ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ МЕН

ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ МЕН

ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ МЕН
ашық дереккөзі

Студент болу бiр бақыт! Жас болса да ерекше қарқынмен көркейiп келе жатқан тәуелсiз елiмiзде жақсы университеттер көп, бiрақ менiң таңдауым ҚазҰУ-ге тоқтады. Әрине, бұл өмiрiмдегi маңызды әрi өз бетiмше қабылдаған алғашқы шешiмiм. Таңдау жасап, бiр бекiмге келу менен көп күндiк ойланып, толғануды талап еткен жоқ. Өйткенi, ҚазҰУ — 75 жылдық тарихы, жарқын болашағы, өзiндiк өмiр салты мен дәстүрi, мәдениетi мен көзтартарлық архитектуралық бейнесi, сапалы бiлiмi мен тәжiрибелi оқытушылары бар бiлiм ордасы.

Киелi қарашаңырағымның 75 жылдық мерейтойына байланысты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың аталмыш оқу орнына ат басын бұрып келуi қуанышымды еселей түстi. Елбасымен бiр жерде, бiр уақыт кеңiстiгiнде болу бақытына мен бұрын да ие болғанмын. Менiң қытай тiлiн үйренiп, зердеме тоқып жүргенiме 3 жыл болды. Жинаған тәжiрибем мен бiлiмiмдi шынайы өмiрде сынау мақсатында ағымдағы жылдың 15-сәуiрiнде Қытай астанасы Пекинге аттандым. Бұл сапарымның Елбасы сапарымен сәйкес келуiнiң өзiн өзгеше бiр сәттiлiкке жорыдым. «Tian an men» алаңында Қытай елiнiң туымен қатар Қазақстанның көк туының желбiреуi маған үлкен күш қосқандай болды. Сонда мен «осы елмен терезесi тең азамат» екенiмдi түсiндiм.

Осылайша, Елбасымен бiр емес, екi рет жүздесудiң сәтi түстi. Мұндай сәттер адамды шаттыққа бөлейдi, талпынуға жетелейдi. Әрбiр студент алдына жаңа мақсаттар қойып, осындай үлкен сенiм мен құрметтi ақтауға тырысады деп ойлаймын. Н.Ә.Назарбаевтың жастарға, яғни, ел болашағы — бiзге деген сенiмiн, көмегi мен қолдауын ақтайтын, елдiң қамын ойлайтын, көркейтетiн азамат бiз — Қазақстанның бiлiмдi және бiлiктi жастары. Республиканың бетке ұстар, қатардағы озық университетiнiң атына кiр келтiрмей, одан сайын дамып, елiмiзбен бiрге көркейемiз деген үмiттемiн.

Айжан Баясова, ҚазҰУ «Экономика және бизнес»

факультетiнiң I курс студентi