Жанат апа: КЕЙ КЕЛIНГЕ САБЫРЛЫЛЫҚ ЖЕТIСПЕЙДI

Жанат апа: КЕЙ КЕЛIНГЕ САБЫРЛЫЛЫҚ ЖЕТIСПЕЙДI

Жанат апа: КЕЙ КЕЛIНГЕ САБЫРЛЫЛЫҚ ЖЕТIСПЕЙДI
ашық дереккөзі
313

Биыл сексеннiң алтауына шығатын Жанат апа Тохметова әлi тың. Есте сақтау қабiлетi мықты. Үй шаруасын, әсiресе, асүйдiң тiрлiгiн дөңгелетiп әкетедi. Жастық шағы ғана емес, бала күнiнде болған оқиғаларды майын тамыза әңгiмелегенде, тыңдаушысын үйiрiп алады.

— Естуiмiзше, жас күнiңiзде тылда еңбек еткен көрiнесiз?

— Е-е, ел басына күн туған соғыс жылдарында ғой. Майданға алдымен әкем, оның соңынан анамның жалғыз iнiсi кеттi. Он алты жасқа толғанда кезек маған келген. Бауырында алты айлық баласы бар анам военкомға ағыл-тегiл жылап, жалынып жүрiп, менi ауылда алып қалды. Ауылда қалды деген тек аты ғана. Әйтпесе, соғыстағы арыстарға арнап тон, биялай, басқа да қажеттi нәрселердi дайындадық. Сол кездегi Буденый атындағы №6 артельде таңның атысы, күннiң батысы тынымсыз еңбек еттiк. Соның арқасында аштықтан аман қалдық қой. Еңбегiмнiң ақысы ретiнде күн сайын анам, бауырым мен маған 150 грамм нан берiлетiн. Ол нанға қол тигiзбестен, iнiме беретiнбiз.

— Өздерiңiз ше?

— Өзiмiз шөп-шалам, әрнәрсенi жеумен күн көрдiк. Пима тiгетiн жерге үлкен-үлкен бөшкелерге салынған малдың терiлерiн әкелетiн. Терiлер жұмсақ болуы үшiн қышқылға салынады екен ғой. Сол терiлердiң кей жерiне қатып қалған май қалыңдау болса, бригадирлер алып кететiн, ал бiз солардан қалған қалдыққа мәз болатынбыз. Терiлердегi майдың жұғындыларын қышқылмен жуылғанына, ластығына қарамастан, пышақпен қырып алып, шойын пештiң үстiндегi шағын қазандарға қайнатамыз. Сосын сорпаны бәрiмiз бөлiсiп iшемiз. Арқыраған аяз бен соғыстың ызғары, қос бүйiрден қысқан аштық… Қаншама отбасы бала-шағасымен түгел қырылып қалды. Қыстың көзi қырауда асқазанды алдайтын жемiс-жидек те жоқ қой. Кейбiр отбасы жабайы өрiктiң улы дәнiн жеймiн деп, сеспей қатты. Өлгендердiң iшiнде жас балалар да көп болатын.

— 1947 жылы, 25 жасымда күйеуге тидiм. Өзi оқыған, көзi ашық, соғыстан омырауы орден, медальға толып оралған жас жiгiтке қызықпайтын қыз кем де кем едi. Мен сұңғақ бойлы, қос бұрымы бұлғақтаған, әппақ қардай, әдемi болатынмын. Атаңның көзi маған түсiп, менi айттырып келдi. Екi сөзге келместен, етегiнен ұстадым. 4 жыл бойы ұрыс даласында шайқасқан, денесiнiң сау-тамтығы қалмаған жолдасымның жарасын жаңалап таңумен талай күндi өткердiм ғой. Сонда бiр қабақ шытып көрмеппiн. Қазiргi жас қыздарым мен келiндердiң шыбық тимес шыңқ етпе болып алғанына қынжылам. Алла сабыр берсiн де, балам. Сабыр мен қанағат жүрген жерде ғана береке бар. Әйтпесе, "либов" деп сүйiп-күйiп қосылғандар санаулы күннен кейiн ажырасып жатады.

— Сiздiңше, ол нелiктен?

— Көп жағдайда әйелдер кiнәлi. Кейде әйел адамның тiрлiгiн еркектiң мойнына артып қойғысы келетiн келiндер болады. Ыдыс-аяқ сылдыраса, сабыр шақыруға не төзуге емес, керiсiнше, ажырасуға дайын тұрады. Бiз жас кезiмiзде "либов" дегендi бiлмегенбiз. Анам "мына жiгiтке тұрмысқа шығасың" дедi, бiрауыз сөзге келместен, күйеуiмнiң жетегiнде кете бардым.

Соғыстан соң кiм қалың мал төлеп жарытсын? 10 келi еленбеген ұн бердi, анам соған мәз болды. Құдайға шүкiр, етегiнен ұстаған азаматпен 40 жыл бiрге отастым.

— Сонда араларыңызда ешқандай махаббат болмады ма, апа?

— Ол кезде қайдағы махаббат, қарағым?!

— Бiрақ жақсы көрмесем, күйеуiмнен 4 қыз, 1 ұл сүймес едiм ғой. Балалардың бәрiн оқыттық-тоқыттық, бәрi жоғары бiлiм алды. Ұлды – ұяға, қыздарды – қияға қондырдық. Жолдасым марқұм тiрi болғанда, бұл дүниенiң қызығын әлi де бiрге көрер едiк. Аллаға шүкiр, 5 баламыздың кiндiгiнен өрген 9 немере, 4 шөберемiз бар.

— Апа, бүгiнде заман тыныш, ел аман. Бiрақ қазiргi келiндерiңiз бала тууға келгенде неге белсендi емес?

— Бiздiң жастық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келдi. Күн көру қиын, жоқшылық, таршылықпен күнелттiк. Сөйтсе де, "бiр қозы туса, бiр жусан артық шығады" деп сенетiнбiз. Бүгiнде қыз-келiншектер баланы асырап, ер жеткiзудi қиынсынады. Неғұрлым көп тусам, соғұрлым көп қиналам деп ойлайды. Менiңше, қазiр адамдар оңай өмiрге үйренiп алған. Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға 17-18-ге ендi толған өрiмдей жастарды алып кеттi. Ал менiң 16-дағы немерем: "Әже, бiз соғысқа қатыспақ тұрмақ, мылтықтың дауысын естiсек, жүрегiмiз жарылып кететiн шығар" – дейдi.

— Бiрақ кеңестiк заман кезiнде адамдарға өмiр сүру қазiргiдей қиын емес секiлдi едi ғой?

— Иә, онысы да бар. Адамдар ертең түгiлi, қырық жылдан кейiн не болады деген сұраққа бас қатырмайтын. Қиындықты көп көргендiктен, болашаққа деген сенiм, ертеңге деген үмiт басым едi. Әрине, ол заманның да қиындықтары жетерлiк. Мысалы, Сталиннiң тұсында тәртiп қатал болатын. Әсiресе, алыпсатарлықпен айналысу ауыр қылмыс болып табылатын. 5 келi шай сатқан бiр досымды әйелiмен бiрге 5 жылға Сiбiрге жер аударып жiбердi. Ол кездерi ауылда шешен, татар, еврей т.б. сырттан жер аударылып келгендер көп болатын. Адамдар мейiрiмдi де қайырымды болғандықтан бiр сабақ жүгерi тауып алсақ, бiрнеше адам бөлiсiп жейтiнбiз. Қабағымыз ешқашан шытылған емес, бiреуiмiз қуансақ, бәрiмiз бiрге қуанып, бiрiмiз мұңайсақ, бәрiмiз бiрге мұңаятынбыз.

— Адамдардың пейiлi кең, көңiлi таза кездер ғой…

— Дұрыс айтасың. Қазiр сәл қиындыққа қабырғасы қайысып, жаңбыр жаумай су боп жүргендер көп. Бiздiң уақытымызда дүние үшiн бәсекеге түсу, бiр-бiрiмiздiң аяғымыздан шалу деген әсте болмаған. Менiңше, қазiр адамдарға рух пен жiгер жетiспейдi. Пендешiлiгi мен өзiмшiлдiктерi, бақталастықтары мен тақталастықтары тағы бар. Бiр қызық айтып берейiн. 1996 жылы Меккеге барып келдiм. Бастапқыда қызым мен жиенiм бiрге баруы тиiс болатын. Бiрақ шекарада оларды кейiн қайтарды да, мен жалғыз ұшып кеттiм. Аллаға шүкiр, жанымда жақсы адамдар көп болды. Ұшаққа мiнгеннен бастап, қазақтың бiртуар ұлы Талғат Бигелдинов iнiммен бiрге жүрдiк. Елге әкелген 20 литр зәмзәм суын көтеруге көмектескен де солар. Меккеде жүргенде бiр күнi сөмкемдi жоғалтып алдым. Бүкiл ақшам, құжаттарым мен елге қайтатын билетiм, барлық затым сол сөмкенiң iшiнде болатын. Пендешiлiк емес пе, жоқ iздеген алғашқы күнi-ақ күдерiмдi iштей үзiп қойдым. Сөмкем табылмайтын сияқты көрiндi. Алайда, арада үш күн өткенде жоғым табылды. Iшiндегi бар затым орнында. Алланың ақ жолында жүргендер бөгде бiреудiң меншiгiне қол сұқпаған ғой. Сол кезде қатты қайран қалып әрi риза болғам.

— Бауыры бүтiн бақытты анасыз. Арманыңыз көп пе?

— …мына тарамыс қолдарыма қарашы. Соғыстағыларға пима тiгем деп жүргенде, буындарыма қатты салқын тиген. Күн бұлттанса-ақ, қол-аяғым сырқырап, орнымнан тұра алмай, жатып қалам. Қаршадайымыздан ауыр жұмысқа жегiлiп, ел басына күн туған ауыр кезеңде денсаулықты аямадық. Бiрақ соның қадiрiн Үкiмет бiлмейтiнi өкiнiштi. Қазiр алатын зейнетақым 15 мың теңгенiң көлемiнде. Құдайға шүкiр, ашпын, жалаңашпын демеймiн. Балалардың арқасында таршылық көрген емен. Екiнiң бiрi көрмеген шет елдердi де араладым. Меккеге қажылыққа да барып келдiм. Тек қартайғанда жас күндегi бейнеттiң өтеуi зейнет болса дейсiң. Өткенде зейнетақының көлемiн көбейтсе деген өтiнiшпен iзденiп көрiп едiм, маған "Аудандық архив өртенгенде сiздiң құжаттарыңыз жоғалып кеттi. 16 жасыңыздан бастап пима тiккенiңiздi растайтын куәлердi, яғни, бiрге жұмыс iстегендердi бiзге алып келiңiз" деп шығарып салды. Олардың барлығы о дүниелiк болып кеткен, куәнi қайдан табайын? Шалым да Ұлы Отан соғысының ардагерi бола тұра ұзын-сонар кезектiң кесiрiнен 70 жасқа келгенше Үкiметтен үй ала алмай кеттi. Оның бәрiн қазбалап қайтейiн, балам. Өткен iс өттi. Үкiмет Ұлы Отан соғысының Жеңiсiне 50 толғанда Құрмет белгiсiмен және 55 жылдығында ҚР Президентi Н.Назарбаев пен Алматы қаласының әкiмi В.Храпуновтың құттықтау хатын алдым. Соған да шүкiр деп отырған жай бар.

— Апа, көктем келдi. 8-наурызға арнап замандастарыңызға, қыздарыңыз бен келiндерiңiзге айтар тiлегiңiз қандай?

— Алдымен бүкiл елге тiлейтiнiм, ешқашан соғыс болмасын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Қыз-келiншектерге сабырлы болуды, барға қанағат қылуды тiлеймiн. Менiң әжем жуырда ғана 115 жасқа толып барып марқұм болды. Бiр туысқан апам 100-ге келдi. Бұйыртса, мен де тоқсанға кiрем. Жастарға осындай бақытты да ұзақ өмiр берсiн Алла. Әр өткен күндерi қызық пен қуанышқа толы, үбiрлi-шүбiрлi болсын! Баршаға бақытты өмiр тiлеймiн!

— Әңгiмеңiзге рахмет, апа. Денiңiз сау, ғұмырыңыз ұзақ болғай!

Әңгiмелескен Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары