ҚАЗАҚСТАН ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒЫП КЕЛЕДI

ҚАЗАҚСТАН ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒЫП КЕЛЕДI

ҚАЗАҚСТАН ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒЫП КЕЛЕДI
ашық дереккөзі

ЖАҒЫМСЫЗ БОЛЖАМДАР РАСТАЛҒАН ЖОҚ

Өткен аптада Министрлер кабинетi бiрiншi жартыжылдықтағы елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi қорытындыларын жария еттi. Үкiмет отырысында баяндама жасаған Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов биылғы жылдың маусым айында Қазақстандағы экономикалық өсiм былтырғы жылдың маусымындағы көрсеткiшпен салыстырғанда 1,4 пайызға артқанын хабарлады. Ең бастысы, басқа мемлекеттермен салыстырғанда дағдарыстың басынан берi техникалық құлдырау сатысына iлiкпеген Қазақстанда тұрақтылық нышаны анық көрiнiс беруде.

Әлемдiк экономикада да экономикалық дағдарыстан айығу белгiлерi бiртiндеп байқала бастағанымен, жетекшi экономикалар — АҚШ пен ЕуроОдақтың елдерi әлi күнге дейiн құлдыраудан естерiн жия алмай жатыр. Бұл құбылыс бiздiң экономикамызға да жағымсыз жағынан әсер етуде. Алайда, көптеген салалардағы нақты көрсеткiштерiмiз ғаламдық дағдарыстан бәрiнен бұрын шыға бастағанымызды дәлелдейдi. Нақты дәлелiмiз мынадай: Қазақстанда ағымдағы жылдың екiншi тоқсанында жалпы iшкi өнiм (ЖIӨ — Т.Т.) бiрiншi тоқсанмен салыстырғанда 3 пайызға өсiптi. Яғни, экономикалық қиыншылықтармен күресте тiптi Еуроаймақтағы Франция, Германия сияқты алпауыт елдердi де артқа тастап кетiппiз.

Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн, салыстырып көрелiк. Мәселен, 2009 жылдың екiншi тоқсанында бiрiншi тоқсанға қарағанда Францияның ЖIӨ-i алдын-ала таратылған мәлiметтер бойынша, бар-жоғы 0,3 пайызға өскен. Мұндай ақпаратты 13 тамызда елдегi Insee статистикалық бюросы таратты. Осыған ұқсас оқиға Германияда да болды. Немiстiң статистикалық агенттiгi хабарлағандай, алдын-ала жасалған бағалау бойынша, Германияның ЖIӨ-i биылғы жылдың екiншi тоқсанында бiрiншi тоқсанмен салыстырғанда 0,3 пайызға артқан. Яғни, аталған екi елде де дағдарыс басталғаннан бергi алғашқы тұрақтылық тiркелiп отыр.

Алайда бiр атап кетерлiгi, Еуроаймақта экономикалық жылымықтың алғашқы белгiлерi пайда бола бастағанымен, ТМД-ның көптеген елдерiнде әлi де ЖIӨ қарқынының қатты құлдырауы байқалуда. Мысалы, 2009 жылдың бiрiншi жартысының қорытындылары бойынша, Украинада бұл көрсеткiштiң төмендеуi — 21,6 пайызды, Арменияда — 16,3 пайызды, Ресейде — 13, 4 пайызды құрады.

Кәрiм Мәсiмов Үкiмет пен өзге де мемлекеттiк органдардың үйлесiмдi iс-қимылдарының нәтижесiнде көптеген сарапшылардың жыл басында Қазақстан экономикасына қатысты айтқан жағымсыз болжамдары расталмағанын атап айтты. “Тiптi, наурыз-сәуiр айларында бiздiң экономикамызда iс жүзiнде жағымды өзгерiстер болды. Бiрiншi тоқсанмен салыстырғанда екiншi тоқсанда нақты өсiмдi байқадық”,— деп атап өттi Үкiмет басшысы жарты жылдықтың әлеуметтiк-экономикалық қорытындыларына арналған жиында. Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасымен iске асырылған экономиканы ынталандыру бағытындағы iс-шаралар үздiк нәтижелерiн бере бастады. Ендi осы нәтижелерге тоқталып өтелiк.

НАҚТЫ СЕКТОРДА НАҚТЫ ӨСIМ БАР

Ең маңыздысы сол, әлемдiк дағдарыстың жағымсыз әсерiне қарамастан, кейбiр салалардағы көрсеткiштердiң төмендеуiмен қатар, ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында өткен жылдың осыған сәйкес кезеңiмен салыстырғанда нақты өсiм байқалады. Мысалы, көрсеткiштердiң өсiмi жетекшi салалар: ауыл шаруашылығында — 2,7 пайызды; тау-кен өндiрiсi өнеркәсiбiнде — 1,8 пайызды; газ конденсатын қоса алғандағы мұнай өндiруде — 3,6 пайызды; табиғи газ өндiрiсiнде — 4,5 пайызды; байланыс қызметiнде — 3,6 пайызды құрады.

Экономикалық тұрақтылық белгiлерi әсiресе өнеркәсiпте ерекше байқалып отыр. Қазақстанда бiрiншi жартыжылдықта өнеркәсiптiк кәсiпорындар қолданыстағы құны 3 636,8 млрд. теңгенiң өнiмдерiн өндiрген. Бұл — өткен жылдың алғашқы жартыжылдығының деңгейiмен салыстырғанда 97,3 пайызға тең. “2009 жылдың маусым айында өнеркәсiптiк өнiмнiң көлемi ағымдағы жылдың мамыр айымен салыстырғанда 7,2 пайызға өстi. Бұл көрсеткiш өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда 7 пайызға артық”, — деп мәлiмдедi Индустрия және сауда министрi Әсет Исекешев Үкiмет отырысында сөйлеген сөзiнде.

Бұл жерде атап айтарлығы, жарты жылдықтың статистикасына бiрiншi тоқсандағы өндiрiс көлемiнiң күрт құлдырап кеткенiнiң жағымсыз әсерi болғанын ұмытпауға тиiспiз. Бiр анығы, биылғы сәуiр-мамыр айларынан берi жағымды динамиканың байқалғаны рас. Егер сандарды сөйлетер болсақ, Индустрия және сауда министрi Әсет Исекешевтiң айтуынша, жарты жылдықтағы барынша өсiм қайта өңдеу өнеркәсiбiнде орын алған. Нақты өсiм тоқыма және жүн өнеркәсiбiнде — 107,9 пайызды, целлюлозды-қағаз өнеркәсiбiнде — 106 пайызды, резеңке және пластмассалық бұйымдар өнеркәсiбiнде — 123,1 пайызды, металлургиялық өнеркәсiп пен дайын метал бұйымдары өндiрiсiнде — 119,5 пайызды құраған көрiнедi. Яғни, бұл дәлелдер ел Үкiметiнiң дағдарыспен күрестегi бағдарламасының сәтiмен iске асып жатқанын бiлдiредi.

Отандық нақты сектордың қай саласын алсақ та, нақты өсiм бар екенiне көз жеткiземiз. Өнеркәсiптi алайық. Жедел индустрияландыру бағдарламасының iске қосылуы нәтижесiнде Қазақстан 2009 жылды экономикалық өсiммен аяқтау мүмкiндiктерiне ие болуда. Оған дәлел — жыл ортасында елiмiздiң барлық аймақтарында 60-қа жуық жаңа индустриалдық нысандар ашылды. Ол нысандарда 4900 жаңа жұмыс орындары пайда болды. 3 шiлдедегi бейнемәслихатта осы нысандардың 16-сы мемлекет басшысына таныстырылды.

Құрылысты алайық. Үкiмет үлескерлердiң мәселесiн оң шешуде. Егер де 2007 жылы қыркүйекте елiмiзде 63 мың үлескердi бiрiктiрген 444 салынып бiтпеген нысандар болса, екi жылда соның iшiнен 187 тұрғын үй кешенi салынып бiттi. Яғни, 25 мыңнан астам үлескерлер жаңа қоныстарына көшiп кiрдi. Қазiргi кезде 40 мыңнан астам үлескердi бiрiктiретiн 224 нысанның құрылысы жүргiзiлуде. Соның iшiнде 22,1 мың үлескер — Астанада, 11,5 мыңы — Алматыда. Кестеге сәйкес, биылғы жылдың соңына дейiн 23 мыңнан астам адамның баспана мәселесiн шешу жоспарланып отыр. Ал 2010-2011 жылдары қалған 17 мыңнан астам үлескерлер өз пәтерлерiне қол жеткiзедi.

Ауыл шаруашылығын алайық. Қаңтардан маусымға дейiнгi аралықта бұл саланың жалпы өнiмiнiң көлемi 329,1 млрд. теңгенi, соның iшiнде оның физикалық көлемiнiң индексi 102,7 пайызды құрады. Қазiргi кезде отандық өндiрiс халықтың негiзгi топтарының азық-түлiкке қатысты сұранысын толық қанағаттандыруда. Тiптi, нан, ет, сүт, жұмыртқа, бақша өнiмдерi, картоп сияқты азық-түлiк тауарлары бойынша өндiрiс тұтыну деңгейiнен асып түседi. Яғни, елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгi толықтай қамтамасыз етiлген.

Осылайша, ТМД кеңiстiгiнде дағдарысты ауыздықтауда алдына ел салмаған Қазақстан өзгелерге үлгi көрсетiп келедi. Шетелдiк сарапшылардың айтуынша, бүгiнгi таңда Қазақстанның дағдарыспен күресудегi бағдарламасы ТМД-да ең үздiк болып саналады. Мәселен, жуырда ресейлiк ФБК компаниясының сарапшылары дағдарысқа қатысты тағы бiр қызықты мәлiметтердi жариялады. Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасындағы тиiмдiлiк индекстерiнiң арасынан алтын-валюта қорын барынша молайта бiлген екi ел көш бастап тұр. Өткен жылдың алты айындағы қорытындыларды салыстырып қарағанда, аталған көрсеткiш Германияда — 5,2 пайызға, Қазақстанда — 3,2 пайызға дейiн көтерiлген. Ендеше, Қазақстан ТМД елдерiнiң iшiнен дағдарыстан бiрiншi болып шығып келе жатқанын iс жүзiнде дәлелдеуде. Бұл әрекет ТМД кеңiстiгiндегi елдер үшiн экономиканы қалпына келтiру кезеңiнiң басы болуы мүмкiн.

Таңатар Табынұлы