КОНСТИТУЦИЯ — МЕМЛЕКЕТТIҢ IРГЕТАСЫ
КОНСТИТУЦИЯ — МЕМЛЕКЕТТIҢ IРГЕТАСЫ
Адамзат ойының биiк шыңы — жан-жақты ойластырылған, өмiрдiң барлық саласына сай әмбебап Конституцияларды түзiп, қалыптастырғанға дейiн әлемдегi барша халықтар үздiксiз iзденiстер мен сандаған қателiктердi бастан кештi. Осынау теңдессiз саяси аса маңызды құжат өркениет пен демократиялық оңды өзгерiстер мен реформалардың орын алуы кезеңiнде жеке тұлғаның ой-санасының өсуiн ғана емес, мемлекет құрушы ұлт рухы мен намысының асқақтауына да кең жол ашады.
Алаш жұртының бүгiнгi және келешек тарихында да сауатты түзiлген Ата заңымыздың ерекше мән-маңызға ие болып отыруы да сондықтан. Бiр айта кетерлiгi, кез келген елдiң Конституциясы да сол қоғамның деңгейiне тура сай екендiгi. Қоғамның өресi, деңгейi төмен болса, ол елдiң Конституциясының деңгейi де ешқашан биiк бола алмайтыны дәлелдеудi қажет етпейтiн аксиома. Яки, әдiлдiктi ту еткен Ата заңымыз тәуелсiздiктiң берiк тұғыры! Осыдан 14 жыл бұрын, 1995 жылдың 30-тамызында қабылданған тәуелсiз Қазақстан Республикасының Конституциясы қазақ елiнiң тәуелсiздiгiн тұғырлы етiп, саяси-экономикалық дамуымызға игi әсерiн тигiздi, халықаралық аренада мемлекетiмiздiң саяси көкжиегiн кеңейттi.
ҚР Конституциялық Кеңесiнiң төрағасы, бiлiктi заңгер Игорь Рогов мырзаның: “…Себебi, мемлекеттiк жүйе, құқықтық жүйе, елiмiздiң экономикалық заңдары, әлеуметтiк мәселелердi шешетiн заңдар, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн заңдар осы Конституцияны негiзге ала отырып дайындалады. Яғни, елiмiздiң Конституциясы жан-жақты ойланып барып қабылданған құжат”, – деген пiкiрiнiң астарында терең мән жатыр. Сондықтан да елiмiздiң қасиеттi Ата заңы заң баптарының жәй ғана жинағы емес, Қазақстандағы әрбiр саналы адамның әдiлдiк пен шындыққа деген шексiз сенiмнiң басты кепiлi. Осыған орай Қазақстанның “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы да елiмiздегi әрбiр адамның конституциялық құқықтары бұлжытпай сақталуын қадағалап келедi.
Әлемдiк зерттеушiлер мен сарапшылардың ортақ пiкiрiнше, Қазақстан Конституциясы аса жоғары халықаралық талаптарға толықтай сай, елiмiздегi әрбiр адамның мүдделерi мен рухани бостандығы, ой мен сөз, ерiк бостандығы, дiни бостандығы толық қамтамасыз етiлген және нақтыланған теңдессiз саяси құжат.
Ендi небары 4 айдан соң, 2010 жылдың қаңтарынан бастап аса беделдi халықаралық ұйым – Еуропа Қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) Қазақстанның төрағалық етуiне де Ата заңымыздың орасан зор септiгi тигенiн ұмытпағанымыз жөн. Түркi мемлекеттерiнiң, ТМД елдерiнiң, посткеңестiк республикалардың арасында Қазақстан ең бiрiншi болып мәртебелi ұйымға төрағалық еткелi отыруы әрбiр шынайы қазақ пен өзге де отандастарымыздың орынды мақтанышын туғызып отырғаны да Ата заңымыздың озықтығының дәлелi.
Жалпы алғанда алаш жұрты үшiн тамыз айы ежелден аса бiр қасиеттi ай. Осыдан 89 жыл бұрын осындай тамыз айында, дәлiрек айтсақ, 1920 жылдың 26-тамызында алғаш рет Ресей Федерациясы құрамында Қазақ автономиялық республикасы құрылғаны белгiлi. Тарихи сабақтастық дейтiнiмiз де осы шығар. Биыл Ата заңымыздың айтулы мерекесi қасиеттi ораза айымен тұспа-тұс келiп отыр. Осы жайттың өзiнде терең мазмұн жатқаны сөзсiз. Астанада Конституция күнiне орай өткiзiлгелi отырған әскери парадтың өзi Қазақстан тәуелсiздiгiнiң баяндылығын әлемге паш ететiн ерекше шара екенiне күмән жоқ. Осындай кең көлемде алғаш рет ұйымдастырылғалы отырған салтанатты әскери шеруге Қазақстан Қарулы Күштерiнiң барлық әскер түрлерiнiң өкiлдерi кеңiнен қатыспақшы. Жаңа заманға сай әскери ұшақтар, дыбыстан жылдам ұшатын әуе қырандары, тiк ұшақтар, 15 түрдi қамтитын 120 әскери техника Астана қаласының көшелерi мен алаңдарында сап түзеп өтпек. Мұның өзi Қазақстан халықтарының ынтымағы және бауырластығын, туған Отанын шексiз құрметтейтiндiгi мен адал сүйетiндiктерiнiң талассыз кепiлi болмақшы.
Жаңабек ШАҒАТАЙ