СӘБЕҢНIҢ СҰЛУШАШЫ

СӘБЕҢНIҢ СҰЛУШАШЫ

СӘБЕҢНIҢ СҰЛУШАШЫ
ашық дереккөзі
265

Мәриям апаны алғаш рет 1978 жылы күзде, Сәбеңнiң Алматыдағы 1965-1973 жылдары тұрған үйiнде6 музейi ашылайын деп жатқанда көрдiм. Сол бiр музей жасақтаудың қарбалас жұмыстары кезiнде айтқан әңгiмелерi, арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, жадымда сол қалпында жаңғырады.

"Сәбит сөзге сенетiн. Содан шығар, кейде бiреулерден алданып та қалатын. Ал мен көзге сенемiн. Бiр қарағанда-ақ кiмнiң кiм екенiн көзiнен оқимын. Түйсiгiм дәл шығады" дегенiн алғаш естiгенде, апамыз аздап мақтаныңқырап айтқан шығар деп ойлағанмын. Кейiннен Мәриям апаның шынында да адамтану ғылымында құпиясы ашылмаған көзден ұғу, көзбен түсiну, көзiнен аңғару тәрiздi ерекше қасиетке ие екенiне талай куә болдым. Бұл, әсiресе, музейге жаңа қызметкер аларда көп көмегiн тигiзетiн. Қызметке тұруға келетiн әрбiр жас маманға Мәриям апаның беретiн бағасы соншалықты дәл болып шығатын. Айналасындағылардың киiм киiсiн, жүрiс-тұрысын, сөз саптасын жiтi бақылап отыратын. Ескерту жасаса, астарлап, тұспалдап отырып жасайтын. Әрбiр сөзiнен даналықтың лебi есiп тұратын.

Қазақ әдебиетiнiң классигi Сәбит Мұқановпен 47 жыл отбасылық ғұмырды бiрге кештi, одан соң 37 жыл бойы жарының рухымен тiлдесiп, соңында қалған мұраларын көзiнiң қарашығындай сақтап, елiне, халқына табыстаумен болды. Ұлдары – Арыстан, Марат, Алтай, Ботажан, қыздары – Баян, Жанна. Ұлдарының төртеуi де iлгерiлi-кейiндi өмiрден озып кеткенiне Мәриям апа қабырғасы сөгiле аһ ұратын, бiрақ рухы мықты, тектi ана өзiн қайрап, қайраттандырып, өзiне ғана емес, өзгелерге де, балаларынан қалған ұрпақтарына да дем берiп отыратын.

Музейде өтiп жатқан әрбiр мәдени шараға елеңдеп құлақ түрiп, бертiнге дейiн белортада өзi отырып, қатысып, әрбiр кештiң шырайын ашып, өң берiп отыратын едi, жарықтық. Сәбең туралы бiр ауыз жылы сөз естiсе – марқайып, бiр ауыз салқын сөз естiсе – қартайып қалатын.

Бiрде Сәбеңнiң жеке кiтапханасы туралы мақала жазатын болып, Мәриям ападан музей қорындағы төрт мыңнан аса кiтаптар мен қолжазбалардың жайын сұрастырып отырғанда: "Айналайын, бiлесiң бе, осы кiтаптарды Сәбитпен бiрге мен де тiрнектеп жинап, арқалап тасыдым. Сәбит бiр қалаға барса кiтап дүкендерi мен музейлерiне соқпай кетпейдi. Қасында алған кiтаптарын сөмкеге салып, бiрге көтерiсiп мен де жүремiн. Мына кiтапханаға мен де еңбек сiңiрдiм" деп күлгенi бар. Онысы рас едi.

Сәкен "Сұлушаш келiн" деп атаған Мәриям Қожахметқызының 1930 жылдарғы үлкейтiлген фотосуретi қазiр музейде тұр. Ұзын қос бұрымы тобығына түскен. Сәбеңнiң "Сұлушаш" романына көшкен бейне!

Ол нағыз жазушының жары болып ғұмыр кештi. Жарына адалдықтың, мөлдiр махаббаттың иесi екенiн дәлелдеп өттi.

Топырағың торқа болсын, жаның жәннатта болсын, Әз-Ана!

Әдiлғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,С.Мұқанов пен Ғ.Мүсiреповтiң мемлекеттiк

әдеби-мемориалдық музей кешенiнiң директоры.

Серіктес жаңалықтары