МЕТРО ҚАШАН ҚОЛДАНЫСҚА БЕРIЛЕДI?

МЕТРО ҚАШАН ҚОЛДАНЫСҚА БЕРIЛЕДI?

МЕТРО ҚАШАН ҚОЛДАНЫСҚА БЕРIЛЕДI?
ашық дереккөзі
459

Отыз жылға созылған озан

Алматы метросының салынатыны туралы алғашқы хабар естiлгенде қуанышы қойнына сыймаған жұртшылық осынау маңызды нысанның тез салынып бiтетiнiне еш күдiксiз сенген. Содан берi тура отыз жыл өтiптi…

1980 жыл. Алматы қаласы 1,2 миллион халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан мәдени орталық. Қазақстанның оңтүстiк-шығыс бөлiгiнде орналасқан астанада 2010 жылы 1,46 миллион тұрғылықты халық болады деп болжануда. Тап осы жылы қаладағы транспорттық қызмет көрсету мен экологиялық ахуалды сақтап қалу үшiн Үкiмет метрополитен жобасы мен құрылысы туралы қаулы қабылдады.

1981 жыл. Мәскеулiк "Метрогиптранс" институты техникалық-экономикалық негiзiн жасады. Бұл кездегi жоба бойынша 8 бекет 8 шақырымдық аумаққа созылатын болды: Райымбек, Жiбек жолы, Алмалы, Жетiсу, Республика алаңы, Байқоңыр, Тұлпар және Алатау.

1988 жыл. Бекiтiлген жоспар бойынша 7 қыркүйекте метрополитеннiң бiрiншi кезектегi құрылысы басталды. Осы жылдар аралығында дайындық жұмыстары сәттi жүргiзiлдi. Атап айтар болсақ, тұрғын үйлердi алып, халықты қаланың басқа бөлiгiне көшiру, айналып өту жолдарын салу және т.б. Құрылыс барысында орталықтан 4,7 шақырымдық тоннель, 120 метрлiк екi қиғаш эскалатор салынды.

1989 жыл. Жедел қолға алынған құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары, титулды тiзiм мен материалды-техникалық қамтамасыз ету құжаттары болған жоқ. Тек осы жылдың соңына қарай Республиканың Министрлер Кеңесi құрылысты заңдастырды, бiрақ көп уақыт жоғалтып алды.

1994 жыл. Үкiметтiң қабылдаған қаулысына сәйкес метрополитеннiң бiрiншi желiсi 1997 жылы қолданысқа берiлуге тиiс болатын. Бiрақ 1994 жылдан бастап метро құрылысын қаржыландырып отырған үкiмет қазынасының инвестициясы (15-20 пайызға) азая бердi, метроның ашылу мерзiмi кейiнге қалдырыла бердi.

1995 жыл. Қаржы тарту мақсатымен бұл жобаны ары қарай жүргiзу үшiн шетелдiк тәжiрибелi институттарды тарту алға қойылды. Осылайша технико-экономикалық негiзi мен несиелiк қаржыландыруды қолға алатын канадалық инжинеринг СНС Лавалин ИнтернэшнлИНК компаниясы метро құрылысына кiрiстi. Бұл компания 8,3 шақырымдық 7 бекеттен тұратын өз жобасын ұсынды. Сондай-ақ, автобуспен жеткiзу жүйесiн қамтитын Алатау, Ақсай және Сайран бекеттерiн қосатын екiншi кезектегi линия пайда болды. Құрылысты аяқтау үшiн 48 ай белгiлендi. Әгәрәки, құрылыс уақытында iске асса, 1999 жылы метроға мiнуiмiз мүмкiн болар ма едi? Бiрақ инвестиция тартуда қиындықтар шығып, канадалық компания метроны бiтiруге құлық танытпады.

1997 жыл. Метро құрылысының баяу жүргенi соншалықты, 1993 жылы 1,3 шақырым тоннель салынса, 1997 жылы 100 метрге ғана қозғалған.

Бұдан кейiн метроны бiтiруге ел үкiметi өзi кiрiсе бастады, қаржы салуды мемлекеттiк қазына қайта мойнына алды.

Алматы қаласының бұрынғы әкiмi В.Храпунов "Бүгiнгi таңда 8,4 шақырымдық метро құрылысын аяқтау үшiн 2003-2005 жылдарға бағдарлама қабылданды. Бiрiншi бекет Райымбек және Фурманов көшелерiнiң қиылысынан, жетiншi бекет – Абай және Жароков көшелерiнде болады. Үкiмет тарапынан 5,2 миллиард теңге көлемiндегi қаржы қаралып отыр. Сонымен қатар 160 миллион доллар салатын шетелдiк инвесторлар тартуды мақсат етiп отырмыз. Сонда 4-5 жылдың жүзiнде метроны салып, бiрiншi линияны iске қосатын едiк. Американдық АСС компаниясы бiзге 40 шақырымдық монорельстi метро салуды ұсынып отыр. Бiрақ бұл құрылысты бастау үшiн Алматыда да, Мәскеуде де тиiстi құжаттар ретi қарастырылмаған".

– Үш жылдан соң Алматыда метро болады. Бұл тұрғысында ешкiмнiң күмәнi болмасын, – дедi Премьер-министр Даниал Ахметов 2006 жылдың 18 қаңтарында қос палата отырысында.

– Алматы метрополитенiнiң бiрiншi желiсiн 2006-2007 жылдары бiтiруге тиiспiз. Экономиканың өсуiне байланысты алдымыздағы үш жылдың iшiнде метроның сегiз жарым шақырымын аяқтауды мақсат еттiм. Мен жұмыс барысымен таныстым, техника жеткiлiктi, мамандар сақадай сай, дедi 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев метро құрылысымен танысу барысында.

– Алматы метросының 8,3 шақырымдық желiсi 2008 жылы қолданысқа берiледi. Бұған ендi күдiк келтiруге болмайды. Мен 2006 жылға арналған республикалық бюджеттен Алматыны қаржыландыру туралы ұсыныс жасадым. Метроға 2006 жылы 18 миллиард теңге бөлiнедi, тура сондай сома 2007 жылы да бөлiнбек, – дедi Иманғали Тасмағамбетов Алматы Қалақұрылыс кеңесiнде.

Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов метрополитеннiң бiрiншi желiсiнiң құрылысын тексеру барысында: "ҚР Президентiнiң 2003 жылғы 10 ақпандағы №1019 Жарлығына және Алматы қаласының 2003-2010 жылдарғы дамуының Мемлекеттiк Бағдарламасына сәйкес метро құрылысы стартегиялық маңызды нысан болып табылады. Елбасының тапсыруы бойынша метро 2010 жылы iске қосылуы тиiс".

– 2010 жылдың соңына дейiн метро iске қосылады. Қазiргi таңда екi бекет үшiн эскалатор алынып қойды. Ал метроның алматылық линиясына Хуйндай компаниясы арнайы вагондар әзiрлеуде. Райымбек бекетiнде отандық Асыл тас кенiнiң граниттерiмен әрлеу жұмыстары жүрiп жатыр, – Алматы қаласының әкiмi орынбасары В.Долженков.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi: – Бiрден бере алмаймыз, өйткенi бұл өте қымбат жоба. Сондықтан оны жыл сайын бiртiндеп берiп жатырмыз. Жоспар бойынша бұл жоба 2011-2012 жылдары аяқталуы тиiс.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары