КИНО – ШЫНАЙЫ ӨМIРДIҢ КӨШIРМЕСI ЕМЕС

КИНО – ШЫНАЙЫ ӨМIРДIҢ КӨШIРМЕСI ЕМЕС

КИНО – ШЫНАЙЫ ӨМIРДIҢ КӨШIРМЕСI ЕМЕС
ашық дереккөзі
280

Жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай соңғы жылдары қазақ кино саласында бiршама «көркем дүниелер» дүниеге келе бастады. Кәсiпқойлар мен әуесқойлар болып қазiр бұл сала екiге жарылып отыр. Өзегiмiзден өнiп шыққан өзiмiздiң кино ғой. Жаңалыққа жаршы болайық десек, «көркем дүниелерiмiз» көрерменiн күптi қылып, iштен шыққан шұбар жыланға айналуда.

Кәсiби мамандардың түсiрген фильмдерi әрине, бiзге, қарапайым халыққа арналмаған. Қазақ кино өнерiнiң классикасына жататын, «алтын құрсақтан» дүниеге келiп жатқан бұл «көркем дүниелердi» қарапайым халық қабылдай бермейдi. Сөйткен «көркем дүниелерiмiз» шетелге әр барған сайын жоғары бағаланып, сый-сияпат алып келедi. Әрине, қай ана өз баласының қуанышына ортақтаспасын! Баласы бәйгеге қосылғанда үйде отырып, тiлеуiн тiлеп, тақымын қысатын халық емеспiз бе?! Әйткенмен, кәсiби мамандар өз фильмдерiн қарапайым халыққа көрсете беруге құлықсыз. Өз қуанышымызды өзгеден естiп, артынан бiлiп жатамыз. «Алтын құрсақтан» өнiп шыққан «көркем дүниелерiмiз» бiздiң бiр ауыз сөзiмiздi көтере алмайды. Бiр ауыз пiкiр айтамын деп, iштен шыққан жауға айналып, көре алмайтын ағайындардың қатарынан шыға қалуыңыз әбден оңай!

Әуесқойлар түсiрген «көркем дүниелердiң» де маңдайынан ай жарқырап тұрған жоқ! Соңғы жылдары жарық көрген қазақ кино топтамаларының iшiнде «Алаяқтар», «Ағайындылар», «Жетiмдер», «Қисық бұтақтар», «Қынсыз қанжар», «Астанаға көктем кеш келедi», «Қарой», «Ойпырмай немесе менiң қымбатты балаларым», «Рекетир», «Қарттар үйi», «Махаббат жағалауы», «Ханталапай», «Аймалашы менi», «Әке қорлығы» т.б фильмдермен жалғасып кете бередi. Осыған қарап, казақ кино саласында бiраз iлгерi басушылықты да байқауға болады. «Алтын құрсақтан» шыққан көркем фильмдерге қарағанда, бұл фильмдер халық арасына кең танымал. Сапасы әлдеқайда төмен болса да, халықтың өз туындыларына шөлiркеп жүргенiн байқауға болады.

Бiздiң фильмдерiмiзде ұлттық идеологияның кемшiн тартып жатқанын да байқауға болады. Қай киноны алып қарасаңыз да қараңғы қазақ, жұмыссыздық, араққа салынған маскүнем әке, ашынған ана, қорланған қыз, қорлаушы ұл, тоқал там, тұрмысы жүдеу отбасы… қорғансыз қазақтың күнiн суреттеген картиналар толып жатыр. Ауыз аша қалсаңыз, өмiрдiң шындығын көрсетiп отырмыз деген уәж айтады. Өмiрдiң шындығын боямасыз көрсететiн болсақ фильмдi көркем деп атаудың қажетi қанша. Керiсiнше жығылғанға жұдырық болмай ма? Бұл тiзiмнiң iшiнде «алтын құрсақтан» шыққан фильмдер де бар. Шегiр көздер мен жебiр көздердiң мақсаты да сол емес пе едi? Атағы жер жаратын сыйлықтардың астында қандай да бiр миссияның бары анық! Олар бiздi өркениеттi елдердiң қатарынан көргiсi келмейдi! Бiрде түрiк тiлiнен сабақ берген Неджип деген түркиялық ағайымызға, Нобель сыйлығын алған Орхан Памук деген жазушының бар екенiн мақтанышпен айта қоймасым бар ма?! Атын атағаным сол, ол туралы жақтырмаған кейiппен, Түркияның қарапайым халқы Орханның шығармасын ұнатпайтынын жеткiздi…

Қанша жерден жамандап жүрсек те Еркiн Рақышевтiң кинолары бұдан әлдеқайда көш iлгерi. Тiптi, шындыққа жанаспайтын тұстары көп «Астанаға көктем кеш келедi» мен «Жетiмдер» фильмiнiң өзi неге тұрады. Мейлi, сапасы жағынан кемшiн, дубляжы дұрыс болмаса да режиссер қолынан келгенше ұлттық идеологияны беруге тырысқан. Халық үшiн «Алтын қордан» шыққан көркем фильмдерден де жоғары. Тосыннан болған жол апатынан ата-анасы қайтыс болған екi бiрдей бүлдiршiннiң алдағы өмiрiн суреттейтiн бұл фильмнiң арасында елiмiзде болып жатқан саяси өмiрден де хабар берiп кетедi. «Үш тұғырлы саясаттың» да кинодан үзiндi ретiнде көрсетуi жаныңа жақын. Тiптi, «Аялы алақан» бағдарламасының да кинодан көрiнiс табуы киноның шынайы болуына септiгiн тигiзген. «Астанаға көктем кеш келедi» фильмi де халыққа сондай жақын. Жас кыз Назымның жас Астанамызбен бiрге өсiп-өркендеуi рухыңды көтередi. Әрине, кинода шындыққа жанаспайтын тұстар да баршылық. Ең бастысы, рухыңды көтередi! Халық пен кино арасында жақындықтың да пайда болуы осыдан шығар. Бұлардан басқа Хабар агенттiгi түсiрген «Махаббат жағалауы», М.Мұратовтың «Қынсыз қанжары» да көруге тұрарлық фильмдер. А.Сатаевтың «Ағайындылар» телетоптамасы да сәттi шыққан фильмдердiң бiрi. Бiр өкiнiштiсi, елiмiздегi қостiлдiлiк көркем туындыларда да жарыса қолданып келедi. Бұл тiзiмге Рүстем Әбдiраштың «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз» фильмдерiн де жатқызыңыз. Әрине, олар ақиқат өмiрдiң көшiрмесiн жасаушылар емес пе?!

Жазира ТАШМАТОВА

Серіктес жаңалықтары