Кедендiк одақ: ҚАЗАҚСТАН МӘСКЕУДЕ АЙТҚАНЫНА ЖЕТТI МЕ?

Кедендiк одақ: ҚАЗАҚСТАН МӘСКЕУДЕ АЙТҚАНЫНА ЖЕТТI МЕ?

Кедендiк одақ: ҚАЗАҚСТАН МӘСКЕУДЕ АЙТҚАНЫНА ЖЕТТI МЕ?
ашық дереккөзі
399

Қазақстан Кедендiк Одақ қоржынына тиесiлi баж салығының 7,36 пайызына ие болады. Бұрынғы үлеспен салыстырғанда екi еселенген бұл көрсеткiш Мәскеуде өткен Кедендiк Одақ комиссиясы отырысында айқындалды. Бұдан бұрын бекiтiлген келiсiмдерге сәйкес елiмiз табыстың 3,5 пайызын ғана иемденетiн. «Ұзаққа созылған келiссөздер нәтижесiнде үкiмет бұл көрсеткiштi екi еселеуге қолжеткiздi» дедi вице-премьер Өмiрзақ Шүкеев.

Кедендiк баж салығының ортақ есебiн шығарғаннан кейiн Ресей тарапы салықтың 92%-ын, ал Қазақстан мен Белоруссия қалған 7%-ды өзара бөлiсуге тиiс болатын. «Бiздiң баж салығымыз республикалық бюджетте жылына 97 млрд теңге төңiрегiнде едi. Бұл жалпы Белоруссия, Ресейдiң баж салығынан 3,5 пайыз болатын. Былтыр 97 млрд. теңге болса, биыл екi еселенген қаржы түседi деп күтiлуде» дедi Өмiрзақ Шүкеев. Сондай-ақ Мәскеуден оралған вице-премьердiң айтуынша, келiссөздер барысында елiмiз тағы бiр жеңiске қол жеткiзген. Қазақстан тарапына қатысты бұрын-соңды қабылданған келiссөздер мен Кедендiк кодекске еш өзгертулер енгiзiлген жоқ. Кедендiк одаққа кiрген елдердiң «кейбiр шенеунiктерi» былтыр бекiтiлген кодекстi қайта қарап шықса керек. «Ресейдiң бюджетi мен экономикасына залал келтiредi деген сылтаумен кедендiк аумақтағы бәрiмiзге ортақ тарауларды өзгертпекшi болды», — деп наразылық бiлдiрдi Ө.Шүкеев. Мұнда үлкен астар жатқаны белгiлi. Кедендiк одаққа кiретiн елдер мемлекеттiк кедендiк территориядан тұратындығын анықтап алуды ұсынған. Егер де бұл құрыққа түсер болсақ, Кедендiк одақ күшiне енген күннiң өзiнде Ресей мен Қазақстан арасында бақылау қойылуы мүмкiн. Жалпы «қосымша есептеулерге, мәселен, автокөлiктердiң баж салықтарын қайта есептеу нәтижесiнде белгiлi бiр өзгерiстер ғана енгiзiлуi мүмкiн. Бiрақ ол бәлендей өзгерiс әкелмейдi. Бiз кедендiк баж салықтарын бiрдей бөлiсу мөлшерiн бекiтуге жақынбыз», – дедi бiрiншi вице-премьер. Кеден кодексiне енгiзiлген техникалық өзгерiстер болмаса, құжат бастапқы қалпында қалады. Қазақстан жағы осы келiссiздер барысында 409 тауар түрiне салынатын баж салығына жеңiлдiктi сақтап қалды.

Кедендiк Кодекс төңiрегiнде өрбiген түйткiлдердi тарқату үшiн Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерiнiң Үкiмет мүшелерi өткен аптада түрлi форматтағы кездесулер мен келiссөздер өткiздi. Ресей үкiметi төрағасының орынбасары Игорь Шувалов Астанаға келiп қайтты. «Тараптар үшiн кеден қызметi жұмысының бiрiңғай жүйесiн және бiрыңғай ақпараттық жүйенi қалыптастыру жөнiндегi келiсiм маңызды. Кедендiк Одақ комиссиясының соңғы отырысында бiрыңғай экономикалық кеңiстiктi құруға қажет құжаттарды реттеудi бастадық, – дедi И.Шувалов.

2010 жылдың шiлде айынан бастап жалпы Кедендiк Одаққа баж салығынан түсетiн қаржының 87,7 пайызы Ресейге, 5 пайызға жуығы Беларусқа, ал 7 пайыздан астамы Қазақстанның үлесiнде қалады. Негiзiнде 8,5% иемденемiз деген үмiт болған.

Барлық бақылау мен кедендiк рәсiмдеу оңтүстiкте Қазақстан, ал батысында Беларустың шекарасына көшедi. Ал Ресей мен Қазақстан арасында 1 шiлдеден бастап ешқандай рәсiмдеу де, бақылау да қалмайды. Ресей мен Беларустың талаптары бойынша 1 шiлдеден кейiн елiмiздiң оңтүстiк өңiрiндегi шекара бекеттерiн бақылау күшейтiледi. Өйткенi, кедендiк одақтың мемлекеттерi дәл осы дәлiз арқылы заңсыз тауар тасымалдануы мүмкiн деп қауiптенуде. «Бұл дәлiз жабылған күнде де елiмiздiң кәсiпкерлерi құрқол қалмайды», деп вице-премьер Кедендiк одақ арқылы Еуропаға есiк ашылатынын ескерттi. «Кедендiк одаққа мүшелiкке өтуден елiмiз еш ұтылмайды. Үш елдегi кедендiк баж салығы өткен жылғыдан кемидi деп ойламаймын. Әрине, дағдарысты құбылыстар болмайды деуге келмейдi, импорт көлемi азаюы мүмкiн, бiрақ Қазақстан бюджетi қандай жағдайда да ұтылмайды», — дедi Ө. Шүкеев.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары