Абай облысында психиатр-наркологтың диспансерлік есебінде тұрған, бірақ жүргізуші куәлігі бар 62 жүргізуші анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар көлік тізгіндеген кезде кенеттен көлік рөліне ие бола алмай қалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғасына себеп болуы ықтимал. Мұның айқын мысалдарының бірі 2023 жылы орын алған: Үржар ауданының тұрғыны, эпилепсиямен ауыратын азамат, көлік жүргізу кезінде халық көп жиналатын жол айрығында есінен танып қалған. Жол апатының салдарынан екі көлік зақымданып, бір жолаушы зардап шекті.
Прокуратура 62 азаматтың жүргізуші куәлігін жою туралы ұсыныс берді. Полиция олардың көлік жүргізу құқығынан айыру бойынша сот процесін бастады.
Бұдан бөлек, аудан прокуратурасы психиатр-нарколог есебінде тұрған азаматтар туралы ақпаратты полиция органдарына беру туралы шешім қабылдады. Бұл шара олардың тек жүргізуші куәлігін емес, сондай-ақ қару иеленуге рұқсаттарын да қайтарып алу мақсатында қолға алынды. Мұндай шешім жол қауіпсіздігін арттыруға және келешектегі оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған.