ҚАҺАРМАН

ҚАҺАРМАН

ҚАҺАРМАН
ашық дереккөзі

Соғыстан бұрын Алматы қалалық комсомол комитетiнде қызмет атқарған және КСРО Жоғарығы Советiнiң депутаты болған Хаби Халиуллин хақында

Қаһарман шекарашы, жалынды комиссар Хаби Халиуллин Мәскеудегi әскери академияда Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Байдуков, қос ордендi Әбiлхайыр Баймолдин, қазақтың тұңғыш танкисi Ғали Әдiлбеков, қазақтың тұңғыш атты аскер полкiнiң командирi болған Балтабек Жетпiсбаев, тағы бiрқатар командир, комиссарларымен бiрге оқиды. Ол соғыстың алғашқы жылының өзiнде-ақ майданға аттанды. 1942 жылдың 28-мамырында Украина жерiнде ерлiкпен қаза тапты. Бүгiнде Украинаның Харьков облысындағы Петров ауданында қаһарман комиссардың еңселi ескерткiшi тұр. Онда: "Бұл жерде немiс-фашистерiмен күресте ерлiкпен қаза тапқан КСРО Жоғарғы Советiнiң депутаты, комиссар Хаби Халиуллин жатыр" деп жазылған. Хаби Халиуллин 1912 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнiбек ауданындағы Аққоба деген жерде туған. 1934 жылдың күзiнде Хаби қалалық комсомол комитетiнiң хатшысына келiп, өз еркiмен әскер қатарына баратынын бiлдiрдi. Оның бұл тiлегiн хатшы мақұлдайды. …Жалын атқан жас жiгiттер елiмiздiң Қытай, Ауғанстанмен шектескен оңтүстiгiнде күзетте тұрды. Хаби Халиуллин сақшылар бөлiмшесiнiң командирi және заставадағы комсомол ұйымының хатшысы болды. …1938 жылы Хаби Халиуллин КСРО Жоғарғы Советiнiң сайлауында Ұлттар Советiне депутат болып сайланды. Сол жылы ол Мәскеудiң әскери басшылар дайындайтын соғыс Академиясында оқыды. Гитлершiл Германия басқыншылары Отанымызға баса-көктеп кiре бастағанда, Хаби Халиуллин тағы да өз еркiмен майданға аттанды. …1942 жылдың сәуiр айы. Немiс басқыншылары Харьков маңына таяп қалған. Петровка, Протопоповка селоларына бекiнген 79-шы шекарашылар полкi олардың шабуылдарын әлденеше рет тойтарып тастады. Үшiншi рота екi село аралығына сыналай кiрiп кеткен жаудың құрамаларымен үш күн, үш түн атысып, төртiншi күн дегенде Протопоповкадағы өздерiнiң бөлiнiп қалған батальонына келiп қосылды. Оны бастаған Мәскеудегi әскери академиядан осы полкқа комиссар болып келген қазақстандық Хаби Халиуллин болатын. Комиссар ротаны көп шығынға ұшыратпай, қоршаудан аман алып шықты. Полк командирi подполковник Грачев бұл ерлiгi мен тапқырлығы үшiн дөңгелек жүзi аздап тотыққан, орта бойлы, келте мұрын, өткiр қара көздi комиссар Х.Халиуллиндi айқара құшақтап, көзiне жас алды. Бұл қуаныштың, көп күнгi торыға күтудiң шынайы белгiсi едi. Қол бiрiгiп, тың күш қосылған соң Грачев пен Халиуллин бұл қоршаудың осал жерi Садки хуторы жағы деп топшылай келiп, ендiгi қалған күштi сол бағытқа жұмсауды көздедi. Сөйтiп олар түнде артиллериядан оқ атпай, кенеттен шабуылға шығуды ұйғарды. Тұтқиылдан басталған бұл шабуылды таңғы шырт ұйқыда жатқан немiстер сезбей де қалды. Кеңес шекарашыларының соққысына төтеп бере алмаған фашистер өлiктерi мен қару-жарақтарын жинап әкетуге шамасы келмей, хуторды тастап, батысқа қарай ығысты. Осы жолы 79-полк қоршауды бұзып өтiп, Садкиге келiп бекiндi. Майдан шебiн бұзып, iлгерi кеткен оларға ертеңiне көмек келiп жеттi. Аралықтағы Ясиноватый орманына үшiншi рота жайғасты. Комиссар осы ротада. Екi айдан берi қаншама күшiн төгiп, алға ұмтылыса да Петровка, Протопоповка селосына, Садки хуторына, Ясиноватый орманына тұмсығы батпаған фашистер армиясы 1942 жылғы мамыр айының орта шенiнен бастап күшiн мол жинап, қайта шабуылға шықты. Олар әрбiр елдi мекендi, селоларды қоршауға алып, жан-жағынан оқ, снаряд, бомба жаудыра бастады. Әне-мiне дегенше жау қолы қара бұлттай қаптап, 79-шы полк бекiнген аумақты түгел қоршап алды. Ертеңiне немiс дивизиялары екi село аралығындағы полктiң үшiншi батольоны тұрған Садки хуторына және екiншi батальон бекiнген Грушевахиға шабуыл жасады. Бұл жолғы шайқас бұрын болып жүрген барлық шайқастардан ауыр едi. Себебi, жау жағының күшi бұл полкке қарағанда әлденеше есе басым болатын. Төрт күнгi қырғын шайқастан соң шекарашылар Петровка мен Садкидi тастап шықты. Грачев пен Халиуллин полктың қалған күшiн жинап, Протопоповка мен Ясиноватый орманына топтастырды. Мамырдың 26-күнi шекарашыларды немiстiң мұздай қаруланған армиясы тағы қыспаққа алды. Олар 79-шы полк бекiнген орман үстiне бомба мен снарядты төктi де тұрды. Ержүрек шекарашылар сонда да берiспедi. Қайтпай соғыса бердi. Осы бiр қиын кезеңде подполковник Грачев пен комиссар Халиуллин бiр мезет ақыл қосты. Қоршаудағы полктiң қалған қол күшiн екiге бөлiп, бiрiн өзi бастап Чепель селосы жағынан қоршауды бұзып өту, сөйтiп, өзiмiздiң көршi дивизиялардың бiрiне қосылуды ойлады. Ал қалған екiншi батольонды Халиуллин басқарып, олардың артынан сүйемелдеуi тиiс болды. Осы жоспар бойынша подполковник Грачев бастаған батальон Чепель селосына қарай жылжуға қамданған. Екiншi батальон Ясиноватый орманының батыс жағына бекiнiп, окоп, траншеяларын дайындады. Хаби окоптан-окопқа өтiп жауынгерлердi жiгерлендiрiп жүрдi… Мiне, барлаушыларын бастап Хаби келедi. Олар тың тыңдап алып, тағы да жүредi. Сайлау жермен жүгiредi. Жазық жермен еңбектейдi. Тағы да тыңдайды, тағы да жан-жақты бағдарлайды. Анау қарайып тұрған бiр түп қара ағаш, оның түбiнде бұрынғы мектеп. Ол қазiр немiс дивизиясының қоймасына айналған. Хабилер осы қоймаға бет алып келедi. Немiстер әбден ұйқыға батты-ау дегенде, олар еңбектеп келiп, үй бұрышында қара құмандай боп мелшиiп тұрған қарауылды бас салып бүктеп үнiн өшiрдi де, қойма терезесiнен секiрiп-секiрiп түстi. Көтергенiнше гранат, патрон алып шығып, iзiнше керi қайтты. Бұлар өзекке құлай бергенде арт жағынан немiс мылтықтары атылып, пулемет үнi тырылдап барып басылды… Подполковник Грачев бастаған батальон Чепель селосына қарай жылжыды. Оларды орман iшiнде қалған екiншi батальон сүйемелдеп тұр. Талай айқасқа араласып, талай қоршауда қалып, оны талай рет бұзып шығып жүрген шекарашылар полкынан қалған бұл екi батальонды «батальон» деп атағаны болмаса, онда бiр-екi ротаға толар-толмас солдаттар қалған-ды. Түн ортасы ауа бергенде бiрiншi батальон өз бекiнiсiн артқа қалдырып, оқ борап тұрған қара орманға қарай беттедi. Атыс бұрынғыдан да үдей түстi. Жан-жақтың не болғанын адам бiлiп болар емес. Бұл кезде Ясиноватыйдағы оларды сүйемелдеп, жау назарын аударып тұрған батальон да қыспаққа алынып қалған-ды. Таң алдында батальоннан Чепель жағын барлап қайтуға жiберiлген Иван Бызов бастаған төрт жауынгер үлкен шұқырда жатқан ауыр жараланған Грачевтiң адьютанты Петр Сериковтiң үстiнен шықты. Олар Сериковтiң жарасын таңып, су ұрттатып тiлге келтiрдi. Қансырап, талықсып қалған адьютант: – Комиссарға айт, подполковник Грачев, бәрi де опат болды. Менi сендерге хабарла деп жiберiп едi, жолда бомба жарылып, осы халге түстiм… – деген сөзге келдi де, басы бiр жағына қарай сылқ құлады. Есiл ердiң бар айтқаны осы болды. Терiстiк Донецкге өту үшiн немiс қарулы күштерi бұл жолы бар әрекетiн iстеп бақты. Олар бiр күннiң өзiнде сегiз, тоғыз рет шабуылға шықты. Қаһарман комиссар бастаған шекарашылар олардың бәрiне де төтеп берiп, жау бетiн керi қайтарумен болды. Мамыр айының соңғы күндерiнде күндiз-түн демей немiстер жаяу әскер мен танкiлерiн қаптатты. Хаби мен оның сенiмдi серiгi Иван Бызов бұл жолы үш танкiнi қиратты. Олардың оң, сол қанатындағы зеңбiрекшiлер, минометшiлер, гранатшылар да дамылсыз атқылап, жау танкiлерiнiң берекесiн кетiруде. Кейiн шегiнген бiрi тура комиссар жатқан тараншеяға қарай бұрылды. Танк жолын жапырып, гүрiлдеп-сарылдап кеп қалды. Оң қанаттағы бiр солдат оның артынан гранатпен дәлдеп ұрып, бұрқ еткiздi. Бұзылған танк екпiнiмен алдындағы бомбадан ойылған шұқырды сүзе кеп құлады. Екi взвод аралығында пулеметшi Вано Киквидзе жатқан. Ол танкiмен қабаттаса жүрген немiс солдаттарын жақындатып алып, екi дүркiн жусатып салды. Бiрер сағатта оның да оғы таусылды. Ваноның "Максимi" соңғы рет сақылдап барып тоқтады. Фашистер оған жақындай бастады. Ванода үн жоқ. Көп кешiкпей-ақ Киквидзе бiр қолымен оқ тиген бүйiрiн ұстап орнынан тұра бердi. Оның екiншi қолында гранат. Немiс офицерi: – Рус, берiл! – деп ақырды. Вано үндемедi. Ол окоптан шығып үш-төрт қадам алға басты. Әлгi офицер пистолетiмен оны аяғынан атты. Вано омақаса құлады да, тәлтiректеп барып түрегелдi. Қаны сорғалаған аяғы басуға келер, емес. Ол көзiн шатыната, тiстенiп: – Кәне жақындаңдар, жауыздар, жақындаңдар! – дедi. Фрицтер оған таяна бердi. Осы кезде ер Вано бiр ұшын тiстеп келе жатқан гранат серiппесiн тартып кеп қалды. Сөйтiп, Кавказ қиясынан түлеп ұшқан тау қыраны өзiн де, өзгенi де жайратты. Украин жiгiтi Прокопенко окобының айналасында да фашистердiң он шақтысы жер қауыпты. Окоп төңiрегi топырлаған гильзi, оғы таусылған мылтық, снаряд түсiп қираған зеңбiрек. Хаби үшiншi взводқа жеткенде көп немiспен қоян-қолтық айқас басталып кеткен едi. Әлде ол сол жерде опат болып кеттi ме екен? Болмаса "азиат комиссарды" тiрiдей ұстаңдар деп өшiгiп, оның басын бәйгеге тiгiп жүрген фашистер тiрiдей қолға түсiрiп әкеттi ме екен? Бұл – сол бiр астан-кестең, қым-қуыт арпалыс кезеңiнде ешкiм бiлiп болмайтын жұмбақ жағдай едi. Бұл – осы бiр қиян-кескi апаттан бiрлi-жарым тiрi қалғандар мен ержүрек комиссар басқарған батальон жаумен майдандасқан қанды алаңды көзiмен көргендердiң сөзi. Бурыл сақалы омырауына түскен Василий Дьяконов қарт былай деген: – Бiз, шалдар отын жинаған болып орманға барамыз. Шекарашылар полкi жаумен шайқасқан жердi аралап көремiз. Балалар окоп, траншеядан гильзi, қирап қалған танк пен зеңбiрек, самолет пен машиналарды тамашалап қарайды. Кейбiреулер өздерiнiң туысқандарын, ауылдастарын iздейдi. Ал менiң iздейтiнiм – комиссар Хаби Халиуллин. Өйткенi, ол маған көп қамқорлық жасап едi, баламдай боп кетiп едi. Бiз, қарттар, сол ұрыс алаңында қалған совет солдаттарын жерледiк. Бiрақ комиссарды кездестiре алмадық. Ол қайда зым-зия боп кеткен деймiз. Өлсе денесi жатар едi ғой. Қолға түстi ме екен? Әлде құтылып кеттi ме екен? Жоқ, ондай қырғын апаттан құтылу мүмкiн емес. Селоға фашистер баса-көктеп кiрген күннiң ертеңiне немiстiң бiр-екi мас офицерi бiздiң үйдi екi рет келiп тiнтiп: – Әлгi қызыл комиссар қайда? Тап деген соң, тап! – деп тықсырды. Мен "бiлмейiн" дедiм. Хабиды бұлар қайдан бiлiп алған деп ойладым мен. Немiс командирлерiнiң iздегенiне қарағада ол тiрi шығар деп те үмiттендiм. Лайым тiрi боп шықсын деймiн iшiмнен. Осындай деректердi подполковник Александр Дмитриевич Скрягин, Петров селолық советiнiң бұрынғы төрағасы Христа Павловна Старухина, мұғалима Юлия Семеновна Тарасова, сол батальонның взвод командирi Юленков және бiрқатары айтады. Полк командирi Грачев пен комиссары Халиуллиннiң ақырғы тағдыры туралы бiр белгiсiз солдат былай деп жазыпты: "Комиссар Хаби Халиуллин мен подполковник Грачев Протопоповка түбiнде соғыста қаза тапты. Мен әзер дегенде аман қалдым. 79-шы шекарашылар полкiнiң бұдан былайғы тағдыры жөнiнде еш хабарым жоқ…" Арада 17 жыл өткенде тағы да бiреудiң сүйегi табылыпты, депутаттық значок қоса шығыпты деген сөз "Серп м молот" колхозы орналасқан Протопоповка тұрғындары арасында тез тарап кеттi. Бұл хабар Петров ауданына, одан Харьков, Киев қалаларына, әне-мiне дегенше Мәскеуге де жеттi. Кремльдегi КСРО Жоғарғы Советiнiң тiзiм-кiтабынан 526-нөмiрлi депутаттық значоктың кiмге табыс етiлгенiн қарап жiберсе, қазақстандық Хаби Халиуллиндiкi болып шығады. Ол 1938 жылы Тәжiк ССР-нiң Таулы-Бадахшан автономия облысындағы Мургаб сайлау округiнен 25 жасында КСРО Жоғарғы Советiнiң Ұлттар Советiне депутат болып сайланған екен. 1959 жылы халқымыздың қаһарман ұлы Хаби Халиуллиннiң хабарын есiткен жұбайы Екатерина, баласы Юрий, iнiсi Сафи Украинаға барып, оның сүйегiн алып қайтпақ болды. Сонда Петров ауданының басшылары: "Батыр – халықтық, комиссар Халиуллин қазақ халқының да, украин халқының да қаһарман ұлы. Оның сүйегi осы ерлiкпен жауға қарсы күрескен жерiне қойылады. Ескерткiш орнатқалы жатырмыз", – дейдi. ….Қайғылы музыка дененi шымырлатып, жүйе-жүйенi босатады. Петров ауданының мыңдаған халқы осыдан 17 жыл бұрын елi үшiн, халқы үшiн қаза тапқан ұлдарын ақырғы рет шығарып салғалы келедi. Алда комиссар Халиуллиннiң табыты, оның екi жағынан аты-жөнi белгiсiз екi жауынгердiң сүйегi салынған. Бұл екеуi де ең соңғы демi бiткенше қас жауымен қайтпай айқасқан ерлер едi… Хаби Халиуллиннiң ерлiгiн қазақстандық жерлестерi Ұлы Отан соғысынан кейiн естiп бiлдi. Украиндықтар қазақ топырағының асыл азаматының украин жерiн, туған елiн немiс-фашистерiнен қорғауда қасық қанын да, шыбын жанын да аямай өмiрiн құрбан еткенiн, керемет батырлығын әрқашанда қастерлеп, естерiнде сақтауда…
Тiлеу КӨЛБАЕВ, Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Журналистар одағы сыйлығының лауреаты