Астанада дәмханалардың біріндегі ойын алаңында баланың аяғына медициналық шприцтің инесі кіріп кеткен.
«Екі баламыз үшін балалар алаңына кіру ақысын төледік. Сол жерде ұлымның сол жақ табанына біреудің тастап кеткен шприц инесі кіріп кетті. Қазір баламның денсаулығына алаңдап отырмын, себебі бұл ине әдейі тасталған болуы мүмкін. Ұлым аяғынан жарақат алды, енді оған алты ай бойы инфекционист дәрігердің бақылауында болу қажет. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырылды», – делінген Instagram желісіндегі astana_brothers паблигінде жарияланған жазбада.
Жазба авторы иненің суретін, медициналық анықтамаларды және оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерді де қоса тіркеген. Қазір ол әділдік орнауын талап етіп жатыр.
Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баланың №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында қабылдау бөлімінде дәрігерлер қарауынан өткенін мәлімдеді. Елеулі жарақат анықталмағандықтан, бала тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаториялық емдеуге жіберілген.