де ашу мәселесi пiсiп-жетiлдi. Бiз жақын арада тиiстi шешiмдi қабылдайтын боламыз" деген пiкiрiн салмақты түрде жеткiздi.

Сондай-ақ, осы басқосуда қырғыз кәсiпкерлерiнiң қазақ жерiнде өз өнiмiн өткiзу мен сату мәселесi де сөз болды. Екi елдiң өкiлдерi сауданың мәдениеттi түрiн енгiзу үшiн жасалатын бұл келiсiмнiң пайдасы зор деп отыр. Алайда, мұның Кедендiк одаққа қандай да бiр кесiрi тимесi үшiн әлi де пысықтаудан өткiзу керектiгi сезiлуде. "Бүгiнгi күнi бiздi толғандырып отырған мәселе – Қырғызстан өнiмiн кiргiзуге рұқсат бере отырып, көршi ел арқылы келетiн қытай тауарының үлкен легiне жол бермеу. Әрiптестер осындай талап қойып отыр. Ендi бiз қырғыз өнiмi үшiн кедендiк баж салығын қайтсек кемiтемiз дегендi ойластырып жатырмыз. Бұған қол жеткiзуiмiз мүмкiн. Тек Қырғыз үкiметi шығарылған тауардың қырғыз жерiнде жасалғаны турасында сертификат беретiн болса, бiздер келiсiмге келе аламыз деп ойлаймын", — дедi Өмiрзақ Шөкеев.

Сонымен, Қазақстан тарапы көршi қырғыз елiмен арадағы өткiзу бекеттерiнiң бiрқатарын қайта ашуға әзiр екендiгiн бiлдiрдi. Естерiңiзде болса, қазiргi кезде жұмысы тоқтап тұрған 9 өткiзу бекетi Қырғызстанда болған дүрбелең мен бей-берекетсiздiкке байланысты жабылып қалған едi. Көршi елдiң өнеркәсiбi мен өндiрiс ошақтарына қолдау жасауға келiсiп отырған қазақ билiгi сол бекеттердiң ашылуына мүдделi. Қазақстан ұсынған көмектi қабылдауға әрқашан пейiлдi Қырғызстан үкiметi айтқан кемшiлiктердiң орнын толтыруға кiрiсiп те кеттi. Онсыз қырғыз тауарының қазақ базарына уақтылы түсу-түспеуi неғайбыл.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары