ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫР ӘУЛИЕСI – САНТА КЛАУС БОЛМАСЫН!

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫР ӘУЛИЕСI – САНТА КЛАУС БОЛМАСЫН!

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫР ӘУЛИЕСI – САНТА КЛАУС БОЛМАСЫН!
ашық дереккөзі
241

Наурыз құтты болсын ағайын! Әуелi бiр мысал:

Тозаққа түскен адамға бiраз уақыт өткесiн келiп: "Не қылайын, шығарып алайын ба?" – десең, "Жоқ, осы жақсы" дейдi екен. Бұл мүмкiн бiреулердiң ойдан шығарған оспағы да шығар. Бiрақ "көн қатса, қалыбына барады" дегеннiң рас екенiн Қазақстанда соңғы жылдары қасиеттi Наурыз мейрамының яғни, өз Жаңа жылымыздың 31-шi желтоқсандағы христиандық Жаңа жылмен салыстырғандағы тойлануымен салыстырып-ақ көруге болады. Жоғарыдағы қай дөкейдiң, нешiншi дөкейдiң тапсырмасы екенiн қайдам, 31-шi желтоқсандағы Жаңа жылға аттай бiр, бiржарым ай қалғанда қалалардың, аудандар мен уәлаяттардың әкiмшiлiгi мекемелердi, қоғамдық орындарды, көшелер мен дүкендердi Жаңа жылдық безендiру бойынша жарысқа түсуге шақырады. Тапсырмалар бередi. Содан көше-көшеде Дед Мороз деп аталатын қызыл тұмсық шал мен Снегурочка деген көккөз қыздың жүздеген, мыңдаған суретi iлiне бастайды. Ана жерде де, мына жерде де, дүкен, мектеп, мекеме, кафе, асхана, мейрамхана маңдайшаларында "С новым годом" деген жазулы әлемiш кермелер. Алаңдарда алуан салпыншақ iлiнген шыршалар. Шындығына келгенде бұны Жаңа жыл, жаңа күн деуге ешқандай не ғылыми, не тарихи негiз жоқ. Оны Христостың туған күнi деп ойлап тапқан Дионис деген кезбе бiреу. Көршiлес Орта Азия мемлекеттерiнiң ешбiреуi оны қазақтарша дүрiлдетiп тойламайды. Оларда Құрбан айт пен Ораза айттан кейiнгi ең ұлық мейрам – Наурыз мейрамы. Олар 31-желтоқсанды қазақтарға ұқсап түн ортасында ата-енесi мен келiн-баласы немерелерiмен қосылып арақ-шарап iшiп, у-шу болып бiрнеше күн тойламайды. Оның орнына Наурыз мейрамын мемлекет, үкiмет басшыларынан бастап керней-сырнайлатып тойлағанын көрсеңiз ғой, шiркiн! Және сол мемлекет, үкiмет басшылары, хакiмдерi, бүкiл радио, теледидар тек өз ана тiлiнде сөйлейдi. Өйткенi, олар Наурыз ғылыми-астрономиялық жағынан да, табиғаттағы ұлы өзгерiстер жағынан да дәлелденген, негiзделген ұлы күн екенiне әбден көз жеткiзген. Қай халықтың да, қай мемлекеттiң де қай мерекенi қалай тойлайтынына қарап, оның ұстанған саяси бағытын ұлттық санасы, ұлттық намысы қандай деңгейде дамығанын бiлу оп-оңай.

Сәл шегiнiс жасайық. Наурыз – өте ерте заманнан қалыптасқан жыл бастауы. Бұл күнi күн мен түннiң сағаты мен сағаты, минуты мен минуты, секунды мен секундына дейiн тепе-тең болады. Ал көне парсы (иран) тiлiнде жаңа – "ноуа", күн – "роуз" яғни жаңа күн дегендi бiлдiредi. Айтса айтқандай, Наурыз мейрамы келiсiмен бүкiл жарық дүние жаңарып, жасарып, жарқырап жаңа бiр күйге енедi. Алты ай бойы аяқ-қолыңды матап, тәнiңдi де, жаныңды да жадыра күйден айырған қыс ызғары кетiп, бүкiл жер дүние жас босанған анадай исiнiп, бусанып, әлдебiр балбырауын күйге түседi. Бүкiл қыбырлаған тiршiлiк иесi әлдебiр қарһәлләзи, шат-шадыман қозғалысқа түсiп, алыстан беймәлiм бiр күмбiр күй саған қарай асып-тасып ағып келе жатқандай, жас-кәрi атаулының кеудесiнде жаңа бiр толқын ескендей болады. Әлдебiр асық сезiм, үздiккен үрзада үмiт жаңа бiр жақсылықтың жаршысындай болып, кеудеңдегi торғайдай ғана жұмыр еттi тепсiндiре соқтырады. Ол сондықтан да Жаңа Күн, Жаңа Жыл! Ол сондықтан да Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз!

Мiне, осы бiр киелi де, қасиеттi мереке кейiнгi жылдары елiмiзде тым жұпыны, тым қораштау ғана тойланып жүргенiн жасырудың қажетi жоқ. Сонау 80-шi жылдардың ақырғы, 90-ыншы жылдардың орта шенiндегi Наурыз тойы мен соңғы 6-7 жылдан бергi Наурызды салыстырып көрсеңiз оған көз жеткiзу оңай. Оны жоғарыда айтқан 31-шi желтоқсандағы христиандық Жаңа жыл тойымен салыстыруға да келмейдi. Желтоқсанның басынан басталып, қаңтардың 14-15-не дейiн созылатын Жаңа жылды әсiресе Қазақстандағы бүкiл телеарналардың у-шулы көрсетiлiмдерiн күндiз-түнi сол телеарналардан қолдарына шарап құйған бокал ұстап, не өлең деуге, не ән деуге келмейтiн, әйтеуiр "Жаңа жыл, жаңа жыл" деген сөздi жүз қайталап тұрған белгiлi-белгiлi әншiлер мен әлемiштi топтарды айдан астам қарай отырып осы бiзде ұлттық сана, ұлттық мәдениет, ұлттық намыс деген қалды ма деген де ойға кетесiң. Ал Наурыз мейрамында телеарналар әр жерде көшелерде өткiзiлiп жатқан шағын концерттерден үзiндi беруден әрi аспайды. Өткiзiлiп жатқан iс-шаралар өте жұтаң.

Рас, Наурыз мерекесi күнi Елбасымыздан бастап, жергiлiктi әкiмшiлiктер халыққа арнап құттықтау сөз сөйлеп, iзгi тiлектер айтылады. Көшеде сахналандырылған көрсетiлiмдер мен әртүрлi ойын-сауықтар өткiзiледi. Бiрақ соның бәрi кейде осы күнi қазақ қыз-жiгiттерiнiң санасына бiртiндеп арамзалықпен сiңiрiлiп бара жатқан Валентин күнi, Татьяна күнi деп аталатын әдепсiз, бейқасиет, нәпсiлiк мерекелермен салыстырғанда қораштау ұйымдастырылып жүр ме деген де ойға қаласың. Бiз бүйте берсек Төлегенi – Валентинге, Қыз Жiбегi – Таняға, Қызыр Әулиесi – Санта Клаусқа айналған аты-жөнi, тiлi мен дiнi дүбәра бiр ұлт болып, ғайыпқа сiңiп кетуiмiз әбден мүмкiн. Егер бiз ұлттық мерекелерiмiз бен кәделi күндерiмiзге осылайша енжар, керенау қарап, олардың қадiр-қасиетiн жас ұрпақ санасына сiңiрiп отыруды қолға алмасақ, бұл да күн санап ұлттығымыздан айырылудың үлкен бiр себебi болары сөзсiз.

Сондықтан, қасиеттi Наурыз мейрамын мемлекеттiк аса жоғары деңгейде өткiзудi бүгiннен бастап қолға алуымыз керек! Бұл бiздiң отарланған санадан, құлдық санадан әбден тазаруымыздың басты көрiнiсi болар едi.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары