БЮДЖЕТТIК БЕЗБЕН
БЮДЖЕТТIК БЕЗБЕН
2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджеттiң мәселесiн талқыға салу мақсатында «нұротандық» депутаттар алдында есеп берген Мәсiмовтiң командасы қоғамдағы бiраз түйткiлдiң бетiн ашты. Премьердiң сөзiне қарағанда, 2010 жылы ұстаз бен дәрiгер қаржылық қиындыққа байланысты, жалақыға қосылуы тиiс 25 пайыздық үстемақыны жарты жыл кешiктiрiп алады, ал зейнетақы мен шәкiртақы, әлеуметтiк жәрдемақы қаңтардан бастап өсiрiлмек. Жанар-жағар май нарығын реттеуге байланысты дайындалған заң жобасына қатты қарсылық танытып отырған бiр мүдделi топ бар. Көктем мен күзгi орақ кезiнде бағаның аяқ астынан ушығып кетуiне ықпал етiп отырған тегеурiндi топ – солар. Алайда, Мәсiмов «батпанқұйрыққа» дәндегендердi тез арада ауыздықтауға уәде бердi.
Ұстаз бен дәрiгердiң жалақысына қосылатын 25 пайыз үстемақы 1-қаңтардан бастап емес, 1-шiлдеге ысырылатын болды. Апта басында Астанадағы «Нұр Отан» ХДП парламенттiк фракциясының кеңейтiлген отырысында «Мiнеки, мына ақшаны қалтамнан берiп отырмын. Жалақыларын көтерейiк» десем, ду қол шапалақпен менi қолдайтындар қатары көп болар едi. Алайда, мұндай ақша қазiр менде жоқ. Сiздерде де» деп ағынан жарылған ҚР Премьерi К.Мәсiмов бюджетте артық ақша табыла қалса, дереу дәрiгер мен ұстаздар қауымына үлестiрiп беруге уәде еттi. Есесiне, Мәсiмовтiң командасы әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыс кезiнде макроэкономикалық тұрақтылық пен әлеуметтiк байыптылықты сақтап қалды: «Бiреулерге бiздiң тiрлiгiмiз тиiмсiз көрiнуi мүмкiн. Сынның тезiне алуға дайын тұратындар мен дағдарыс кезiнде қалай әрекет ету керектiгiн айтып, кеңес беретiндр де табылатын шығар. Бiрақ бұл бiздiң ширақ қимылымыз бен даму жолындағы жетiстiктерiмiздiң жанында құр сөз ғана». Айтпақшы, 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап, зейнетақы мен шәкiртақы – 25 пайызға, әлеуметтiк жәрдемақылар 9 пайызға өсiрiлмек.
Нұротандықтар алдында осылайша есеп берген Мәсiмов үстiмiздегi жылдың соңғы 8 айында халықтың ақшалай кiрiсi орташа есеппен алғанда, 3,5 пайызға артқан. Ал Қазақстанға ағылған инвестиция ағынында толас жоқ. Мысалы, 2009 жылдың алғашқы жарты жылдығында елiмiзге тiкелей тартылған шетелдiк инвестиция көлемi 8 млрд. доллар болса, сауда несиелерi 20,3 млрд. теңгеге жуық. Сондай-ақ, жақын арада Қытайдан – 13 млрд. доллар, Кореядан – 5 млрд. доллар, Ресейден – 3 млрд. доллар, АҚШ пен Франциядан 2 млрд. доллардан астам қаржы қосымша инвестиция ретiнде тартылмақ. Аталған қаражат бiрiккен жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатын көрiнедi.
Келесi жылдың бюджетiне келсек, Н.Назарбаевтың нұсқауына сәйкес, негiзiнен әлеуметтiк бағдарламалар мен жобаларға басымдық берiледi. «2010 жылға арналған республикалық бюджетте әлеуметтiк салаға бөлiнген қаражат 0,8 пайыздық IЖӨ шаққанда, 9,1 пайызға артады, яғни, бұл 250 млрд. теңгеден астам қаржы. Келесi жылғы бюджет барынша әлеуметтiк салаға бағытталғаны соншалық, мұндай жағдай бұрын-соңды еш кездеспеген. Қолдағы барды үнемдеп жаратуға тырысқан дәл бүгiнгi жағдайда бұл үлкен жетiстiк» (Мәсiмов).
Ел экономикасының қарыштап дамуына «көлеңкелi» кiрiстiң керi әсер ететiнi айтпаса да түсiнiктi. Сарапшылар болжамына сүйенген Министрлер кабинетiнiң жетекшiсi жыл сайын мемлекеттiк бюджеттi «айналып» өтетiн «көлеңкелi» кiрiс көлемi 1 трлн. теңгеден асатынын көлденең тартты. «Жекелеген қосымша салық құны бүкiл әлем бойынша ең төменгi дәрежеде – 10 пайыз. Сондықтан Үкiмет тез арада түйткiлдi шешудiң төте жолдарын табуы тиiс» деген Мәсiмов Қазақстан азаматтарының салықтарын жария етуге мiндеттейтiн талаптар қарастырылатынын жеткiздi. Нұротандықтардың кеңесiнде елiмiз бойынша көктем мен күзгi орақ кезiнде ушығатын жанар-жағар май дауы да шет қалған жоқ. Мәжiлiсмен Уәлихан Қалижан мырзаның шығандап кеткен жанар-жағар май бағасын ауыздықтау мәселесiне қатысты қойған сауалына Премьер Үкiмет тарапынан жедел шаралар қабылданып жатқанын айтты. Есесiне, отандық жанар-жағар май нарығындағы бүкiл бiр жүйенi өзгерту оңай шаруалардан емес. Өйткенi, осы мәселеге қатысты Үкiмет дайындаған арнайы заң жобасына қатты қарсылық танытып жатқан мүдделi топ бар көрiнедi: «Заң жобасына қарсы шыққан тегеурiндерi қатты. Үкiметтен әзiрлеп алып, сiздердiң қолдарыңызға тапсырысымен, олар сiздердi де жағалайтын болады. «Батпан құйрықтан» ешкiмнiң айрылғысы келмейдi».
Өткенде Президент Н.Назарбаев келесi жылдың бюджетiн жүзеге асыру барысында Ұлттық қордағы қаражатты шашау шығармауға нұсқау берген. Осы себептi, Ұлттық қордағы 2010 жылға тиесiлi 300 млрд. теңгенi алудан үкiмет бас тартты. Билiк бюджет тапшылығын 4,1 пайызбен шектеуге тырысса, ЖIӨ көлемiн 2,4 пайызға өсiруге талпынбақ. «Жол картасын» жүзеге асыруды жалғастыру мақсатында, 100 млрд. теңге бөлiп, жергiлiктi бюджеттердi көмекке шақырады. Айтпақшы, ауыздықтауға ырық бермей, билiктi бiраз шаршатқан инфляцияны ҚР Ұлттық банкi алдағы 5 жыл iшiнде 5-8 пайыз шеңберiмен шектеуге мүдделi. Депутаттар алдында баяндама жасаған Марченко мырза елiмiздегi ақшалай-несиелiк саясат инфляция деңгейiн барынша төмендетуге бағыттылатынын және отандық қаржы саласын тұрақтандыруға қатысты шаралардың қабылданатынын жеткiздi. Министрлер кабинетiне кеңес берген нұротандықтар дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы шеңберiнде бөлiнiп жатқан қаражаттың ысырап болмауын қатаң қадағалау керектiгiн айтып, елiмiздегi жұмыссыздық деңгейiн барынша төмендету мақсатында, ұзақмерзiмдiк кешендi бағдарлама дайындауға ұсыныс бiлдiрдi. Ал Дарқан Қалетаев үстiмiздегi жылдың соңына қарай Үкiмет тарапынан жүргiзiлiп жатқан шаралардың қаншалықты тиiмдi әрi нәтижелi екендiгiн анықтайтын сараптама жасамақ. Сараптама қорытындысы бойынша, нұротандықтар партия жетекшiсi Н.Назарбаевтың алдында есеп бередi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ