ТАҒЫ ДА ЕЛ БIРЛIГI ТУРАЛЫ

ТАҒЫ ДА ЕЛ БIРЛIГI ТУРАЛЫ

ТАҒЫ ДА ЕЛ БIРЛIГI ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
431

Қазақстанның ел бiрлiгi доктринасы бiрнеше айдан берi қоғамдық пiкiрталастың басты тақырыбына айналып отыр. Осының өзi Қазақстан халқының өз болашағына, дамуының бағытына бей-жай қарамайтындығының белгiсi. Көзқарастар алуандығының өзi азаматтық қоғамның белгiлi дәрежеде дамығандығының дәлелi, бұл да қуантарлық жағдай. Алайда, ұлт мәселесiн талқыға салғанда, бiз бiрiншi кезекте, бүгiнгi, яғни XXI ғасырдағы әлемдiк үрдiстердi басты назарға алғанымыз жөн.

Жаһандану заманында ешбiр мемлекет жабық күйде, өз қазанында өзi қайнап, жалпы адамзаттық алға жылжу көшiнен қалып қоя алмайды. Қазiргi таңда әрбiр мемлекет, әрбiр ұлт жаһандану үрдiсiнде өз ерекшелiгiн, бiрегейлiгiн сақтап қалуға тырысады. Бұл мақсатқа жаһандануға қарсы күресу арқылы жету мүмкiн емес, тек ұлттың жаңаруы, өз құндылықтарын жаңашылдықпен әрлеу арқылы ғана қол жеткiзуге болады.

Елiмiздiң Ата Заңында азаматтардың еркiн өмiр сүруiне, жетiлуiне ешқандай шектеу қойылмай, дiнiне, нәсiлiне қарамастан барлық адамдарға тең құқықтар берiлген. Бұл өз кезегiнде саяси және жалпы iшкi тұрақтылықты қамтамасыз етуде зор рөл атқарады, барлық Қазақстан азаматтарының мемлекетiмiздi өркендету, көркейту мақсатында бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарып қызмет етулерi үшiн жағдай жасалғандығының айқын дәлелi. Конституциямыз кешегi өтпелi кезеңде Қазақстанның көпэтносты, көпконфессиялы халқының достығын нығайту iсiнде, қоғамдық келiсiм мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде елдiң бiрлiгiн сақтап, түрлi ұлыстардың ұюына ұйытқы болды.

Доктринада көрсетiлген жайттар Қазақстанның этносаясатындағы бүгiнгi қол жеткiзген табыстарының жемiсi. Қазақстан қоғамы бүгiнде әлем сусап отырған ұлтаралық татулық пен келiсiмдi, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етiп отыр. Мұндай ұстаным тәуелсiздiк жылдарындағы мемлекеттiң бүкiл iшкi саясатының өзегi болды. Қазақстанда ұлттық-мәдени әралуандық пен бiрлiктi жаңғырту әрi дамытудың мемлекеттiк саясаты жүзеге асырылды. Әлемдiк қауымдастықта елiмiз бейбiтшiлiк пен этносаралық, дiнаралық татулықтың, тұрақтылықтың аралы ретiнде, тәуелсiздiктiң алғашқы күнiнен бастап ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулыққа өз үлесiн қосып, әрдайым бейбiтшiлiк пен татулық принциптерiн ұстанатындығымен танылған.

Осы орайда елiмiз үшiн зор табысқа айналған Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуi туралы шешiм қабылдауға ықпал еткен факторлардың бiрi ретiнде Қазақстанның этносаралық және дiнаралық қатынастарды реттейтiн өзiнiң бiрегей тәжiрибесi қалыптасқандығын атап айтуға болады. Төрағалық елiмiздiң әлемдiк қауымдастық алдындағы беделiн өсiрiп, сонымен қатар үлкен жауапкершiлiк жүктеп отырғаны баршамызға аян.

Алайда, этносаралық мәселе – бұл күнделiктi тыңғылықты жұмыс iстеудi талап ететiн сала, әсiресе бүгiнгi қалыптасқан жаһандану кезеңiнде этносаралық, дiнаралық татулықты нығайту мен қамтамасыз ету бағытында жаңа тың идеялар, этносаралық қатынастарды реттеу саласындағы мемлекеттiк iшкi саясатқа да оң өзгерiстер мен серпiлiстер қажет болды. Сол себептi күн тәртiбiне Ел бiрлiгi туралы талқылаулар, бүгiнгi қоғамдағы және бүкiл әлемде қалыптасқан жағдай мен объективтi факторларды мұқият сараптап, Қазақстан халқының саналы бiрiгуiнiң және сапа жағынан дамуының алғышарттары мен жолдарын айқындау мақсаты қойылды.

Бүгiнде ұлттық идеология жоқ деушiлерге уәж айтуға болады. Мемлекетiмiз осы уақытқа дейiн қалыптастырып, ұсынған бiздiң идеологиямыз — ел бiрлiгi, мұның астарында Қазақстанда өмiр сүретiн этностық, дiни, әлеуметтiк-мәдени топтардың қауымдастығы жатыр. Бұл, өз кезегiнде, Қазақстанның өркениеттi дамуына, экономикалық өрлеуiне барлық қоғам мүшелерi қатысады дегендi бiлдiредi. Бұл ұстаным әрбiр халықтың өзiндiк ерекшелiгiн сақтауға көмектеседi, сондай-ақ, қазақ халқының тiлiн, мәдениетiн, құндылықтарын дамытудағы мемлекеттiк саясатқа зор түсiнiстiкпен қарауға мүмкiндiк бередi. Тiл саясатында да бiршама оң өзгерiстер бар, мұнда әкiмшiлiк әдiстерден гөрi, уақыт пен кезеңдiлiктi ескерген жөн.

Қоғамнан, азаматтарымыздан келiп түскен ұсыныстарға сай толықтырулар енгiзiлгенде, "Ел бiрлiгi" доктринасының түпкiлiктi бағытына балама жоқ. Бұл доктрина елiмiздiң көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет ретiндегi рөлiн анықтайтынына, әлеуметтiк-экономикалық қатынастарын дамытуға, ел бiрлiгiн нығайтуға септiгiн тигiзетiндiгiне сенiмiмiз мол. Жалпы алғанда, Қазақстан қоғамын бiрiктiретiн ұлттық стратегия қажет. Бұл елiмiздiң ары қарайғы дамуының тағы бiр жаңаша кезеңiнiң талабын қанағаттандыру үшiн қажет болмақ.

Д. ТҰРСЫНБЕК

Серіктес жаңалықтары