КЕЗДЕСУ

КЕЗДЕСУ

КЕЗДЕСУ
ашық дереккөзі

Соңғы күндерi ашық болған Алматының аспаны таңертеңнен берi қобалжыған көңiл-күйiмдей түнерiп тұрып алды. Осыдан екi апта бұрын жиырма жыл бұрын бiрге оқыған курстастар жиналып, 18-маусымда кездесуге уағдаласып, оны қалай өткiзетiнiмiздi талқылағанымызда iшiмнен қатты толқып едiм. Қалай толқымайсың? Толқымайтын, толқытпайтын сәт пе, бұл…

Студенттiк шақ адамның өмiрiнде екiншi рет қайталанбайтын дариға-дәурен ғой, шiркiн! Нұрлы шуақ сыйлаған сол жылдардағы достарыңмен кездесiп, "махаббат қызық мол жылдарды" еске алғаннан артық ғанибеттiң жоқ екенiн шын жүрегiммен сезiнгендеймiн. Әдеттегiдей ерте тұрып, университеттiң алдына белгiленген уақыттан бiр сағат бұрын келдiм. Уақыт өткiзу үшiн сол маңдағы саябақта сүт пiсiрiм уақыттай серуендедiм. Бiр әдемi самал жел есiп, гүлдердiң хош иiсi келедi. Жанымды бiр сағыныш сезiмi кернейдi. Мiне, студенттiк өмiрдiң талай қызығын бiрге өткiзген достарым да жинала бастады. Құшақтасып, мәз-мәйрам болып жатырмыз. Алдымен Мұхтар Бөпетаев пен Мартбек Тоқмырзаны еске алып, аруақтарына тағзым етiп, мешiтке барып, құран оқыттық. Қайтесiң, бiреуi қырыққа да толмай, ал екiншiсi қырықтың қырқасынан асқанда қыршыннан қиылды. Мұхтар да, Мартбек те әрi сымбатты, әрi серi, сегiз қырлы, бiр сырлы жiгiттер едi. Мұхтармен талай би кештерiне бiрге барған кездерiмдi еш ұмыта алмаймын. Мұхтар билегенде дүниенiң бәрiн ұмытып, ерекше құлпырып, жүзi бал-бұл жайнап кететiн. Сол кезде елiктiң лағындай ойнақтаған, сұлу қыздардың ауыздары ашылып, көздерiн одан айырмай қарап қалғанын талай көргенмiн. Ол домбырамен ән салғанда әдемi қоңыр даусы бiраз уақыт бойы аспанда қалықтап тұрып алып, құлағыңнан кетпей қоятын. Ал Мартбек өте әзiлқой, жүрген жерiнiң бәрiн қыран-топан күлкiге батырып жүретiн қалжыңбас жiгiт едi. Ол да домбыраны жақсы тартатын. Марқұмның сатиралық шығармалары мерзiмдi басылымдарда жиi жарияланып тұрды. Бiрақ Мартбек сол сатиралық шығармаларын жинақ қылып шығаруға онша асықпады. Дүниеден өтерiнiң алдында ғана "Жымиясың сен неге?" атты пышақтың қырындай кiтабын оқырманға тарту еттi. Мешiтке кiрiп, құран оқытып шыққан соң Қадыржан Забих екеумiз жеңiл көлiкпен университетке оқуға түскенде кураторымыз болған ұстазымыз, профессор Әбiлфайыз Ыдырысовтың үйiне қарай тарттық. Алматының аспаны әлi де бiздiң көңiл-күйiмiздей бiресе ашылып, бiресе түнерiп, толқып тұр. Жеңiл көлiктiң терезесiнен далаға қарап, сан-алуан ойдың теңiзiне шомып келемiн. Есiме менi өзiнiң "Журналистiк шеберлiк жане әдеби өңдеу" кафедрасына тартып, әкелiк қамқорлығын аямаған ұстазым, профессор Тауман Амандосов түстi. Ең алғаш аудиторияға таяғын тықылдатып кiрiп келгенде, бiз ол кiсiнiң түрiне қарап, қатал адам шығар деп ойлағанбыз. Онымыз құр әншейiн, алдамшы сезiм болып шықты. Тауман ағамыз әңгiме немесе өлең жазатын жiгiттердi еш қинамай-ақ, сабақты бiлмей тұрса да "зачет" қойып бере салатын. Ал Әбiлфайыз ұстазымдай алтын адамды жер шарын жүз айналып шықсаң да таба алмайтын шығарсың. Әбекеңнiң студенттермен қоян-қолтық араласып кеткенi соншама, тiптi Жұмабай Құлиев секiлдi жiгiттер, кейде тiптi ағайымыздың ұстаз екенiн ұмытып кетiп, құрдасындай қалжыңдасатын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ұлттық намысымызды оятқан кезең болды. Алаңда жастар аяусыз соққыға жығылып жатқан сол күндерi Әбiлфайыз ағамыз бәрiмiздi жеке-жеке шақырып алып: "Ақымақ болып, алаңға барушы болмаңдар. Ертең онда барғандардың бәрi аяусыз жазаланады. 37-жылғы қуғын-сүргiн қазақтың талай арыстарының басын жалмап едi. Ендi сол нәубет қайталанып, сендер де бiр пәлеге ұшырасаңдар, қазақ халқы тағы да сорлап қалады", — деп бiздiң қамымызды ойлап, балапандарын қорғаған торғайдай шырылдап едi. Ұлтымыздың намысы тапталып жатқанда, "бұл кiсi бiздi неге алаңға жiбергiсi келмейдi?" деп ойлап, ұстазымызға өкпелегендей кейiп танытқан едiк. Сөйтсек, бiздiкi — балалық, ұстазымыздыкi — көрегендiк екен. Ұстазымыз тұратын үйге жеткенiмiзде күн бесiнге таяп қалды. Кәрiлiк Әбiлфайыз ағамыздың да мойнына мiнiп, шын жеңе бастапты. Бұрынғыдай емес, Әбекең таяғына сүйенiп, аяғын әрең-әрең басады. Бiрақ соған қарамастан бiздiң келгенiмiзге жас баладай қуанып, мәз-мәйрам болды. Ұстазымызды ортамызға алып, жүрегiмiз лүпiлдеп, университетке де жеттiк-ау! Журналистика факультетiнiң екi жүз алтыншы аудиториясында талай жыл қамқоршы болған ұстаздарымыз Әбiлфайыз Ыдырысов, Ләтипа Нұрғалиева, жазушы Мамытбек Қалдыбаев және журналистика факультетiнiң деканы Ғалия Ыбраевамен кездесу өткiздiк. Әбекең шәкiрттерiнiң баспасөз бетiнде жылт еткен дүниелерiнiң бәрiн қалт жiбермей оқып, қадағалап отырады екен. Ләтипа апайымыз бен Мамытбек ағамыздың тағылымды әңгiмелерi жүрегiмiздi елжiретiп жiбердi. Журналистика факультетiнiң деканы Ғалия Ыбраева өте iлипатты, жаны жұмсақ жан екен. Кездесудiң соңына дейiн бiзбен бiрге болып, университеттiң бүгiнгi жетiстiктерi, атқарылып жатқан қыруар жұмыстар туралы әңгiмелеп бердi. Кездесу соңында ұстаздарымызға сый-сияпат көрсетiп, Әбiлфайыз Ыдырысов ағамыздың арқасына әдемi оқалы шапан жаптық. Бұл әдемi оқалы шапанды Маңғыстау облыстық мәдениет департаментiнiң директоры, курстасымыз Майра Ғұмарова — сонау Ақтаудан арнайы тiктiртiп әкелген. Бәрiмiз де iшiмiзден талмай шапқылап, осы шараны ұйымдастырып жүрген курстастарымыз Қадыржан Забих, Қалдархан Қамбаров, Әдiлбек Ыбырайымұлы, Мұрат Нұғманов секiлдi жiгiттерге дән ризамыз. Немiстiң ұлы жазушысы Эрих Мария Ремарк: "Адам бiр-бiрiне бiр тамшы жылылықтан артық ештеңе сыйлай алмайды" деген екен. Расында да курстастармен жиырма жылдан соң кездесу бәрiмiздiң жүрегiмiзге бiр-бiр тамшы жылылық сыйлағандай едi. Бiздiң бәрiмiз де бiр-бiрiмiздi қатты сағынып қалғанымызды түсiндiк. Жиырма жыл расында да аз уақыт емес екен. Көздi ашып-жұмғанша өте шыққан жиырма жылдың iшiнде азаматтарымыз бен қыздарымыз биiк белестерге көтерiлiп, әртүрлi жетiстiктерге қол жеткiзiптi. Айталық, Әдiлбек Ыбырайымұлы — бiрнеше кiтап жазған қарымды қаламгер, Президент әкiмшiлiгiнде iшкi саясат бөлiмiнiң бас маманы. КТК телеарнасында ел алғысына бөленген талай тартымды хабарларды ұйымдастырып, таяуда ғана "Известия-Казахстан" газетiнiң Бас директоры қызметiне тағайындалған Қадыржан Забих бизнес пен билiктiң жүгiн қатар көтерiп жүр. Студенттiк жылдарда қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын Қадыржанның курстың комсомол ұйымы хатшысынан басталған жолы шырқау шыңдарға көтерiлетiндiгiне бiз сенемiз. Ал Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшiн оқудан шығарылып, талай зобалаңды басынан кешiрген Аманғазы Кәрiпжанәулетiн бiлмейтiндер некен-саяқ, түсiндiрiп жатуды артық санаймын. Зере Хамитова Үкiметте жауапты қызмет атқарса, Жұмабай Құлиев, Айгүл Уәйiсова, Әбдез Иманқұлов, Құлтас Достан, Шоқан Шөжеев, Нұргүл Сәлiмбаева, Гүлмира Сейiтбек, Гүлшат Хамитовалар ақпарат айдынында жүр. Анар Iлиясова кәсiпкерлiктiң көрiгiн қыздырған жан, ал Риза Әлмұханова болашақ ғылым докторы. "Айқын" газетiнiң тiлшiсi Гүлбаршын Айтжанбайды да бiлмейтiн қазақ аз. Студент кезде-ақ кез келген құбылыстың себеп-салдарына үңiлiп жүретiн Қалдархан Қамбаров жылнама ауылының белдi маманына айналып, сырт көзге Ерлiк Құсманов iшкi iстер саласында 20 жыл жұмыс iстеп, зейнет жасына шықты. Кезiнде түске дейiн Пушкин атындағы кiтапханаға ат шалдырып, түстен кейiн "Алатау" пойызымен Шымкентке аттанатын Қайрат Сақ бүгiнде Еуразия университетiнiң оқытушысы, Бақыт Әсембаева ҚазҰУ журналистика факультетi деканының орынбасары дәрежесiне көтерiлдi. Қысқасы Қайрат та, Бақыт та 1990 жылғы түлектердiң университетке тастап кеткен "десанттары". Ал курстың Нұры мен Сәулесiне баланған Нұрсәуле Әлтекованы өмiр ағысы салық саласына жетелептi. "Журфак–90"-ның аманатын алыс аймақтарға алып кеткендердiң арасынан Майра Ғұмар мен Табылды Досым туралы айтпай кету мүмкiн емес. Майра Ғұмар Маңғыстау облыстық мәдениет департаментiнiң директоры болса, Табыл айтулы әншi, сазгерге айналды. Табылды Досым жүрекке жағымды қоңыр үнiмен 1990 жылдардағы түлектердi тербеттi, олар тұрмақ сол түлектерден туған, бұл күнде жасы 20-25 жасты иектеп қалған жiгiттер мен қыздардың да оның әнiне бей-жай қарай алмайтындары ақиқат. Майра 25-қыркүйек күнi Ақтауына шақырып, "жол шығыны өзiмнен, тек төбе көрсетiп келсеңдер мен ризамын" дегендi де ұмытпады. Кешегi Желтоқсан оқиғасында шырылдап алаңға шығып, КГБ-ның спутниктен түсiрген фото-тырнағына iлiнiп қалғанымен Әбiлфайыз ағамыздың қамқорлығымен оқудан шеттетiлуден аман қалған Әуес Орал қалалық радиосында журналист болса, тұлға-бiтiмi бәйбiше болуға лайықты Гүлнар Исмурзина – 4 баланың анасы, ұстаз. Қысқасы, курстастар арасында нарықтың дауылына төтеп бере алмай, шетке шығып қалғандары жоқ. Курстастармен өткен кездесуден соң түннiң бiр уағында үйге келдiм. Жиырма жыл күткен сағыныш жанымды тебiрентiп, жүрегiмдi қимастық сезiмi шымшылап, ұзақ уақыт ұйықтай алмадым. Балконға шығып аспандағы жұлдыздарға қарадым. Шiркiн-ай, сол студенттiк жылдар қайтып оралса ғой, қайтып оралса…
Амангелдi Кеңшiлiкұлы