Маңғыстаулық оқушылар Болгарияның Бургас қаласында робототехникадан өткен «FLL Robotics Festival in Bulgaria» халықаралық чемпионатында жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық білім басқармасынвң баспасөз қызметінің мәліметінше, чемпионатқа 28 команда, 700-ден астам қатысушы бақ сынады. Беделді халықаралық додада Қазақстаннан 2 команда қатысты. Солардың бірі - Ақтау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының «Spark» командасы.
Команда Астана қаласында өткен Орталық Азия қатысушылары арасында өткен ең ірі «Alem Tech Fest 2026» робототехника және STEM фестивалі аясында жоғары нәтиже көрсетіп, осы халықаралық фестивальге жолдама алған болатын.
Халықаралық аренада оқушылар өздерінің жоғары дайындық деңгейін, инженерлік ойлауын және мықты командалық жұмысын дәлелдеп, барлық кезеңдер бойынша үздік өнер көрсетті. Нәтижесінде «Spark» командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді.