КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ КIЛТИПАНЫ КӨП

КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ КIЛТИПАНЫ КӨП

КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ КIЛТИПАНЫ КӨП
ашық дереккөзі
263

Қазақстан, Ресей мен Белоруссия арасында құрылған Кедендiк Одақтың түйткiлдерi көп. Мысалы, 2010 жылы кедендiк салықтардың төмендетiлуi себептi, республикалық бюджет 70 млрд. теңгеден қағылмақ. Ал кедендiк салықтан түсетiн кiрiстi КО мүшелерi арасында өзара бөлiсу де саяси тұрғыда шешiлудi қажет ететiн көрiнедi. Апта басында Министрлер Кабинетiнiң мүшелерiн ашық әңгiмеге шақырған депутаттар қауымы Кедендiк Одақ Қазақстанға тиiмдi болу үшiн ҚР Үкiметiнен Кедендiк Кодекске өзгертулер мен түзетулер енгiзудi және Қазақстан мүддесiн қорғауда белсендiлiк танытуды талап еттi.

Қазақстан, Ресей мен Белоруссия арасында ортақ Кедендiк Одақ туралы бастама 2006 жылдың 16 тамызында ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесiнде көтерiлген болатын. 2009 жылдың 27 қарашасы үш елдiң президенттерi ортақ Кедендiк Одақтың құрылғанын мәлiмдедi. Одақ құрамындағы үш ел халқының жалпы саны – 170 милионнан астам. Әп дегенде ҚР Үкiметi КО-ның құрылуы қазақстандық жалпы iшкi өнiмдi бiр-екi жылда 20 млрд. долларға, Белоруссияға – 20 млрд. долларға, ал Ресейге 160 млрд. долларға дейiн көтеруге ықпал ететiнiн айтқан. Яғни, бiздiң ЖIӨ 100 млрд. доллардың көлемiнде екенiн ескерсек, Кедендiк Одақтың арқасында ЖIӨ 20 пайызға артуы тиiс. Алайда, апта басында ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшевпен кездескен депутаттар қауымы Кедендiк Одаққа қатысты бiраз келеңсiздiктiң бетiн ашты. Үстiмiздегi жылы кедендiк салықтардың төмендетiлуi себептi, республикалық бюджет 70 млрд. теңгеден қағылады екен. Оның үстiне, кедендiк салықтан (импорт пен экспорт) түсетiн кiрiстiң кiмге қаншалықты тиесiлi болатыны әлi белгiсiз. Ресейлiктер Қазақстан мен Беларуське қарағанда, Ресейдiң сауда серiктестерi көп екендiгiн айтып, пайданың қомақты бөлiгi өздерiне берiлуi керектiгiн ашық мәлiмдедi. Болат Жәмiшевтiң пiкiрiнше, бұл мәселе тым күрделi болғандықтан, саяси тұрғыда шешiлудi талап етедi. Негiзi Кедендiк Одақты құрудың астарында экономикалық мүддеден гөрi саяси сарын басым болды деген пiкiрмен сарапшылардың көпшiлiгi келiседi. Қазақстандағы Кәсiпкерлердiң тәуелсiз ассоциациясының президентi Талғат Акуов: "Кедендiк Одаққа мүше болу қазақстандық бизнеске тиiмдi ме?" деген сауалға әлi жауап табылған жоқ. Кедендiк Одақтың дәл қазiргi талаптары негiзiнен ресейлiк кәсiпкерлердiң мүддесiн қорғайды. Қазақ кәсiпкерлерi үшiн тағы бiр қиындық, Кедендiк Одақтың ресми түрде iске қосылуы Қазақстандағы коммуналдық төлемдердiң өсуiмен тұспа-тұс келдi. Бұл тұтынушылық сұраныстың деңгейiне керi әсер етедi. Егер бiздегi салық заңдары отандық тауар өндiрушiлердi қолдауға бағытталса, жағдай басқаша болар едi" дейдi. Ал белгiлi экономист Олжас Құдайбергеновтiң пiкiрiнше, қандай да бiр кедендiк ұйымға мүше болу ұлттық өндiрiс отандық тұтынушыларды толығымен қамтамасыз етумен бiрге шетелдiк нарыққа тасымалдауға лайық өнiмдi артық өндiргенде ғана тиiмдi: "Былтыр беларуссиялық кәсiпкерлердiң қоймалардағы өнiмдер қорының көлемi қажеттi мөлшерден 2-3 есе көп болды. Яғни, Белоруссия үшiн Кедендiк Одаққа мүшелiкке өту тиiмдi. Ал Қазақстандағы жағдай мүлде басқаша. Ресейлiк бизнес ешқандай Кедендiк Одақсыз-ақ, бiздiң нарыққа бiраз уақыт бұрын және кең ауқымда ендi. Ал аталған ұйымнан пайда табуды көздесек, бар күшiмiздi сала тырысуымыз керек. Өйткенi, бiздiң өндiрiс 10-15 пайызға (кейбiр тауар түрлерi толығымен) импортқа тәуелдi. Мұндайда протекционистiк саясатты жүргiзген абзал".

Төрт жылдың iшiнде Кедендiк Одақтың келiсiмдiк-құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында 38 халықаралық келiсiм қабылданған. КО шеңберiнде ЕурАзЭҚ қабылдаған 13 халықаралық келiсiм жұмыс iстеуде. Үстiмiздегi жылдың 1-қаңтарынан бастап, Кедендiк Одақтың бiрыңғай кедендiк тарифi енгiзiлiп, Ресей мен Беларусьтен басқа елдерден, яғни, үшiншi елден келетiн тауарларға салынатын кедендiк салық, тыйым немесе шектеу қойылған тауарлар тiзiмi түзiлдi. Үстiмiздегi жылдың екiншi жартысынан бастап, үш ел арасындағы кедендiк рәсiмдер, кедендiк бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық, фитосанитарлық, ветеринарлық, көлiктiк бақылаулар күшiн жоймақшы. 2011 жылдың 1 шiлдесiнде Кедендiк Одақтың iшкi шекараларынан бақылаудың барлық түрi алынып тасталады. Келiсiм бойынша, КО шеңберiнде қабылдануы тиiс кез келген заң жобасы берiлген дауыстардың 2/3 бөлiгi қолдаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бүгiнде Кедендiк Одақтағы арнайы құрылған Комиссияда тараптарға бөлiнген дауыс құқығы: Қазақстанға – 21,5, Беларуське – 21,5, Ресейге – 57.

Жаңа одақтың кесiрiнен шығын шегетiндер арасында ресейлiк нарықтағы бәсекелестiкке төтеп бере алмайтын отандық ет пен ет өнiмдерiн өндiрушiлер бар. Одаққа мүше болудан сүт өндiрушiлердiң де шекесi қыза қоймайтын шығар. Өйткенi, Қазақстандағы сүт өнiмдерiнiң басым бөлiгi Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстаннан импортталатыны белгiлi. Ресми деректер бойынша, былтыр елiмiзде 200-ге тарта сүт өңдеу кәсiпорны жұмыс iстеген. Алайда, олардың санаулысы ғана заманауи технологиямен жабдықталған көрiнедi. Экономикалық дағдарыс пен екiншi деңгейлi банктердiң кәсiпкерлерге несие бөлуге құлшынбауының кесiрiнен 200-ге жуық кәсiпорынның бiрталайы банкротқа ұшыраған. Оларға мемлекеттiк деңгейде қаржылық қолдау мен демеу керек екендiгi белгiлi. Есесiне, бiздiң iшкi нарықтағы кемшiн тұстарды толтыруға белсене кiрiскелi отырған ресейлiктер мен беларусьтердiң ұпайы түгел. Мәселен, былтыр шеттен әкелiнетiн сүт пен сүт өнiмдерiнiң көлемi 21,3 пайызға өсiп, экспорт керiсiнше, 3 есеге дейiн қысқарған. Қазақстандағы сүт импортына тиесiлi көрсеткiштердiң тең жартысы ресейлiктердiң үлесiнде – 70 мың тонна (122 млн. доллар). Одан кейiнгi кезекте Беларусь (15,8 пайыз), Украина (15 пайыз), Қырғызстан (7,7 пайыз) тұр. Жыл басынан берi отандық автонарықтағы ахуал да күрт шиеленiсiп кеттi. Одаққа мүше емес елдерден келетiн көлiктерге салынатын баж салықтарының кесiрiнен ескi көлiктердiң де құны шарықтап шыға келген. Жәмiшевпен кездесуде халық қалаулыларының бiрқатары ресейлiк автонарықтың ғана сойылын соққан билiкке шүйлiктi. Келiссөздерi барысында Қазақстанның мүддесiн қорғауда өзге тараптарға есе жiберiп алатын Үкiметтi сынға алған мәжiлiсмен Александр Милютин Кедендiк Одақтың бiртұтас кедендiк тарифi енгiзiлгенше шетелдiк автомобильдерге салынатын баж салығын өзгерiссiз қалдыру қажеттiгiн айтты: "Неге бiздiң азаматтар халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтiн өнiмдердi ұсынатын Ресейдiң автонарығын қолдауы керек?" Депутаттың бұл сынына Жәмiшев мырза ақталып жатпады, керiсiнше, Кедендiк Одаққа мүшелiктен ресейлiк көлiк өндiрiсiнiң ұтатынын ашық мойындады. Өйткенi, көлiк зауыттарының саны Қазақстанда – 1, Беларусьте – 1, ал Ресейде – 19.

Халық қалаулыларын жұбатуға тырысқан Жәмiшев мырза қазақтардың ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруде пайда таба алатынын көлденең тартты. Бiрақ отандық экономика саласында, әсiресе, ауыл шаруашылығы саласында олқылықтар мен кемшiлiктердiң көптiгiн ескерсек, "шекемiз шылқи" қояды дегенге күмәнмен қараймыз. Оның үстiне, жеңiл өнеркәсiп пен тамақ өнеркәсiбiнiң ақсап жатқаны анау. Кластерлiк жүйенi дамыту туралы бастаманың қағаз жүзiнде қалып келе жатқаны тағы бар. Сонда Кедендiк Одаққа мүше болудың арқасында күмпiлдегеннен кiм не ұтты?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары