ЖАҒДА БАБАЛЫҚҰЛЫ

ЖАҒДА БАБАЛЫҚҰЛЫ

ЖАҒДА БАБАЛЫҚҰЛЫ
ашық дереккөзі

Жағда Бабалықұлы — бүгiнде жасы 90-нан асып отырған көкiрегi ояу, көңiлi сергек, халқымыздың арғы-бергi тарихына жетiк, ұлттық құндылықтарымызға қай уақытта да жанашыр, көрген, бiлген, түйгендерi аса мол, шежiрелi, қазыналы қарттарымыздың бiрi. Ол осынау ұзақ ғұмырында Қытай Кеңестер Одағы секiлдi екi ұлы державаның ең арпалысты, аласапыранды кезеңдерiнiң бәрiнiң тiрi куәсi болған, жоқ жәй ғана куәсi емес, сол iрi оқиғалардың бел ортасында белсендi қызметтер атқарған, басқасын былай қойғанда, кезiнде тiптi Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң автономиялы республикасына қарасты Iле қазақ автономиялы облысын басқарған. Сол уақытта қазақ, ұйғыр, қытайдың талай iрi тұлғаларымен үзеңгiлес, иықтас, тағдырлас күндердi бастан кешiрген адам.

Жәкең 1961 жылы тарихи отанына оралғаннан кейiн де жайбарақат, тып-тыныш өмiр сүре алған жоқ. “Қытай тыңшысы болуы мүмкiн” деген қырағы көздiң ылғи да қырында, сұғында жүрсе де, ол өз халқының асылын әспеттеп, жоғын жоқтаудан бiр танған емес. Әсiресе, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, этнографиясына қатысты Жағда ағаның жасаған қызметi ұлан-ғайыр. Оның қаламынан туған “Қырандар”, “Саят”, “Мал ауруларының сырлары”, “Қамшыгерлiк” атты этнографиялық кiтаптары осы сөзiмiздiң дәлелi болса керек. Жағда аға жуықта ел тарихына қатысты өз қолында сақталып келген кейбiр жәдiгерлiк мұраларды “Ел-шежiре” қоғамдық қорына табыс ете отырып, бүгiнгi ұрпақ үшiн ең маңызды деген мәселелердi “Түркiстан” газетiне арнайы әңгiмелеп едi.
ТIЛ ТУРАЛЫ
 

Бiзде тiл үшiн қайғырып, ойланып жүрген ешкiм жоқ. Әлемдегi халықтың барлығы өз тiлi үшiн қайғырады, ойлайды, жинайды, жинақтайды. Оның себебi бiреу-ақ. Тiлi жоғалса, өзi де жоғалады. Тiлi жоғалса, тiлi, дiлi, дiнi, ұлттық рухы бәрi жойылатынын бiледi олар. Сондықтан да әлем халқы тiлдi жоғалтпай, ұлттың өзiн сақтап қалу үшiн қам жейдi, сол жолда күреседi. Мысалы, еврейлер 2000 жыл жоғалып кеткен тiлiн қайтадан жандандырып, соның арқасында өзiнiң ұлттық тiлiне ие болды. Бiз бар тiлiмiздi сақтап қалуға әлi көңiл аудармай жатырмыз. Бар тiлiмiздi қалай болса, солай шашып жүрмiз. Оның үстiне орыстың, ағылшынның тiлiн қосып, “үш тұғырлы тiл” деп нақ бiр ұжмаққа кетiп бара жатқан пайғамбардың сөзiндей сөйлеймiз. Әрбiрден соң, бұл бос сөз. Әлемдегi ең сан жағынан көп халық — қытайлар. Қолымдағы дерекке сүйенсем, қытайлар тiлдiк қорды 2 мың 300 жылдан берi жинапты. Содан берi 500 мың түбiр сөзге табан тiреген. Бұл 1968 жылы Тайвань аралынан берiлген мәлiмет. Одан кейiнгi дерек менде жоқ. Сол 500 мың түбiр сөздiң 50 мыңы — әрiп. Қарасаңыз, 500 мың түбiр сөз жинаған Қытай бүкiл әлемге шекесiнен қарайды. Ал, бiздiң жағдайымыз мүлдем басқа. Бiз 300 жылдан берi құлдық көрген халықпыз. Бiрақ 300 жыл iшiнде өз тiлiмiз үшiн қайғырып, қасiрет шеккен халық емеспiз. Шамамыз келген жоқ. Ал, сол құлдықтан шығамыз деп ұмтылғанда, Алла Тағала бiзге Тәуелсiздiктi бердi. Тәуелсiздiктiң арқасында, көк тудың астында өзiмiздi-өзiмiз қорғап қаламыз ба деп ұмтылсақ та, мемлекет бұған көңiл аудармай отыр. Шынын айтқанда, тiлдiң жоғалуына қайғырып отырған мемлекеттi байқамаймын. Мемлекет басқа көзқараста отыр. Тiл мамандары, тiл ғалымдары, тiл үшiн қайғырған қарапайым халық мүлде басқаша қарайды. Олар “Апыр-ай, тiлiмiз құрдымға батып барады” деп жылап отыр.

1990 жылы алғашқы деклорация қабылданды. Сонда бiз “Азат-Азаматтық” қозғалысының көмегiмен көшеге шықтық. Не үшiн шықтық дейсiң ғой. Өйткенi, деклорацияда “Қазақ тiлi — мемлекеттiк тiл, орыс тiлi — ресми тiл” делiнген. Демек, қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде қоймаға қойып қой да, “ресми тiл — орыс тiлiмен жүрiп-тұрасың” дегенi ме? Бiле бiлсек, бұл — қазақ тiлiн жоғалтудың ең алғашқы қадамы. Қазақ тiлi осы күнге дейiн өз есiн жиған жоқ. Жия алмай отыр. Алғашқы мемлекет құрылып, дүр етiп қазақ мектебi ашылғанда жұрттың бәрi баласын қазақ мектебiне бердi. Бiрақ кейiн ресми тiл — орыс тiлi болған соң, көшедегi картопты да орыс тiлiнде сатып алдық. Мiне, осындай құлдыққа түскеннен кейiн, халық: “Қазақ тiлi iске жарамайды, келешекте баламыз далада қалады” деп баласын ылғи орыс мектебiне бердi. Қазақ тiлiн жоғалтудың тағы бiр қадамы осы. “Үш тұғырлы тiлдi” таптық. Қазақ тiлi, орыс тiлi, ағылшын тiлi. Үш тұғырлы тiл де сенiң тiлiңдi байытпайды, керiсiнше жоғалтады. Осы күнi iшiп-жейтiн немесе тұрмысқа қажеттi заттарды орысша және ағылшынша атайды, кейбiрiнде қазақша бар, бiрiнде мүлде жоқ. Демек, сенiң тiлiң жоғалуға бет алды. Мұны халық емес, мемлекет iстеп отыр. Бұл мемлекеттiң мойнындағы қарыз. Не iстеу керек? Егер мемлекет қазақ тiлi керек десе, оны қорғаймын десе, ұлтты жоғалтпаймын десе, онда орыс тiлiн — ресми тiл дәрежесiнен алып тастау керек. Ресейде ондай қосымша тiл жоқ, Украинада, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Әзiрбайжанда жоқ. Бiз қайдан таптық? Бұл деген құлдық, әрбiрден кейiн намыссыздық емес пе? Басқа ел ұлтын сақтап, қорғау үшiн қан төгiп жатыр. Ал бiз қолымыздағы бар нәрсенi далаға лақтырып, халқымызды өз қолымызбен құлдыққа итермелеп жатырмыз. Екiншi бiр мәселе бар. Өзiм тiл маманымын. Талай жылдан берi тiл үшiн жанымды берiп келе жатқан адаммын. Кезiнде Қытайда жұмыс iстедiм, атамекенге келгенде де редакцияда қызмет атқардым. Тiл тұрғысында бiршама бiлемiн. Қытай 2300 жылдың iшiнде 500 мың түбiр сөз жинаса, одан iлгерiндi-кейiндi ағылшындар 240 мың ғана түбiр сөз жинапты. Ал Балтық жағалауындағы литвандар өткен ғасырдың екiншi жылынан осы ғасырдың екiншi жылында, яғни, 100 жыл iшiнде 4 жарым миллион түбiр және тiркес сөз тiркеген. Қазақ ше? Қазақ әлi күнге мұншама болды, осыншама iздестiру қоры бар деп қорытынды шығаруға жеткен жоқ. Қазақ 1937 жылдан берi жинап келедi. Бiз тiл қорын қайдан жинап отырмыз? Неге екенi түсiнiксiз, бiз әдебиеттен жинаудамыз. Шындығында, әдебиеттен тiл қоры жиналмайды. Мұны осы күнге дейiн ғалымдар зерттемеген. Бiзде қазақ тiлiн ең көп қолданған Мұхтар Әуезов болса, оның тiлдiк қоры 20 мыңға жетiңкiремейдi. Одан басқа жазушылардың тiлдiк қоры 10-15 мыңның айналасында. Тiптi, 1,2 мың тiлдiк қормен де әңгiме жазып жүргендер бар. Демек, әдебиеттен, газет-журналдан, бiреудiң еңбегiнен тiлдi жинап қалуға мүмкiндiк жоқ. Осыны ғалымдар мойындау керек. Алу керек, бiрақ оның жолы басқа. Бұны тек ауыздан жинау қажет. Жаңағы айтқан қытайдың, ағылшынның, литваның саны белгiлi. Бұлар отырықшы мемлекет. Олар отырықшы мәдениеттiң тiлiн жинап келдi. Осы жерде “Қазақта қанша тiлдiк қор бар?” деген сұрақ туады. Ешкiм де мұны санаған жоқ. Бiрақ менiң мөлшерiм бар. Қазақ көшпелi мәдениет пен отырықшы мәдениеттiң тiлiн қатар ұстап, ХХI ғасырға кiрiп тұрған халық. Бiзде көшпелi мәдениеттiң тiлi ұшан-теңiз. Өзiмiздi литвандармен салыстырсақ, бiз екi есе көппiз. Олар отырықшы мәдениеттiң тiлiнен 4 жарым миллион сөз тiркеген екен, бiз де соншалықты тiркей аламыз. Сонда бiздiң көшпелi мәдениеттiң тiлi қанша? Басы-ашық ол да — 5 миллион. Мұны тiл ғалымдарына айтып та көрдiм, айтысып та көрдiм. Тiл ғалымы Әбдуәли Қайдармен сөйлескенiмде, “Бұл көп емес пе?” дедi. “Ал, сiз қанша түбiр сөз бар деп жүрсiз?”, — деп керi сұрақ қойғанымда, “500 мың бар шығар” дедi. Ол да аз емес, бiрақ өзiм 1 млн. түбiр сөз бар деймiн. Өйткенi, көшпелi мен отырықшы мәдениеттiң тiлiн қосқанда осыны бередi. Сонда, 10 миллион сөздiк қоры бар болса, оның 1 миллионы түбiр сөз. Ал осы түбiр сөздi қайдан жинау керек? Тiлдi жетiк бiлетiн мамандардың бар уақытында тiлдi ауыздан жинайтын шара керек. Мемлекет бұған көңiл аудара отырып, Қазақ тiлi академиясын құруы тиiс. Оған ақшаны төгiп, iссапарларға шығу керек. Оған кеткен ақша қазақ халқын сақтап қалатын ақша. Қазақты ұшпаққа шығарып, қазақ деп қалдыратын ақша. Бiр қызық айтайын. Үйде iс тiгiп отырсам, сол тiгiстiң атын бiлмей дал болдым. Ойланып қалдым. Ертесiне Қытайдан көшiп келген замандас әйелдiң үйiне бардым. Шай қойып жүрген қызына: “Айналайын, ине мен жiптi сабақтап әкелшi” дедiм де, әлгi тiгiстi тiге отыра, “Осы секiлдi атаудың қанша түрi бар?” деп сұрадым. Анасы да, қызы да “Ойбуй, көп қой” деп қатар айтып қалды. Iштей қуанып тұрдым да, “Ал, айтыңдар!” деп жазып алдым. Сонда, жәй ғана тiгiстiң 76 атауы бар екен. Ал мен бар болғаны бес-алтауын ғана бiлiппiн. Тiлдiк қор деген осылай төгiлiп жатыр. Iшiп-жеуде 200-ден аса, адамның бас мүшесiнде 1 мыңдай атау бар. Адамның дене, киiм-кешек, сүйек, ет атауларында да толып жатыр. Мысалы, тамақтың 1 мың 500, ұлттық спорттың 300 атауы бар менде. Ал, мiнез-құлыққа байланысты жинастырсам, 5-6 мыңнан асып кеттi. Соның 20 пайызы жақсы, 80 пайызы жаман ырғақта екен. Неге бұлай екенiн, әлi зерттеген жоқпын.
МЕДИЦИНА ТУРАЛЫ
 

Әлемдiк медицина бар. Дәрiгерлiк ғылым бар. Ұлттық медицина бар. Кез келген елдiң тарихында медициналық әдiс-тәсiл бар. Мысалы, қытай ұлтының бiр нәрсесiн ден қойып, тексердiм. Бiз өспеймiз, олар неге көбейiп кетедi? Сол жақта жүргенiмде осы мәселенiң табиғи не қоғамдық себебi бар ма екен деп басымды ауырттым. Сондағы тапқаным мынау — Қытайдағы кемпiр мен шал ең аз дегенде жүздеген дәрiлiк шөптердi жинайды. Бәрi де солай. “Әй, мына бала жөтелiп қалыпты ғой. Мынаны бер”, “iшi өтiп қалыпты. Оған мына дәрiнi бер” деп жатады. Қысқасы, емдiк шөп арқылы ем-дом жасап, өз өсiмiн сақтап қалуда. Еуропалық ғылыми медицина дамымай тұрғанда, осындай сала бiзде де болған. Бiлiм және ғылым министрлiгiне ұсыныс та айтып жүрмiн. Медицина ғылымына медициналық университеттен екi факультет керек. Бiрi — дәрiлiк шөптермен айналысатын факультет. Қазақстанда 10 мыңнан астам шөп бар. Оның бiрқаншасы — дәрiлiк шөп. Әлемде жоқ жусанның 150 түрi бар. Осы мол дәрiлiк шөптердiң пайдасын анықтап, оны ғылымға енгiзетiн факультет қажет. Мұндай факультеттi жасау үшiн көптеген шараны әрiден бастасақ, жақсы болар едi. Бiрiншiсi — әрбiр бастауыш мектептiң бiр гектардай суармалы жерi болуы тиiс. Оқушылар қолдарына күрек алып, шөптердi егiп, оны тани бiлу керек. Оның гүлiн, сабағын, аты-жөнiн, емдiк-қасиетiн ұғыну қажет. Яғни, орта мектепте емдiк шөптердi сабақ ретiнде өту керек те, сосын кiшкентайынан бiлiп-өскен бала, мектептi бiтiргенде жаңағы айтқан факультетке тапсырады. Қазiр сол он мыңдаған шөптiң 4-5 мыңын халық бiледi. Өзiм мыңдаған шөптi танимын. Шөп арқылы емдеймiн. Менде шөптiң түрi өте көп. Аты-жөнi, неге ем болатыны бәрi, бәрi. Тiптi, малды жазатын шөптер бар. Химиялық дәрi ешқашан жақсы нәтиже бермейдi, ал шөп — табиғи. Мәселен, 400-500 келi салмақ тартатын жылқы құрт ауруымен ауырса, бiр жетi iшiнде өлiп қалады. Ал оны қойдың құмалағындай ғана шөппен емдеуге болады. Бiздiң далада сол шөп бар. Қытайлар бiздiң шөптi неге талап жатыр? Мемлекеттiң бұл байлықта шаруасы жоқ. Өз байлығына өзi қожа емес. Қытайлар екi бөтелке арақпен бiр мәшине шөп басып кетедi. Мұншалық қорлық, надандық болар ма? Өзiне өзi ие болмаушылық — мемлекеттiң дертi болып отыр. Пара мен қиянаттың астында қалдық. Өзiмiздiң ұлтымызды, жерiмiздi, елiмiздi сатып жатырмыз. Осыған қашан тыйым болады?

Екiншi бiр керек факультет — қазақ халқының ежелден келе жатқан сынықшылық ғылымы. Оған қазақтай көңiл аударған ел бар ма, жоқ па, бiлмеймiн. Бiр бiлетiнiм, қазақ күйреп кеткен сүйектi кесiп тастап, орнына ботаның, иттiң сүйегiн жалғай алады. Қазiргi еуропалық медицинаның бұдан хабары жоқ. Егер сүйек қисық бiтiп қалса, жылқының қазысын орап отырып, қайта шығарып, қайта салады. Шеберлiк пе, жоқ па? Яғни, арнайы бiр факультет ашып, бұл ғылымды зерттеу керек.
САЛТ-ДӘСТҮР, ӘДЕТ-ҒҰРЫП ТУРАЛЫ
 

Қазақтың әдет-ғұрпына байланысты сөздердi қағазға түсiрейiншi деп талай ұмтылдым. Шамам жетпей жатады. Өйткенi, айтқан нәрсенiң бiр жағын бiлсем де, екiншi жағын бiлмей жатам. Ғылыми тұрғысына келгенде, өрем жете бермейдi. Не iстеу керек? Былтыр дәм тартып, бiр дастарқанда отырсам, жанымдағы әйелмен ойымыз дөп келе бердi. Екеумiз тiл жөнiндегi әңгiмеде тiл табысқандай болдық. Сол жерде ойымдағы арманымды айттым. Қазақ халқының салт-санасының, дiнi мен дiлiнiң, рухының, ырым-жырымының қанша екенiн бiлмеймiн. Шiркiн-ай, 40-50 адам сиятын орын боп, кемпiр мен шал жиналып, араға ананы-мынаны салып, қағазға түсiре берсе ғой” дедiм. Әлгi доктор аракiдiк “Апыр-ай, а…” деп отырды. Сөйтсем, Қыздар педагогикалық университетiнiң филология ғылымының докторы екен. Бiрер жетiден кейiн о маған телефон соғып: “Сiздiң арманыңызды университеттiң проректорына айтып едiм, ол кiсi сiздi кездесуге шақырды” дедi. Барсам, “Сiзге 50 адам сиятын бөлме беремiн” деп қарсы алды. Артынша кемпiр-шалдар жиналып, “Қазақтану” орталығын құрдық. Қазақтану орталығының көтеретiн тақырыбы — тал бесiктен жер бесiкке дейiн. Осы аралықта қанша ырым-сырым бар, соны қағазға түсiрейiк дедiк. Ал қайдан бастаймыз дегенде, әуелi әйелдiң жерiк болуын зерттейiк деген ой туды. Содан бастап едiк, бiз бiлмейтiн дүниелер төгiлiп қалды. Жерiк болудың қасиетiн ғылым шешпесе, бiз шеше алмаймыз ғой. Ал оны бiз ортаға салып отырмыз. Қазiр бiздiң баламыз әлi бесiкте жатыр. Бiрнеше айдан берi сол екi арадағы нәрселер талқылануда. Оның сыртында қазақ халқының көптеген бiз бiлмейтiн ырымдары бар. Мысалы, қазақ баласының туғаннан 2 жасқа дейiн құйрығының үстiнде көк таңбасы болады. Бұл көк таңба — бiздiң биологиялық таңбамыз. Бұл таңба қазақта, қырғызда, моңғолда, якутта, майя деген халықта бар. Ал түркiтiлдес халық екенi рас болса да, ұйғырда, түрiкте, татарда, башқұртта, өзбекте бұл таңба жоқ. “Осы ерекшелiк неге қазақта бар?” деген сұраққа жауап iздеп едiм, мынаған көңiлiм ауды. Алтайда Бесбоғда деген тау бар. Соның биiк шыңына шықсаң, күн мен ай қатар тұрады. Неге ол басқа жерде бiрге көрiнбейдi? Және соның маңайындағы Курчатовтың iргесiнде жер шарының кiндiгi тұр. Осындай бiр ғажап нәрсе бар. Бәлкiм, осыған байланысты ма, ол жағын ғылым тұрғысынан дәлелдеу қажет. Бiз бәрiн дәлелдеп, ЮНЕСКО-дан өткiзiп, биологиялық қасиетке иелiк қылу үшiн зерттеудi ұсынып отырмыз. Керек пе, жоқ па? Әрине, керек.

… Қазақта жетi атаға толмай қыз алысуға болмайды. Бұл ғылыми сөз. Осы дәстүрдiң қай уақытта басталғанынан нақты мәлiмет жоқ. Бiр жерде Шыңғыс ханның тұсында тоғыз атадан қыз алыспаған деген дерек бар. Одан арғысы қай уақытта басталды, белгiсiз. Кезiнде Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлын әз-Жәнiбек хан шақырып: “Өтеке, бiздiң елiмiздiң денi сау, өмiрi ұзақ, бақытты болу үшiн не iстеуi керек?” дегенде, Өтейбойдақ: “Тақсыр, ханеке, ең алдымен қол алып, амандасуды тыйыңыз. Екiншi, беттен сүйiп амандасуды тыйыңыз. Үшiншi, жетi атаға толмай қыз алысуды тыйыңыз. Бар пәленi осылар таратады” деп жауап берiптi. Бұл Өтейбойдақтың осыдан 400 жыл бұрынғы айтқан сөзi. Ал, осы сөзге әлi күнге мән бермей келемiз. Бiз Мәдениет және ақпарат, Әдiлет, Бiлiм және ғылым министрлiгiне хат дайындап, жетi атаға байланысты қазақтың ежелгi заңын “Неке және отбасы туралы” Заңына кiргiзу керектiгiн талап етемiз. Яғни, бұны ғылымға айналдыру керек. … Қазақта еш халықта жоқ тағы бiр қасиет — қазақ әйелдерiнiң ат тергеуi. Ата-енесiнiң, қайынағасы, қайнысының атын атамай, басқа ат қояды. Бұл қазақ тiлiнiң байлығына үлкен үлес қосып жатқан сала екенi анық. Тарихтағы кейбiр атауларға қарап, адамның күлкiсi келедi. Әйелдер ғажап, күрделi аттарды таба бiлген. Мысалы, Көтiбар деген батырды “Өзiнде бар да, басқада жоқ қайынағам” деп атаған. Ертеде қасқыр қойды жеп жатса керек. Сонда келiн: “Сүйкеменi алып, жанымаға жанып алып кел, сарқыраманың арғы жағында, күркiременiң бергi жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр” дептi. Сол төрт-бес сөздiң iшiнде қайынағасы, атасының аты бар екен. Осы секiлдi байлықты кiм жасайды? … Бүкiл әлемде, ешбiр түркiтiлдес халықта жоқ ғажап нәрсе бар. Қазақ әйелдерi мен еркектерi екi түрлi ырғақта боқтайды. Бiреуi еркекше, бiреуi әйелше. Осыны қарасаңыз, үлкен ұлылық, әдептiлiк. Және қазақ әйелдерi өлген қайынағасын, қайынатасын бiр жыл жоқтайды. Қазақта жоқтаудың да түрi көп. Бiр кезде “Ақтай жоқтау” туралы жазған едiм. Мысалы, ұзатылатын қыз үйiнде дайын отыр, ал айттырған күйеуi аяқ астынан мерт болады. Құда мен құдағилар кездесiп, құдалықты үзгiсi келмейдi де, қызға ақтай жоқтатады. Сонда қыз келiн боп түспесе де, өз үйiнде отырып ақтай жоқтайды. Мұндай ешбiр халықта жоқ. Жоқтаудың өзi өз алдына үлкен ғылым. Бұл бiздiң рухани байлығымыз. … Қазақтың қанына сiңген қасиет — қонақжайлылық. Қазақ есiктен кiрген қонаққа, “Төрлетiңiз!” деп бары мен нарын алдына қояды. Бұл еуропада, тiптi ешбiр ұлтта жоқ. Мұндай қонақжайлылық, мiнез-құлық, кеңдiк тек қазаққа ғана тән. … Қазақтың жер байлығындай байлық басқада жоқ. Бiзде Менделеевтiң 96 элементiнiң бәрi бар. Қазақтың осы байлығына ие болып қалу, ұрпағына аманат етуi үкiметтiң мойнында. … Өзiм көпшелi тұрмысты да көрдiм. Сол уақытта нанның өзi тапшы. Тек сүт пен етпен қоректендiк. Мұның өзi керемет тамақ болды. Кейiн нан қосылған соң құнары күшейдi ме, оны айту қиын. Ал еуропалықтарың қазақтың мұндай өмiрiн бiрде-бiр көрген жоқ қой. Мiне, қазақтың ет пен сүтiн зерттеп көру керегiн де ортаға салдық. Ет пен сүттен жасалатын 1500-дей тағамның түрi болса, соның 150 түрi сүттен дайындалады. Осындай құнарлы тамақ жеген халықтың денсаулығы да ерекше болуы тиiс. Мүйiзi қарағайдай бiр академик мақаласының тақырыбына “Тек — қанмен емес, тәрбиемен болады” дептi. Осы да академик пе, осы да ғылымның иесi ме? Зерттеу деректерi бойынша, 30-35 мың тек бар. Мұны ешкiм жеке-жеке атымен атаған жоқ.  
Жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ