АШЫҚ ХАТ

АШЫҚ ХАТ

АШЫҚ ХАТ
ашық дереккөзі
384

Республика Үкiметi Оңтүстiк шекара мәселесi шешiлген десе де әлi ескерiлмей қалған түйткiлдi мәселелердiң барын уақыт көрсетiп отыр. Бұл жөнiнде газетiмiздiң үстiмiздегi жылы 28-қаңтарда жарияланған " Бар үмiтiмiз екi ел Президенттерiнде" атты мақалада сараптап жазғанбыз. Онда екi ел шекара сызығын белгiлеу кезiнде Өзбекстанға өтiп кеткен арнасайлықтар Үкiметтен шекара мәселесiн қайта қарап, Арнасай аймағындағы бiрқатар елдi мекендердi Қазақстанға қайта қайыруды сұраған болатын. Мәселенiң маңыздылығы соншалық, жуырда Мырзашөлде тұратын қандастарымыздың бiр топ өкiлдерi редакцияға арнайы тағы келiп, Республика басшылығына осы газет арқылы Ашық хаттарын жариялауды өтiндi.

Бiздер, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Мақтаарал және Шардара ауданы тұрғындары – Өзбекстан жерiнде отырған бiр топ соғыс және еңбек ардагерлерi қазақ-өзбек мемлекеттiк шекарасындағы қалыптасып отырған қиын ахуалды ашына баяндауға мәжбүр болып отырмыз. Шындықтың бетiне тура қарайтын болсақ, Өзбекстан мен Қазақстанның шекара сызығын белгiлеуде орын алып келген әдiлетсiздiктiң, жауапсыздық пен енжарлықтың салдарынан ғасырлар бойы ауылы аралас, қойы қоралас өзбек бауырларымызбен арада шекараға байланысты келеңсiз мәселелердiң туындауы бiздiң жанымызға қатты батып отыр. Бiрақ, мұны ерiксiз қозғауға тура келуде. Ал Елбасымыз Н.Назарбаев ел алдында сөйлеген сөзiнде: "Елiмiздiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетiнiң нығайып, көркеюi жолында жан-терiңдi сығып жүрiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi өзiң екенiңдi ұмытпа!" – деп ашық айтты ғой.

Сiздерге түсiнiктi болу үшiн бiздiң басымыздағы қиын ахуалды баяндап, түсiндiрiп айтуға тура келiп тұр.

Өздерiңiзге белгiлi, 1960 жылдың бас кезiнде Мырзашөлдегi қазақ жерлерi тағы да бөлiнiске түстi. Халыққа аса қажеттi мақта дақылын өсiрудi бiр орталыққа жинақтау мақсатында Өзбек КСР-iне Мақтаарал, Киров, Ильич аудандарын, оларға қарайтын 27 шаруашылықты, жүзiм өсiретiн бiр совхозды, қаракөл қойын өсiруге арналған "Қызылқұм", "Шымқорған" деген iрi шаруашылықтарды берiп жiбердi. Сол кезде жалпы Өзбекстанға өткен жер көлемi бiр миллион гектарға, оның iшiнде суармалы құнарлы жер аумағы 200 мың гектарға жуықтады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестiң 1963 жылғы 26 қаңтардағы Жарлығымен Мырзашөлдегi қазақ жерлерi осылайша Өзбекстанға берiлдi. Бұл шешiм КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының 1963 жылғы 19 қыркүйектегi "Қазақ КСР-i мен Өзбекстан КСР-нiң шекарасына кейбiр өзгерiстер енгiзу жөнiндегi" Жарлығымен бекiтiлдi. Соның салдарынан ежелден ата қонысында жайланып отырған Мырзашөл халқы Қазақстаннан, туған жерiнен ажыратылып, өзге елдiң боданында кете барды.

Арада 10 жыл өткенде ғана әдiлеттiлiк бiршама қалпына келтiрiлдi. Өзбекстанның Сырдария облысының құрамында болған Мақтаарал, Киров, Жетiсай аудандары сол кездегi шекаралары бойынша Қазақстанға Оңтүстiк Қазақстан облысының құрамына қайтарылып берiлдi. Бұл жайында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткерi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев былай деген болатын: " Менiң талабым бойынша Өзбекстаннан 2 совхоз, 500 мың қой және ертеректе өткен жерлерден басқа аудандар керi қайтарылды". Өкiнiшке қарай, 3 аудан өзiмiзге қайтарылғанымен, қазақ халқына тиесiлi 10 шаруашылық сонда қалып қойды. Бүгiнде өзбек елi сол жерлердiң есебiнен 5 аудан, 50 кеңшар ашып алды.

Мiне, сөйтiп бiз атамекенiмiздiң үлкен бөлiгiнен бiржола қол үзiп қалдық.

Өзбекстанның еншiсiне тиген әлгi 10 шаруашылықтың 2-шi кеңшары Аманкелдi мен Арнасай 2001 жылы қазақ-өзбек шекарасы нақтыланған кезде Қазақстан құрамына өтуi тиiс едi. Бiрақ, делимитациялау кезiнде тек қана Арнасайдағы 5 шағын елдi мекен мен Арнасай бөгенi Қазақстанға берiлдi де, 100 пайыз қазақтар тұратын Аманкелдi мен Арнасай кеңшарлары тағы да Өзбекстан құрамында қалып қойды. Бұл сол кездегi шекараны нақтылаумен айналысқан бiздiң қазақстандық Комиссияның шалағайлығы, жауапсыздығы, немқұрайлығы деп ойлаймыз. Комиссия мүшесiнiң бiрiнен: "Неге бұл мәселенi әдiлдiкпен қарамадыңыздар?" дегенiмiзде, "Өзбектер көнбедi ғой", – деп екiұшты жауап берумен шектелдi. Бұл комиссия мүшелерi неге қолдарына 1964 жылға дейiнгi жер картасын алып үңiле қарамайды, неге халықтың ой-пiкiрiмен санаспайды? Сол карта сызбаларында шекара сызығы ап-айқын көрiнiп тұр ғой. Негiзiнде бес ауылдың қатарына "Арнасай", "Аманкелдi", "Көктасты", "Қарабай", "Қостақты" елдi мекендерi кiруi тиiс едi. Алайда, аталған бес ауылдың орнына бұрыннан Қазақстанның әкiмшiлiгiне қараған жерлердi алдық деп, ел тұрмайтын көл жағалауындағы жол бойларындағы Жексембай ауылы (көлемi 2,5 га, небәрi 2 үйi бар), "Құлшығаш" ауылын (жер көлемi, 1,75 га, небәрi 32 үйi бар), Жiбек жолы (жер көлемi 75 га, 20 үйi бар), Арнасай поселкесiн (жер көлемi 200 га, 63 тұрғын үйi бар) көрсеткен. Қалған жерлерде ел тұрмайтын көлдiң орны.

Ала бағаналарды қазақ-өзбек шекарашылары бiрлесiп бiздiң ауылдарымыздың iргесiне дейiн жылжытып, дендеп iшке кiре бастағанына түсiнбей отырмыз. 2006 жылы қағылған шекара бағаналары неге жылжыды? Осының кесiрiнен екi үй бұзылғалы отыр. Ең сорақысы, Мақталы ауыл округiнде көптеген шаруалардың мемлекеттiк актiсi бар 189 гектар суармалы, 300 гектар жайылымдық жерлерi өзбек шекарасының арғы жағында қалып қойды. Осы уақытқа дейiн салығын төлеп, егiнiн егiп, отбасын асырап отырған азаматтарға үлкен қиянат жасалып отыр. Бұған кiм жауап бередi? Халқымыз "Бiр құмалақ бiр қарын майды шiрiтедi", – деп осындайда айтқан ғой. Шекара бағанасын кранмен суырып алып, ауыл жанына орнатып жатқан бiздiң шекарашылардан бұларың қалай деп сұрғанымызда, олар:

"– Қазақстан жағы Өзбекстанмен жер алмасуы керек едi. Сол жер алмасу болмай қалды. Ауыл маңындағы жерлердi соның есебiнен алып жатыр," – деп жайбарақат жауап бердi.

Сонда Елбасы бекiткен заңды шекарамызды iшке қарай жылжыта беретiн болсақ онда әлi талай жерiмiзден ажырап қалмаймыз ба?

Осы мәселе бойынша Жайлаукөл елдi мекенiнiң тұрғыны Ә.Шылмырзаев 2009 жылы 23 қарашада ҚР Президентiне хат жолдаған едi. Осы хат бойынша ҚР ҰҚК-нiң шекара қызметiнен мынандай мазмұнда жауап келген: "2005 жылдан бастап қазақ-өзбек мемлекеттiк шекарасын межелеу бойынша үкiметтiк комиссияның жұмысы атқарылуда. Сiздiң ауылдық округ учаскесiнде шекаралық белгiлердi орнатып, Мемлекеттiк межелеуде бастапқыда Қазақстан Республикасы жергiлiктi тұрғындарының шаруашылық мұқтаждықтары ескерiлуiмен уағдаластыққа қол жеткiзiлген болатын. Бiрақ, делимитациялау құжаттарына сәйкес Мемлекеттiк шекара Қазақ КСР мен Өзбек КСР арасындағы әкiмшiлiк-аумақтық шектелу бойынша Сiздiң поселкеңiзден жақын жерден өтедi…", – деп келiп, 2009 жылы қыркүйекте Өзбекстан тарапы шекаралық белгiлердi делимитациялық сызыққа көшiруге шешiм қабылдағанын, екi елдiң межелеу жұмысшы топтары осыған сәйкес шекаралық белгiлердi қайта орнатқанын хабарлаумен шектелдi. Оның басқа себептерiн неге ашып айтып түсiндiрмейдi?

Бiздер бұл жауапқа қанағаттанбай отырмыз. Бастапқыда бiздiң мұқтажымызға орай уағдаластыққа қол жеткiзiлсе неге бұл мәселенi сол күйiнде аяғына дейiн жеткiзуге болмайды? Шекарашылар айтқандай жер алмасу келiсiмi неге жасалмады?

Сондай-ақ, бүгiнгi таңда өзектi мәселенiң бiрi – Шардараға баратын облыстық маңызы бар асфальт жол (ұзындығы 21 шақырым "Оңтүстiк Жарық" мекемесiнiң балансындағы электр өткiзу жүйесiнiң ЛЭП) Өзбекстан Республикасы арқылы өтуi бiздердi күйзелтiп отыр. Егер шекара дауы бiтпесе бұл жол да өзбектердiң еншiсiнде кетейiн деп тұр. Онда шекара шегiнде тұрған Мақтаарал халқы Шардарға бару үшiн Келес арқылы 180 шақырым жолды басып өтуге мәжбүр болмақ. Сонымен бiрге, Арнасай плотинасына қызмет ету мүмкiндiгiнен айрыламыз. Ол дегенiмiз күнделiктi бақылау-жөндеу жұмыстарымен қатар төтенше жағдай қалыптаса қалған жағдайда шұғыл шаралар ұйымдастыру мәселесi қиындайды деген сөз. Елдi мекендер арасындағы байланыс үзiледi. Ал, ЛЭП мәселесiне келсек, бұл Мақтаарал ауданы электр қуатымен қамтамасыз етiп отырған бiрден-бiр желi. Егер бұл желi Өзбекстан аймағында қалып қойса күнделiктi бақылау, қызмет көрсету, жөндеу жұмыстары, кездейсоқ апаттан орын алған жағдайда шұғыл шара көру жұмыстарын жүргiзу де қиындайды.

Ал ең сорақысы – мақтааралдықтардың электр жарығының жанып-өшуi де көршi елге тәуелдi болса күнiмiз не болмақ? Сонымен Мақтаарал ауданына баратын жол да проблема болып тұр. Өйткенi Сырдария өзенiне салынған Достық көпiрi төтенше жағдай болған кезде төтеп бере алмайды. Мақтааралдың халқының күнi қараң болады.

Бiздер буынсыз жерге пышақ ұрып отырған жоқпыз. Қазiргi орын алып отырған келеңсiздiктердi жазып отырмыз.

Мақтаарал, Шардара аудандарының басшылары: "Бұл ауылдардың болашағы жоқ. Көксарайдан үй салуға жер беремiз. Көшiңдер", – дейдi. Дәл қазiргiдей дағдарыстың кезiнде көшу оңай ма? Кiм бүтiн тұрған баспанасын бұзғысы келедi? Қанша жылдан берi үйлi-жайлы болып айрандай ұйып отырған бұл ауылдардың келешегi жоқ, 700-ден астам үйдi бұзып, көшiңдер деу ешбiр қисынға келмейдi ғой. Облыс әкiмi А.Мырзахметов Мақтааралға келгенде аудан әкiмi Қ.Хаметовтiң "Көксарайға бiздiң ауданнан 1000 шақты отбасын көшiре аламыз", – деген сөзiн естiп таңқалып едiк. Осы Қ.Хаметов 1995 жылы Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған кезде сол кездегi облыс әкiмi З.Тұрысбековке "Арнасай" мен "Аманкелдi" мал совхоздарын Қазақстанға қайтару туралы, ол үшiн Өзбекстанға осы екi совхоздың көлемiндей жер, мал беру арқылы алмасу жолын ұсынып хат жазған едi ғой. Ендi өзi 330 мың халқы бар Мақтааралға басшы болған кезде мүлдем басқа саясат ұстанып, елге-жерге жанашырлық байқатпай отырғанына қарнымыз ашып, көңiлiмiз қалып отыр.

Бiздер Премьер-министрiмiз К.Мәсiмовке де, сенат, мәжiлiс депутаттары мен облыс, аудан басшыларына да, "Нұр Отан" ХДП-на да хат жаздық. Әлi күнге дейiн мардымды жауап ала алмай сергелдеңге түсiп отырмыз.

Осы елдi мекендердегi 6000-ға тарта тұрғын бекерге шырылдап жүрген жоқ. Ата-бабамыз қоныс етiп келген атамекенiмiздiң өзге елдiң боданында кетiп отырғанына ашынамыз. Сiздерден сұранатынымыз, өзбек елiнде қалып қойған елдi мекендер мәселесiн, қазақ-өзбек шекарасындағы былықтарды түбегейлi тексеру үшiн арнайы комиссия құруға жәрдем берсеңiздер екен.

ҚР Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов 2009 жылы қаңтарда сенатта депутаттық сауал тастап, бiздердiң мәселемiздi өте дұрыс, орынды қозғады. Мұны бүкiл республика жұртшылығы "Қазақстан-1" телеарнасынан есiтiп, көрдi.

Қазiргi кезде ел iшi тыныш емес. Қазақ шекарашылары күнде келiп үйлердi бұзуды, көшуiмiздi талап етуде.

Ауыл жастары олардың дөрекiлiк көрсетiп, қоқан-лоққы жасауына қарсылық бiлдiруде. Тiптi, ереуiлге шығамыз, бұл не деген қорлық деп наразылық бiлдiрiп жиналуда. Ақсақалдар iш құса болып жүр.

Бiздер ел iшi тыныш болсын деп оларды күнде басып, тоқтатып отырмыз.

Зардап шегiп отырған ауыл тұрғындары алты мың (6000) адамның атынан растап қол қоюшылар:

Сағындық МИНЕТАЕВ,

Ұлы Отан Соғысының ардагерi;

Орынбасар ТҰРГҰНБАЕВ,

Ұлы Отан Соғысының ардагерi;

Ақбота БАЙЫМБЕТОВ,

Ұлы Отан Соғысының ардагерi;

Жасұзақ ШЫЛМЫРЗАЕВ,

Еңбек ардагерi;

Пiрiмбай РЗАЕВ,

Iшкi iстер ардагерi тағы

бiр топ ел ақсақалдары қол қойған.

Серіктес жаңалықтары