АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
Қыркүйек айының соңы. Күздiң дымқыл салқыны сезiледi. Түс әлетiнде жұмыстан үйге келдiм. Ауладағы мамағашта құранды ерi бар күрең қасқа ат байлаулы тұр. "Кiм болды екен?". Iшке ендiм. Төргi бөлмеде әкем аттас ақсақал мен анам шәй iшiп отыр. Сәлем берiп, дастарқанның шетiне тiзе бүктiм. Жалпы бiздiң ауылда әкем аттас үш кiсi бар едi. Ауылдың дұғалы ауыздары солардың мiнез-құлықтарына, түр-бастарына, кәсiптерiне қарап, жанама аттарды телiген. Заң Адырбек. Тайпақ Адырбек. Жылқышы Адырбек. Үшеуiнiң де еңбегi елге сiңген. Жас құралыптары бiр-бiрiне қарайлас.
Заң Адырбек–ордендi шопан. Тiптi төс қалтасында қызыл билетi бар. Ауылдағы жиналыс онсыз өтпейдi. Жұрттың алдында тек заңмен сөйлейдi. Ал Тайпақ Адырбектiң маңдайы тайқы болса керек. Өз әкем жылқышы. Қырық жыл бойына қолынан құрығы түспеген. Солардың екеуi өмiрден ерте озды. Үйде шәй iшiп отырған Заң Адырбек.Үстi басы мұнтаздай. Шоқша сақалды, ашаң өңдi, шырайлы кiсi. Әкеммен құрдас болған соң оны да "әке" деп атаушы едiм. Шәйдан соң анам Ұлтусын маған бұрыла қарады.
– Балам, мына әкеңнiң шаруасы сенде екен. Сенi көмекшi шопан етiп алғысы келедi. Бұған не дейсiң? – дедi. Салған жерден не айта қояйын. Бұл кiсi туралы жұрттан аздап естiгенiм бар. "Оған адам жақпайды" деушi едi. Әлiптiң артын бағып, үн-түнсiз отыра бердiм.
Ақсақал сақалын саумалап отырды да, салқын тiл қатты.
– Иә, балам, жиын-терiн бiттi. Ендi көктемге дейiн ауылда жұмыстың мәнi бола қоймас. Маған көмекшi шопан болсаң алпыс сом айлығыңды алып тұрасың. Малыңа жем де беремiн,– дедi.
"Қыста алпыс сом айлық табу қиын. Оның үстiне малыма жемiн берiп тұрса, неге көмекшi болмасқа?.."
– Әке, келiстiм. Ертең бастыққа ескертiп шығайын.
Ақсақал аттанып кеттi.
Таңертең бөлiмшенiң кеңсесiне бардым. Ауызғы бөлмеде бiраз адамдар жиналыпты.. Менi көре сала орталарына алды. Тұс-тұстан жамырай сөйлеп жатыр. "Заң Адырбекке көмекшi шопан боласың ба?". Мен басымды изедiм. Бiрi миығынан мырс еттi. Бiрi басын шайқап, мүсiркеген сыңай танытты. "Бiз де оған көмекшi шопан болғанбыз. Жанымызды салып, жұмысын iстедiк. Сонда да жақпадық. Сен де әрi десе үш күннен соң ат-тоныңды алып, қашып келесiң әлi". Олардың бұл сөздерiнен құлағым тұнып, басым айналды. Қандай шешiмге келерiмдi бiлмей сам-соз аңтарылып тұрдым. Сенбесiме амалым да қалмады.
Бөлiмше меңгерушiсi Әбiлдабек Шардарбеков:
– Адекеңнiң талабы күштi. Жалқауларды жек көредi. Кешеден берi ойланған шығарсың. Келiссең, бүгiннен бастап бұйрық шығарамын, –дедi. Мен желкемдi қасыдым. Ол тесiле қарап, қатқыл үн қатты: – Кеше өзiне келiсiм берiп, бүгiн айнып қалдың ба?
–Көке, құрылыста iстей берейiншi, – дедiм жалтарып.
–Адамды сөз бұзады деген осы екен ғой. Жарайды, бара бер. Үнiнде ренiш бар.
Келер жылдың күзiнде тап осы жағдай тағы қайталанды. Үйге түстiк асқа келсем, ақсақал анаммен шәй iшiп отыр. "Бет көрсе, жүз ұялады" деген. Қарадай қысылып, тұла бойым ысып, маңдайымнан тер бұрқ ете қалды.
Анам: "Балам, мына әкең тағы келiп отыр. Сол былтырғы шаруасы екен. Қайтесiң, барасың ба?"– дедi жәй ғана. Ақсақал екiншi рет қолқа салып отыр. Маған шегiнерге жер қалмады.
– Әке, биыл сiзге көмекшi болып барамын, – деп сөзiмдi кесiп айттым.
Ол төмен салған басын көтерiп, сынай қарады.
– Шырағым, былтырғыдай айнып қалмайсың ба? – дедi екi ұштылау үнмен.
– Жоқ, әке!
Ақсақалды күрең қасқасына қолтығынан демеп мiнгiздiм.
Ертеңiне кеңсенiң ауызғы бөлмесiнде тұрғандар, менi ортаға алып, былтырғы гөй-гөйлерiне тағы басты. Бұл жолы таскерең жандай ешқайсысының сөзiне құлақ асқаным жоқ. Көп бөгелмей, бөлiмше меңгерушiсiнiң есiгiн аштым. Әбiлдабек Шардарбеков бұйрық шығарды.
– Адекең сенi еңбекке шыңдайды. Соны түсiнсең қиыншылықтың бәрiне төтеп бере аласың.
Шопан қорасы ауылдан алты-жетi шақырым жер. Арыстанды өзенiнiң арғы жақ бетiнде. Күнбатысында айналасына қалың жыңғыл өскен айдынды көл. Жаяулап түс мезгiлiнде қораға жеттiм. Шопанның қолындағы үшiншi ұлы Әсiлхан аға отарды өрiске айдап кетiптi. Түстiк астан соң ақсақал келiнi Зерiпке:
– Мына балаға шаруаның ретiн айтып түсiндiр, шырағым,– дедi.
Қыр мұрынды, бидай өңдi танакөз жеңешем ал кеп сарнасын бiр. "Ананы былай iстейсiң, мынаны олай iстейсiң" деп шұбылта жөнелгенде, алдыңғы айтқандары сол бойда-ақ есiмнен шығып та қалды.
– Жеңеше, әуелi бiр жұмысты айтыңыз. Соны iстеп келейiн. Содан соң келесiсiн.
– Ендеше қора iшiн күреуден баста. – Қолыма басы жалпақ күрек ұстатты.
Қора П әрiпi тәрiздi етiп салынған. Мың бас қой сиятын албар ат шаптырымдай көрiндi. Бiр түнгi қиы тобықтан келедi екен. "Менен бұрынғылар екi қолын төбелерiне қойып, неге қашып кеттi десем, осы екен ғой. Ал тазалап көр". Қолым жұмысқа бармай жүрексiнiп, бiраз тұрдым. "Тым болмаса бiр аптаға шыдайын. Арғысы содан соң белгiлi болар". Бiлектi сыбанып, iске кiрiстiм. Әйтсе де "Көз қорқақ, қол батыр" деген рас екен. Екi сағаттан соң қора iшi жылан жалағандай тап-таза болды. Үстiне шапанын желбегей жамылған әкем қора iшiн мұқият қарап шықты. Ләм деп тiс жарған жоқ. Содан кейiн жеке бағымдағы ақсақ-тоқсақ қойлардың алдына шөп салып, әудем жердегi артезиан құдығынан су әкеп суғардым. Сиырлар тұратын жайдың асты да тазаланды. Күн батуға таянғанда жемханадан ұнтақталған арпаны қаптап, арқалап барып, ұзын астауларға сыздықтата салдым. Сол сәтте өрiстен отар да қайтып, жемге бастарын қойды. Бақсам, күнделiктi iстейтiн жұмыс аса қиын емес секiлдi.
Кешкi астың дастарқаны жайылды. Әкем Зерiпке: "Келiн, менiң дәрiмдi алып бер", – дедi. Жеңешем төрде iлулi тұрған қоржыннан армян коньягын шығарған. Атасының алдына қойды. Тосын жайдан көзiм шарасынан шыға жаздады. Әкем шәй кесеге күрең қызыл ащы суды жартылай құйып, тартып жiбердi. Ол кезде армян коньягi кез келгеннiң қолына түсе бермейтiн. Үлкен ұлы Мейрiмхан Шаяндағы автобаздың директоры. Мына "дәрiсiн" сол арқылы алдырып отырса керек. Әкемнiң таңертең шай орнына бiр тостақ сүт iшу күнделiктi дағдысы екен. Мал десе iшкен асын жерге қояды. Бiздi таң қараңғысынан оятып, кешке отарды қоралағанша басшылық жасайды. Бiз оны генерал деп атап кеттiк.
Бiраз уақыттан соң шаруаға төселiп алдым. Кейде отарды өрiске мен шығарамын. Қорадағы жұмысқа Әсiлхан аға қалады. Кезектесумен күндер өтiп жатты. Бiр күнi жеңешем:
– Шырақ, осы бiзге көмекке келгендер ары десе үш күннен соң қашып кетушi едi. Сен қалай шыдап жүрсiң? – дедi таңырқай жымиып.
– Жеңеше, басқаны бiлмеймiн. Мен әкемнен қой бағудың әдiс-тәсiлдерiн үйренуге келдiм.
Зерiп жеңешем таңның атысы, күннiң батысы бiзбен бiрге. Келгелi берi бiр бел шешiп, дем алғанын көрген емеспiн. Бiзбен бiрдей қимылдап, тыным таппайды. Түскi мен кешкi аста Әсiлхан аға екеумiз қол-аяғымызды созып, аз да болса тыныстаймыз. Ал ол бiзге тамақ әзiрлеумен болады. Бiз үйден шыққан бойда ол да iлесе кетедi. Кешке нәрестелерiнiң киiмiн жуып, түннiң бiр уағында ғана жастыққа жантаяды. Осының бәрiне қалай шыдап жүр?..
– Жеңеше, осы сенiң екi жаның бар ма?-деймiн таңданып.
– Қойшының әйелi шаршағанды бiлмейдi,–деп сықылықтап күледi.
Желтоқсан айының басында қар жауып, күн күрт суыта бастады. Арыстанды-Қарабастың үскiрiк желi күш алып, жан шыдатар емес. Дауылды күндерi отар қолға қарап қалады. Жанталасып жүрiп күннiң қалай батқанын да сезбей қаласың. Күзде соғымға байланған қысыр биенiң сауыры жалпайып, әбден семiрген едi. Соны соятын күн белгiленiп, Шаяндағы автобазда жүргiзушiсi болып iстейтiн екiншi ұлы Әуелхан ағаға хабарланды. Биенi бәрiмiз жабылып жығып, он екi жiлiкке бөлдiк. Әуелхан аға әкесiн "тәте" деп атайды екен.
– Тәте, оңаша сөйлесетiн шаруам бар едi. – Ол ақсақалды киiз үйдей болып жиналған жусан отынның арғы жағына алып барып, бiраз уақыт сөйлестi. Нендей мәселенiң шешiлiп жатқанын бiлгiсi келдi ме, шыдамы таусылған Әсiлхан аға да солай қарай беттедi. Ол жақындай бергеннен Әуелхан: – Тәте, сонымен үш жiлiктi мен алып кететiн болдым ғой. Бiрi Мейрiмхан көкеме, бiрi өзiме, ал үшiншiсi ана кiсiге.
– Иә, оған менен сәлем айт. "Адамның күнi адаммен", шырағым. Шаруаңның тез бiткенiн айт. Өзiң қой төлдету науқанында келiп, Әсiлханға жәрдем бер.
– Әлбетте, тәте. Ана кiсiге соғым етiн сiздi арнайы берiп жiбердi деп айтамын.-Артқы жағынан таяп қалған Әсiлханды байқап қалып, бұрылды.– Бұл әңгiменiң саған қатысы жоқ. Мәшинаға майлы үш жiлiк еттi бөлiп сал. Күн кеш болып қалды. Мен жүрейiн.
Ұлысын шешем мен Зерiп жеңешем қазан көтерiп, кешкiсiн бал татыған соғым етiн жедiк. Ертеңiне ауылдан қуанышты хабар жеттi. Жақын ағайындарының бiрi келiн түсiрген екен. Әкем мен шешем соларға құтты болсын айтуға ауылға жүрiп кеттi.
Сол күнi кешке көршi отардың шопаны Қайып келе қалмасы бар ма. Нар тұлғалы, палуан денелi жiгiт ағасы. Әсiлхан ағаммен түиедей құрдас.
– Әсiлхан, соғым сойды деп естiдiм. Соғымың шүйгiн, қазысы табан болсын! Жоқ қарап келе жатыр едiм. Амандаса кетейiн деп бұрылдым,–дедi әдеттегiсiндей күшене сөйлеп.
– Бiздi мақтап жүредi екенсiң. Зерiп қазаннан етiн түсiрiп жатыр. Кел, төрлет! – Әсiлхан ағам құрақ ұшты.
Жеңешем буы бұрқыраған еттi алдымызға тартты. Қоржын тамның қарсы бөлмесiнен екi жартылық алып келдi. Қайып тiлек айтып, екеуi кеселерiн соғыстырып, алғашқы тост iшiлдi. Содан соң мал жайы сөз болды. Пәленше, түгеншенiң мiнiс аттарын мақтады. Екiншi тостан соң әңгiме ел iшi жаңалығына, ұзынқұлақтың әңгiмесiне ауысты. Үшiншi тостан соң ащы су буындарына түсiп, екi құрдас әзiл-қалжыңға көштi. Қызып алған Қайып оң мен солына шайқатылып отыр.
– Ойпаңбел қаракөз… айтам сөз,– деп дауысын көтере әндете сөйлеп, бос кесенi шиырып жiбердi. – Зерiп, тағы құйшы. Ащы суың iшкен сайын бал татып барады ғой.
Қайып түннiң бiр уағында қайтатын болды. Бiз шығарып салуға сыртқа шықтық. Жоғарыдан суық жел азынап тұр. Әсiлхан оның ықтасынға байлаған атын жетектеп келдi. Жуан ағаштай теңселiп тұрған Қайып:
– Ойпаңбел қаракөз, айтам сөз,–деп құрынды ердiң басынан ұстап, аяғын үзеңгiге салды. "Ауп" деп атқа аяғын арта бергенi сол едi, екпiнмен арғы жағына аунап түстi. Ауырсынды ма ыңырсып жатыр. Әсiлхан қолынан тартып, орнынан тұрғызды. Үстi-басының қарын қақты Ол жуан аяғын жоғары көтерiп, Әсiлханға:
– Менiң мына бура санымды көрдiң бе?.. Күш қой, күш… Екпiнiммен ары аунап кеткенiмдi қарашы.. Қане, жүгендi Зерiпке ұстат та, өзiң қолтығымнан демеп жiбер. – Қайып үзеңгiге аяғын тағы салды. – Ойпаңбел қаракөз, айтам сөз, – деп жерден екiншi аяғын көтере бергенде, үзеңгiнiң қайыс бауы бырт етiп үзiлдi. – Әсiлхан, көрдiң бе?.. Салмақ қой, салмақ… Үйдегi қатын бекер ауырсынып жылайды дейсiң бе?
Әсiлхан аға ердi ауыстырды. Қайыпты қолтығынан демеп, әупiрiммен атқа зорға мiнгiздi. Зiлдей салмақтан аттың белi майысты.
– Әсiлхан, алдағы жексенбiде мен де соғым сойғалы отырмын. Үй iшiңмен келiп, сыбағаларыңды жеп кетерсiңдер. – Қолындағы дырау қамшымен аттың сауырына салып жiбергенде, жануар ыршып кеттi. Ол шалқайып барып, ердiң басынан ұстап қалды. – Ойпаңбел қаракөз… айтам сөз…
Жексенбi күнi ел орнына отыра бiз Қайыптың қорасында болдық. Суыт жүргеннен қол-аяғымыз тоңып қалыпты. Жылы үйге бiзбен бiрге бiр құшақ аяз iлесе кiрдi. Үлкен табақ ет желiнiп бiткенше, екi шыны жартылық та бiттi. Қайып ошақ жанында күйбеңдеп жүрген қатпыш қара әйелiне дауыстап:
– Қатын-ей, тағы бiр жартылық әкел, – дедi.
Әйелi шайпау мiнездi жан екен.
– Басқа жоқ, – деп баж ете қалды.
– Неге жоқ? Тап! – Қайыптың қанталаған көздерi ақиланып шыға келдi. Анау құлақ аспады. – Сенi ме… Қаққан қазықтай жерге кiргiзiп жiбермесем Қайып атым өшсiн. – Кiжiнiп, түйiлген күрзiдей жұдырығымен орнынан тұра бергенде ,Әсiлхан аға тiзесiнен басып қайта отырғызды.
– Құрдас, екi бөтелке де аз емес. Осы тойғанымызбен бiз де қайтайық. Қыстың жұмысын бiлесiң ғой, бастан асады.
Қайып ашу-ызадан бiр iсiнiп, бiр басылған көрiктей кеудесiн әрең басып, райынан қайтты.
–Жарайды, сендердi шығарып салайын. – Әйелiнiң көзiн ала бере дастарқаннан төрт-бес майлы құрт пен бiр шәй кесенi қалтасына сүңгiтiп жiбердi. Өңкиген денесiмен еңкейiп, жер таянып тұрды да басына түлкi тымағын қисайта кие салды.
Түнгi үскiрiк аяз бар күшiне мiнген. Аяқ астындағы қар сықыр-сықыр етедi. Шалқасынан туған ай едәуiр көтерiлiптi. Шырқау биiктен мұздай суық жұлдыздар самсап тұр. Қайып:
– Әсiлхан, берi жүрiңдер, – деп үй артындағы қарауытқан iскiрт шөпке қарай жол бастады. Орта тұсына барып. – Жаңылмасам осы жерде. – Ол қолын шөп арасына тығып жiбердi де бiраз қарманып, бiр бөтелкенi суырып алды. Қақпағын тiстеп ашты. Ащы суды кесеге толтыра құйды да Әсiлханға ұсынды. – Қане, бiр деммен тартып жiбер. Сендерге жол ашарым осы.
Құрдасы сiмiрiп салды. Малта құртты құмарта иiскеп, күтiрлете шайнады. Мен баспа астында қаңтарулы тұаған аттарды алып келуге кеттiм. Қайтып келсем олар бөтелкенi босатқан екен. Бiз түн ортасы ауа өз қорамызға жеттiк.
Ақпан айында қой төлдей бастады. Әуелхан көкем отбасымен көмекке келдi. Кешкi астан соң ол ақсақалға мол денесiмен бұрыла қарап:
– Тәте, бүгiн түнде қойға өзiм қараймын. Әсiлхан мен мына iнiм шаршап-шалдығып жүр ғой. Таң атқанша ұйқыларын қандырып, бiр дем алсыншы,– деп тершiген маңдайын сүлгiмен сүртiп желпiндi.
Анасы Ұлысын:
– Сөйт, шырағым,–деп онысын қош көрдi.
Неге екенiн кiм бiлсiн әкем оған қабағын бiр көтерiп қарады да қайта түсiрiп,тiс жармай отыра бердi. Шәйдан соң Әуелхан көкем:
– Әсiлхан, iнiм екеуiң қорадағы қойды бiр көрiп қайтыңдар. Мен терiмдi басып алайын, – дедi де жастыққа жантайып, төңкерiлген қазандай қарнын сипалай бердi. Бiз қорадағы толғақ қысып маңыраған қойларды жылы жайға бiрiнен соң бiрiн кiргiзiп, туғандарының қозыларын бауырларына салып ауыздандырдық. Отар тыншыған сәтте мен ендiгiсiн Әуелхан көкемнiң төлдететiнiн, өзiмiздiң түнi бойы демалатынымызды айтып едiм, ағам миығынан мырс еттi. Үйге келсек, Әуелхан көкем қалың ұйқының қорылына басыпты. Ұлысын шешем оятпақ болып дауыстап едi, естiген жоқ. Жылы үйде бойымыз бiраз жылыған соң, қораға қайта бардық. Қора iшi азан-қазан. Толғақ қысқан аналыұтар қинала маңырап, төлдегендерi қызыл шақа қозыларын мекiрене жалап жатыр. Түннiң бiр уағында бөлiмше меңгерушiсi Әбiлдабек Шардарбеков келдi. Төлдеген қойлардың есебiн алып, жылы жайды аралап көрдi. Сол кезде әкем де ашық қорадан туған қозыны аяғынан салбырата ұстап, саулықты соңынан ертiп кiрдi. Бастықпен жөн сұрасып, екi үш сақманшының көмегi қажеттiгiн айтты. Ол жуық күндердiң бiрiнде жiберетiн болды. Бiз бозала таңды қорада қоймен алысып жүрiп атырдық. Әуелхан көкем жастықтан басын таңертең бiр-ақ көтердi. Шәй үстiнде:
– Тәте, ұйқы – дұшпан. Кеше түнде жастыққа басым тиiп кетiп едi, ұйықтап кетiппiн. Көрдiңiз бе, ұйқы – дұшпан. Ендi бүгiн түнде қойға өзiм қараймын, – дедi ағынан жарыла сөйлеп.
Ақсақал қалың қабағы астынан бiр қарады да, ләм деп ауыз ашқан жоқ. Мен:
– Көкем түнде байқамай ұйықтап қалыпты. Бүгiн түнде қойға өзi қарайтын болды, – дедiм сырта жүрген Әсiлхан ағаға. Ол кешегiдей тағы да мырс еттi.
– Әукеңнiң үйреншiктi сөзi ғой. Қара да тұр, осы төл науқаны бiткенше тәтеме "ұйқы дұшпан" деуiнен бiр жаңылмас.
Сыралғы iнiсiнiң айтқаны дәл келдi. Солай болды да.
Бiрақ, Әуелхан көкемнiң мал танығыштығына қайран қалдым. Өрiстен мажар арбамен төлдеген бiрнеше қойды алып келемiз. Күнделiктi дағды бойынша қоржындарға салынған қозыларын қорада табыстыруымыз керек. Ал қой мен қозы бiр-бiрiмен табыса алсайшы. Бауырларына салғандарымызды бөтенсiп, тұмсықтарымен итерiп тастайды. Жамырай маңырағанда шақшадай басың шарадай болып, әбден әуре-сарсаңға түсесiң. Сондай қиналған сәттерде Әуелхан көкем көмекке келедi. Қой қозыларды бiр шолып алады да: "Ана қозыны ананың бауырына сал. Мына қозыны мына қойдың бауырына сал" – деп көрсетедi. Бiз солай iстеймiз. Қой мен қозы лезде табысып, әлгiндегi азынаған шу да әп-сәтте басылады.
– Әуелхан көке, бұларды қалай бiрден табыстырдыңыз? – деймiн мен.
– Ой, iнiм, несiн сұрайсың? Бұған таңданатын түк те жоқ. Өмiрге келiп, көзiмiз ашылғаннан күнi кешеге дейiн осы малдың арасында өстiк емес пе,-дейдi ол.
Сол жылы бас шопан Қайыпов Адырбек әр жүз бас саулықтан жүз отыздан қозы алып, аудандағы көш бастаушылар қатарында болды. Содан берi арада қаншама жылдар өттi. Ақсақалдың да өмiрден озғаны қашан. Қоғам да күрт өзгердi. Жеке шаруа қожалықтары дамып жатыр.
Осыдан үш жыл бұрын ауылға жолым түстi. Жеңiл көлiкте төртеумiз. Ауылға жақын қыр беткейiнен өрiстеп бара жатқан қалың қойды көрдiм. Соңында атқа мiнген бiреу жүр. Арабтар секiлдi басына етектi ақ орамал байлап, үстiнен қалпақ киген.
– Мынау кiмнiң малы? – дедiм жанымдағы жiгiтке.
– Әуелхан байдiкi.
– Ол кiсi бұрын жүргiзушi едi ғой.
– Қазiр дүрдей фермер. Жекешелендiру науқаны басталған кезде, өзiне тиесiлi елу қой алған болатын. Ендi, мiне, соны мыңнан асырып отыр. Мал баққанға бiтедi емес пе?!
Ертеңiне Мейiрхан iнiм екеумiз үй артындағы қырқаға шығып, ауыл көрiнiсiне көз жiберiп тұрғанбыз. Бiр кезде күре жолмен бiр қара түстi "Джип" ағызып өте шықты.
– Ауылдағылар да осындай қымбат көлiктi мiне бастаған ба?
– Иә, әзiрге жалғыз "Джип" қана.
– Сонда бұл кiмдiкi?
– Әуелхан байдың көлiгi. Кеше Шымкентте шаруам бар деп едi.
Ойыма сол бiр жылдардың хикаялары түстi.
Көлбай Адырбекұлы