СҰРАУСЫЗ ҚАЛҒАН СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕР

СҰРАУСЫЗ ҚАЛҒАН СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕР

СҰРАУСЫЗ ҚАЛҒАН СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕР
ашық дереккөзі
221

Оның обалын ойлаған адам бар ма?

Биылғы аптап жаз баршаға зор ауыртпалық әкелдi. Тiптi, бүкiл әлемде бұрын-соңды болмаған немесе ғасырда бiр қайталанатын зор апаттар, су тасқыны, толассыз жауын мен тiске басар қылтанақ қалмаған қуаңшылық орын алуда. Одан қалса орман өрттерi де азаяр емес. Түрлi iндет пен ауыр дерттен, апат салдарынан қырылған мал мен құрбан болған адамдардың саны да азаяр емес. Күн сайын әлемнiң әр түкпiрiнен қаралы хабар естiлiп, ерiксiз елеңдетедi немесе жұртты дүрбелеңге салып отыр.

Алты ай жаз бойы құнарлы алқаптарды мәпелеп, қызыл алтын – жоғары сапалы бидай егiп, оны күтiп баптайтын қазақ диқандарына да биылғы жаз оңай тиген жоқ. Ылғалсыз ыстық жаз, көп өңiрдегi бұрын-соңды болмаған қуаңшылық бейнеткеш жұрттың төккен тер, еткен еңбегiн зая кетiрiп, қырманын бос қалдырған. Қырмандар мен қамбалар алтын астыққа аузы-мұрнынан шыға толып, мол астыққа ие бола алмай ит басына iркiт төгiлген берекелi былтырғы жылдың жыры биыл сағынышқа айналғаны сөзсiз. Әйтсе де, "Түбiнде баянды еңбек – егiн салған" деген ұлы Абайдың ғақлиясы өзiнiң мәнiн ешқашан жоймайтыны аян.

Ұлы қазақ даласында астық егудiң сан ғасырлық бай тарихы бар. Ғалымдардың айтуынша, бабаларымыз бағзы замандарда-ақ егiн егудiң түрлi тәсiлiн жетiк меңгерген, бiздiң жыл санауымызға дейiнгi VI ғасырдан бастап бидайдың бiрнеше түрiн өсiрумен айналысып, бiтiк өнiм алған көрiнедi. Ұлан-байтақ далада "Алтын-күмiс тас екен, арпа-бидай ас екен" деген ғибраттың есте жоқ ескi замандарда қалыптасқаны да еш күмән келтiрмейдi. Белгiлi зерттеушi, тарих ғылымдарының кандидаты Сұлтанмұрат Сабырұлы 2007 жылы жарық көрген "Қазақстан астығы" кiтабында.: "…Сол тәрiздi Сыр бойындағы 8827 жанұя он мыңдай десятинаға тары, бидай, сұлы сеуiп, бабаларының бұрынғы дәстүрiн жалғастырған. Тек Қазалы оязының өзiнде 200-дей отбасы астық өндiрумен айналысып, Сырдария суын тиiмдi пайдалану үшiн 200-дей кiшiгiрiм канал қазады. Сол арқылы арықтық тәсiлмен дәндi дақылдар егiсiн әлсiн-әлсiн суарады. Әр сушыға күнiне жиырма тиыннан жалақы төленедi. Ақырғы түсiмнiң мол болуы үшiн тырбанып жұмыс iстеулерi арқасында 1893 жылғы астық бастыру барысында 6,4 миллион пұт күрiш дәнi, 6 миллион пұт бидай, төрт миллион пұттай тары өнiмi алынды. Масақты дақылдардың әр гектарының орташа түсiмi ояз бойынша орташа есеппен 54 центнерден айналады", – деп жазады. Бұл осыдан тұп-тура 117 жыл бұрынғы жағдай, яғни ХIХ ғасырдың өзiнде-ақ жердi емiп өскен аталарымыз суармалы жерлердiң қадiр-қасиетiн жете бiлiп, мол өнiм алғанына күмән жоқ.

Өкiнiшке қарай, қазiр Қазақстанда суармалы жерлердiң басынан бақ ұшты. Тiптi, соңғы жылдары отанымызда 575 мың гектар суармалы егiстiк жер ауыл шаруашылығының айналымынан шығып қалған. Елiмiздегi суару жүйесiнiң техникалық жай-күйi жылдан-жылға нашарлап, отандық ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң әлемдiк бәсекеге қабiлеттiлiгiне күмән келтiруге әкеп соғуда.

Әлемдiк тәжiрибеге сүйенсек, астық өндiрiсiн арттырудың басты амалы – суармалы егiс көлемiн арттыру. Сондықтан да жердi мелиорациялау – мемлекеттiң аграрлық саясатының басты бағытына айналуға тиiс болатын. Алайда, Қазақстанда жағдай мүлдем керiсiнше қалыптасып отыр. Мәселен, Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев айтқан деректерге қарағанда, елiмiздегi магистралдық, шаруашылықаралық каналдар мен коллекторлық желiлердегi су жинайтын және гидротехникалық құрылыстар физикалық жағынан да, моральдық жағынан да онша сын көтермейтiнi аңғарылып отыр. Кең байтақ Қазақстандағы 63 мың 855 гидротехникалық құрылыстардың 42 мың 812-сi, яғни 67 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда. Ол ол ма, су шаруашылығындағы суландыру каналдарының жай-күйi де ешкiмдi қуанта қоймасы анық. 3 мың 159 шақырым магистралдық каналдардың 63 пайызы мүлдем қанағаттанғысыз жағдайда. 8 мың 411 шақырым iшкi шаруашылық каналдардың 80 пайызының арнасы iстен шыққалы тұр.

Қазақ ертегiлерiнде "Сорқұдықтың басына, сорға бола қонды әкем", – дейтiн шарасыздық пен қамығуға толы сөздер жиi қайталанатыны белгiлi. Соңғы жылдары дәп осындай жағдай қазақ диқандарының басында да жиi қайталанып жүргенi аңғарылады. Көптеген өңiрлерде егiстiк жердi толық пайдаланбаудың басты себебi – жердiң тұздануы немесе сорлануы болып келедi. Бұл соңғы 18-19 жылдан берi кәрiздiк жүйелерге жөндеу, тазалау жұмыстары жөндеп жүргiзiлмегендiктен лай басып көмiлiп, су тарту қабiлетiнiң айырылуынан да болып отырғаны ешкiмге құпия емес. Жер асты суларының көтерiлiп, суармалы жерлер мөлшерден тыс тұзданып, iстен шығуда.

Соңғы бес-алты жыл көлемiнде елiмiздегi суармалы жерлердiң күрт азайып кеткендiгi қоғамның да алаңдаушылығын туғызғаны айқын емес. Сенатор Қуаныш Айтаханов мырза Қазақстан үшiн аса маңызды мәселе бойынша дабыл қағып, елiмiздегi түрлi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осынау өмiрлiк мәселеге қоғамның, ең бастысы, билiктiң назарын аударуға күш салып жүр. Өкiнiшке қарай, оған құлақ асушылар некен-саяқ. Тiптi, беделдi сенатордың жанайқайы кейде күн сайын меңiреу жартасқа барып, айқай салатын шарасыз жанның әрекетiне ұқсаңқырап та кететiн iспеттi. Қуаныш Айтаханов мырзаның айтуынша, 2010 жылы 1991 жылмен салыстырғанда елiмiздегi суармалы жерлер көлемi 298 мың гектарға дейiн азайып кеткен. Ал осы жылдар аралығында босалқы жерлердiң көлемi 8 есеге ұлғайып, 423 мың гектарды құрапты. Бұдан бөлек, бұрын қолданыста болған 20 мың гектар суармалы жер шаруашылық қажеттерiне: үй, жол, өндiрiс орындарын салуға және басқа да мақсаттарға берiлген. Басты алаңдатар жайт, суармалы жерлерден алынатын өнiмдердiң күрт төмендеуi. Осыдан жиырма жылдай бұрын Қазақстандағы суармалы жерлердiң көлемi егiстiктiң 6 пайызын құрап, егiншiлiк өнiмдерiнiң 30 пайызы өндiрiлген болса, қазiр бұл көрсеткiш екi еседей төмендеп кетсе керек. Диқаншылық дәстүрi ежелден қалыптасқан Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарында суармалы жерлердiң 30-33 пайызы пайдаланылмайды. Ал суармалы жерлердiң өнiмдiлiгi де 25-50 пайызға азайып отыр. Ал Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев мырзаның келтiретiн деректерi одан да сорақы. 1997 жылы Қазақстанда 2,3 миллион гектар суармалы жер пайдаланылса, биылғы жылдың басында содан тек 1,2 миллион гектары ғана пайдаланылған. Суару технологиясы жоғары елдерде бiр текше метр су жұмсалғанда 2,5 келiден 6 келiге дейiнгi аралықта ауылшаруашылық өнiмi алынса, Қазақстанда бұл көрсеткiш 0,4-0,8 келi шамасында ғана немесе озық елдерден ондаған есе төмен екен.

Көзi қарақты оқырман қос сенатордың айтып жүрген деректерiнiң өзi де екi түрлi екенiн аңғарған болар, сiрә?! Қуаныш Айтаханов мырза 575 мың гектар суармалы егiстiк жер ауыл шаруашылығының айналымынан шығып қалды десе, ал Мұхамбет Көпеев мырзаның айтуынша, 1991 жылы пайдаланылған 2,3 миллион гектар суармалы жердiң биыл 1,2 миллион гектары ғана iске жаратылуда. Яғни, 1,1 миллион гектар жер тағдырдың тәлкегiне қараусыз тасталған! Қос сенатордың дәйектерiндегi мұндай елеулi айырмашылық қайдан пайда болып отыр? Расында Қазақстан бойынша суармалы жерлерге қатысты ахуалды нақты көрсететiн деректер жоқ па?

Иә, бүгiнгi таңда республикада суармалы жерлердi пайдаланудың тиiмдiлiгi туралы нақты деректер жоқ деуге болады. Барының өзi әр облыс бойынша бөлек-бөлек, растығына дау туғызатын күмәндi көрсеткiштер ғана. Есесiне, 2009 жылдың басында Қазақстан елiмiздiң тұтынушылары пайдаланатын күрiштiң 25 пайызын, өсiмдiк майының 30, қант, маргарин, iрiмшiк, ет консервiлерi, шұжықтың, тағы басқа азық-түлiк өнiмдерiнiң 50 пайыздан астамын шет елдерден сатып алуға мәжбүр болды. Бұл көрсеткiш одан бергi уақытта одан әрмен үстемелеп өсе түскенiне еш күмән жоқ. Тамақ өнiмдерiнiң көпшiлiгiне бағалар Еуропаның дамыған елдерiмен теңестi немесе көп жағдайда одан асып та түстi. Ресми деректерге қарағанда, азық-түлiк тауарларын шетелден әкелiп сатушылардың таза пайдасы жүздеген пайыздан асып жығылатын көрiнедi. Мәселен, сол жылы қой етiнiң орташа импорттық бағасы 172 теңге болса, елiмiзде ол орташа бағамен 681 теңгеге сатылған. Сиыр етi 332 теңге болса, Қазақстанда 596 теңге, ал тауық етi 149 теңгеге импортталса, елiмiзде 453 теңгеге сатылған. Мұндай сорақы көрсеткiштердi азық-түлiктiң әрбiр түрiне қатысты тiзiп шығуға болады. Бiр сөзбен айтсақ, шетелдерден азық-түлiк тауарларын тасушылар 2-4 есе бағаға қымбаттатып сатып отырған. Биылғы жағдай одан әрмен сорақы екенiне дау келтiру де қиын.

Осы ретте жүздеген мың гектар құнарлы жерлердi бауырына басып алған латифундистерiмiз тауарлы өндiрiстi жолға қоюға, жердi аса тиiмдi пайдалануға онша құлықты емес-ау деген ой ерiксiз қылаңытады. Әсiресе, суармалы жерлердiң тиiмдi пайдаланылуы олар үшiн онша жағымды емес секiлдi.

Айтқандай, бiздiң елiмiзде орасан зор жер телiмдерiн иеленiп отырған магнаттар, латифундистер шынымен бар ма? Ұзынқұлаққа сенсек, ондайлар бар және бiреу-екеу емес, олар ондап саналатын көрiнедi. Бiр ғажабы, сол жер иелерiн "латифундист" деп жазған бұқаралық ақпарат құралының басына қара бұлт үйiрiлетiнi де қалыпты жағдай. Яғни, Қазақстан латифундистерi де қолға ұстатпайтын елес сияқты. 2009 жылдың 16 қаңтарында Қазақстан Азық-түлiк өнiмдерiн өндiрушiлер одағының төрағасы Анатолий Попелюшко мырза "Караван" газетiнiң тiлшiсiне "Дорогая еда" деп сұхбат берген едi. Сол сұхбатта: "– Бiрақ Қазақстанда жүздеген мың гектарларға иелiк ететiн нағыз жер магнаттары бар ғой. Тауарлы өндiрiс құруға оларға не кедергi жасайды?

– Бiздiң латифундист-магнаттар көп жағдайда бұл жерлердi қаржы көзi ретiнде ғана бағалайды. Олар бұл жерлердi қайта сату үшiн ғана иемденiп алған. Өзге елдерде жер үш жылдан артық пайдаланылмаса, ауылшаруашылық жерлерiн қайта тартып алады. Бiзде мүлдем олай емес. Қараңызшы, Алматының төңiрегiндегi мыңдаған гектар суармалы ғажайып жерлердi арам шөп басып жатыр. "Шаруа қожалығы" деп бөлiнген жерлер жылдар бойына пайдаланылмай жатыр, және мұны қадағалап отырған ешкiм жоқ", – деп өкiнiшiн бiлдiрген болатын әлгi Анатолий Попелюшко мырза.

Иә, бiр кездерi жайнап, көз сүйсiндiрген суармалы жерлердiң көптеген бөлiгi қазiр сүреңсiз күйге түскен. Елiмiзде бiр жылдары сегiз қант зауыты салынса, қазiр соның үшеуi ғана iлдебайлап жұмыс iстеп тұр. Қалғандарының демi таусылуға жақын. Өйткенi, елiмiзде қант қызылшасын өсiру жыл өткен сайын керi кетуде.

Көптеген облыстарда, iшiнара жалпы Қазақстанда ауылшаруашылығы мақсатындағы айналымнан шығып қалған суармалы жерлердi пайдаланбаудың бiрнеше басты себептерi бар. Бiрiншiден, жердiң тұздануы мен батпақтануынан; екiншiден, судың жетiспеуiнен; үшiншiден, су жүйелерiнiң iстен шығуынан.

"Алдау қоспай адал еңбегiн сатқан қол өнерi – қазақтың әулиесi сол", – деп айтқан ұлы Абайдың ұлағаты дәп қазақ диқандарына қаратып айтылған сөз едi. Амал қанша, миллиондаған диқандарымыздың да төккен тер, еткен еңбегiнiң қайтарымы жылдан жылға кемiп келедi. Бұған бейнет сауып күн көрген адал диқандарымызды кiнәлауға да болмайды.

Олардың ересен еңбегi елiмiзде жөндi бағаланбай отыр. Осы ретте бiр таңқаларлық жағдай айқын көзге ұрынатынын айта кеткен жөн секiлдi. Қазақ әдебиетiнiң атына қанша ауыр, орынды-орынсыз сын айтылғандығына қарамастан, қазақтың жазба әдебиетi қалыптасқан алғашқы күндерден бастап талай қаламгер жатақтардың – қазақ диқандарының тұрмыс-тiршiлiгi, ауыр еңбегi мен мақсат-мұраттарын қарымды қаламымен жазғаны мәлiм. Тiптi, Ыбырай Алтынсариннiң ХIХ ғасырда жазған "Қыпшақ Сейiтқұл" әңгiмесiн бiлмейтiн жан арамызда некен-саяқ. Ал ХХ ғасырдың басында ұлы классиктерiмiз Бейiмбет Майлин, Жүсiпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, тағы басқалар егiн егiп, бейнетпен күн кешкен қазақ диқандарының қайталанбайтын ерекше образы сомдалған елеулi әдеби шығармаларын жазды.Ал соңғы ширек ғасырда қазақ диқанының образы сомдалған жөпшендi әдеби шығарма оқырмандардың қолына iлiккен жоқ десек өсiрiп айтқандық емес. Тiптi, "сушы","мұрап", "кетпен", "шапа шот", "бiр құлақ су", "оман арық", т.б. көптеген ғажайып қазақ сөздерi бiртiндеп архаизмге айналып бара жатқан сияқты. Кейiнгi буын мұндай сөздердiң мәнiн бiлмек түгiлi, оларды естiп-бiлiп, оқып та жарытқан жоқ.

Иә, айта берсе, Қазақстандағы суармалы жерлердiң жыры мен мұңы таусылмайтын әңгiме.

Таяуда, тiптi осы аптада елiмiздiң негiзгi астықты аймақтары – солтүстiк және орталық облыстарда жаппай егiн орағы басталғалы отыр. Жылдағыдан он күннен астам уақыт бұрын астыққа орақ түспекшi. Аптап жаздың әсерi осыған мәжбүрлеуде. Ылғалсыз жазда дәнi толысып үлгермеген алтын астыққа әлi үмiт мол, сенiм аз. Кейбiр мәлiметтерге сүйенсек, елiмiздiң ең астықты өңiрi – Қостанай облысында гектарына 8 центнерден алтын астық жиналуы ықтимал. Оған да шүкiршiлiк! Бұл – елiмiздiң қоймасына 3,5 млн. тонна жоғары сапалы бидай құйылады деген сөз. Аз емес. Iшкi сұранысты бiршама тұрақтандыруға жетедi. Халқымыз биыл диқандардың еңбегi жанып, жыл бойы төккен терлерi зая кетпегей деп тiлеуде.

Расында, қазiргi таңда әркiм қарақан басының ғана қамын күйттеп, өзi үшiн ғана өмiр сүрудi әдетке айналдырғанмен, қазақтың қасиеттi даласындағы барша адамдарды бiрiктiретiн, тiлеуiн бiр арнаға тоғыстыратын маңызды жайт бар. Ол – шетсiз-шексiз егiс алқаптарындағы алтын астықтың бiтiк шығып, ысырапсыз жинап алу жайы. Барша еңбек мәртебелi, бiрақ бәрiмiз үшiн диқан баба еңбегiнен асқан құдыреттi, қастерлi нәрсе жоқ. Әттең… сұраусыз қалған суармалы жерлерiмiздiң обал-сауабын кiмнен сұрауды бiле алмайтынымыз өкiнiштi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары