ҰЗАҚ ТАРИХТЫҢ ҚЫСҚАША САБАҒЫ

ҰЗАҚ ТАРИХТЫҢ ҚЫСҚАША САБАҒЫ

ҰЗАҚ ТАРИХТЫҢ ҚЫСҚАША САБАҒЫ
ашық дереккөзі
144

Дiнтанушы ғалым Дархан Қыдырәлiнiң "Атымды адам қойған соң…" атты кiтабы хақында

Бұл кiтап, көлемi шағын болғанымен, бөрiкпен ұрып алуға болмайтын, сапалы да салмақты пiкiрлер түйiлген, тың деректер бар дүние екен.

Әрине, бұлай дегенде автор жоқты жонып жасады деген ұғым тумаса керек. Бiздiң айтпағымыз — бар материалдан өзгеше әсем мүсiн жасайтын шеберлер сияқты, бұрыннан бар деректердiң қатпарларында жатқан, екiнiң бiрi байқай бермейтiн елеусiз жәйттердiң құпиясына назар аударуында. Айталық, талай халық, iшiнде өзiмiз де бар, сонау Карл Маркс заманынан берi қарай: "Дiн — апиын" дегенге сенiп келдiк. Кейiн оны: "Дiн — апиын, дiн — дұшпан" деп жетiлдiрдiк. Бұл идеяның әсiре бел алуы — Кеңестiк дәуiрдi қамтиды. Мiне, Кеңес үкiметi осы идеяны кедергiсiз жүзеге асыру үшiн, әуелi халықтың көзi ашық, көкiрегi ояу зиялы тобын түгелiмен жойып, тобырын томпылдатып жұмысқа салды. "Мырқымбайларын" аузына қаратты. "Мырқымбайлардың" кiмдер екенiн халқына күлкiге орап түсiндiрмекшi болған Бейiмбет және оның ниеттестерiн ертерек үйiр-үйiрмен ана дүниеге аттандырып жiбердi.

Мiне, сөйтiп, халқымыз есiн жия бастаған кезде қарасақ, дiн – адамзатты мәңгiлiкке жетелеп келе жатқан қастерлi ұғым екен. Бұл туралы Д.Қыдырәлi өз ойын: "Дiн — адамзат тарихымен бiрге сыңарлас жасап келе жатқан, өлмейтiн қастерлi де қасиеттi ұғым, бүкiл әлемге ортақ құндылық. Адам-ата алейһиссаламнан бастау алатын алғашқы адамдардың бойында да сана мен сезiм, махаббат пен мейiрiм, ар-намыс пен ұждан және мәңгiлiк iзгi қасиеттер сияқты дiнге, құдыретке, жаратушыға деген жоғары сенiм болған", — дей келiп, автор Африканың Натал аймағында жүргiзiлген зерттуiнде бұрын өмiр сүрген ежелгi адамдардың да дiни наным-сенiмдерi болғанын дәлелдегенi туралы жазады. Осы дерегiн ежелгi заман тарихшысы Плутархтың: "Жер-жаһанды кезiп, шарласаңыз — қорған-қаласыз, әдебиетсiз, өнерсiз, заңсыз, жүйесiз, қазына-байлықсыз бiрде-бiр ел көре алмайсыз", — деген пiкiрiмен толықтырады. Сөйтiп, дiндi адам санасының қауқарсыз кезеңдегi табиғат құбылыстарына табынған соқыр сенiмiнiң нәтижесi немесе ақылды адамдардың қарапайым халықты оңай басқару үшiн ойлап тапқан амалы деушiлердiң пiкiрлерiн жоққа шығарады. Содан соң оны немiс ойшылы Шеллингтiң: "Адамзат әуелде бiр болған және жалғыз Жаратушыға иман келтiрген. Байырғы дiн кейiн жұлдыздай шашылып, құрақтай бөлiнiп кеткен", — деген сөзi мен атақты антрополог-ғалым Шмидттiң: "Барлық дiндер әуел бастағы тек тәңiрлi дiннен өрбiген", — деген пiкiрi Құранның баянынан алшақ жатқан жоқ. Ендеше, ақиқат жалғыз — дiн мен дiннiң иесi Алла да жалғыз", — деген қорытындыға автор берiк табан тiрейдi.

Құран Кәрiмде де, Алла Тағаланың соңғы елшiсi Мұхаммед-Мұстафа алейһиссаламды да тек қана мұсылман болғандарға меншiктей салу — бiздiң дiни уағызымыздың негiзi болып келе жатқаны шындық. Ал осындай көзқарастағы мұсылмандарға автор ұтымды дәлелдер мен дұрыс көзқарас ұсынған. Оқып көрелiк: "Құранда ислам дiнiнiң бүкiл әлемге ортақ құндылық екенi айтылады. Өйткенi ислам — бiр ұлтқа немесе тек мұсылмандарға ғана жiберiлген дiн емес. Сондықтан Құран Кәрiмде қаратпа сөздер: "ей, арабтар" немесе "ей, бәдәуллер" деп айтылмайды, "ей, адам ұрпақтары", "ей, адамзат баласы" және "ей, мүмiндер" деп жалпыға ортақ атаулар ретiнде қолданылады. Бұл — қасиеттi кiтаптың бүкiл адамзатқа, тiптi, бүкiл жаратылысқа Алланың жолдауы екенiн көрсетсе керек", — дегендерi де дәлелдi.

Бiз, әлхамидүлла мұсылманбыз. Бiрақ мұсылман елдерiнiң, мұсылмандықтың тегiн, тарихын таза, жетiк бiлемiз деп айта алмаймыз. Соның салдарынан, көп жағдайда, дiнаралық байланысқа сыңаржақ қарайтын түсiнiк басым. Мiне, осы жайға автор тарихи деректермен дәлелдей отырып, ақылға қонымды түсiнiк бередi. Дiннiң күллi адамзатты бауырластыратын қуатын ашады. Бұл — Елбасымыздың ұлтаралық, дiнаралық келiсiм саясатының, бейбiтшiлiктiң кепiлi бола алатындығының бiр дәлелi. Ендеше, күн сайын, бiр ұлт, бiр дiндегi, тұтас бiр мемлекеттiң (халықтың) өзара қырқысып, қан төгiсiп жатқанын көрiп отырған жоқпыз ба!?. Олай болса, алауыздықтың, жанжалдың, қан төгiстiң басты себебi – тақ таласы, бақ таласы, жеке мүдделер арасындағы қақтығыс. Ал, қара халық ежелден осындай оқиғалардың құрбаны. Автор мұндай идеяларға оқырмандарын қалыңдығы қарыс-қарыс кiтап жазбай-ақ, шағын-шағын, қысқа да нұсқамаларымен жетелей алған. Демек, түсiне бiлгенге бұл да заман талабы, Абай үлгiсi. Сондықтан да автор өз ойын әр тұста Абай сөзiмен бекiтiп, бел алып отырады. Мұнысын құптаймыз. Олайы, дiннiң өзi ақылға тұрақтайды. Содан да болар, атам қазақта: "Шынымен момын адам — Құдайдың құлы Мұхаммедтiң үмбетi емес", — деген тәмсiл бар.

Ұлы Жаратушының 99 аты бар делiнедi рауаяттарда. Алла, Тәңiр, Құдай… Бұл үш атау қазақ ұғымында бiр-ақ сөз. Ендеше автордың: "Дiн — тұтас жүйе, өмiр салты. Дiн болуы үшiн тумаған, тудырмаған, теңдессiз, тек Тәңiрге деген сенiм болуы керек Жаратқанның әмiрiне, пайғамбарларға, перiштелерге, ақырет күнiне, о дүниеге тағдырға иланып, иман келтiру керек", — дегенi ислам дiнiнiң негiзi, табантасы. Әлдекiмдер айтып жүргендей, бiздiң халық Тәңiрдi Құдайдан (Алладан) бөлiп қарамайды. Автор да осы ойымызды құптайтын бiрнеше дәлелдердi келтiре отырып талдай келiп: "Бiздiң түсiнiгiмiзше, ақырғы Пайғамбар Хазiретi Мұхаммед алейһиссалам арқылы Құран түскеннен кейiн уахи аяқталды, кемелiне келiп, дiн тәмамдалды. Осылайша тек Тәңiрге сенудi уағыздаған ханифтiк дiндер де өздерiнiң миссиясын аяқтады. Мұсылман үмбеттерiнде бiз осылай ойлап, осылай сенемiз", — деп түйедi. Бұл, әрине, дiн тарихын нәзiк зерттеушiлердiң бiлiмге сүйенген пiкiрi. Халық ұғымында Тәңiр мен Құдай бiр сөз.

Дiн жөнiндегi негiзгi ойларын осылайша бiр түйiп тастаған автор: "Ақыл мен жүрек үндестiгi", "Дiн және қоғам", "Мұсылман тұлғасы", "Сопылық және оның қайнар көздерi", туралы жеке-жеке арнайы тоқталып, көкейге қонымды, сауатты талдаулар жасайды. Олай болса, бұл кiтап бүгiнгi таңда бiздiң оқырмандарымызға осы жағымен де құнды.

Сөз орайы келгенде айта кетейiк, халқымыздың салт-дәстүрi мен дiннiң мидай араласып кеткенi рас. Десек те, Д.Қыдырәлi мырза атап көрсетiп, астын сызып жазғанындай-ақ, қаралы үйге аста-төк дастарқан жайғызып, жыртыс жыртып, тәбәрiк тараттырудың ислам дiнiнде жоқ, артық дәстүр екенi даусыз. Бiрақ мұны қарсы шығып, тоқтатуға дәрменсiзбiз.

Мiне, осылайша автор дiн мен салт-дәстүрдiң арасындағы ұқсастық пен алшақтарды салыстыра отырып, ақылға қонымдыларын қуаттап, қонымсыздарына жұқалап қана емеуiрiн танытып отырады. Бiздiңше, пiкiрiн жұғымды етiп сiңiрудiң бұл да бiр тәсiлi болса керек. Теледидардан уағыз айтқыш кейбiр молдаларымыздың құлағына алтын сырға, дiндi осылайша жұмсақ, иланымды тәсiлдермен насихаттаса, сiңiмдi болатын сияқты. Әрине, оған: дiндi, тарихты, ескiнi, жаңаны (бiз сөз етiп отырған авторымыз секiлдi) көп бiлетiн молдалардың ғана қол жеткiзе алатыны ақиқат. Олайы, жұмсақ, жеңiл тәсiл адамдарды дiннен үркiтпейдi.

Тамыры бiр, тағдырлары басқа түркi халықтары (мемлекеттерi) Азиядан Еуропаға дейiн: "Якутия, Татарстан, Башқұртстан, Шығыс Түркiстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрiкменстан, Әзiрбайжан, Түркия, жарты әлемдi алып жатыр. Солардың iшiнде қала-даласының, жер-суының атына еш өзгерiс енгiзбей, тарихи атауын сақтаған ел — Түркия екен. Мәселен, Стамбұл, Анкара, Измир, Кония, Бурса, Кайсери, т.б. Кеңестiк кезеңде осылайша қала мен даланың, тарихи орындардың, тарихи атауларын бiршама сақтап қалған республика — Өзбекстан ғана. Бұл жайды өте-мөте миластырып алған бiз, Қазақстан. Оның зардабы әлi жойылған жоқ.

Дiннен ажырағанның салдары төл тiлiмiзге де аз болмағаны белгiлi. Бұған көп жағдайда халқымыздың сөйлеу тiлiне салақтығы да кiнәлi сияқты. Мәселен, көбiмiз қуанғанда "Алақай"" — деп қол соғамыз. Түп-төркiнi ненi бiлдiретiнiн бейхабармыз. Бақсақ, ол "Алла-хай" екен. Бiздiң "Иә, пiрiм" дегендi де "опырмай", "әупiрiм" деп неше құбылтып пайдаланатынымыз анық. Бiрақ екеуi де формасын сәл өзгертiп, төл сөзiмiзге айналып кеткенi мәлiм. Ендеше, бұдан дiн мен салт-дәстүрiмiздiң, оны бейнелейтiн тiлiмiздiң де қайнасып, кiрiгiп кеткенiн көруге болады. Олай болса, автор тұжырымдағандай, бiз, қазақтардың да ежелден (жаратылысынан) мұсылман екенiне көз жеткiзуiмiзге болады. Бұл жай кiтапта қысқа-қысқа баяндалғанымен, егер өз ұлтымызды бөлiп айтар болсақ, Адам атадан Абайға мұсылмандықтан қол үзбегенiн көремiз. Оны айтасыз, бiздiң халық қызыл империяның атеистiк тәрбиесi бар күшiне енген кезде де ата-бабасы сенген қасиеттi ислам дiнiнен ажыраған емес…

Кiтапта дiн ғана емес, ел мен жердiң тарихы туралы да тұщымды пiкiр, орнықты ойлар бар. Ол бүгiнде бiздiң халық үшiн өте маңызды. Олайы, талай ғасырға созылған бодандықтың салдарынан: жер-су, қала-дала атауларынан ажырап, хан, әулие-әнбияларымыздың аты-жөндерiн ұмытып, төл тарихымыздан ажырап, бәрi бұлдыр сағымға айналып бара жатқан шақта, олардың ұшығын ұстап қалу да оңай шаруа емес. Бүгiн де бiздiң төл тарихымыз сондай күй кешiп отыр. Ендеше, осындай жағдайда, төл тарихымызға келiп қосылған әрбiр тарихи дерек (деталь) олжа. Оқырман ретiндегi өзiмнiң жеке топшылауымша: "Атымды адам қойған соң…" аталатын Д.Қыдырәлiнiң кiтабы көлемi жағынан шағын болса да осындай олжаларға бай. Кiтаптың қай бетiн ашсаң да бүгiнгi ұрпақ бiлуге тиiс дәйектi деректерге жолығасың. Және олары кiтаптан кiтапқа көшiп жүрген, әбден сарықайрақ болған деректер емес, басым көпшiлiгi тың. Мысал үшiн ежелгi Жiбек жолы бойындағы Тараз бастаған қалалар тарихы туралы, кейбiр мысалдарды келтiрсек те жеткiлiктi деп ойлаймын.

Аңыз барда, дерек бар. Кейде бұрмаланған деректен гөрi, бұзбай айтылған аңыз шындыққа бiр табан жақын болады. Олайы, аңыздың өзi шындықтан туындайды ғой. Демек, шындық — аңыздың анасы. Ендеше, тапқан анасы бар аңызды ешкiм шындық емес дей алмаса керек.

Десек те, халық ауызында бiр мәселе туралы бiрнеше түрлi аңыз айтылуы мүмкiн. Мәселен, автор бүгiнгi Тараздың бiр кезде Әулиеата аталу себебiн анықтауға едәуiр күш жұмсайды. Қарахан баба (47), Мансұр Арслан Илiг (48), Құлбек әулие (50), Тектұрмас әулие (51), Сұлтан Уәйiс (53), Сұлтан Уәйiстiң мазары 40 шақырым шығысында. Туралы аңыздарды салыстырады. Сөйте келiп, Қарақан мемлекетiнiң астанасы Баласағұн тарихын зерттеп жүрген профессор У.Шалекеновтың пiкiрiн есiне алып: "Баласағұн тауы" деп аталған тау кейiнiрек Құдайдың құлы Құлбек әулиенiң құрметiне "Әулиетау" аталып кеткен. Бәлкiм, Әулиетау мен Әулиеата арасында бiз бiлмейтiн бiр байланыс бар ма екен!", — деген пiкiрiн де еске алады. Бiрақ автор қарсы да шықпайды, дұрыс деп құптамады да. Алайда, Қарахан баба мен Айша бибi туралы ғасырдан ғасырға үзiлмей келе жатқан.: "Қарахан мемлекетi тұсынан қалған асқақ сәулет туындысы — Айша бибi кесенесi әйелге арналған әлемдегi алғашқы кесенелердiң бiрi. Анаға арналған бұл кесененiң бүгiнгi қазақ даласында бой көтеруi — мұсылман дiнiн берiк ұстанып, иман келтiрiп, Құран мен хадиске қалтқысыз сенген бабаларымыздың "Жұмақ — әйелдiң табанының астында" деген Пайғамбар сөзiн терең түсiнiп, ұғынғаны да болар, сiрә", — деп меңзегенi сияқты. Шынында да өз көңiлiм осыған иланады.

Бұл кiтап осылайша орнықты пiкiрлер мен деректердi салыстыра отырып, желiсiн үзiп алмастан, оқырмандарын бүгiнге дейiн жетелеп келедi. Ашығырақ айтқанда, жәдитшiлдiктен бастап, Түркiстан автономиясы және Мұстафа Шоқайдан батыр Бауыржанға дейiнгi ұлылы-кiшiлi тұлғаларды еске алып отырып, өзiнiң азаматтық ой-пiкiрлерiн ортаға салады.

Түйiп айтқанда, автор дiн мен ұлт мәселесiн және оның тарихын байланыстыра отырып ой қозғайды. Әрине, бұл ұланғайыр дүние. Ендеше, бәрiн тындырып тастады деген пiкiрден аулақпын. Бiрақ ұзақ тарихтан қысқаша сабақ ұсынып отырғаны анық.

Нұрқасым ҚАЗЫБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары