ДӘРIГЕР НЕГЕ ӘБIГЕР?

ДӘРIГЕР НЕГЕ ӘБIГЕР?

ДӘРIГЕР НЕГЕ ӘБIГЕР?
ашық дереккөзі
237

Ертеден-ақ жаңалыққа жаны құмар халықпыз ғой. Елiмiзде көп жылдардан берi реформалардан көз ашпай келе жатқан денсаулық сақтау саласы тағы бiр тың жаңалықты биылғы 2010 жылдың қаңтар айының басынан бастап кеттi. Ол – Денсаулық сақтау министрлiгiнiң енгiзген "Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi". Бұл iс-шараның басты мақсаты – мемлекеттiк қаржыны едәуiр үнемдей отырып, отандық медицинаны бәсекеге бейiмдеу. Онысына хош делiк.

Алдын ала емдеу мекемелерiнiң басшыларын бұл жүйеге үйрету мақсатында апталық семинарлар өткiзiлiп, елiмiздiң әр аймағында бiрнеше жиындар өткiзiлдi. Базбiр мәлiметтер бойынша, дайындық жұмысына, яғни жаңа жүйенi қолданысқа енгiзу үшiн мемлекеттен 157 млрд. теңге бөлiнiптi. Қолдан келгенше емдеу мекемелерiнiң жетекшiлерi, олардың орынбасарлары жаңа жүйенi үйренуге тырысты. Емдеу-профилактикалық мекемелер арнайы топтың тексеруiнен кейiн аккредитациядан өтiп, медициналық көмек көрсетуге дайын екендiктерiн көрсете бiлдi. Бiрақ олардың көбiсi жаңа жүйенiң iшiк-мiшiгiн терең ұқпай, 2010 жылдың қаңтар айының басында едәуiр қиындықтарға тап болды. Ол қазiр де жалғасуда.

Ендiгi тәртiп бойынша әрбiр науқас қалаған емханасына барып, таңдаған дәрiгерiне қаралып, емделуiне, кез келген ауруханада өзiне тиiстi медициналық көмек алуға мүдделi. Министрлiктегiлер бұл жүйе дәрiгерлер арасында бәсеке тудырып, әр маман-дәрiгер бiлiмi мен бiлiктiлiгiн арттыруға ынталы болады, сөйтiп, елiмiзде медициналық көмектiң сапасы артады деген уәждi көлденең тартады. Бiрақ көптеген емдеу орындарында қазiргi заманға лайық диагностикалық, емдiк аппараттар мен құрал-саймандар жоқтықтан сапалы диагноз қою, қажеттi ем-дом жүргiзу мүмкiншiлiгi шектеулi екенiн қаперлерiне ала бермейдi.

Ауылдық жерлерде кадр тапшылығы үдей түспесе, бұл күндерi жақсарды деу артық. Базбiр аудан орталығындағы емханаларда жеке маман-дәрiгерлер (балалар дәрiгерi, рентгенолог, көз дәрiгерi, уролог, травматолог, дерматолог, онколог т.с.с.) мүлдем жоқ. Науқасты ауруханаға жiбермес бұрын дәрiгер ауруға толық клиникалық зерттеу жүргiзiп, одан кейiн облыс орталығындағы МИАЦ-тың (медициналық ақпараттық-сараптамалық орталықтың) құрамында жаңадан ашылған госпитальдық бюроға хабар берiп, ауруды тiркеп, оны тиiстi ауруханаға, стационарлық бөлiмшеге жiберуге рұқсат алуы керек. Онда орын болмаса жолдама беруге болмайды, науқас мiндеттi түрде кезегiн күтуге мәжбүр. Сөйтiп, науқас емханадағы дәрiгерден жауап күтiп сарсаңға түседi. Ол жүйе осы күнге дейiн заман талабына сай интернет арқылы бiр жүйеге келтiрiлiп, "емхана – МИАЦ – аурухана" электрондық байланыс орнатылмаған. Сондықтан әзiрше барлығы телефон, факс арқылы шешiлуде. Телефон арқылы байланыс көп уақытты қажет ететiнi белгiлi. Бiр телефон номерiне облыс көлемiндегi пәленбай емхана бiр мезетте байланысуы тiптi мүмкiн еместiгi де барлығымызға аян. Ауруханаларда орын бола тұра, бiраз аурулар емханадан жолдама ала алмай, госпитальдық бюродан жауап күтiп, кезек күтiп, сеңдей соғысып жүргендерi қаншама? Емханаға барса "ауруханада орын жоқ, күтiңiз" дейдi, ал ауруханада орын бола тұра ондағы дәрiгерлер "емханадан жолдама алып келiңiз" дейдi. Қазiргi жағдай бала кезiмiзде талай ойнаған "мысық пен тышқан" ойынын еске түсiредi. Содан барып науқастар мен медицина қызметкерлерi арасында жанжал, айқай-шу, керiсу мен тiресу, жүз шайысу күн өткен сайын көбеймесе азаяр емес.

Ендi ауруханаға келейiк. Бұрынғыдай емес, науқастарды қабылдау бөлiмiнде де талап өзгертiлдi. Ауруханаға жоспарлы түрде жататын аурудың қолында аудандық, қалалық емханадан арнайы жолдама болуы керек. Онда емханада өткiзiлген клиникалық зерттеу (қан, зәр және биохимиялық анализдерi, электрокардиограммасы, флюрограммасы, қан тобы, басқа да қанның әртүрлi зерттеулерi) нәтижесi қағазда анық жазылып, барлығы талапқа сай болмаса, стационарға жатқызуға болмайды. Бiр анализi жолдамада жазылмай қалса, оны аурухана дәрiгерi емханаға қайта жiбередi. Емханада 2-3 күн тексерiлiп, бiраз уақыт жiберген, жатуға кезек күткен ауру түсiнiкпен қарап, үндемей-түндемей бара берсе жақсы, ал әбден әуреге түсiп жүйкесi жұқарған кiсi дауласа бастайды. Дәрiгер темiрден жаралмаған, онда да жан бар, мiнез бар, жүйке бар… Содан, бұл жерде де жанжал орын алады.

– Қазiр бiз дәрiгер емес, азаннан кешке дейiн бас көтермей қағаз жазатын кеңсе қызметкерiне айналдық. Кешегi күндерi "ауруды қарауға, онымен асықпай сөйлесуге, пiкiрлесуге уақыт аз" дегенiмiз бекер сөз екен. Ол күндер көзден бал-бұл ұшты. Қағазбастылық шаршатып бiттi. Бiздiң уақытымыздың 70 пайызы қағаз толтырумен, жазумен өтедi. Мысалы, бiр ауруды стационардан шығару үшiн кемiнде 45 минут кетедi екен. Күнiге 2-3 ауруды шығарасың, соншама ауруды жатқызасың. Асықпай аурумен сөйлесуге, алаңдамай төсек жанында отырып тексеруге, ойлауға уақыт шектеулi. Қағаздан бас көтермей жазу, жазу… әйтеуiр бiтпейтiн парақ-парақ қағаздар. Сонда бiздiң кiм болғанымызды өзiңiз-ақ айта берiңiз. Тiптi, уақытымыз жетпегендiктен "Науқаснәмаларды" үйге апарып жазуға мәжбүрмiз… – дейдi менiң бiр әрiптесiм қазiргi енгiзiлген жаңа жүйеге қынжылып.

– Бұрындары әр аурудың жеке кодын толтырсақ, ендi оған қоса сандаған дәрi-дәрмектiң, жасалған операцияның, жүргiзген медициналық манипуляциялардың, қызметтердiң кодын толтыруың керек. Одан басқа ауру тарихы (науқаснәма), әр ауруға күнделiк, эпикриз, операция хаттамасы, басқа маманның кеңесiн, ем үшiн жүргiзiлiп жатқан дәрi-дәрмек аттарын, олардың дозасын толтырасың (науқас шығатын кезде 4-5 парақ қағаз толтыруға мiндеттiсiң). Сонымен қатар, ауруға қажеттi операция, күнделiктi жарақатты таңу, қан немесе көктамырға дәрi-дәрмек құю және т.б. ондаған iс-шаралар қажет емес пе? Тiптi, науқасқа қанша таблетка, неше ампула, қанша флакон дәрi пайдаланды… барлығын, барлығын есептеп, қағаз толтырасыз, аттарын бөлек-бөлек жазып, кодтарын тiзуге мәжбүрсiз. Әйтпесе компьютерден өтпейдi, сондықтан, әрине, оған қаржы төленбейдi. Сөйтiп, iстеген еңбегiңiз еш кетедi. Жаңа жүйе дәрiгерлiк қызметтi тым күрделендiрiп, оның жұмысын есепшi-бухгалтерге айналдырып жiбергенi қиын болды. Бүйте берсе, дәрiгерлiктi тастап, басқа саладан қызмет iздеймiн-ау, сiрә, – дейдi тағы бiр пiкiр бөлiскен әрiптесiм.

– Дәрiгерлiк қызметтiң аса жауапты екенiн бiле тұра, елiмiзде оларға деген қамқорлықтың, еңбегiн бағалау, құрметтiң тым аздығын баса айтқан жөн. Соңғы кезде қоғамымыз оларды қолдаудың орнына, медицина қызметкерлерiнiң қызметiнен тек көлеңке жағын iздейдi, басылымдар жарыса жазады. Дәрiгерлiк мамандық – соңғы онжылдықта беделсiз мамандықтың қатарына қосылып кеткен секiлдi. Дәрiгер аяғын сәл қиғаш басса "Гиппократ антын аттап кеттi" деп қоңыраулатып даурыға жөнеледi. Мүмкiн ерте заманда ежелгi дәрiгерлер Гиппократ антын берген болар, қазiргi дәрiгерлерден ол анттың қабылданбайтынын олар неге бiлмейдi?! Жарайды, олар Гиппократ антын берсiн-ақ делiк. Бiрақ олар өмiр бойы кедей, мүсәпiр, тепкiде, тапшылық құрсауында тұншығып өтем деп олар ант бермеген болар? ҚР Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Тито Сыздықовтың мәлiметiне қарағанда, дамыған мемлекеттер дәрiгерлерiнiң жылдық табысы 120-150 мың доллар болса, бiздiң дәрiгерлер бар болғаны 5-6 мың доллар алады. Салыстырып көрiңiзшi. Айырмашылығы жер мен көктей емес пе? Олар қандай жағдайда еңбек етедi, ал бiзде қалай? Соны ойласаң, қарның ашады, жүрегiң сыздайды. "Жығылғанға – жұдырық" дегендей, мына енгiзiлген жаңа жүйе дәрiгердiң жұмысын одан әрi күрделендiрiп, тiптi, қиындатып, тiптi, титықтатып жiбердi. Еңбегiне қарай еңбек табысы болу керек емес пе? Бiзде әзiрше бәрi керiсiнше… Жоғарыдағы шенеунiктер, парламент депутаттары, сенаторлар, бас директорлар, төрағалар, акционерлiк мекемелердiң басшылары терлеп-тепшiмей-ақ пәленбай мың доллар айлық алып, миығынан күлiп жоғарыда желпiнiп отыр. Тiптi, прокуратура, сот, iшкi iстер қызметкерлерiнiң айлығы бiзден 2,5-3 есе артық. Бүйте берсек дәрiгерлiк мамандығына жастар баруды қояды, кадр тапшылығы одан әрi өсе бередi. Қазiрдiң өзiнде көптеген жастар дәрiгерлiк кәсiптен терiс айналып, бұл салаға барғысы келмейдi (кейбiр мәлiметтерге сүйенсек, елiмiзде бұл күндерi 4 мыңнан астам дәрiгер жетiспейдi екен). Базбiрi дәрiгерлiк дипломы бола тұра космотологиялық кабинеттерге, фармацевтикалық компанияларға кеттi, тiптi, басқа салада жүргендерi елiмiз бойынша қанша екенiн бiреу санап көрдi ме екен? Бұл күндерi дәрiгерлiк мамандық адам қызығатын мамандық қатарынан қалды. Сонда, қазiргi талапқа сай, бiлгiр дәрiгерлердi 10-15 жылдан кейiн қайдан аламыз? Әсiресе, қазiрдiң өзiнде дәрiгер жетiспейтiн ауыл тұрғындарын кiм емдейдi? Барлығы облыс орталығындағы ауруханаларға, Алматы мен Астана клиникаларында емделгiсi келсе ауылдағы аурухана кiмге керек? Онсыз да әупiрiмдеп тiршiлiк етiп жатқан ауылдағы ауруханалар бiрер жылдан кейiн шегерiлiп, қаңырап бос қалмасына кiм кепiл? "Ауыл – алтын бесiгiмiз" деп тамсанып жүрiп, ауыл адамдарын дәрiгерлiк көмектен алыстатамыз ба? Бiлмеймiн, өз басымда сұрақ көп, жауап жоқ, – деп өзiме сұрақ тастады үшiншi бiр дәрiгер.

– Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi бiзге Австралия, Сингапур елдерiнiң тәжiрибесiнен келдi. Олар экономикасы жақсы дамыған, тұрғындарының әлеуметтiк жағдайы жақсарған мемлекеттер. Қалт-құлт етiп аяғымызға ендi тұрып келе жатқан бiздiң елде бұл жаңа жүйе адымдап, батыл енiп кетедi дегенге өзiм күдiкпен қараймын. Ол үшiн мемлекет медицинаны қаржыландыруға ерекше көңiл бөлiп, әлеуметтiк жағдайды жақсарту керек. Менiң ойымша, бұл реформа тым асығыстау жүргiзiлдi. Алғашқыда, 1-2 облыс көлемiнде енгiзiлiп, керектi сынақтан өткiзiп, оның нәтижесiн жақсылап сараптап, барынша саралап барып бүкiл елге енгiзген жөн болар едi. Әттең, олай болмады. Басымызға суық су құйғандай күйде жүрмiз… "Жақсы емдесең – ақшасын аласың, жаман емдесең – айыппұл төлейсiң" деген принциппен қызмет ету дәрiгерге ауыр, өте күрделi проблема. Өйткенi, ауруханада қажеттi дәрi-дәрмек, медициналық аппаратура, құрал-сайман өз дәрежесiнде болмаса "алтын басты" дәрiгердiң өзi көңiлдегiдей ем-дом жүргiзе алмайды. Сондықтан, мемлекет емханалар мен ауруханаларды заман талабына сай жарақтандырғаны жөн. Содан кейiн ғана дәрiгерден сапалы ем-домды талап етуге болады. Онсыз, барлығы бос әурешiлiк, буынсыз жерге пышақ ұрғандай дәрiгерлердi әбiгерге салу… Кейде дер кезiнде дәрiгерге көрiнбей, уақыт жiберiп, әбден асқынып келген ауруды емдеу қиынға түседi. Жүктi әйелдер арасында өлiм-жiтiмнiң азаймай отырғанының басты себебi – әйелдердiң дер кезiнде дәрiгерге көрiнiп, есепке тұрмай, медицина қызметкерлерiнiң бақылауында болмауы. Оған да дәрiгерлер кiнәлi ме? Бұл әлгi "Жапалақты тасқа ұрсаң да, таспен жапалақты ұрсаң да бәрiбiр жапалақ өледiнiң" керi емес пе? Әйтеуiр қазiр дәрiгерлердi кiнәлаушылар да, бақылаушылар да көп. Жалпы алғанда, халық және медицина қызметкерлерi бұл жүйеге әзiрше дайын емес едi. Ендi мiне, өздерiңiз көргендей, көптеген қиындықтар туындап отыр. Жақсарып, бiрте-бiрте ретке түсiп кетсе жақсы, ал керiсiнше, бейберекеттiк орын алса не болғаны? Қайдам… Әзiрше шешiп, кесiп айтар дәйегiм жоқ, – деп ойын түйдi тағы бiр дәрiгер досым.

Сонымен, 2010 жылы елiмiзде Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi енгiзiлдi. Барлық емдеу мекемелерi жаңа жүйе талабына сай қызмет атқара бастады. Бiрақ оның барысында көптеген қиындықтар туындап, кедiр-бұдырлар, бұлыңғыр проблемалар көбеймесе азаяр емес. Оның бiразы министрлiкте бағдарламаны дайындау кезiнде жiберiлген қателiктер мен кемшiлiктер екенiн де баса атап кеткенiмiз дұрыс болар. Кейбiр аурулар түрi бекiтiлген жалпы тiзiмге енбей қалған, оларға код қойылмаған, әр дертке төленетiн қаржыда да алшақтықтар аз емес… Барлығын тiзе берсек, кемшiлiк жетедi. Бiрақ, қазақ айтқандай, "көш жүре түзелер" деген үмiт жоқ та емес.

Ия, енгiзiлген жаңа жүйе бiздi жарылқай қоя ма екен? Әлде, ол да ертеректегiдей құрдымға кетедi ме… Уақыт – бәрiне төрешi. Жаңа жүйенiң берер нәтижесiн уақыт келе бiлермiз. Әзiрге дәрiгерлерде қуаныштан гөрi, күдiк пен күмән көп.

Лайым, жаңа жүйе халқымыздың кәдесiне жарап, денсаулық сақтау саласының қызметiн жаңа биiктерге көтерiп, жақсартып, отандық медицинаның көсегесiн көгерте түссе деймiз. Солай болғай!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрiгер-хирург, медицина ғылымдарының

докторы, профессор

Тараз қаласы

ОЛ – ХИРУРГ, ОЛ – ЖУРНАЛИСТ

Дүниеде не күштi? Құдайдың құдiретi! Содан соң Адамның ақыл-ойы мен еңбегi! Қоғамның қай саласында еңбек етсең де бiлiм-бiлiктiлiгiң мен талантың керек. Пушкиннiң "Географияға да талант керек" дегенi сондықтан болар.

Барлық пендеде Аллаһ берген талант бар. Тек соны пендешiлiкпен ескерiп, елей бермейдi. Өмiрден өз жолын таппай адасатыны да сондықтан екен.

Бiрақ, адам бойындағы сол талантыңыз бiр-ақ пайыз көрiнедi. Жаратушы иемiз мұрат-мақсатына жетем дегендердiң пешенесiне тоқсан тоғыз пайыз еңбектi жазыпты. Демек, талмайтын еңбек, үлкен төзiмдiлiк қажет.

Арамызда соның екеуiн де ұштастырып жүрген жаны жомарт, қарапайым жандар бар. Солардың бiрi әрi бiрегейi – Сағындық Ордабеков. Ол — практик ғалым. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Өз саласында атқарған еңбегi, ғылыми iзденiсi, ауру жандарға шипасы ұшан теңiз. Ашқан жаңалықтарын Қазақстан, Ресей, Қырғызстан тiптен Америка ғалымдары жақсы бiледi. Мұны хош деңiз.

Сағындықтың тағы бiр қасиетi жан-жақтылығы. Ол – журналист, публицист, жазушы. Бiрнеше көркем шығармалардың авторы. Мұндай қасиет екiнiң бiрiнде жоқ. Ал журналистiгiне келер болсақ, өз алдына бiр әңгiме. Республикалық басқа басылымдарды былай қойғанның өзiнде, осы бiздiң "Түркiстан" газетiнде жарияланған мақалалары неге тұрады. Қай мәселенi қозғаса да, оқырмандарға құнды қоғамдық пiкiрлер туғызуымен, ұлтжандылығымен ерекшеленедi.

Кейде Сағындыққа таң қаламын. Осының бәрiне қалай үлгерiп жүр? Уақытын тиiмдi әрi мақсатты пайдалана бiлгендердiң еңбегi өнiмдi болады деушi едi. Бәлкiм, солай шығар. Қалай айтқанда да оның еңбекқорлығы, ұлтжандылығы басқаларға үлгi.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары