Карен КЭРРИГАН: ҚАЗАҚСТАН БЮРОКРАТИЯСЫ АЯҚҚА ТҰСАУ ЕКЕН
Карен КЭРРИГАН: ҚАЗАҚСТАН БЮРОКРАТИЯСЫ АЯҚҚА ТҰСАУ ЕКЕН
Бүгiнде елiмiзде шағын және орта бизнестi дамыту экономиканың басты бағыттарының бiрi ретiнде алға қойылған. Осы орайда республиканың түкпiр-түкпiрiнде үкiмет тарапынан кәсiпкерлерге барынша көмек көрсетiлiп келедi. Дамыған мемлекеттердiң көпшiлiгiнде шағын бизнес негiзгi экспорттаушы факторға айналған. АҚШ-тың шағын және орта бизнес жөнiндегi кеңесiнiң президентi Карен Кэрриган өз бағдарламасы бойынша Астана, Қарағанды, Алматы, Талдықорған қалаларында болып, кәсiпкерлiк қауымдастықтармен кездесулер өткiзiп, пiкiр алмасты. Заңның үстемдiгi мен кәсiпкерлер жағдайын қамтамасыз етудегi идеялармен бөлiстi.
Карен Кэрриган ханымның бизнестi бастаудың жолдары мен негiзi, басты бағыттары мен қолайлы жағдайларды қалыптастыру төңiрегiнде айтары мол. Ақ үйдiң шағын кәсiпкерлiкке байланысты реформаларына өзгерiстер енгiзiп, кәсiпкерлер үшiн ыңғайлы әкiмшiлiк жүйесiн жасауда. Ал сапардың мақсаты– кәсiпорындар мен үкiмет арасындағы әрiптестiктi жақсарту, бизнестi оңтайлы жүргiзу әдiстерi мен кедергiлердi еңсеру, жемқорлыққа тосқауыл қою. "Түркiстан" газетiнiң тiлшiсiне Кэрриган ханыммен әңгiмелесудiң сәтi түсiп, АҚШ елшiлiгiнiң есiгiн қақтық. Уақыты тығыз iскер ханым әңгiмесiн бiрден бастап кеттi.
– Мен Қазақстанның бiрнеше қалаларында болдым. Кәсiпкерлердiң ынтасы мен мүмкiндiгi жаман емес. Бұл жердiң қолайлы климаты бизнестi дамытуға септiгiн тигiзедi. Десе де қандай аймақ болмасын, бизнестi бастаушылар алдында сантүрлi проблемалар тұрады. Мәселен, АҚШ-та салық және заңнамалық актiлер, федералды байланыс пен әлемдегi нарыққа шығу аяққа тұсау болады. Сондай-ақ Америкадағы бәсекелестiктi сақтау үшiн қарастырылған реформалар мен инвестициялық жағдайлар бүгiнде ауыр мәселеге айналып отыр, ендi ғана шешiмiн тауып келедi. Жақында жеке тұлғаның салық тарифiндегi қаржы құнының өсiмiн тоқтатуға қатысты өзгерiс енгiздiк. Бiртiндеп шағын және орта бизнестiң дамуын бүкiл әлем бойынша бiрiншi орынға қою керек деп ойлаймын.
– Әлемдiк дағдарыс АҚШ-тағы шағын және орта бизнеске қалай әсер еттi?
– Иә, бұл өте ауыр соққы болды. Экономиканың құлдырауы шағын және орта бизнестi бастаушыларды аяғынан шалғаны рас. Атап айтар болсақ, тұтынушылар тұтынатын тауар түрлерiн қысқартты. Жалпы алғанда, экономика әлсiредi, бұл өте күрделi оқиғаға айналды. Бүгiнге дейiн әлжуаз экономика бизнеске ықпалын тигiзiп отыр. Кәсiпорындардың жабылуы экономикалық өсiмнiң тоқтауына әкелдi. Десе де көңiлге медеу боларлық нәтижелерге бiртабан жақындап қалдық. Шағын кәсiпкерлер мен кәсiпорын басшылары өз мекемелерiнiң есеп қағаздары мен құжаттарына тиянақты, мұқият қарайтын болды. Нарықтағы жағдайға баса көңiл бөлетiн болды. Тауардың нарықтағы орнын және тұтынушының не қалайтынын анықтап, бәсекелестерге де назар аударатыны дәстүрге айналып келедi. Иә, шағын кәсiпкерлер дағдарыстан кейiн есiн жиып, жаңа нарыққа бой үйретiп келедi, құрал-жабдығын экономиканың жаңа деңгейiне жеткенше түгендеп алуы керек. Оның үстiне кәсiпкерлерге жаңа мүмкiндiк ашылды: капиталға қол жеткiзу, яғни несиенiң қолжетiмдiлiгi. Бұрындары несие рәсiмдеуге шек қойылған болса, бұдан былай банктерде капитал беру жеңiл iске айналды. Ал қазiр жағдай бiртiндеп түзелiп келедi.
– Шағын бизнеске бет бұрған жас кәсiпкерлер үшiн әкiмшiлiк реформалар қандай жеңiлдiктер қарастырған?
– Банк жүйесiне және қаржы жүйесiне баса назар аударылды. Шағын кәсiпорындарға қарағанда, үлкен өндiрiс орындарында тұрақтылық байқалуда. Ал қазiр шағын кәсiпорындар мен компаниялар нарықта басты рольге шықты. Мәселен, АҚШ-та шағын және орта бизнестiң шығындары мен әкiмшiлiк өзгерiстерiн есепке ала отырып, бизнестi жаңадан бастаушы кәсiпорындар салықтан босатылды. Бұл жүйе әзiрге жемiсiн берiп келедi. Сондай-ақ, АҚШ-та үкiмет тарапынан үйде жүргiзiлетiн бизнес түрлерiн тексерулер арқылы жалықтырып бiттi, онымен қоса қымбат та қажетi жоқ талаптар қойылады. Мұны да қысқартуға тура келдi, себебi бизнес жасаған адам қағаз бен құжаттан бас ала алмай қалады. Шағын бизнестi дамыту үшiн үкiмет тарапынан көптеген жеңiлдiктер барлық елдерде жасалуда. Себебi, бұл жаңа жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етедi.
Қаржы саласындағы бiз бақылап отырған тенденциялардың бiрi: шағын және орта бизнеске арналған несиенiң түрлерi, салық стимулы. Осылардың барлығы қажеттi жабдық пен технологияны алуға, мемлекеттiк сатып алулар нарығы мен қойылған талаптарға сай болуға мүмкiндiк бередi. Осылайша кәсiпкерлер құжаттық жұмыстарға уақытын ысырап етпей, бизнестi жүргiзуге баса көңiл бөлетiн болды. Қазiр АҚШ-та қолға алынған маңызды мәселелердiң бiрi – шағын бизнестiң есебiнен экспортты күшейту болып отыр. Сондықтан қаражат көзiне жол ашылды, шағын бизнеске бейiмделген арнайы бағдарламалар қабылданды, сыртқы сауда-саттыққа баруға да жағдай жасалды.
– Қазақстанның бiрнеше қалаларында болдыңыз, даму үрдiсi қандай?
– Қазақстанға сапарым барысында байқағандарымнан бiр нәрсе анық – жоғары бiлiмдi кәсiпкерлердi көрдiм. Бизнеске деген талпыныс та жоғары, адамның қаржыға деген көзқарасы тұрғысынан келер болсақ, әзiрге жақсы бағыт алған деп айта аламын. Дегенмен де проблемалар бар: лицензия алу мәселесi, тиiстi бiлiм алу және қаржы қолжетiмдiлiгi. Кейде үкiмет кәсiпкерлерден көп нәрсе талап етедi, мен кәсiпкерлердi ауыр жағдайда қалдырған билiк органдарын да көрдiм. Бұл саладағы негiзгi кедергiлердiң бiрi – ресурсқа қол жеткiзу, тек содан кейiн адамдар арасындағы бюрократия қалыптасқан. Әуел баста бизнестi бастау қай елде болмасын, кiмге болмасын қиын соғады. Бiрақ үкiмет кәсiпкерге iстiң өне бойында қол ұшын созып отыруы керек.
– Сiз әйел кәсiпкерлерге жәрдемдесетiн ассоциация құрғансыз. Жалпы, нәзiк жандылар қандай бизнеске жақын келедi?
– 2002 жылы "Женщины предприниматели ИНК" деп аталатын ассоциация құрдым. Бұл коммерциялық емес мекеме. Нәзiк жандылардың бизнеске қатысты бiлiм алуына, бизнестi ұтымды жүргiзуiне және iскер ортамен өзара қарым-қатынасына көмектесiп отырады. Қазiр әйелдер өз кәсiбiн кез келген саладан бастай алады. Ешқандай кедергi жоқ. Бұл мына нәрселердiң нәтижесi деп ойлаймын: бiлiм алу мүмкiндiгi мол, капиталға қолжетiмдi, өз бизнесiн бастаушы әйелдердiң барлығы iрi компанияларда iстеген, тәжiрибелi мамандар. Кәсiпкер әйелдердiң басқару қабiлетi бар. Қаржы, технология, құрылыс саласында бизнес жасап отырған әйелдер көп. Ал басқа да дамыған мемлекеттер осыған ақырындап келе жатыр. Қызмет көрсету, бөлшек сауда-саттық түрлерi жақсы дамуда.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақниет ОСПАНБАЙ