Өмiрбек ОРЫНБЕКОВ: "САЙРАН" КӨШЕДI" ДЕГЕН ҚАУЕСЕТ СӨЗ

Өмiрбек ОРЫНБЕКОВ: "САЙРАН" КӨШЕДI" ДЕГЕН ҚАУЕСЕТ СӨЗ

Өмiрбек ОРЫНБЕКОВ: "САЙРАН" КӨШЕДI" ДЕГЕН ҚАУЕСЕТ СӨЗ
ашық дереккөзі
386

Қала көшелерiнде кездесетiн кептелiстердiң басым көпшiлiгi батыс бөлiкте, яғни Қордай тас жолына шығар тiкелей жолды жауып тұрады. Кептелiстiң бiр ұшы "Сайран" халықаралық автовокзалына тiреледi. Себебi халық оңтүстiк бағытында жиi-жиi қатынайды. Алматы жол қозғалысының осындай кереғар тұстарын шешу мақсатында 2007 жылы қала сыртынан екi халықаралық терминал құрылысын салу күн тәртiбiне енген-дi. Нәтижеде батыс аймақтан 30 мың адам өткiзе алатын, яғни сыйымдылығы 960 адам құрайтын автовокзал салынды. Алайда, жаңа ғимараттың ауыз толтырып айтарлық тиiмдiлiгi әлi байқалар емес.

Халықаралық терминал дәрежесiнде салынған "Үш қоңырдың" аумағы тiптi айналып өтуге де тарлық қылады. Алматы-Бiшкек жолының 20 шақырымында орналасқан автовокзалға 7-10 миллион долларға жуық қаражат жұмсалған көрiнедi. Алайда, жаңа құрылысқа құйылған көл-көсiр ақша нәтижесi сезiлмей тұр. Халықаралық терминалды халық қызметiне ұсынудағы алға қойылған басты мақсат – жол ақысының тұрақтылығын қамтамасыз ету болатын. Қомақты қаржы жұмсалған объектiнiң пайдалануға шұғыл берiлгенi ел арасында түсiнбестiк, дау тудырған едi. Дәл сол жылы құрылыс аяқтала салысымен әлдекiмдер республикалық бағытта жүретiн көлiктердiң барлығын қой ықтағандай жаңа автовогзалға үйiрiп қойды. Қаладан жырақта бой көтерген терминал қызметiне халық та құлық таныта қоймады. Көз үйренген, автобус үйренген "Сайранға" қайта орала бердi. Сонда бұл ғимарат не үшiн салынды? Нелiктен әу бастағы жоспарға сәйкес халықаралық стандарттарға сай жасалмады? Әлде де болса қала iшiндегi автовокзалдың түбi сонда көшiп баруы мүмкiн бе? Билет бағасы қайтсек ретке келедi? Мiне, осы мәселелер бойынша "Сайран" халықаралық автовокзалының тасымалдау қызметiнiң бастығы Өмiрбек Орынбеков мырзаны сөзге тартқан едiк. – "Сайран" автовокзалы халықаралық талаптарды қанағаттандыра алмай ма? – Халықаралық стандарттарға сай келедi деп айта алмас едiм. Дегенмен еларалық , республикааралық тасымалдар жүзеге асырылады. Мәселен, Бiшкек, Томск, Нүкүс және тағы да басқа Орта Азиялық қалаларға жүк және адам тасымалын қамтамасыз етемiз. Негiзiнен жекеменшiктегi халыққа қызмет көрсету орны. Мемлекеттiң қадағалауындағы мекеме болып табылады, яғни барлық заңнаманың күшi өтiмдi. Сонымен қатар жоғарыдан бекiтiлген ережелер мен жол кестесi бойынша жұмыс жасалады. Бiздiң негiзгi мiндетiмiзге межеленген бағыттар бойынша билеттiң толық өтуiн және белгiленген уақытта автобустарды қабылдап алу, жолаушыларды отырғызып жiберу ғана кiредi. Бүгiнде 50-ден аса бағыт бойынша жолаушылар тасымалданады. Облысаралық бағыттар бойынша жолаушы саны басым. Жаздыгүнi "Сайран" автовокзалынан солтүстiктегi Павлодар-Томскге дейiн барады. Ал қыс айларында Қарағанды, Балқаш, Астана жолдарынан берi қарай қайтады. Сол сияқты оңтүстiк, шығыс, батысқа да жүк көлiктерi жүргiзiледi. Бiрнәрсенi ескерген жөн – аталмыш бағыттардың кестесiн бекiтетiн Көлiк және коммуникация министрлiгi. Сондықтан ресми рәсiмделген бағыттарды iске асыру талабы ғана бiздiң мойнымызға жүктелген. – Ендеше тасымал қызметiн "Сайран" автовокзалы өзi атқарады ғой… – Жоқ. Бiз тасымалдаушы емеспiз. Облысаралық бағыттар бойынша жолаушы мен жүк тасымалын арнайы тасымалдаушы компаниялар қызметiне кiредi. Ал бiздiң мiндетiмiз – министрлiктiң бекiткен уақытында автобустар бағытын қадағалап шығарып салып, күтiп алу. – Бiрақ диспетчерлiк кассада барлық бағыттағы билеттер сатылады емес пе? – Дәп сол билеттер тасымалдаушы компаниялардың меншiгi, яғни шығыны есептелген жолақысы. – Қазақстанның оңтүстiгiне қатынайтын жекеменшiк автобустар билеттi қолдан сатады емес пе? – Оның мәнiсi мынада. Бұл бағыт бойынша жеке меншiк тасымалдаушылардың министрлiкпен келiсе отырып бекiткен уақыт кестелерi бар. Бұл кесте бойынша кейбiр автобустар жиырма минут, жарты сағатта кетiп қалуы керек. Олардың қолындағы құжатта көрсетiлген уақытқа сай жолаушылар келе қоймайды. Сондықтан уақытқа байланбай жол жүретiн адамдардың келуiне қарай билет өткiзедi. Бiз қазiр осы мәселенi бiр ретке келтiрудi қолға алып отырмыз. Әзiрге iске аса қойған жоқ. Дегенмен де түбегейлi өзгерiске ұшырамайды, себебi бұл бiздiң құзырымыздан тыс әрекет. Жалпы алғанда, қолдан билет өткiзетiн төрт бағыт бар: Шымкент, Тараз, Жетiсай және Сарыағаш. Ал басқа бағыттар автовокзал бекетiндегi режим бойынша кетедi. Мәселен, Қызылордаға автобус 18.00 мен 22.00-де жүредi. – Осы автобустардағы жол бағасын тұрақтандыруға болмай ма? – Бұлардың бағасын бiз қоймаймыз. Баға өзара бәсекелестiкке байланысты құбылып отырады. Көп жағдайда жолаушы санына байланысты. Халық саны көп болса, көбейтедi, егер жолаушы саны аз болса арзан бағамен тасиды. Бiр ескеретiнi, бұл жерде бағаны қоятын автобус та емес. Автобустың ролi тек атқарушылық қызмет. Ал билет бағасын негiзiнен тасымалдаушы компаниялар Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң келiсiмiмен қойып отырады. "Оңтүстiк тұлпар", "Қасиеттi Транзит Сервис", ТОО "Саяхат", "Ердәуiт" және тағы да басқа компаниялар тасымал қызметiн атқарады. Мiне, осы компаниялардың құжатымен барып-келедi. Бiттi, одан артық бiр қадам да аттап баспайды. Өз кезегiнде тасымалдуашы компаниялар құжаттың барлығын министрлiкте рәсiмдеп отырады. Бағаны да сол жақта бекiтедi. Мәселен, жаңа жылғы шығынды жабу үшiн баға көтерiледi деп хат жүзiнде жiберiледi. Автобусы бар жеке тұлғалар өз бағытында адам тартуға заңды түрде құқы бар. Қазiр Шымкенттен 7, ал Тараздан 2 тасымалдаушы бар. Кейбiрi билеттi касса арқылы өткiзедi. "Сайран" автовокзалынан барлық бағыт бойынша тасымалды жүзеге асыратын 30-дан астам тасымалдаушы бар. – Нелiктен мейрам кезiнде баға удай қымбат болады?! – Бұның бәрi қосымша рейстердiң ашылуынан басталады. Мейрам кезiнде адамдар жан-жаққа қыдырады, студенттер үйiне қайтады. Сол үшiн шығарылған қосымша автобустар қайтарында бос қалады. Сондықтан барып-келу шығынын өтеу үшiн билет бағасы көтерiледi. Мұндай жағдай барлық жерлерде де қарастырылады. Жолдың барлық шығынын есептегенде бiр жолаушының жүрген 1 шақырым жолы – 4 теңге 2 тиын болуы керек. Бұл жүйе шығысқа жүретiн автобустарда сақталған. Ал Оңтүстiк бағытта бiр жолаушының бiр шақырымы – 2 теңге 55 тиынды құрап отыр. Мысалы, 715 шақырымдық Алматы-Шымкент бағыты – 1800 теңге, ал 595 шақырымдық Алматы-Үшарал бағыты 2500 теңгеден. Жаңажылдық тасымалда Үшарал үш жүз теңге қосты, ал Шымкент алты жүз теңгеден астам қосты. Бұл қалыпты жағдай. Кейбiреулер бағаны көтерiп алып, қалталарыңа құйып алдыңдар деп айыптап жатады. Алайда мұның барлығы шығынды өтеумен кетедi дер едiм. Бұл мемлекеттiк сипаттағы мекеме. Касса арқылы билет сатылғандықтан, мiндеттi салық та төленiп отырады. – Автовокзалға автобустармен қабаттаса жеңiл көлiктер кiрiп-шығып жатады. Арасында таксилерi де бар. Жұртшылық табан асты әбiгерге түсiп жатыр… – Олардың көпшiлiгi жеке кәсiпкер ретiнде салық, төлейдi, патент алған. Бiрақ заңды түрде бiр жүйеге негiзделген емес. Жалдамалы жеке көлiк иелерiнiң кедергiсi шамалы. Өзiне жолаушы жинайды да, арендасын төлеп кете барады. Пәлендей бiр жеңiл көлiк кiруге болмайды деген заң жоқ. Бұл қоғамдық орын. Сонымен қатар, алысқа жол жүретiн жолаушы автовокзал аумағына аялдамадан жүктерiн жаяу көтерiп келмейдi ғой. Сондықтан бiз кiрмесiн деп тыйым сала алмаймыз. Екiншi бiр мәселе – облыстық, қалааралық бағытта қатынайтын жеңiл көлiктер бар. Оларға бiз вокзал аумағынан үш алаң бөлiп бердiк. Бiрiншiсi – Жаркент бағыты, екiншiсi – Қапшағай, Ұзынағаш және үшiншiсi – Тараз, Мерке бағыты. – Жақында Тараз-Шымкент бағытында бiр автобус жол апатына ұшырап, 4 адам көз жұмды. Оқыс орын алған оқиғаларға кiм жауапты? Сақтандыру ережелерi талап етiле ме? – Егер де кiлтипан автобустың жағдайына байланысты шықса, онда жауапты бiз боламыз. Сондықтан белгiлi бiр бағытта жол жүрiп бара жатқан тасымал көлiгiн бiздiң механиктер мiндеттi түрде тексеруден өткiзедi, яғни дөңгелек жүйесi мен тежегiш қызметi жiтi қаралады. Бiздiң қойған негiзгi шартымыз бар. Алысқа аттанған автобуста екi жүргiзушi болуға тиiс. Бұл қайғылы оқиға туралы естiдiм. Жетiсайдан шыққан автобус Қамыстыдан аса бергенде оқыс оқиғаға ұшырады. Бiзде Жетiсайға екi тасымалдаушы компания автобус жүргiзедi: "Ақниет" және "Ердәуiт". Ал "Ердәуiт" – ресми тасымалдаушы. Оның бiзден шықпағаны анық. Сондықтан қандай құжатпен, кiмнiң рұқсатымен шыққаны бiзге беймәлiм. Құқық қорғау органдары ендi анықтап жатыр. Әгәрәки, автобус бұзыла қалса ТЖО-ға бос кетуiне рұқсат беремiз, яғни мұндай жағдайда жолаушы отырғызылмайды. – "Үш қоңырға" көшу жоспары қалай жүзеге асуда? – "Сайран" халықаралық автовокзал ретiнде республикалық реестрде тiркелген. Ал "Үш қоңыр" облыстық автовокзал ретiнде облыста тiркелген-тұғын. Жақында мен газет бетiнен бiр мақала оқыдым. Сонда "Үш қоңыр" халықаралық терминал дәрежесiнен алынып, автовокзал ретiнде тiркеуден шығып кеткен. Нақты екенiн қайдам, бiрақ сауда орталығы болып ашылмақшы деген сөздер бар. Былтыр осы мәселеге қатысты шу көтерiлiп, барлық автобустарды зорлықпен бiр аптадай ұстап отырды. Бiрақ халық ол жаққа бармай қойды. Әзiрге қолымызда тiркеуiмiз бар, сондықтан "Сайран" көшедi" деген қауесет сөз. Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов "Алматы" телеарнасына берген соңғы сүхбаттарының бiрiнде "Сайран" мен "Саяхат" автовокзалдарының көп ұзамай қала сыртына көшiрiлетiнi жайында сөз қозғаған едi. Демек, көшiру қаупi әлi де сейiлген жоқ. Бiрақ, вокзал басшылығы орныққан орнынан қозғалар ойы жоқ. Ал жол ақысының тұрақсыздығы тағы да жоғары жаққа жүктелдi. Өтеген батыр мен Төлеби көшелерiнiң қиылысынан түсе қалсаң, "қайда барасың" деп сүйрелей жүгiретiн "посадчик" немесе жалдамалы кондукторлар бизнесi де үдеп барады. "Мен ақшаны iстеген жұмысыма байланысты табамын. Неғұрлым көп жолаушы отырғызсам, соғұрлым табысым көп болмақ. Жолақысының белгiлi бiр пайызы менiкi. Кез келген бағытқа жолаушы тауып бере аламын", – дейдi есiмiн жасырған "посадчик" жiгiт. Осылай айқай салған өрiмдей жас жiгiттер мен қыз балалар автовокзалда толып жүр. Күнделiктi нәпақасын ажыратар автовокзалы алысқа кетсе, қалай болар екен? Ерiк, "делдал": – "Үш қоңырға" көшудiң қажетi жоқ. Ол ешкiмге де тиiмдi емес. Алдыңғы жылы бiр аптадай сол жерде болдық. Халық ол жерге жоламай қойды. Себебi жаңа терминалға жету үшiн таксиге үш мың теңге төлеп баруы керек. Ол жақта адам толтыра алмаймыз.Әрине бiз үшiн Шымкентке тiкелей шығып кету оңайға соғар. Бiрақ Сайранға қаланың кез келген бұрышынан жақын. Ендеше "Үш қоңыр" кiмдерге тиiмдi? Ұлжан, көлiк қожайыны: – Жаңа жылға байланысты баға керiсiнше қымбаттай қойған жоқ. Жүргiншiлердiң жиналуына байланысты баға көтерiледi. Қазiр, мiне, Шымкентке дейiн бiр орынды 800 теңге деп тұрмыз. Бiр адам жоқ. Өзiм жүргiзушiлерге қарыз боп қалдым. Ал жаңа автовокзалға барар болсақ, бiрден жаппай көшу керек. Сонда ғана баруымыз мүмкiн. Бiрақ ол жерге ешкiм сыймайды, өте тар жасалған. Құдды бiр ауданның автобекетi сияқты.  
Әзiрлеген Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары