ҚАРЖЫНЫ БАНКТЕР ҮЛЕСТIРIП БЕРДI
ҚАРЖЫНЫ БАНКТЕР ҮЛЕСТIРIП БЕРДI
Ұлттық қордан бөлiнген 120 млрд. теңгенi ипотекалық несие алған отандастар пышақ үстiнен үлестiрiп алды. Әп дегенде бiрден қарқын ала алмай терлеген банктер ақшаны мерзiмiнен бұрын үлестiрiп үлгерiптi.
“Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, “Самұрық-Қазына” Қоры өзiнiң серiктес банктерiмен бiрге елдегi ипотекалық несие алған азаматтардың қаржысын қайта қаржыландыру iсiн аяқтады. ҚР Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы күрес шарасы шеңберiнде түзiлген Тұрақтандыру бағдарламасына сәйкес, Ұлттық Қордан бөлiнген қаржының 120 млрд. теңгесi ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыруға жұмсалыпты. Осы салаға бағытталуы тиiс қаражатты банктерге аударып, бағдарламаның жүзеге асырылу барысын бақылауда ұстаған “Самұрық-Қазына” Қорының өкiлдерi үстiмiздегi жылдың 1-наурызынан-ақ, елiмiздегi екiншi деңгейлi банктердiң ипотекалық несиесi бар азаматтардан өтiнiштер қабылдай бастағанын көлденең тартады. Бастапқы келiсiмге сәйкес, банктерге бөлiнген қаражатты 2009 жылдың 1 шiлдесiне дейiн игеру мiндеттелген болатын. Алайда, үстiмiздегi жылдың 24 маусымында Қазақстан экономикасын дамыту жөнiндегi Мемлекеттiк комиссия бағдарламаның мерзiмiн ұзартуға шешiм шығарып, мерзiмдi 1 қазанға дейiн кейiн шегерген едi. Ал азаматтардың өтiнiштерiн, талап-тiлектерiн сараптай келе, оларды өздерi несие алған банктерде қайта қаржыландыру бағдарламасына iлiктiру мақсатында, қосымша қаржы “ЦентрКредитБанк”, “АТФ Банк”, “Темiрбанк”, “Kaspi bank”, “Цеснабанк”, “Еуразиялық банк” секiлдi банктерге бөлiндi. Мұндай қаржылық қолдаудан “НұрБанк” клиенттерi де шет қалған жоқ – банкке құйылған ақша 1 млрд.теңге көлемiнде. Бағдарлама бойынша, бiр аймақта жалғыз ғана үйi бар, онда да ол үйiнiң шаршы метрi 120 шаршы метрден аспайтын азаматтар несиелерiн қайта қаржыландыруға құқылы болатын. Бюджеттiк мекемелер мен әлеуметтiк жағдайы қиын азаматтар өз несиелерiн 9 пайызбен қайта қаржыландырса, қалғандары 11 пайызбен қайта қаржыландыруға мүмкiндiк алды. Ескеретiн жайт, қайта қаржыландырудың мақсаты – несиенiң мерзiмiн 20 жылға дейiн ұзартып, ай сайынғы төлемнiң құнын азайту. Есесiне, осы бағдарламаға сәйкес, несиенiң мерзiмiн тоқтатуға қатысты жеңiлдiктер қарастырылмаған.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ