АСТАНАҒА КӨРIК БЕРГЕН «ХАН ШАТЫР»

АСТАНАҒА КӨРIК БЕРГЕН «ХАН ШАТЫР»

АСТАНАҒА КӨРIК БЕРГЕН «ХАН ШАТЫР»
ашық дереккөзі

Астанада "Хан Шатыры" ашылды. "Хан Шатыр" сауда-ойын-сауық орталығы Астана күнi мерекесiнiң iс-шаралары аясында салтанатты түрде тұсауын кестi.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президентi Дмитрий Медведев, Түрiк Республикасының Президентi Абдулла Гүл, Украина Президентi Виктор Янукович, Тәжiкстан Республикасының Президентi Эмомали Рахмон, Армения Президентi Серж Саргсян қатысып, қазақстандық және шетелдiк өнер шеберлерiнiң концертiн тамашалады. Астананың көркiне көрiк қосқан "Хан Шатырының" ашылу салтанаты шалқыған "Сарыарқамен" ашылды. Күмбiрлеген күй құдiретiнен соң, мәртебелi меймандар мен көрермендер театрландырылған "Көшпелiлер" қойылымын көрiп, тәнтi болды. Атынан көрiнiп тұрғанындай, "Көшпелiлер" өткен күннiң елесiн көз алдымызға келтiрiп, ата-бабаларымыздың тұрмыс-салтынан хабардар еткен қойылым болды. Салтанатты рәсiмге жиналған қауым Махамбеттiң "Егеулi найза қолға алмай" өлеңiнен үзiндi тыңдап, құлақ құрышын қандырған "Жорығына" елтiдi. Елордаға сән берген биiктiгi 150 метрлiк әсем ғимарат көшпелi халықтың қолымен тұрғызылған хан шатырларының жиынтығы iспеттес. Аталмыш орталықтың сәулет-құрылысының өзiнде ерекшелiк жатыр. Оның iшкi жағы көздiң жауын алатын бiрнеше табиғи ландшафтпен өрнектелiп, әсем безендiрiлген. Ғимараттың әрбiр қабатында мейрамханалар мен дәмханалар жұмыс iстейдi. Бұл мейрамханаларда дүниежүзi асханаларында сынақтан өткен тәжiрибелi мамандар қызмет атқарады. Ғимараттың алтыншы қабатына жүзу бассейнi, аквапарк және әмбебап жабық жағажай орын тепкен. Сонымен бiрге, бұл орталыққа келген қонақтардың құс жолы биiктiгi арқылы Астананың көрiктi жерлерiн тамашалауына мүмкiндiгi бар. Шағын гольф алаңы, шағын көл, ботаникалық саябақ, жабық жағажай, сән орталықтары мен косметикалық салондар, концерт залдары, сауда орталықтары, бес жұлдызды отелi де бар. "Хан Шатырдың" астыңғы қабатында 700 орынды автотұрақ, бұдан бөлек, орталықтың iшi-сыртында 1400 автокөлiкке арналған автотұрақ қызмет көрсетедi.Одан өзге, "Multiplex" кинотеатрын да қосыңыз. Мұнда 450 көрермен әлемнiң үздiк режиссерлерiнiң туындыларын тамашалай алады. "Хан Шатырдың" салтанатты ашылу рәсiмiнiң тағы бiр ерекшелiгi, әлемге танымал әншi Андреа Бочеллидiң ән салуы болды. Бочеллидiң кең үнiне елтiген астаналықтар мен қала қонақтары әншiнiң орындауындағы әлемге танымал әндердi тыңдады. Ашылу салтанатында есте қалатын тағы бiр нәрсе, "Хан Шатырдың" күмбезiнен құлдилаған "Алтын адамның" күмбездiң алауын тұтатуы едi. Әсем түрге бөленген ғаламат от шашу астаналықтардың жадында мәңгi сақталатын болды.

Гүлзина Бектасова