20 ЖЫЛДА — 20 ХАБАР ДА ЖОҚ...

20 ЖЫЛДА — 20 ХАБАР ДА ЖОҚ...

20 ЖЫЛДА — 20 ХАБАР ДА ЖОҚ...
ашық дереккөзі
АҚПАРАТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIКТI ОЙЛАСАҚ…

КЕШЕ

Былтыр Қазақ теледидарына елу жыл толды. Бұл бiр арнаның мерейтойы емес, бүкiл ел телевизиясының жартығасырлық тарихы. Өйткенi 1958 жылдан 90-жылдардың басына дейiн елiмiзде бiр ғана мемлекеттiк арна – Қазақ телевизиясы жұмыс iстедi. Одан кейiн Қазақстанда бiрнеше жекеменшiк және тәуелсiз телеарналар дүниеге келдi. Бұл арналардың барлығына Қазақ телевизиясында еңбек еткен мамандар тартылды.

Соңғы 18 жылда тәуелсiз Қазақстанның теледидары өзiндiк даму жолына түстi. «Елу жылда – ел жаңа» демекшi, осы уақыт аралығында бұл сала түрлi белестерден өттi. Бұрынғы Қазақ телевизиясы, бiрiншiден, сол кездегi кеңестiк республиканың ең басты саяси үгiт-насихат құралы болды. Екiншiден, осы елде тұратын барлық халықтардың және негiзгi тұрғылықты қазақ халқының мәдениетiн, тарихын, өнерiн кең танытуға зор үлес қосты.

Қазақ телевизиясының өркендеп дамыған кезеңi – 70-жылдардың ортасы мен 80 жылдардың аяғына дейiнгi аралық. Осы кезеңде халық үзбей көретiн «Алтыбақан», «Қымызхана», «Тамаша», «Айтыс», «Терме» сияқты хабарлар дүниеге келдi. Сұлтан Оразалиннiң «Сұхбат», Iлия Жақановтың айтулы қазақ сазгерлерi мен күйшiлерiнiң шығармашылығына арналған «Iнжу-маржан», Ақселеу Сейдiмбек пен Жәнiбек Кәрменовтiң Абай және халық композиторларының әндерiне арналған «Асыл мұра», Қынабек Аралбаевтың айтулы спортшылар туралы «Кездесу», Сағат Әшiмбаевтың «Қарыз бен парыз», Нұртiлеу Иманғалиұлының «Көкпар» хабарлары көрермен көңiлiнен шықты. Бұл хабарлар қазiргi авторлық телебағдарламалардың алғашқы сәттi нұсқалары едi. Бұдан кейiн «Таңшолпан», «Тұлға», «Әншi балапан», Бейбiт Құсанбектiң «Өмiр өзен», Ұлбосын Айтөленнiң «Желтоқсан мен тәуелсiздiк», «Еске алу» деректi фильмдерi, Мұрат Ерғалиевтiң «Азия дауысы» хабарлары ел назарына iлiктi.Олармен бiрге «Шарайна» ақпараттық бағдарламасындағы Өмiрсерiк Жұман, Майра Әбдiрахманова, Сағындық Нұрекеев, Абдолла Сүлеймен, Ерлан Бекхожин, Ерлан Қожабергенов сынды белгiлi журналистер өзiндiк шеберлiктерiмен дараланды. Олардың елбасының алғашқы шетелдiк iс сапарлары туралы жасаған репортаждары сапалы шықты. 90-жылдардан бастап, елiмiзде «Тотем», «КТК», «Хабар», «31», «Таң», «Рахат» сияқты жаңа тәуелсiз телеарналар пайда болды. Нарық заманының келуiне байланысты мәселен, «31», «КТК», «Таң» арналарында жарнамалық және сауда саттық хабарландырулары көрерменге көп ұсынылатын. «КТК» дағы тағы бiр халықтың ең сүйiктi хабары құттықтаулар болатын. Бiрақ бәсеке бiртiндеп дамып, жаңа форматтағы хабарлар эфирге шықты. Әсiресе,барлық арналар жаңалықтар топтамасын жаңаша тәсiлмен шығаруды қолға алды. Сол уақытта жаңадан құрылған «Хабар» арнасының жаңалықтар қызметi көшбасшы болғанын көрермен мойындады. Ондағы қазақ және орыс тiлiндегi жаңалықтар сапалық жағынан бiрдей деңгейде болды. Ал басқа арналардың кейбiрiнде орыс,кейбiрiнде қазақша жаңалықтардың сапасы кемшiн түсiп жататын. 90-шы жылдардың ортасында елiмiз бойынша әр өңiрде, әрi кейбiр шетелдерде тiлшiлiк қосындары бар,техникалық мүмкiндiктерi кеңейген «Хабар» арнасы ғана едi. Алайда, араға уақыт салып, «31» арнасында орысша жаңалықтар «Информ бюро», «КТК» да «Неделя» сараптамалық хабары үздiктердiң қатарына қосылды. Осы кезеңде барлық арналар жаңалықтар қызметiнiң сапасын жақсартуға мән бергендiктен, публицистикалық, танымдық, тағылымдық бағдарламаларды жақсартуға телекомпаниялар әлi дайын болмады. Мұндай үлкен бағдарламалардың даму кезеңi жаңа ғасырдың басына дөп келдi. 90-шы жылдар басында тоқырауға ұшыраған «Қазақстан» телеарнасы он жылдан кейiн ғана қайта есiн жиып,аяғынан тұрды. «Күлтөбе», «Бар» мен «жоқ», «Ақжүнiс», «Шынның жүзi», «Ән мен әншi» хабарлары көрермен көзайымына айналды. Басқа арналардағы сапалы қазақша хабарлардың да қатары көбейе түстi. Мәселен, «31»-арнада «Еркiн сөз», «Дода», «Тұжырым», «КТК»-да «Шарайна», «Ел-жұрт» хабарлары сәттi шықты. 90-жылдардың соңында ашылған «Хабар-2» арнасы да қазақ тiлiндегi хабарлардың сапалық жағынан өсуiне ықпал еттi. Осы арнаның «Таразы», «Мың бiр мақал», «Ой көкпар» хабарлары халық ықыласына бөлендi. Бiрақ өкiнiшке қарай, «Хабар екiнiң» ғұмыры ұзақ болмай, тез жабылып қалды. 90 жылдардың ортасында «Хабардың» «77 күн» әзiл-сықақ бағдарламасы мен « Жетi күн» сараптамалық бағдарламасы биiктен көрiндi.

2000 жылдардың басында да елiмiзде жаңа телеарналар дүниеге келдi. Алматыда «НТК», «ОРТ-Евразия», «Оңтүстiк Астана», «Хит-Тв», ал жаңа елордамызда «Астана», «Эра» каналдары хабар тарата бастады. Бұл арналардың iшiнен өз ерекшелiгi бар хабарларды «ОРТ-Евразия» мен «Астана» жасай алды. Осы екi ұжымның шығармашылық iзденiстерiн көрермен жылы қабылдады. Мәселен, «Орт-Евразия» ел арасынан талантты әншi жастарды iрiктеп алып, «Суперстар» арқылы жұлдызға айналдырды. Тағы бiр қызықты жоба «Европаны бағындыру» жобасы болды. Арнайы шоу жасап,осы арна отандық телевизия саласына АҚШ, Европа телевизиясы хабарларының бiр нұсқасын әкелдi. Бұл батыста дәлелденген көрермендi тартудың бiр жолы бiзде де сәттi жүзеге асты.

Ал «Астана» арнасы елорда өмiрiн кең таныстыруға өзiндiк үлес қосып, бiрден елiмiздегi қалалық арнаның ең үздiгi атанды. Бұл арнадан орысша және қазақша барлық елорда жаңалықтарын көре алатын деңгейге жеттiк. Бiрақ телеарна 2005 жылы дұрыс келе жатқан жолынан жаңылып, қазақша хабарлардың санын қысқартты. Мемлекеттiк тiлде шығатын жаңалықтарды көрерменге қолайсыз уақыттарға ауыстырды.

Жаңадан ашылған арналардың ешқайсысында елдi елең еткiзген тұщымды қазақ хабарлары жасалған жоқ. Жеңiл-желпi, ортанқол хабарлар болды, алайда олар құр эфирдi толтырды, көрерменнiң есiнде қалған жоқ. Бұл телекомпаниялардың ең басты кемшiлiгi – ресейлiк арналарды ретрансляциялауы болды. Олардың көбi әлi күнге дейiн осы әдеттен арыла алмай келедi.

БҮГIН

«Хабарда» бұл күндерi «Таразы», «Арнайы репортаж», «Бiз айтсақ» бағдарламалары сәттi шығуда. Олардан әрдайым iзденiс көрiнiп тұрады. Халық назар аударатын тақырыптар таңдалады. Журналистер тақырыпты жан-жақты талдап, саралайды. Бұған қоса операторлық және режиссерлық жұмыстарда жетiстiктер бар. Бағдарламаның сәттi шығуы оператор мен режиссердың фантазиясына да,шеберлiгiне де байланысты. «Хабар» мамандары әлемдiк телевизиядағы жылт еткен жаңа үрдiстердi тез қабылдайды. Бұл жетiстiк. Телеарна өткен жылы наурызда мерекелiк мюзикл түсiрiп, көрермендерiн қуантты. Әзiл-қалжың, ән-би, әдемi декарация, сценарийде жақсы жазылған. Биыл наурыз мейрамы кезiнде батыр ана мен махаббат тақырыптарына арналған сазды фильмдер көрсеттi. Дегенмен өткен маусымда «Хабарда» ортан қолқұр уақыт толтыратын хабарлардың да эфирге шыққандығын жасыруға болмайды. «Ақшаң болса», «Бизнес, қаржылар», «Талап пен тәртiп», «Қазақстанда жасалған», «Хабар-жер», «Экономика тынысы» сияқты хабарларда бiрсарындылық басым. Оларды көрермен тағатсыздана күтедi деп еш айта алмайсың. Тiптi «Таң қалмаңыз», «Кеш қалмаңыздардың» өзiн де жаңа жобалармен ауыстыратын кез келген сияқты.

«Хабарда» ұлттық құндылықтар, мәдениет, әдебиет, тарих, яғни руханият мәселелерiне арналған бағдарламалар жоқ. Бүлдiршiндерге арналған хабарларда аз. Өткен жылы «Хабар» арнасы Қытайдағы Олимпиада ойындарын, биыл бокстан әлем чемпионатын тiкелей көрсету арқылы жанкүйерлер ықыласына бөлендi.

«Қазақстан» арнасындағы үздiк хабарлар «Көкпар», «Сен сұлу», «Сегiз қырлы» «Арнайы репортаждар бөлiмi ұсынады», «Қолтаңба» бағдарламалары. «Дарабоз» реалити шоуы да жаңаша iзденiстiң жемiсi болды. Бұл ресейлiк немесе батыстық шоуларды тура қайталау емес, өз ұлттық ерекшелiктерiмiзге бейiмделiп жасалған бағдарлама. Мұндай тың хабарларды жасауды әр арна қолға алуы қажет. Бұған дейiн «Қазақстан» жыр-термелер мен дәстүрлi ән-күйдi орындайтын жас өнерпаздар арасында байқау ұйымдастырған едi. Ол жоба да сәттi болды. Өткен маусымда бұл арнада да «Жаңа Қазақстан», «Бизнес ақпарат», «Капитал әлiппесi», «Серпiн» сияқты аттарының өзi айтып тұрғандай жалпылама хабарлар болды, олардың кейбiрi әлi де бар. Сапасы да анау айтқандай емес, жарнама үшiн дайындалатын хабарлар болғандықтан, құрғақ дәйектердi тiзбелеуден әрi аса алмайды. «Қазақстандағы» «Аламан айтыс» хабарында да осы өнердiң табиғи болмысы ашылмады. Әрине, декорация, студияны көркемдеу жағынан iзденiс өте жақсы. «Айтысты» қазiргi заманға лайық шоуға айналдыру мақсаты да орынды. Бiрақ оған шығатын ақындар суырып салып айту жағынан кемшiн түсiп жатты. Ондағы «жеңiмпаздардың» көбi жаттанды өлеңiнiң арқасында ұтып жүрдi. «Ұлттық арнаның» өткен маусымдардағы жұртшылыққа ұсынған «Сұлтан Бейбарыс» туралы көпсериялы көркем фильмi тамаша тарту болды. Аудармасы да ел көңiлiнен шықты. Бұдан кейiн «Шыңғыс хан» сериалыда көрермен қатарын көбейте алды. Мұндай өз тарихымызға қатысты сериалдарды iздеп тауып,халыққа ұсыну абыройлы iс болды. Қазiр қазақ халқының ұлы тұлғалары туралы деректi фильмдер де көрсетiлiп жүр. Әсiресе, Алашорда қайраткерлерi туралы фильмдер жоғары бағаға лайық. Бұл ұлттық тарихты түгендеуге бағытталған жобалардың тағылымдық әрi танымдық маңызы ерекше. Бұған қоса «Қазақстан» арнасы өздерi түсiруге атсалысқан «Жетiмдер» және «Ағайынды» деген екi көркем фильмдi сәттi шығарды. Алғашқы фильмде бүгiнгi өзiмiз өмiр сүрiп отырған қоғамның ащы шындығы көрсетiлiп,көрерменге ой тастайды. «Ағайынды» да, қарапайым қазақ отбасындағы тiршiлiк арқылы қазiргi заманның түйiткiлдерi шынайы жеткiзiлген. Екi фильмге түскен әртiстердiң шеберлiктерi, режиссерлердiң замана тамырын дөп басуы iзденiстiң жемiсi. Басқа телекомпаниялар да осындай сапалы өз өнiмдерiн шығаруға ұмтылулары керек. Жалпы, «Хабар» мен «Қазақстан» мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылып отырғандықтан өз елiмiздiң кинодеректi фильм саласын дамытуға да үлес қоса алуы қажет. Бұл тұрғыда олар отандық режиссерлердiң жаңа фильмдерiн және Аттила, Томирис, Бейбарыс, Шыңғыс хан, әбу Насыр әл Фараби сияқты аты әлемге танылған бабаларымыздың Еуропа, Араб елдерi, түркi тiлдес мемлекеттерi түсiрген көркем және деректi фильмдерiн алып, көрсетудi дәстүрге айналдырса жөн болар едi.

«31» арнасында Ресейдiң «СТС»- iмен қосылғалы берi онсызда аз қазақша хабарлардың саны тiптен қысқарып, эфирге шығатын уақыты да қолайсыздау болып қалды. Мысалға, өткен маусымда өз көрерменi бар,қоғамдағы өзектi мәселелер өткiр талқыланатын «Кiм» бағдарламасы жабылды. Қазақша жаңалықтар кешкi бес жарымға ауыстырылды. Бұл – ешкiм телевизор көрмейтiн уақыт. «Замандастар», «Ай, керiм» бағдарламаларының тағдыры да дәл сондай. Ал «Арнадағы әуендер» түнгi үштен таң атқанға дейiн эфирге шықты. Осылайша,бұл арна қазақ тiлдi көрерменiн шеттетiп алды. Керiсiнше, «СТС»-тың орыс тiлiндегi көшiрме хабарлар мен сериалдары қаптап кеттi. Олардың бәрi праймтаймда көрсетiлдi. Бұрын мемлекеттiк тiлге қатысты елу де елу пайызды сақтауға тырысатын бұл арна өз жолынан ауытқып кеттi. Бұл арнадан өткен маусымда қазақша «Жұлдызбен жүздесу» хабарынан басқа жiбi түзу бағдарлама көре алмадық. Ресей тарихы, мәдениетi, ғылымына арналған танымдық хабарлар көп берiлдi,ал өзiмiздiң рухани қазыналарымыз жайлы бiр хабар ұсынылмады. Тiптi елдегi саяси-экономикалық, әлеуметтiк мәселелер мен жаңалықтарды саралайтын хабарларды да таба алмайтын болдық. Олардағы тiлге қатысты оң iс деп тек «Уолт Дисней» мультфильмдерiн аударғандарын ғана айта аламыз. «31» кейiнгi кезде таза ресейлiк арна болып бара жатыр. Биылғы маусымды олар жаңаша серпiнмен бастауға тырысуда. Қазақша соны бағдарламалар пайда бола бастады. Әзiрге ол хабарлар жөнiнде пiкiр айтуға ертерек. Көрермен өз бағасын бере жатар.

«КТК» арнасында да өткен маусым да қазақша хабарлардың жағдайы мәз болмады. Бар-жоғы төрт-бес бағдарламаның iшiнен «Алаң жұрт» пен «Қызық радиосын» ғана iлiп алуға болады. Олардың басқа арналардағы хабарлардан өзiндiк ерекшелiгi бар. «КТК» да телебағдарламалар кестесi бойынша күнiне «Күндерек» жаңалықтар топтамасын қоспағанда тек бiр ғана қазақша хабар эфирге шығып отырды. Есесiне қаптаған аударма телесериалдар жетiп артылады. Бұл сериалдар тек елу де елу пайыздық талапты жасанды орындау үшiн көрсетiлген сияқты. Ал орыс тiлiндегi «ПОРТРЕТ НЕДЕЛИ», «Анализ плюс» сияқты сараптамалық хабарлар «КТК»-ның абыройын жауып шықты. Көрермен асыға күтетiн бұл хабарлар атқарушы билiкке қарапайым халықты алаңдататын өзектi мәселелердi нақты дәйектермен жеткiзе алды. Жаңа маусымда «КТК»-да жаңа қазақша хабарлар қатарын көбейтуге ұмтылуда.

«Астана» арнасында соңғы бiр жылда дүйсенбiден жұмаға дейiн қазақ тiлiнде тек «Түйiн сөз» бен «Осы сағатта» және таңертеңгiлiк ақпараттық хабарларды, жақында ғана эфирге шыққан «Бас тақырып» бағдарламасынан басқа ештеңе көре алмадық. Тек демалыс күндерi «Спорт апталығы», «Езу тартар» сияқты хабарлар қосылады. Бұлардың берiлетiн уақыттары да көп телевизор қарайтын мезгiлге қойылмаған. Осылайша бұл арна да қазақ тiлiндегi хабарлар жасауға керемет құлық танытпады. Құрылымдық өзгерiстерге байланысты «Астана» ендi «Нұр Медиа» холдингiнiң қарамағына кiрдi. «Нұр Отан» партиясына тiкелей қатысы бар бұл холдинг ата заңымызбен айқындалған мемлекеттiк тiлдiң арнадағы аясын кеңейтуге ықпал етедi деген үмiтiмiз жоқ емес.

«ОРТ-Евразияның» жаңалығы – қазақша КВН берiлiп отырады. Әрине, жастардың тапқыр әзiл-сықақтары мен қалжыңдары бар. Кейде тым қарабайыр да кетiп жатады. Ең бастысы, қазақша КВН-нiң деңгейiн өсiруге мүмкiндiк туып отыр. Бұл командаларды жаңа iзденiстерге жетелеуi тиiс. Бұрын өнер сарайларында өткен ойындар ендi тек сахнаға ғана емес, телевизияға ыңғайланып ұйымдастырылуы шарт. Әзiлдi телевизия мүмкiндiктерi арқылы өткiрлей түсуге, сахнаны жарық және декорациямен безендiруге, музыкалық дыбыстық сапаны түзеуге, түсiрiлiм кезiнде бiлiктi режиссерлық және операторлық қойылым жасауға, монтаждың техникалық талаптарын сақтауға бiрiншi кезекте мән берiлуi тиiс. Әзiрге қазақша КВН-нiң эфирге берiлiп жатқан сандары бұл талаптарға сай келе бермейдi.

«Таң» арнасында қазақша хабарлардың саны кейiнгi кездерi өсiп келедi. Мұнда соңғы кездерi отандық кинотуындыларды үзбей көрсетiп отыру үрдiсi қалыптасты. Бұл арнаның басты оң ерекшелiктерi осы болып тұр.

Бұрынғы «Рахат», қазiргi «СТВ» арнасында қазақша хабарлар тек сұхбат түрiнде ғана өрбидi, телевизияның жаңа үрдiстерiн меңгеруге ұмтылыс жоқ. Студия iшiнде ұзын сонар әңгiме айту, көрерменге онша қызық емес. Сұрақ-жауап кезiнде, қонақтар сағызша созып отырып алады. Шоу хабарлар мүлдем жоқ. Бұл арнада бастысы қазақша хабар жасауға ұмтылыс ынта ниет бар. Алайда санмен бiрге сапа да жақсы болса деймiз. Тағы бiр сорақысы, бұл арнадан таңертеңгiлiк уақытта елiмiзде жаңадан пайда болған бiр дiни ағымның уағыздары мен шараларын ашық жарнамалайтын орысша хабар эфирге шығып жатыр. Соңғы кездерi бiр көрiпкел балгер отырып алып, көрермендерге бал ашатынды шығарды. Ол хабарласқан адамның аты жөнiнен ұлтын аңғарып отырса да,түк бiлмегенсiп «Шiркеуге кiрiп шығыңыз» деп кеңес беретiнiн қайтерсiз.

«НТК» дағы қазақша хабарлардың аты «Ревю», «juke Boxs» «Қайырлы таң» . Аттарының өзi заты қандай екенiн көрсетiп тұр. Қалғандары орысша хабарлардың аударма түрi. Осы арна өткен маусымда күнде ресейлiк «Дом-2» бағдарламасын екi сағаттан көрсетiп отырды. Ешқандай мағына жоқ ресейлiк осы хабарды көрсеткенше, «НТК» продюсерлерi неге өздерi iзденбейтiнiне қайран қаласың. Бұл арна талғамы биiк қазақ тiлдi аудиторияға лайықты бiр сапалы хабар ұсына алмай отыр.

Ресей арналарынан көшiрме хабарларды көп көрсететiн «ЭРА», кейiннен «7» арнасы мен бiрiккелi өз өнiмдерiн жасауға ендi ғана мән бере бастады.Жаңадан пайда болған «Нысана» хабарында журналистiк, режиссерлық, операторлық жағынан iзденiстер бар. Монтаждау әдiстерi де түзеле бастады. Бiрақ бiр арнаға бiр-екi ғана хабар аздық ететiнi сөзсiз.

Мiне, бiздегi елiмiздiң көп өңiрлерiне тарайтын басты телеарналардағы қазақша хабарлардың бүгiнгi жағдайы осындай. Мемлекеттiк мәртебенi алғанына жиырма жылдай болған қазақ тiлiнде қазiр эфирге шығатын көрерменi бар сапалы хабарлар елiмiз арналарының бәрiн қоса есептегенде жиырмаға да жетпей тұр.

ЕРТЕҢ

Телевизия саласында жүрген әрiптестерiме ой тастау мақсатында бiрнеше ұсыныс пiкiрлерiмдi алға тартып көрмекпiн. Жоғарыда көзге ұрып тұрған кемшiлiктер жөнiнде жазғаным, бiр арнаны мұқату не мiнеу мақсатында емес, осы саланың қайнаған ортасында жүргендiктен қазақша бағдарламаларымыздың абырой беделi биiк болса екен деген жанашырлық ниет қана. Патша көңiлдi көрермендерiмiздiң қатарын сиретiп алмас үшiн әрiптестерiмдi қамшылау.

Ең алдымен, қазақ көрермендерi үшiн басыбайлы тек қазақ тiлiнде ғана хабар тарататын телеарна керек. Бұл қажеттiлiктен туындап отырған өзектi мәселе. Бiрiншiден, ол өз ұлттық құндылықтарымызды, өнерiмiздi, мәдениетiмiздi, тарихымызды, салт дәстүрiмiздi және бастысы мемлекеттiк тiлiмiздiң елiмiз әлемдiк жаһандану үрдiсiне бiртiндеп енiп бара жатқан тұста жұтылып кетуiне жол бермеу үшiн керек. Екiншiден, мемлекетiмiздiң негiзгi тарихи дiңгегi қазақ халқының мүддесiн қорғау үшiн керек. Үшiншiден, қазақ тiлiндегi ақпараттар мен бағдарламалар ауқымын көбейту үшiн, бәсекелестiктi арттыру үшiн, сапаны көтеру үшiн және ақпараттық қауiпсiздiк үшiн қажет. Төртiншiден, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшiн керек. Соңғы жылдары елiмiзде қазақ мектептерiнiң саны еселеп өстi. Сонда оқитын балаларға танымдық, тағылымдық хабарлар жасау арқылы ұлттық қасиеттерiмiздiң нәрiн себуге болады. Бесiншiден, конституциямыздағы және Мемлекеттiк «Тiл туралы» заңдағы талаптарды нақты орындау үшiн қажет.Үкiмет қазақ тiлiнiң қолданыс аясын кеңейту үшiн бюджеттен қомақты қаржы бөлдi. Осындай қаржының негiзгi бөлiгi жаңа қазақша телеарна жасауға бөлiнуi тиiс. Көршi Қытай елi өздерiнде бар жүздеген ұлттардың тiлiне, мәдениетiне құрмет көрсете алып отыр.Осы елде таза қазақ тiлiнде хабар тарататын екi телеарна бар. Ал қазақтардың тарихи отаны тәуелсiз елiмiзде бiр қазақ тiлдi арнаның болмауы намысқа тиетiн ұятты жағдай.

Екiншi бiр өзектi де өткiр мәселе – телеарналардан елiмiзде алпыс жетi пайыздан асқан қазақ тiлдi көрерменмен санасуды талап ету. Түнде қазақша концерттер беру, қазақша жаңалықтар мен бағдарламаларды ешкiм көрмейтiн уақытқа қою, қаптаған сапасы жоқ аударма сериалдармен эфирдi толтыру – қазақтiлдi көрермендердi қорлау емей немене? Арналар мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн бөлiнген бюджет қаржысын ала отырып, осындай сорақылыққа баруда. Ендi бұл басынуды тоқтатын уақыт жеттi. Барлық телекомпаниялар қазақша хабарларды көбейтудi жасанды түрде емес, шынайы түрде қолға алуы тиiс. Яғни, сапалы хабарлар жасауға бет бұруы қажет. Бұл тұста мемлекеттiк тiлдi дамытуға байланысты құрылған үкiметтiк комиссия немесе елбасы жанындағы БАҚ мәселелерi жөнiндегi кеңестiң және адам құқықтары жөнiндегi кеңестiң жанынан ба, ұлт зиялыларының мүшелiгiмен арнайы қоғамдық комиссия құруды қолға алған жөн сияқты. Осы комиссия әр тоқсан сайын арналардан шыққан қазақша хабарлардың ауқымын, сапасын қадағалап, қорытынды мәлiметтi арнайы басқосу өткiзiп, жариялап отыруы шарт. Кемшiлiгi көп арналардың басшыларына қатаң талап қоюы керек. Егер олар бұл талаптарды орындамаса, комиссия бас прокуратураға ұсыныс жасап, Конституция, «Тiл туралы» заң талаптарын аяққа басқандарды жауапкершiлiкке тартуы қажет.

Үшiншi назар аударатын мәселе, Ресей телеарналары хабарларының ретрансляциялануы. Оның көлемiн азайту керек. Елiмiздiң телеарналары ресейлiк дайын өнiмдердi көрерменге ұсына салуды қалыпты дәстүрге айналдырып алды. Соның салдарынан тiптi қазақстандық орыстiлдi журналистердiң өзi ел iшiндегi оқиғалар, тұрғындар туралы хабар жасауды ұмыта бастады. Ал Ресей арналарының хабарларында өзiндiк ұлттық көзқарас, менталитет бар, өз мемлекетiнiң саясатын жанамалап болса да жеткiзедi. Бiздiң көрермендер оның iшiнде үлкен де, бала да бар үн түнсiз көрiп, бiрден болмаса да бiртiндеп, олардың жақсы жаман қасиеттерiн қабылдап жатыр. Ресейлiк арналардың нағыз саясат құралы екенiн Грузиямен болған қақтығыс кезiнде анық көз жеткiздiк. Осы елдегi бiрде бiр телеарна Грузия осындай әрекетке неге барды екен деген сауалға жауап iздеп көрген жоқ. Барлығы президентiн ақымақ, оны қолдаған халқын да сондай дәрежеде деп мiнеп жатты. Бiз ресейлiк арналардың ретрансляциясы арқылы сол ақпараттарды тiкелей қабылдадық. Ал Грузияның уәжiн тек Еуропа елдерiнiң арналары бере алды. Оны барлық қазақстандықтар емес, тек кабельдi арналары барлар ғана көре алды. Нәтижесiнде көпшiлiк Қазақстан көрерменi Ресеймен мүдделес болып шыға келдi. Мiне, ақпараттық қауiпсiздiктi сақтай алмасаң не болатынын осыдан-ақ түйсiнуiмiзге болады.

Төртiншi қолға алатын маңызды мәселе, әр телеарна бiлiктi мамандарды тарта отырып, отаншылдықты, имандылықты, ұлттық менталитетiмiздi, салт дәстүрiмiзбен тарихымызды, мәдениетiмiздi, елiмiздiң басты байлығы бiрлiгiмiз бен ынтымағымызды дәрiптейтiн көркем фильмдер мен мултипликациялық фильмдердi түсiрудi қолға алуы қажет. Бұл тәжiрибе көршi Ресейде өз нәтижесiн бердi. Әзiрге елiмiзде де алғашқы жобалар жүзеге аса бастады. Мәселен, «Қазақстан» «Жетiмдер» фильмiн, «Хабар» «Махаббат аялдамасы» фильмiн көрермен назарына ұсынды. Бұған қоса ел көрермендерi «Ханталапай», «Рэкетир» сияқты жеке студиялар түсiрген сәттi фильмдердi де жылы қабылдап үлгердi. Ендi осы игi бастамаларға мемлекеттiк қолдау қажет. «Мәдени мұра», мемлекеттiк тiлдi дамыту бағдарламаларына бөлiнетiн қаржының бiр бөлiгiн осындай фильмдер түсiруге ниет танытқан телеарналар мен телестудияларға байқау арқылы бөлсе, нақты нәтиже болатын едi. Бұл, бiр жағынан, мемлекеттiк идеологияны халыққа жеткiзудiң ең тиiмдi бұқаралық тәсiлi.

Бесiншiден, түрлi салалық телеарналар ашу жағына да мән берiлуi керек. Жастар, спорт, мәдениет, имандылық, бiлiм, денсаулық, балаларға т.б. арналған жеке арналар болса, халықтың ұлттық рухани дiңгегiн бекiте түсуге оң әсер ететiн едi. Бұл тұрғыда «Асыл арнаның» дүниеге келуi қуанышты жағдай. Бүгiнде бiзде мұндай арналардың жоқ болуынан көрермендерiмiз көбiнесе Ресейдiң салалық арналарын көп көредi. Ал басқа елдiң өз мемлекеттiк идеологиясы бар екендiгiн жоғарыда жаздық.

Оны күнде көрген азаматымыздың бiрден емес, бiртiндеп отаншылдық рухы әлсiрей бастайды. Мәселен, елiмiздiң солтүстiк облыстары жаппай Ресей арналарын, оңтүстiк облыстардың шеткi аудандары Өзбекстан арналарын тамашалайтыны жасырын емес. Осы өңiрлерде телеқабылдағыштардың әлсiздiгiнен бе, қазақстандық арналарды дұрыс көрсетпейдi. Бұл бiр ғана техникалық мәселенiң кеселiнен ел халқының бiр бөлiгi мемлекетте болып жатқан саяси,экономикалық, әлеуметтiк, мәдени және спорт жаңалықтарынан мақұрым қалып жатыр деген сөз. Яғни ақпараттық қауiпсiздiк бұзылып отыр. Жергiлiктi атқарушы билiк пен байланыс мекемелерi өңiрлерде өз арналарымыздың таралым кеңiстiгiн кеңейтуге айрықша мән бергендерi жөн.

Алтыншыдан, қазақстандық арналар дүниежүзiндегi айтулы телекомпаниялармен жан жақты ынтымақтастық орнатуға ұмтылулары тиiс.

Музыкалық, көңiл көтеретiн әзiл қалжыңы мол шоулардың айы оңынан туып тұр. Озық шетелдiк арналардың осындай бағдарламаларын тәжiрибе алмасу арқылы саралап,жалаң көшiрмесiн ғана жасамай, өзiмiздiң ұлттық болмысымызға сай етiп дайындауды басты назарда ұстауымыз қажет. Арналарымыз техникалық мүмкiндiктерiн жаңартып отыруға да күш салуы тиiс. Жедел пайда болатын жаңа цифрлық технологияның жаңалықтарын,монтаж жасаумен әрлеудiң жаңа мүмкiндiктерiн қазақстандық телекомпаниялар да тез қабылдап, игерiп отыруы шарт. Әйтпесе, даму үрдiсi кенжелейдi.

Жетiншiден, қанша жанамалап, жалпылап БАҚ десек те, елiмiзде орыс және қазақ тiлдi ақпарат құралдары жұмыс iстеп жатыр. Орыс тiлiндегi хабарлар мен газет -журналдардың көрерменi мен оқырманы мемлекеттiк тiлдегiге қарағанда бiрнеше есе көп екенiн мойындауымыз керек. Осы түйткiлдi мәселенi шешу үшiн қазақтiлдi ақпарат құралдары арнайы кеңесетiн құрылым құрып, құрылтай өткiзiп тұруы керек. Кезiнде елiмiзде орыстiлдi баспасөздiң халықаралық құрылтайы өткенi белгiлi, қазақтiлдi ақпарат құралдарының осындай жиынын өткiзудi жедел қолға алған жөн. Оған дүниежүзiндегi қазақша хабар тарататын ақпарат құралдарын да тартып, тәжiрибе алмасуға болады. Жақында осындай жиын өткiзу жөнiндегi ұсынысымды «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин мен «Мемлекеттiк тiлдi дамыту» президенттiк қорының директоры Берiк Әбдiғалиевтiң қатысуымен болған журналистер кездесуiнде жеткiзген едiм. Президенттiк қор бұл ұсынысқа қолдау көрсетiп, оны өткiзу жайын қолға ала бастады. Осы жиында өзектi ортақ мәселелердi бiрлесiп ақылдасып анықтап, атқарушы билiкке Ата Заң мен «Тiл туралы» Заңды алға тарта отырып, орындалуы тиiс жалпыға ортақ талаптарды қоюға болады. Сонда ғана мемлекеттiк тiлдегi хабарлар мен бағдарламаларға қатысты мәселелер орайын табар едi..

Еркiн БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты