ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖАБЫРҚАТАДЫ

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖАБЫРҚАТАДЫ

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖАБЫРҚАТАДЫ
ашық дереккөзі
390

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Дәл қазiр елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi бiлiм ошақтары Бiлiм күнiне қызу дайындық үстiнде. Әдетте, күнi бүгiнге дейiн мектептерге жөндеу, әрлеу жұмыстары жүргiзiлiп жатқанмен, олардың қысқы маусымға сақадай сай болуы көңiл көншiтерлiк емес.

Жыл сайын, Бiлiм күнi қарсаңында Үкiмет үйiнде осы мәселе қызу талқыға түседi. Жергiлiктi бiлiм басшыларының "Қыс қамын, жаз ойла" деген қағидатты естен шығарып алатыны үйреншiктi әдетке айналғандай. Егер де билiк тарапынан бiлiм ошақтарының жылу маусымына дайындығы қазiр жiтi тексерiлмесе, бұл мәселенiң зардабын нағыз қыстың қақаған аязды күндерiнде тартатын ба едiк, кiм бiлсiн?!

Биылғы қыстың қатал мiнез көрсетуi үлкен сабақ болған. Үскiрiк аязды күндердiң ұзаққа созылуынан елiмiздiң кейбiр өңiрiндегi мектептер мен балабақшалар уақытша жабылып қалғаны есте. Ал, кейбiр өңiрдегi бiлiм ошақтарының жылыту құбырларының iстен шыққандығынан оқу процесiнiң жүйесi бұзылды. Бұған кiмдi кiнәлаймыз? Өз iсiне немкеттi қараған кейбiр облыстық, аудандық бiлiм басшылары дер уағында құбырларды жөндеуден өткiзбей, ұрпақ игiлiгi үшiн бөлiнген ақшаны бос рәсуа еткенi өтiрiк емес. Осы орайда Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң сөзi әсерлi естiлдi. "Қыркүйек айында көмiр таситын вагон iздеп, сарылып жүрген басшыларды көрмейтiн болайын. Оқу жылына дайындық дұрыс болмаған жағдайда, аудан, ауыл әкiмдерi және бiлiм бөлiмдерiнiң басшыларын жұмыстан босатуға дейiн барамыз" деп қатаң ескерту жасағаны осының айғағы шығар. Неге десеңiз, жаңа оқу жылы таяп қалса да, елiмiздегi бiрқатар бiлiм беру ошақтарының қысқы маусымға толыққанды әзiр емес екендiгi анықталып отыр. Мәселен, елiмiздегi мектептердiң 82 пайызы пешпен жылытылады екен. Әлгi бiлiм ошақтарының 15 пайызы бейқам отыр. Ал бiлiм ұяларын отынмен толық қамтамасыз ету үшiн 900 миллион тоннадай көмiр керек. Сондықтан жергiлiктi әкiмшiлiк және бiлiм басшыларының отын-көмiрiн осы бастан қамдап қойғаны екi жаққа да тиiмдi екенi сөзсiз. Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев қысқа дайындықсыз келген басшылардың жазаға тартылатындығы жөнiнде тағы бiр еске сала кеттi. Осыған байланысты, министрлiк күн сайынғы мәлiметтердi жинап, бәрiн қатаң түрде қадағалауды қолға алуды өз құзырына алды.

Айта кететiн тағы бiр мәселе – мектеп тапшылығы. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша жыл сайын жаңа мектептер есiгiн айқара ашып жатса да, әлi 20 мыңға жуық бiлiм ұясы жетiспейтiн көрiнедi. Жаңа оқу жылында жаңадан 67 жаңа мектеп iске қосылса, соншалық мектеп күрделi жөндеу жұмысына жабылады екен. Дегенмен, бұл апатты жағдайдағы мектептердiң санын 58-ге қысқартқанмен, үш ауысымда жұмыс iстейтiн мектептердiң саны 14-ке ғана азайып отыр. Бiлiм саласында кесе-көлденең тұрған тағы бiр түйткiл – Алтайда, Алматы, Ақтөбе, Қостанай облыстарында физика, химия, математика пәндерi бойынша сабақ беретiн мұғалiмдер тапшы.

Жаңа оқу жылында оқулықпен қамтамасыз ету мәселесi де көңiлден шықпаған сияқты. Себебi, оқулықтармен қамтамасыз ету iсiне жергiлiктi атқару органдарынан қаржы аз бөлiнiп отыр. Бұл мақсатқа жалпы саны 4 млрд. 423 млн. теңге ғана бөлiнген. "Осы мәселеге байланысты әлi де уақыт бар. Жергiлiктi атқару органдарынан қаражат бөлiнетiндiктен, жағдайды пысықтауларыңызды сұраймын", – дедi министр Жансейiт Түймебаев.

Елбасы айрықша көңiл бөлiп отырған "Балапан" мемлекеттiк бағдарламасы бойынша 384 мектеп жасына дейiнгi балалар ұйымы ашылған. Бiрақ, соңғы кезде демографиялық өрлеудiң салдарынан жер-жерде балабақшаға деген сұраныс та артып келедi. Бiр өкiнiштiсi, республикалық бюджеттен осы мақсатқа 2 млрд. 14 млн. теңге шамасында қаржы бөлiнсе де, жергiлiктi атқарушы мекемелер соның 804 млн. 507,2 мың теңгесiн игере алмай отырған көрiнедi.

Басқа басқа, Елбасының өзi мұрындық болған "100 мектеп, 100 аурухана" және "Балапан" мемлекеттiк бағдарламасының өзiн нақ уағында атқара алмай отырғанымыз көңiлге қаяу салынатыны рас. Қолда бар қаржыны өз ретiне қарай ұқсата алмай жатқанымыз арға сын.

Биыл республика бойынша 2,5 миллионға жуық оқушы бiлiм алса, оның 300 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Бұл былтырғыға қарағанда, 60 мыңға көп. Осы тұрғыда қазiр "Мектепке жол" акциясы бойынша әлеуметтiк жағдайы төмен, көпбалалы отбасындағы мектепте баратын оқушылар қажеттi құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етiлiп отыр. Олар жаңа оқу жылын жаңа үмiтпен, жаңа серпiлiспен бастайтын болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары