Тағдыр кітабының соңғы тарауы

Тағдыр кітабының соңғы тарауы

Тағдыр кітабының соңғы тарауы
ашық дереккөзі
378

Адамның өзіне де жұмбағы көп тағдырдың жазуымен Дидағаң (Дидахмет Әшімханұлы) екеуміз сандаған жылдар бойы бірге түрлі қызмет атқарыппыз. Ол ақылгөй алдыңғы аға болса, біз де қадари-хал інілік ізеттен жаңылмауға, жөнсіз тұста сүрінбеуге құштарланған екенбіз.

Тоқсаныншы жылдары аты дүркіреп тұрған «Қазақ әдебиеті» газетіне жұ­мысқа қабылдануыма да Дидағаңның айтарлықтай ықпалы болғанын айтпай кетуге болмайды. Ол кезде «Жалын» баспасында редактормын. Бірді-екілі мақалам «Қазақ әдебиетінде» басылған, тіпті, «Ескерткіш» деген материалым газет редакциясының арнайы сый­лығын да иеленген. Хош! Бірақ «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа тұру әрбір жас қаламгер үшін орындалмас арман. Жасырары жоқ, оған дейін де бірді-екілі ұсыныс жасалса да, географиям «келмегендіктен» көңілім су сепкендей басылған еді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде сол кездегі Пушкин (қазіргі Ұлттық) кітапханасының маңында троллейбустың алдыңғы жағынан Коммунар Тәбеевті көріп қалдым. Мен артқы жағындамын. Көріп қалдым деу сөздің сірағысы ғана, троллейбустағы ығы-жығы жұрттың арасынан Коммунар мойнын созып: «Сені Дидахмет іздеп жүр. Түстен кейін келіп жолықсайшы», – деп айқай салған. Маңдайымнан тер бұршақтап тұрып, қалың көптің арасында басымды изей беріппін... Үн-түнсіз.

Түс ауа Жазушылар одағының үйіндегі үшінші қабатқа көтерілдім. Түс ауды деген де әшейін сөз, әйтпесе Алматыда ғана болатын, кеудеңе дем жетпейтін нағыз қапырық. Асфальттың беті баланың еңбегіндей былқылдап жатқан шақ. Жазушылар одағының ғимараты да ауа жетпей, кілкіген буалдырға малынып ентігіп тұр. Жанап өткен адам уыстап от шашып кетеді денеңді жалынға шарпып.

Кең дәлізде Дидағаң құшақтай алды әбден сағынған бауырын кездестіргендей болып.

– Мен сені көп іздедім, – деді сосын жанарынан жылы шуақ шаша күлімсіреп. – Таптырмайды екенсің! Біздің газетке келуге қалай қарайсың?, – деді бастырмалата сөйлеп. Нақты ұсыныс па, әлде бір қайнауы ішіндегі жәй ғана лепес екенін ұға алмай мен тұрмын.

– Енді... шындап шақырсаңыздар..., – деймін күмілжіп.

– Болды онда. Жүр, кеттік Орекеңе, – деді одан арғы сөзімді керек те қылмастан.

«Қазақ әдебиетінің» ол кездегі Бас редакторы белгілі жазушы Төлен Әбдіков, орынбасары Оралхан Бөкей! Екеуі де қазақ әдебиетінің аты ауыздан түспейтін нағыз ақтаңгерлері.

Бас редактор кабинетінің қарсы­сын­дағы шағын құжыра Орағаңның бөлмесі. Өзім талай суретінен көрген, ара-тұра алыстан сұлбасын көріп мәз болатын Орағаң ұзынша шашы мойнын жабыңқырай, қиықша көздерін терезеден сыртқа тастап, тіп-тік, сұлу қалпында отыр екен. Алда – Дидағаң, соңында – мен, тізбектеле енген бізді аңғарып, басын әнтек шалқайтып, Алтайдың асқақ бұғысындай иегін көтерді дүр сілкінгендей болып.

– Ореке, – деді Дидағаң бірден іске көшіп. – Мына Жаңабекті шақырып алдым. Бізге келуге келісімін беріп тұр, – деді қысылып тұрған мені қолдағандай күлімсіреп. – Қолынан келетініне күмәнім жоқ.

– Жарайды, – деді Орағаң үсті-басымды сүзе қарап. – Бұл шыр­мау­ықбасты білемін ғой. Приказын шығара берсін. Тоқта, сен арақ ішесің бе? – деп қалды қиықша көздерінің түбінде әлдебір қуақы күлкі ойнап. Басқа сұрақ күтсем де, дәл осындай сұрақ күткен жоқ едім.

Тосылып тұрмын. Өзім табынып өскен, шығармаларының біразын жатқа білетін Орағаңа өтірік айту – қиянат, шындықты айту – ұят! Қысылғанымнан бұйра шашымды қасыдым қызарып тұрып.

– Жоқ, Ореке! Ішпейді. Енді... той-томалақта, ара-тұра туған күнде болмаса, – деп Дидағаң шыр-пыр.

– Қайдам, – деп сылқылдап күлді Орекең жүзі одан әрмен сүйкімді бола түсіп. – Сен ішпейді деп шырылдайсың, ал мына шырмауықбас бар болса құй деп тұр ғой...

Журналистік өмірдің табалдырығын алғаш аттаған маған осылай қалжыңдап, жаймашуақ күлген қайран Орағаң да жоқ енді ортамызда. Мен үшін бастығының алдында шыр-пыр болған аяулы Дидағаң да мәңгілік мекенде.

Әлгі тағдырдың жазуы шығар деймін тағы да еріксіз кеудем өксікке толып, тіршілікте Алтайдың арда азаматтарымен көп араласыппын. Қимас дос болыппын!

Маусымның 11-де 55 жасқа толуға тиіс болған қайран Нұрлан, өмірден ерте озған ақын Нұрлан Мәукенұлы қандай еді!? Екеуміз талай-талай таңды ұйқысыз бірге атырып едік-ау. «Шаңырақта» өзіміз үйінің іргетасын бірге қаласқан Талаптан Ахметжановты да арамыздан таппаймын. Талай сырласқан Бейбіт Құсанбек те бүгінде сағынышқа айналған.

Маусым айының 10 күні Дидағаң 65-ке толар еді. Екеуміздің құрған жоспарымыз да көп болатын. Осы жазда ұжым болып тауға шығуды, туған күнінде жылдағыдай жақсылап демалуды ойлағанбыз. Дидағаңның өмірге ерте келген немересінің ширауын солай атап өтпекші едік. Ол кісінің өзі үшін ғана өлең жазғанын біреулер білсе, біреулер біле қоймас. Сол өлеңдерін кішкене жинақ етіп бастырып, 100-200 данамен таяу арада шығарып, достарына тегін таратып беруді де жоспарлап жүрген. Ол кісі елу жасқа толғанда «Демократ һәм дипломат Дидағаң» деп мақала жазып, «Түркістан» газетінде жариялаған едім. Кейін, 60 жасқа толғанында мақала жазу туралы ұсыныс білдіргенімде:

– Керегі жоқ, елуге толғанымда әдемілеп жаздың ғой. Несіне әуре боласың, – деп келіспеген еді. Енді, биыл 65-ке толғанында жазармын дейтінмін. Көзі тіріге арнап жазу жеңіл екен ғой, қаламың да жорға болар, енді... отырмын жүрегім езіліп. «Қазығұрт» баспасынан 2012 жылы шыққан «Ащы мен тәтті» деген кітабымды айналдырамын амалсыз. Дидағаң «Сіз кімнің кітабын оқып отырсыз?» деп алғы сөз жазған ол кітапқа.

«...Уақыт озды. Қоңыр тон тозды. Шыр­мауық шаш қысқарды. Бірақ біздің сыйластығымыз тозған жоқ, ниет-пиғылымыз да «қысқармады». 90-жылдардың ортасында «Түркіс­танда» мен «бірінші орынбасар» болып жүргенде, Бас редактор Қалтай – Қалағама айтып, Жаңабек – Жақаңды бөлім меңгерушісі етіп алдық. Ал 2000 жылдардың ортасында мен жай орынбасар, ол «бірінші...» болды. Сөйтіп, міне, қазірге дейін Путин – Медведев сияқты қызметті бір-бірімізге кезекпен беріп, келісіммен жүріп жатқан жай ғой біздікі», – деп қайырыпты мен туралы ойларын.

Осылай да осылай Дидағаң өтті өмірден тосыннан. Арамызда айтылмаған сырлар, атқарылмаған істер қалды аяқсыз.

Бәрі де әлгі Лаухыл – Мақпұзда осылай жазылған шығар. Оны өзгерту ешкімнің қолынан келмейді. Тек... кеше ғана жаныңда жүрген жақсы адамды, жайсаң азаматты жоқтайсың. Санаң сарғаяды. Сансырайсың! Тағдыр кітабының соңғы тарауын өзгерте алмайтының қандай өкінішті!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары