БОЛАШАҚҚА БАСТАЙТЫН ТӨРТ ҚАҒИДАТ

БОЛАШАҚҚА БАСТАЙТЫН ТӨРТ ҚАҒИДАТ

БОЛАШАҚҚА БАСТАЙТЫН  ТӨРТ ҚАҒИДАТ
ашық дереккөзі
347

2020 жылға қарай елiмiздегi өңдеушi өндiрiстiң ЖIӨ шаққандағы үлесi 13 пайыздан кем болмауы тиiс. Ал шикiзаттық емес экспорттың жалпы экспорт көлемiндегi үлес салмағы 27-ден 45 пайызға дейiн көтерiлуi керек. Алдағы он жылда халықтың санын 10 пайызға дейiн өсiрiп, жұмыссыздық деңгейiн, керiсiнше, 5 пайыздан асырмау маңызды. ҚР Президентi Н.Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында осылайша экономикалық мәселелерге баса назар аударды. Әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарыстың отандық экономикаға әсерi, дағдарыстан кейiнгi даму, әлеуметтiк-экономикалық маңызы бар жобалардың жүзеге асырылу барысы т.б. туралы мәселе көтерiлген Жолдаудың экономикалық маңызына тоқталсақ.

ОН ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ

Президент Н.Назарбаев жұма күнгi халыққа Жолдауында әлемдiк қаржылық, экономикалық дағдарыстың қазақстандық экономикаға тигiзген керi әсерi болғанымен, экономика дамуын тоқтата алмағанын айтты. 2009 жылы экономика өсiмi 1,1 пайыз, өндiрiстiң өсу қарқыны 1,7 пайыз болған. Ұлттық қордың халықаралық жалпы қор мен активi 50 млрд. долларға жетiп, соңғы он жылда 25 есеге көтерiлген. "Жол картасы – 2009" бағдарламасының шеңберiнде, елiмiздiң барлық аймақтарында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын қайта құрылымдау мақсатында, 862 жоба жүзеге асырылып, 737 шақырымдық электр желiсiне, 1029 шақырым су құбыры, 284 шақырымдық жылу жүйесi, көлiк жолдары, жүздеген аурухана мен мектеп, мәдениет және спорт нысандарына жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Ұлттық Қорға тиесiлi қаржының басым бөлiгi дағдарысқа қарсы күрес шеңберiндегi ел экономикасын тұрақтандыру бағытындағы шараларға жұмсалған. Сонымен қатар Қордағы ақша Екiбастұздағы ГРЭС-1, Қашаған кен орны, Маңғыстаумұнайгаз бен үш мұнай өңдеу зауыты сияқты басқа да маңызды жобалардағы активтердi мемлекет меншiгiне қайтарып алуға сеп болды. Президенттiң айтуынша, елдегi жұмыссыздық 6,2 пайызға дейiн төмендетiлген. Бұл дағдарысқа дейiнгi көрсеткiштен төмен. Еңбекпен қамтамасыз ету стратегиясына сәйкес, 400 мың жұмыс орны ашылып, қазiр 2020 жылға дейiнгi даму стратегиясын жүзеге асыру көзделiп отыр. Ол үшiн экономиканы дағдарыстан кейiнгi даму кезеңiне дайындау; инфрақұрылымды дамыта отырып, экономикалық өсiмнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету, адам капиталының бәскеге төтеп беру қабiлетiн көтеру үшiн инвестициялау мәселесiнде белсендiлiк таныту; қазақстандықтарды сапалы әлеуметтiк және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету; ұлтаралық келiсiмдi нығайту, ұлттық қауiпсiздiктi күшейту, халықаралық қатынастарды одан ары дамыту қажет. Н.Назарбаев экономиканы дербестендiру жетiстiкке бастар жолдағы басты қадам екенiн айтты. Алдағы онжылдықта елдiң тұрақты әрi тепең-теңдiктi сақтай отырып, дамуы дербестендiру процесiн жеделдету және ұлттық экономиканың бәсекелестiк деңгейiн көтеру нәтижесiнде жүзеге асырылмақ.

ҚОЛДАҒЫ ҚАРАЖАТ – ШИКIЗАТТЫҚ ЕМЕС САЛАҒА

Бүгiнде Қазақстандағы өндiрiстiк еңбек өнiмдiлiгiн арттыру да маңызды мәселелер қатарында. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда бiр жұмысшы жылына 17 мың долларға тауар өндiредi. Ал дамыған елдердегi бұл көрсеткiш 90 мың долларға тең. Сондай-ақ, бүгiнде еңбек өнiмдiлiгiн арттыру да маңызды мәселелер қатарында. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда бiр жұмысшы жылына 17 мың долларға тауар өндiредi. Ал дамыған елдердегi бұл көрсеткiш 90 мың долларға тең. Президент еңбек өнiмдiлiгiн заманауи техника мен технологиялардың көмегiне жүгiне отырып, жаңашылдықты енгiзу арқылы көтеруге кеңес бердi. Осы мәселе ҚР Үкiметiнiң басты бақылауы мен басқаруында болуы тиiс. Министрлер кабинетi дайындаған Мемлекеттiк индустриалдық-инновациялық даму жиынтығы бағдарламасы мен Елдi индустриалдау картасы алдағы бес жылда басты бағытқа айналмақ. Осы мақсатта 162 жобаға арналып бөлiнген 6,5 трлн. теңге елдiң ЖIӨ-нiң 40 пайызынан астам бөлiгiне тең. Аталған құжат 3 жыл iшiнде 200 мың жаңа жұмыс орнын ашуға септiгiн тигiзедi. Үстiмiздегi жылдан бастап, республикалық бюджеттегi кепiлдендiрiлген трансферт 8 млрд. доллар болмақ. Оның басым бөлiгi индустриализациялауға жұмсалады. Бұл мәселеде аталған ақшадан басқа Ұлттық қордан қарыз немесе қосымша қаражат қарастырылмайды. Есесiне, Ұлттық қордағы қаржы 2020 жылға қарай 90 млрд. долларға дейiн өседi. Бұл – ЖIӨ шаққандағы 30 пайызға тең.

Келер күннiң еншiсiндегi маңызды мәселелер арасында 5 жыл мерзiм аралығында пайдалануға берiлуi тиiс газ-химиялық кешен, минералдық тыңайтқыштар өндiретiн зауыт, Балқаш ЖЭС, Мойнақ СЭС, Екiбазстұз ГРЭС-2-нiң жаңа бөлiгi, электроэнергетикалық стансалары т.б. бар. 2014 жылға дейiн Қазақстандағы 3 мұнай өңдеу зауыты күрделi жөндеуден өткiзiлiп, iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру сапасы мен деңгейi артпақ. 2020 жылға қарай елiмiздегi өңдеушi өндiрiстiң ЖIӨ шаққандағы үлесi 13 пайыздан кем болмауы тиiс. Ал шикiзаттық емес экспорттың жалпы экспорт көлемiндегi үлес салмағы 27-ден 45 пайызға дейiн көтерiлуi керек. Алдағы он жылда халықтың санын 10 пайызға дейiн өсiрiп, жұмыссыздық деңгейiн, керiсiнше, 5 пайыздан асырмау басты назарда болады. Түрлi жәрдемақылар мен төлемақыларға келсек, 2015 жылы базалық зейнетақы күнкөрiс деңгейi көлемiнен 60 пайызға дейiн арттырылып, мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар 2010 жылмен салыстырғанда, 1,2 есеге көтерiледi. Президент үстiмiздегi жылдың шiлдесiне шегерiлген шәкiртақы мен бюджеттен қаржыландырылатындардың жалақысы сәуiрден бастап 25 пайызға өсiрiлуi мүмкiндiгiн айтты. Сондай-ақ, жыл өткен сайын қатары сиреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерiне Жеңiстiң 65 жылдық құрметiне орай, 65 мың теңгеден сыйақы таратылмақ.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА БАСЫМДЫҚ

Экономиканы дербестендiрудегi маңызды салалардың бiрi – ауыл шаруашылығы кешенi. Ауыл шаруашылығының дамуы 3 бағыт бойынша жүзеге асырылуы тиiс: бiрiншiден, еңбек өнiмдiлiгiн арттыруға баса назар аударылуы қажет. Қазiргi таңда елiмiздегi кiрiсi мен табыс көзi төмен салалардың бiрi – ауыл шаруашылығы. Өйткенi, бiр жылда түсетiн пайда 3 мың доллардың көлемiнде болса, дамыған елдерде 50-70 мың доллардан асып жығылады. Осы келеңсiздiктi сынға алған Н.Назарбаев 2014 жылға қарай ауыл шаруашылығы кешенiне қатысты өнiмдiлiк деңгейiн екi есеге дейiн өсiруге пәрмен бердi. Әрине, аграрлық-индустриалдық дербестендiру, яғни, ауыл шаруашылығында өндiрiлетiн шикiзатты өңдеудi көтеру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен жаңаша қырынан қарастыру алға қойған мақсатқа жетуге игi әсер етерi сөзсiз. Екiншiден, елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету. 2014 жылға қарай iшкi нарықтағы азық-түлiктiң 80 пайызы отандық өнiмдермен толтырылуы тиiс. Үшiншiден, экспорттық потенциалды жүзеге асыру. Бұл орайда Кедендiк Одақ, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыстағы елдердiң нарығына қадам басу керек. Қазiр салынып жатқан "Жетiген-Қорғас", "Өзен – Түркiменстан мемлекеттiк шекарасы" темiр жол желiлерi қазақ өнiмiн Қытай мен Парсы шығанағындағы елдердiң нарығына тасымалдауға мүмкiндiк бермек. "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк жолы да тауарлар экспорттауға арналады.

Елбасы Жолдауында "келешектiң экономикасы" саласына баса назар аударды. Оның айтуынша, нәтижелi және тиiмдi жұмыс iстейтiн ұлттық инновациялық жүйе аталған саланың негiзi болуы керек. Осы мақсатта құрылу көзделген Астанадағы Жаңа Университетпен бiрге үш жаңа ғылыми орталық iске қосылмақ. 2010 жылы құрылатын сол орталықтардың бiрi – Ғылым орталығы халықаралық ғылыми орталықтармен тiзе қоса отырып, органдарды ауыстыру, жасанды жүрек пен өкпе, ұзақ жасау медицинасы саласында тер төгедi. Энергетикалық зерттеулер орталығы жаңартылған энергетика, физика, жоғары энергия техникасы мәселелерiмен айналыспақ. Ал Пәнаралық аспаптық орталық инжинирингтiк орталық, лабораториялық база, конструкторлық бюро болып табылады.

ТМД елдерi iшiнде интеграциялық процестердi жақтаушылар қатарындағы Қазақстан 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей, Беларусьпен бiрге Кедендiк Одақты құрғаны белгiлi. Бүгiнде 2012 жылдың 1 қаңтарында Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi қалыптастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Президент Үкiметке Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өту мәселесiн жеделдетудi тапсырды. Ал шет мемлекеттерден түсетiн инвестиция мәселесiнде Қазақстан Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Қытай, Оңтүстiк Корея мен француз, итальяндық, ресейлiк компаниялардан 20 млрд. доллар көлемiнде қаражат тартуға келiстi. Н.Назарбаевтың айтуынша, аталған қаржы экономиканың шикiзаттық емес саласына бағытталмақ. Ал шикiзат саласына бөлiнетiн инвестиция 10 млрд. доллардан астам. Алдағы уақытта инвесторлардың белсендiлiгiн арттыру үшiн Қазақстанда жағдай жасалу көзделуде. Президенттiң Үкiметке тапсырған арнаулы экономикалық аймақтар туралы заң жобасы осы мәселенi оңтайлы шешуге ықпал етуi тиiс.

"КӘСIПКЕРЛIКТIҢ ЖОЛ КАРТАСЫ – 2020"

Президент Үкiметке 2011 жылға қарай бизнестiң операциялық шығындарын 30 пайызға қысқартуға нұсқау бердi. Ал осы онжылдықтың соңына дейiн ЖIӨ-дегi шағын және орта кәсiпкерлiктiң үлесi 40 пайыздық межеден асып түсуi керек. Өйткенi, қоғамды алға жылжытатын күштердiң бiрi – шағын және орта кәсiпкерлiк. Үкiмет қолға алғалы отырған экономиканы дербестендiру мәселесiнде тәукелдiлiк пен қауiп-қатерге төтеп бере алатын, жаңа нарықтарды игеру және инновацияны енгiзуге қабiлеттi кәсiпкерлiк ортаны дамыту қарастырылмақ. Үкiмет 2010 жылдан бастап аймақтардағы кәсiпкерлiктi дамыту бойынша бiртұтас бюджеттiк бағдарламаны енгiзедi. Н.Назарбаев аймақтардағы жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге ықпал ететiн бұл құжатты "Кәсiпкерлiктiң жол картасы – 2020" деп атауға ұсыныс бiлдiрдi. Карта бiрнеше бағыт бойынша, мысалы, несиелер бойынша пайыздық үстемақыларды жеңiлдету; шағын және орта кәсiпкерлiкке берiлетiн несиенi жартылай кепiлдендiру; бизнестi жүргiзуге сервистiк қолдау; мамандарды қайта дайындау, кәсiби бiлiктiлiктi арттыру, жастар тәжiрибесi мен әлеуметтiк жұмыс орындары арқылы жүзеге асырылуы тиiс. Жоспар бойынша, "Кәсiпкерлiктiң жол картасы – 2020" тек кәсiпкерлер мен жұмыссыздар үшiн ғана емес, шикiзаттық емес жобаларды қаржыландыруда банктер мен инвесторлар үшiн де аса тиiмдi болмақ. Кезең бойынша бөлiнетiн қаражаттың мақсатты жұмсалуына және шағын және орта кәсiпкерлiкке қатысты жобалардың нәтижелi түрде жүзеге асырылуына әкiмдер жауап бередi. Ал Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар биылдан бастап жергiлiктi атқарушы билiктiң құзырына қарайды. Картаны жүзеге асыруда отандық тауар өндiрушiлердiң қосар үлесi салмақты. Сол себептi, Үкiмет шикiзаттық емес отандық экспортерлердi қолдауға мүдделi болуы тиiс. Мысалы, қазақстандық экспортерлердiң негiзгi құралдарын сатып алуда қаржылай демеу көрсету, экспортқа сервистiк қолдау, экспортерлерге гранттар беру т.б. Сонымен қатар 2020 жылы ТМД аумағы мен Орталық Азиядағы исламдық банкингтiң аймақтық орталығына айналуы тиiс қазақстандық қор нарығы Азиядағы қаржылық орталықтардың алғашқы ондығына енуi керек. Ал сырттан тартылатын қаражаттың басым бөлiгi тиiмдi әрi бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi салуға арналуы шарт. Елбасы кезiнде мемлекеттiң көмегiнiң арқасында банкрот болудан аман қалған елiмiздегi кейбiр жекеменшiк банктердi дағдарыстан кейiнгi кезеңде ұлттық экономиканың өсiп, өрлеуiне ат салысуға шақырды. Елдi бiрлiкке үндеген ҚР Президентi Н.Назарбаев сөзiн болашаққа бастайтын 4 қағидатпен түйдi: "Болашаққа белгiленген орасан зор мiндеттердi ұйыстырушы ұлттық стратегиясыз орындау мүмкiн емес.

Егер бiз табысқа жеткiмiз келсе, онда мына төрт қағидатты басшылыққа алуға мiндеттiмiз. Бiрiншiден, бiздiң ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсiз Қазақстан! Екiншiден, мемлекет және оның әрбiр азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдiң әл-ауқатына керi әсерiн тигiзуi мүмкiн кез келген қадамға бармауы тиiс. Үшiншiден, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкiлхалықтық iс. Бұл – қоғамның әлеуметтiк мәселелерiн шешудiң және баршамызды табысқа бастаудың кiлтi.

Төртiншiден, өңiрлiк және әлемдiк нарықпен интеграциялану – дамудың аса маңызды шарты".

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары